KZ
Өскемен
+10°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, С
449.58 486.94 4.86

Астаналықтарды арзан өнімдерімен қуантты ШҚО фермерлері

23.12.2013, 18:00 146



Шығыс Қазақстанның Астанадағы күндері аясында Елорданың орталық алаңында арнайы ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылып, шығысқазақстандық тауар өндірушілер астаналықтарды өздерінің арзан өнімдерімен қуантты, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Шығысқазақстандық фермерлер Астанаға 57 тонна сиыр мен жылқы, қой етін, 2 тонна құс етін, 3 тонна сүт өнімдерін, 12 тонна өсімдік майын, 6,5 тонна шұжық өнімдерін, 6 тоннадан астам жарма, 4 тоннаға жуық балық өнімдерін, 2 тоннадай нан-тоқаш өнімдерін, барлығы 115 тоннадан астам әртүрлі азық-түлік өнімдерін апарды.

Бұл өнімдердің барлығы да төмен бағамен саудаланып, астаналық тұтынушылар-дың барлық талаптарына жауап берді. Мысалы, жәрмеңкеде құс етінің келісі 400 теңгеден, сиыр еті – 900, жылқы еті – 1100 теңгеден сатылды. Сондай-ақ, біздің тауар өндірушілер астаналықтарға қымыз, тары, құрт секілді ұлттық тамақтарды да ұсынды. Шығыстың бренді болып саналатын бал
мен панты өнімдеріне де қызығушылық жоғары болды. 30 тоннадай бал өнімдері 37 нүктеде бір келісі 1000 теңгеден сатылып, саудаланды. Ал Глубокое ауданының ара өсірушілері өз өнімдерін тіпті 900 теңгеден сатты. Балық сататын нүктелерде де халық ұзын сонар кезекке тұрды. Бағасы да қолжетімді. Келісі небәрі – 500 теңге.

– Бізде осындай бір жақсы дәстүр қалыптасты. Күз бен қыс келгенде еліміздің астанасында аймақтарымыз осындай жәрмеңке ұйымдастырады. Биыл Шығыс Қазақстан облысы осымен екінші рет келіп отыр. Жаңа жыл қарсаңында шығысқазақстандықтардың ұйымдастырған бұл жәрмеңкесі астаналықтарға нағыз тарту болды. Жәрмеңке сөрелерінде бәрі де бар. Бағасы да қолжетімді, біздің қаладағы өнімдерден 20 пайызға арзан, – деген Астана басшысы Иманғали Тасмағамбетов Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаевқа зор алғысын білдірді.

Жәрмеңкеде сонымен қатар шығысқазақстандық шеберлердің қолдан жасаған бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылды.

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив