Шығыс Қазақстанда жан басына шаққанда 22,5 келі құс еті өндіріледі, бұл республикадағы ең жоғары көрсеткіш. Қазіргі таңда құс етімен облыс пен республиканы қамтамасыз етіп қана қоймай, экспортқа көшу мүмкіндігі артып отыр, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.
Облыста құс етін өндірумен айналысатын ірілі-ұсақты 30 фабрика бар. Соның ең ірі дегендері Өскемен және Семей қалаларының маңына шоғырланған. Мәселен, қазір жылына үш мың тоннадан астам ет өндіретін Семейдегі фабрика 2016 жылға қарай 7,5 мың тонна құс етін өндіретіндей қуатқа енбек. Келер жылы ет өндірісіне бөлінер субсидияның 39 пайызы осы құс бағытына жұмсалмақ.

Украина мен Ресейден келетін құс етін жергілікті өніммен алмастыру үшін, сапаға көңіл бөлу ең оңтайлы жол екенін атаған Дүйсембай Селиханов бүгінде құс етін өндіруден гөрі, оны сату мәселесі өзекті екенін мәлімдеді. Алдағы жылдары облыста өндірілетін құс етінің мөлшері 50 мың тоннаға жететінін айтқан басқарма басшысы оның 30 пайызын Ресей нарығына өткізудің жолдары қарастырылып жатқанын жеткізді.

Облыс халқын жұмыртқа өнімдерімен қамту мәселесіне де тоқталған басқарма басшысы өңірде ашылуы тиіс зауыттардың қуаты субсидия талаптарына сәйкес келмейтінін, соның салдарынан Семейдегі «Ақтөбе-Ертіс» фабрикасына банкрот қаупі туындауы мүмкіндігін ескертті.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев құс фабрикаларын жеммен қамтамасыз ету мәселесіне көңіл бөлуді тапсырды.