KZ
Өскемен
+20°
облачно с прояснениями жел 5 м/с, СБ
448.89 477.93 4.76

Ольга Рыпакова атындағы Жеңіл атлетика манежі ашылды

20.03.2014, 18:00 356



Әз-Наурыз қарсаңында даңқты жерлесіміз, Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова атындағы Жеңіл атлетика манежі Өскеменде ашылды. Бұл салтанатқа облыс Әкімі Бердібек Сапарбаев қатысты, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Сондай-ақ, көпшілік асыға күткен айтулы шараға «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының басқарма төрағасының орынбасары Сергей Ящин, Спорт және денешынықтыру істері жөніндегі агенттік төрағасының орынбасары Сәрсен Құранбек, жеңіл атлетика федерациясының вице-президенті Алексей Кондрат, жеңіл атлетикадан еліміздің бас бапкері Вячеслав Сокирко, 2013 жылғы «Қазақстан барысы» Айбек Нұғымаров сынды мәртебелі меймандар, Ольга Рыпакованың әлемге аты әйгілі әріптестері қатысты.

«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының демеушілігімен бой көтерген спорт ғимараты халықаралық талаптардың барлығына сай, еліміздегі бірегей спорт кешені болып саналады. 650 жанкүйерді сыйғыза алатын ғимаратта 60 және 200 метрлік жүгіру жолдары, биіктікке және қарғып секіру секторлары бар. Мұнда спортшылар жеңіл атлетиканың жүз метрге жүгіруден бастап көпсайысқа дейінгі барлық түрінен жаттығатын болады. Манеждің 60 қызметкері күніне 60 спортшының екі кезекке бөлініп, алаңсыз жаттығуына жағдай жасайтын болады. Манеждің лентасы қиылғаннан кейін жаңа кешенде жасөспірімдер мен қыздар арасында ХVІІ Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Ғұсман Қосанов атындағы облыстық ашық біріншілік ту көтерді. Оған Павлодар, Қарағанды және Алматы облыстарының командаралы да келіп отыр.

ШҚО әкімі Бердібек Сапарбаев салтанатта құттықтау сөз сөйлеп, жас атлеттерге чемпион жерлесіміздің жолын тіледі.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Лондон Олимпиадасының чемпиондарымен кездесуінде жеңімпаз спортшылардың туған өлкесінде олардың атында спорт кешендерін салуды тапсырған. Бұл тапсырманы ойдағыдай орындауға демеушілік жасаған «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясы 700 млн. теңге бөлген болатын. Ел Президентінің халықтың 30 пайызын бұқаралық спортпен қамту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, бір жылда ғана 112 футбол алаңын салдық. 262 хоккей қорапшалары облыстың түкпір-түкпірінде қойылды.

Әйгілі жерлесіміз Ғұсман Қосановтың жетістігін араға 50 жыл салып бір сатыға көтерген Ольга Рыпакова өзінің атындағы манежде айтулы турнирлерге дайындалып қана қоймай, жас спортшыларға өнеге болары анық. Бұл спорт кешенінде жаттығатын жастардың арасынан Ғұсман Қосанов пен Ольганың лайықты ізбасарлары шығатынын үміттімін, – деді ШҚО әкімі.

Ольга Рыпакова атындағы Жеңіл атлетика манежі ашылды

Бұдан кейін құттықтау сөз тізгінін алған Сергей Ящин осындай пайдалы іске мұрындық болу «Қазатомөнеркәсіп» ұжымы үшін үлкен мақтаныш екенін жеткізді. Спорт және денешынықтыру істері жөніндегі агенттік төрағасының орынбасары Сәрсен Құранбек аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевқа ел спортын дамытуға өлшеусіз үлес қосып жатқаны үшін алғыс білдірді.

Жеңіл атлетика федерациясының вице-президенті Алексей Кондрат облыс басшысына аталмыш спорттың дамуына қосқан үлесі үшін федерацияның 100 медалін табыстады.

– Өскеменде ашылған бұл манеж – барлық халықаралық талаптарға сай. Енді біз Қазақстан спортшыларынан медальдар күтуге толық құқылы боламыз. Жуықта ғана жеңіл атлетика федерациясы өзінің 100 жылдық мерейтойын атап өткен. Сол басқосуда Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев мырзаға жеңіл атлетиканы дамытуға қосқан үлесін ескере келе, 100 медальді табыстау жөнінде шешім қабылданған. Өзіме жүктелген осы міндетті бүгінгі айтулы шара кезінде орындауға мүмкіндік алғаныма қуаныштымын, – деді А.Кондрат.

Спорт манежіне аты берілген «Жеңіл атлетика ханшайымы» Ольга Рыпакова әуелі осындай қуанышты өзімен бөлісуге келген барша қауымға ризашылығын білдіре келе, спортшыларға осындай жағдай жасап отырған Елбасына, облыс басшысына алғысын жеткізді.

– Мен бүгін өте қуаныштымын. Бұл манеждің бой көтеруіне үлес қосқан, бүгін салтанатты шараға тілектестік білдіріп келген баршаңызға алғыс айтқым келеді. Спорт кешенінің есігі спортқа бет бұрғысы келген жастарға да, халықаралық дәрежедегі спорт шеберлеріне де әрдайым ашық. Ал бүгін осы ғимаратта өтетін тұңғыш турнирге қатысушыларға сәттілік тілеймін, – деді ол.

Салтанатты шарада Сочи Олимпиадасында облысымыздың атынан шыққан даңқты спортшыларға құрмет көрсетіліп, Мольдив аралдарына жолдама табысталды. Ал аталмыш ақ Олимпиадада бабы келіссе де, бағы жанбаған Юлия Галышеваға Өскемен қаласынан пәтер кілті сыйға тартылды. Биатлоннан Әлем чемпионы атанған жерлесіміз Галина Вишневскаяға Семей қаласынан пәтер кілті табыс етілді.

Есімжан Нақтыбайұлы
сурет Ғылымбек Сабитовтікі
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив