KZ
Өскемен
+10°
ясно жел 6 м/с, С
443.85 474.3 4.8

Жаңа жедел медициналық жәрдем ауруханасы ашылды Семейде

27.12.2013, 18:00 246



Семейде жедел медициналық жәрдем ауруханасының жаңа ғимараты қолданысқа берілді. Айтулы шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен Астанадан арнайы келген еліміздің Денсаулық сақтау вице-министрі Ерік Байжүнісов қатысты, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Зәулім әрі кең жаңа аурухана ғимаратында сегіз стационарлық бөлімше мен медициналық университеттің алты кафедрасы орналасқан. Аурухана директоры Қайноллан Мусиннің айтуынша, жаңа емдеу мекемесінің сыйымдылығы – 325 орын.

– Жаңа аурухананың құрылысы «100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасына енгізілген болатын. Жалпы, біздің қалада соңғы 40 жылда мұндай медициналық мекеме салынбағанын ескерсек, бүгін ерекше тарихи оқиғаның куәсі болып отырмыз деп айтуға әбден болады, – деді аурухана басшысы.

Жаңа жедел медициналық жәрдем ауруханасы ашылды Семейде

Жаңа аурухананың құрылысына республикалық бюджеттен 10,4 миллиард теңге бөлінгенін айта кеткен жөн. Бұл қаражаттың қомақты бөлігі, дәлірек айтсақ, 3,3 млрд. теңгесі заманауи медициналық құрал-жабдықтар алуға жұмсалған. Олардың ішінде гемодиализге арналған «жасанды бауыр» аппараты, функционалды модульдерімен қамтылған орталықтандырылған мониторинг стансасы, асқынған диализ жүйесі сияқты жаңа құрал-жабдықтар бар.

– Семей қаласында ашылып отырған жаңа аурухана барлық заманауи стандарттарға сай салынған екен. Ал құрал-жабдықтармен қамтылуы жағынан аталмыш орталықты әлемдегі ең үздік медициналық мекемелердің қатарына қосуға әбден болады. Мамандардың біліктілігі де жоғары деңгейде екенін көрдім.

Енді бірер жылдан кейін аурухананың клиникалық орталығы республикадағы маңдайалды орталыққа айналатынына күмәнім жоқ. Осындай алып ғимаратты бар-жоғы екі жылдың ішінде салып бітірген мердігер компания мен құрылыс жұмыстарына бас-көз болып келген облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа алғыс айтқым келеді, – деді салтанатты рәсімде сөз алған еліміздің Денсаулық сақтау вице-министрі Ерік Байжүнісов.

Ал облыс басшысы Семейде мұндай медициналық мекемелер бұдан былай да салына беретінін жеткізді.

– Шаһарда болашақта 240 орындық балалар ауруханасы мен медицина саласының қызметкерлеріне арналған тұрғын үй кешені бой көтеретін болады. Оған қазіргі уақытта құрылысы қарқынды жүргізіліп келетін туберкулезге қарсы балалар ауруханасы мен онкологиялық диспансердің қасынан салынып жатқан, құны 13 млрд. теңгені құрайтын радиологиялық орталықты қоссақ, Семейде болашақта еліміздегі ең қуатты медициналық кластер құруға болатынын аңғаруға болады. Сондықтан қаладағы денсаулық сақтау нысандарының құрылысын жіті бақылауымызда ұстаймыз, – деді аймақ басшысы жаңа аурухананың ашылу салтанатында.

Бұдан кейін аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев пен Денсаулық сақтау вице-министрі Ерік Байжүнісов қаладағы құрылысының негізгі бөлігі аяқталып қалған туберкулезге қарсы балалар ауруханасының басында болып, нысандағы жұмыс барысымен танысып қайтты. Артынша осы күні пайдалануға берілген №6 жекеменшік емхананың тұсаукесер рәсіміне қатысты.

Нұржан Кенжеұлы
суреттерді түсірген Ғылымбек Сәбитов
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив