KZ
Өскемен
+22°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, З
447.4 477.55 4.76

Обырға радикалды ота Шығыс Қазақстанда тұңғыш рет жасалды

23.02.2014, 18:00 220



Шығыс Қазақстан облысының уролог-онкологтары қуықасты безінің обырына радикалды ота жасауды меңгеріп, тұңғыш рет осындай операция жасады, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Жалпы, ШҚО-да аты жаман аурудан болатын өлім 2,4 пайызға кемігені байқалады. Осыдан екі жыл бұрын қатерлі ісіктің көрсеткіштері бойынша республикада бірінші орында тұрған облыс қазір төртінші сатыға жылжыпты.

Шығыс Қазақстан облыстық онкологиялық диспансердің бас дәрігері Жомарт Кенжалиннің берген мәліметтеріне сүйенсек, обыр диагнозы белгілі болғаннан кейін науқастың тағы 5 жыл өмір сүру көрсеткіші 49 пайызға жетсе, дертті кеш анықтау көрсеткіші 3,1 пайызға төмендеген. Оның азаюына алдымен ерте диагностикалау мен дерттің алдын алу шараларын тұрақты жүргізу нәтижесінде қол жетіп отыр.

Жыл сайын 4 ақпан дүниежүзілік қатерлі ісік ауруларына қарсы күрес күні ретінде аталып өтіледі. Биыл ол «Жалған ақпаратты жоққа шығару» ұранымен өткізілуде. Осыған орай өткізілген баспасөз-мәслихатында мамандар халық арасында обырға қатысты кең тараған осындай бірнеше аңыздарды жоққа шығарды.

Тұрғындар арасында қалыптасқан бірінші жалған ақпарат – «Біз қатерлі ісік жайында айтпауымыз керек!». Дәрігерлердің айтуынша, осындай диагноз қойылған науқастың туыстары дерт жайында айтуға үзілді-кесілді тыйым салады екен. Ал шындығында, «Ауруын жасырған өледі» демекші, қатерлі ісікпен күресті неғұрлым ертерек және жүйелі түрде жүргізсе, оның нәтижесі де қанағаттанарлық болмақ.

Екінші жалған ақпарат – «Қатерлі ісіктің алғашқы белгілері болмайды». Керісінше, оның көптеген түрлерінің алғашқы белгілері бар. Оған дәлел скринингтік тексеру кезінде науқастарда дерттің алғашқы сатысын анықтау болып табылады. Мысалы, облыста жүргізілетін алты скринингтік бағдарлау нәтижесінде 216 адамда обырдың бастапқы сатылары, 8044 науқаста қатерлі дерттің алғашқы белгілері бары анықталған.

Үшінші жалған ақпарат – «Мен қатерлі ісікке қарсы ештеңе істей алмаймын». Бұл жерде де онколог-дәрігерлер ауруды жеңудің екі жолы барын еске салады. Алғашқысы – бәрімізге белгілі салауатты өмір салтын сақтау. Ғалымдар шылымның құрамындағы 40 заттың қатерлі ісіктің жасушаларын түзейтінін, ал темекі шеккендердің 70 пайызы тыныс жолдары мен өкпенің, асқазанның обыр ауруына шалдығатынын дәлелдеген. Бас дәрігердің айтуынша, Шығыс Қазақстанда ер адамдардың арасында өкпенің қатерлі ісігі бірінші орында тұр. Осы дертке шалдыққандардың 90 пайызын шылым шегетіндер құрайды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ғалымдары жүргізген талдаулар қазақстандықтардың тұз бен әртүрлі жануарлар майын көп мөлшерде қолданатынын анықтапты.

Төртінші жалған ақпарат – «Менің қатерлі ісікпен күресуге мүмкіндігім жоқ!». Мұндай жаңсақ пікір тумас үшін, дәрігерлер науқастарға мемлекет тарапынан тегін көрсетіліп отырған барлық алдын алу және емдеу шараларын ұсынады. Облыстық онкологиялық диспансер болса, ең озық медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталған. Емдеу орындарының онколог-дәрігерлері Франция, Оңтүстік Корея мемлекеттерінде оқып, шетелдік әріптестерінің шебер-сыныптарында дәріс алды. Бүгінгі таңда екі хирург уролог-онколог қуықасты безінің обырына радикалды ота жасауды толық меңгеріп, облыста алғаш рет осындай 19 ота жасаған.

Хирург уролог-онколог Хусан Өмірзақовтың айтуынша, мұндай ота обырдың асқынбаған түріне жасалады екен. Бұған дейін урологиялық қатерлі ісіктерді №1 қалалық аурухананың уролог дәрігерлері емдеп келсе, енді науқастар толығымен онкологиялық диспансерде емделетін болады.

Айна Ескенқызы
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив