KZ
Өскемен
+16°
облачно с прояснениями жел 10 м/с, СБ
446.49 475.38 4.79

Тәуелсіздік мерекесі Шығыста ән-жырмен көмкерілді

16.12.2013, 18:00 352



Тәуелсіздік күні облысымыздың барлық қалалары мен аудандарында кеңінен мерекеленді. Халыққа мерекелік көңіл-күй сыйлаған концерттер мен спорттық жарыстар өткізілді. Жаңа әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Cемей.
Абай театрында Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиын өтіп, оған арнайы қатысқан облыс Әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов аймақ басшысының атынан семейліктерді айтулы мерекемен құттықтады. Салтанатты жиында Семей қаласының «Құрметті азаматы» атағы Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаев пен қоғам қайраткері Мәркен Шайжүнісовке берілді.

Мерекелік шаралар аясында қала әкімінің орынбасары З.Исабаева 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына қатысқан бір топ азаматтармен кездесіп, олардың бүгіндері қоғам дамуына ерекше үлес қосып жүргенін атап көрсетті. Жиында желтоқсаншылар Жанат Айтжанова, Зухра Әбетова, Нүсіпхан Дихамбаев, Анар Жақыпова, Бақыт Орақбаев, Талғат Саурықов өз ойларымен бөлісті.

Тәуелсіздік мерекесі Шығыста ән-жырмен көмкерілді

Ал қаладағы Достық үйінде Тәуелсіздіккүні аясында ардагерлердің көркемөнерпаздар, білім беру ұйымдарының хор ұжымдары арасында қалалық «Атамекен» сайысы ұйымдастырылды. Мереке бұдан кейін «Тәуелсіздік таңы» деп аталған ақындар айтысына ұласты. Айтысқа Зайсаннан, Көкпектіден, Моңғолияның Баян Өлгей аймағынан да ақындар келіп қатысты. Қаладағы кітапханалар ұжымы Абай театрының фойе-залында «Тәуелсіздік – еліміздің ерлік жолы» атты кең көлемді кітап көрмесін ұйымдастырды.

Тәуелсіздік мерекесі Шығыста ән-жырмен көмкерілді

Курчатов. Курчатов қаласында Тәуелсіздік күніне арналған мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырылды. Мәдениет үйінде өткен салтанатты жиынға облыс әкімінің бірінші орынбасары Ермек Көшербаев қатысып, жиналғандарды еліміздің ұлық мерекесі – Тәуелсіздік күнімен құттықтады.

Мәдениет үйінде Тәуелсіздігіміздің тарихынан сыр шертетін көрме ұйымдастырылды. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өмір жолынан сыр шертетін «Елбасы жолы» кино-эпопеясы көпшілік назарына ұсынылды.

Тәуелсіздік мерекесі Шығыста ән-жырмен көмкерілді

Қала базарларында ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі өтіп, көпшілікке төмендетілген бағадағы өнімдер ұсынылды. Қала жастарының бастамасымен өткізілген «Жұлдызыңды жақ» акциясы аясында жаңа таланттардың тұсауы кесілді. Орталық алаңда концерттік бағдарламалар ұйымдастырылып, өткен жылда елеулі еңбек еткен 14 адам қала әкімінің дипломымен марапатталды.

Риддер.
Кеншілер қаласында Тәуелсіздік мерекесіне орай 240 орындық «Қуаныш» балабақшасы бүлдіршіндерге есігін айқара ашты. Бұл қуанышты балдырғандарға семейлік «Азия» құрылыс компаниясының құрылысшылары сыйлады. Еліміздің Тәуелсіздік күнін мерекелеу Риддер қаласы-
ның мәдениет сарайындағы салтанатты жиынға ұласты. Қала тұрғындарын мерекемен Риддер қаласының әкімі Ж.Мұратов құттықтады. Еңбегімен үздік шыққандар марапат көріп, жиналғандар мәдениет сарайы өнерпаздарының мерекеге арналған концерттік бағдарламаларын тамашалады.
Мереке күні «Сокол» стадионында шаңғыдан, денешынықтыру-сауықтыру кешенінде қол күресінен қалалық жарыстар ұйымдастырылып, жеңімпаздар марапатталды. Қаланың Республика алаңында риддерлік өнерпаздар жаңа концерттік бағдарламаларын халыққа тарту етті.

Абай ауданы.
Аудандық өлкетану мұражайында Абылай ханның 300 жылдығына орай тарихшы, әдебиетшілермен және желтоқсан оқиғасына қатысушылармен кездесу болып өтті.

Мерекеге орай волейболдан аудан біріншілігі ұйымдастырылып, оған мекемелер мен ауылдық округтерден командалар қатысты. Бұдан бөлек балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде «Толағай» спорттық сайысы өтті.

Тәуелсіздік мерекесі Шығыста ән-жырмен көмкерілді

Тәуелсіздік мерекесіне орай мәдениет үйінде салтанатты жиын болды. Аудан әкімі Тұрсынғазы Мүсәпірбеков абайлықтарды мерекемен құттықтап, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше үлес қосып, қоғамдық-саяси, мәдени-спорттық шараларда үздік шыққан бірқатар азаматтарды облыс әкімінің, аудан әкімінің алғыс хатымен марапаттады. Сондай-ақ, жыл бойы үздік еңбегімен ерекшеленген әр саланың қызметкерлері «Жыл адамы» аталымы бойынша марапатталды.

Үржар ауданы. Мереке қарсаңында Бестерек, Барқытбел, Көктерек, Қарабұта ауылдық округтерінде отбасылық-дәрігерлік амбулаториялар іске қосылды. Емдеу мекемелерінде ашық есік күні өтіп, келушілер тегін ем алды. Грек-рим күресінен 6-шы облыстық турнир өткізілді.

Тәуелсіздік мерекесі Шығыста ән-жырмен көмкерілді

Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиын Таскескен ауылындағы мәдениет үйінде өтті. Жиында аудан әкімі Серік Зайнулдин үржарлықтарды егемен еліміздің ұлық мерекесімен құттықтады. Ауданның дамуына үлес қосқандар құрметтелді.

Аягөз ауданы.
Мерекелік салтанатты жиын аудандық «Қозы Көрпеш–Баян Сұлу» мәдениет үйінде өтті. Жиында Аягөз ауданының әкімі Нұрбол Нұрғалиев құттықтау сөз сөйлеп, мерекеге орай бір топ аналарды «Алтын алқамен» және «Күміс алқамен» марапаттады, сондай-ақ, еңбек озаттарына грамоталар және алғыс хаттар тапсырды. Сонымен бірге, Тәуелсіздік құрдастарына, Желтоқсан оқиғасына қатысушыларға аудан әкімінің сыйлықтары табыс етілді. Салтанатты жиын концерттік бағдарламаға ұласты.

Көкпекті ауданы.
Мерекеге орай Ж.Шайжүнісов атындағы орта мектепте жас ұстаздардың дәстүрлі IV форумы ұйымдастырылды. Қ.Аухадиев атындағы ауылдық округке қарасты Преображенка ауылында 150 орындық мәдениет ошағы салтанатты түрде ашылды. Бұдан басқа да бірқатар әлеуметтік нысандар ауылдық округтерде іске қосылды.

2013 жылдың қорытындысы бойынша үздік нәтижелерге қол жеткізгендер аудан әкімінің сертификаттарымен, алғыс хаттарымен марапатталды.

Аудан орталығында оқушылар арасында «Желтоқсан жұлдыздары» атты тақырыптық-патриоттық әндер конкурсы өткізіліп, жеңімпаздар мен жүлдегерлер грамоталармен марапатталды. Самар ауылындағы спорт модулінде минифутболдан аудандық жарыс және Көкжайық ауылында волейболдан жолдастық кездесу өткізілді. 16-желтоқсанда аудан орталығындағы «Дәулет» күрес кешенінде «Көкпекті барысы» атты қазақ күресінен және самбодан біріншілік өткізілді.

Жарма ауданы.
Тәуелсіздік күнін Жарма ауданының жұртшылығы да жақсы көңіл күймен қарсы алды. Шалабай ауылында «Тірек ауылдары» бағдарламасы аясында «Шалабай» ЖШС салған мал бордақылау кешені іске қосылды.

Шар қалалық мәдениет үйінде «Туған жерім – тұғырым, өскен елім – өзегім» атты жігіттер сайысы өтсе, аудандық жастар үйінде «Қазақстан – достық мекені» атты би байқауы ұйымдастырылды.
Қалбатау ауылындағы аудандық мәдениет үйінде өткен салтанатты жиында жұртшылықты аудан әкімі Әнуарбек Мұхтарханов мерекемен құттықтады. Салтанатты шара барысында жеке салалар бойынша үздіктер аудан әкімінің грамотасымен, алғыс хатымен және сыйлықтарымен марапатталды.
Зайсан ауданы. Тәуелсіздік мерекесіне орайластырылып, Семейде ұйымдастырылған айтысқа зайсандық айтыскер ақындар белсене қатысты. Аудан әкімі Алмас Оңдақанов аудандағы Тәуелсіздік құрдастарымен кездесу өткізіп, олармен мемлекетіміздің жас ұрпаққа туғызып отырған барлық мүмкіндіктері төңірегінде әңгіме өрбітті. Мереке аясында барлық мектептерде тақырыптық сабақтар жүргізілсе, мәдениет үйлерінде мерекелік концерттер ұйымдастырылып, спорттық жарыстар өткізілді.

Тарбағатай ауданы.
Тәуелсіздік мерекесі Ақсуаттағы орталық алаңда үлкен жәрмеңкемен басталды. 17 ауылдық округтің шаруашылықтары өз өнімдерін арзан бағамен саудалады. Алаңға жиналған жұрт түрлі мерекелік шараларды тамашаласа, мектеп оқушылары асфальтқа сурет салып, Тәуелсіздік жайында өз ойларын жеткізсе, аудан өнерпаздары «Тарбағатай жұлдыздары» атты мерекелік концертті ұсынды.

Аудан әкімі Ділдәбек Оразбаевтың ұйтқы болуымен тұрмысы төмен 34 отбасыға «Тәуелсіздік мейірімі» акциясымен қайырымдылық көмек көрсетілді. Тәуелсіздік күніне тарту ретінде ауданда тағы екі балабақша ашылды. Сондай-ақ, аудан орталығындағы екі мектеп пен спорт мектебінде волейболдан, еркін күрестен, үстел теннисінен жарыстар ұйымдастырылды.

Күршім ауданы.
Аудандық мәдениет үйінде өткен салтанатты жиында аудан әкімі Алтайбек Сейітов жиналған қауымды құттықтап, желтоқсан оқиғасына қатысушы азаматтарға сыйлықтар табыстады.

Мерекеге орай «Туған ел – алтын бесігім» акциясы аясында екі ай бойы әр ауылдық округте өткізіліп келген аудан көркемөнерпаздарының қорытынды гала-концерті болды. Аудан басшысы өнерпаздарды арнайы дипломдармен марапаттады.

Мереке күні аудан орталығында салтанатты митинг өткізіліп, мекеме ұжымдарының мерекелік дастарқандары жайылып, мәдени-спорттық шаралар ұйымдастырылды.

Катонқарағай ауданы. Бұл күні аудан орталығы – Үлкен Нарындағы орталық алаңға жиналған жұртты аудан әкімі Дәурен Тілеубаев құттықтады. Мәдениет үйінің өнерпаздары, Ленин және Дамитов атындағы орта мектептердің оқушылары «Болашақты нұрландырған – Тәуелсіздік» атты концерт ұсынды.

Жиналған жұртшылық мерекелік дастарқаннан дәм татты. Ал Үлкен Нарын және Новополяковка ауылдық округтері арзандатылған бағамен ірі қара, қой етін, бал, жеміс, қымыз, күнбағыс майын, балық саудалады. Мереке күні спорттық жарыстар ұйымдастырылып, жеңімпаздар марапатталды.
Ұлан ауданы. Ұлан ауылындағы мәдениет үйінде «Тұғыры биік Тәуелсіздік» атты салтанатты жиын өтті. Жиында аудан әкімі Айдос Садықов ауданның гүлденуіне өз үлестерін қосқан азаматтарды мақтау грамотасымен марапаттады.

Мерекелік шаралар аясында аудандық орталық кітапханада «Қасиетті, қастерлі Тәуелсіздік» атты кеш ұйымдастырылып, соның аясында егемен еліміздің қалыптасу жолдарынан сыр шертетін кітаптар көрмесі ашылды. Ұлан ауданының орталығы Қасым Қайсенов кентінде «Ардақты ене, сүйікті келін» атты сайыс өтсе, Герасимовка ауылында «Жастар – ел болашағы» атты көңілділер мен тапқырлар клубының ойыны өткізілді. Қасым Қайсенов кентіндегі Р.Мәрсеков атындағы орта мектептің спортзалында ауылдық округтер мен кенттер әкімдерінің және мектеп директорларының қатысуымен волейболдан жарыс өткізілді.

Глубокое ауданы.
Тәуелсіздік күнін мерекелеу шеңберінде ауданда «Туған жер» тақырыбында жыр байқауы және ардагерлер арасында жеңіл атлетикадан жарыстар ұйымдастырылды. «Ізгілік жаса» акциясы арқылы жетім балаларға қамқорлық көрсетілсе, «Патриот» деп аталатын іс-шара аясында жоғары сынып оқушылары арасында жарыс өтті.

Глубокое ауылында ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылып, мектептерде байқаулар, сурет көрмесі өткізілді. Мерекелік шаралар концертке ұласты.

Шемонайха ауданы. Ауданда мереке қарсаңында жаңа жатақхана іске қосылды. Жылдың әлеуметтік-экономикалық қорытындысы шығарылып, агроөнеркәсіп саласының үздік қызметкерлері құрметтелді. Қызметті енді бастаған мемлекеттік қызметкерлердің салтанатты ант қабылдау рәсімі де мерекеге тұспа-тұс келді. «Дені сау отбасы» сайысы өткізіліп, бұдан бөлек викториналық сұрақтар, шығарма жазу байқауы, концерттік шаралар ұйымдастырылды. Ал мереке күні аудандық орталық алаңда жәрмеңке өткізіліп, шығармашылық ұжымдардың концерті жұртшылық назарына ұсынылды.

Бесқарағай ауданы.
Жастар орталығында «Бір шаңырақтың астында» атты тақырыптық дөңгелек үстел болып өтті. Мереке аясында аудандық Достық үйіне Тәуелсіздіктің және еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ құрдастары шақырылды.

Тәуелсіздік мерекесіне арналып, Кіші Владимировка орта мектебінде көңілді тапқырлар клубының мектеп лигасының фестивалі өткізілді. Мерекелік шаралар аудандық мәдениет үйінде өткен салтанатты кешпен қорытындыланды. Онда еңбек озаттарына Құрмет грамоталары мен алғыс хаттар тапсырылды.

Бородулиха ауданы.
Аудан орталығында өткен салтанатты жиында аудан әкімі Григорий Акулов бородулихалықтарды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, егемендіктің арқасында қол жеткен жетістіктерге тоқталды. Ауданның қоғамдық-саяси және мәдени өміріне белсене араласып, өз саласы бойынша еңбекте үздік деп танылған бір топ азаматтарды дипломмен және арнайы сыйлықтармен марапаттады.

18 ауылдық және кенттік округтерде мереке кең көлемде аталып өтіп, тұрғындарға арналған ауылшаруашылық жәрмеңкелері ұйымдастырылды. Аудан көркемөнерпаздары мерекеге жиналған жұртқа концерт қойды.

Зырян ауданы.
Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Зырян ауданында да бірқатар әлеуметтік нысандар іске қосылды. 16-желтоқсанда Зырян қаласында «Барлығы алғыс үшін» атты дүкен ашылды. Мақсаты – әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға тұрақты қолдау көрсету. Дүкеннің салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімі Ермак Сәлімов қатысып, жиналғандарды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады.

Сонымен қатар, Зырян ауданының барлық ауылдық округтерінде мерекелік концерттер, спорттық жарыстар ұйымдастырылды. Әсіресе, Зырян қаласының тұрғындары тауға шығып, шаңғы теуіп бір серпіліп қалды.

Әзірлеген –
«Дидардың» тілшілер тобы
Суреттерді түсірген :Е.Орынбаев
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив