KZ
Өскемен
+9°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, С
449.58 486.94 4.86

Өскемендіктер арзан азық-түлікке қарқ болды

27.11.2013, 18:00 164


Өскемендіктер арзан азық-түлікке қарқ болды. Тұңғыш Президент күні мерекесіне орай ұйымдастырылған ауылшаруашылық жәрмеңкесінде тұтынушылар азық-түлік өнімдерін 15-20 пайызға арзан бағамен сатып алу мүмкіндігіне ие болды.Жәрмеңке облыс орталығының Республика алаңында өткізіліп, онда қалалықтарға Зырян, Көкпекті және Ұлан аудандарынан әкелінген өнімдер ұсынылды, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Дүйсембай Селихановтың айтуынша, бұл жолы үш ауданның әрқайсысынан 10 тоннадай өнім жеткізіліпті. Оның дені ет, сүт және бал өнімдері екен.

Өскемендіктер арзан азық-түлікке қарқ болды– Осыдан бірнеше күн бұрын Өскемендегі сауда нүктелерін аралап, ондағы еттің, сүттің және тағы басқа да ауылшаруашылық өнімдерінің бағасын көріп қайтқан едік. Қой мен сиыр етінің келісі 1200-1500 теңгеден саудаланып жатқанын көрдік. Ал бүгінгі жәрмеңкеде мұндай бағаларды таппайсыз. Нарықтағы бағадан кем дегенде 15 пайызға арзан, – деді басқарма басшысы.

Расымен де, ауа райының суықтығына қарамастан, өскемендіктердің таң атпай аталған алаңнан табылуы осы азық-түлік бағасының арзандығынан болса керек. Мәселен, бұл жерде жылқы еті 1200, қой еті бір мың теңгеден саудаланса, балдың келісі де бір мың теңгеден сатылды. Балық алу үшін кезекке тұрғандардың да қарасы көп болды.

Ет-сүт өнімдерін дорбалап сатып алған қала тұрғындары мен қонақтары үшін үш аудан өнерпаздары концерттік бағдарлама да ұсынып, мерекелік көңіл күй сыйлады.

"Бүгін апта ортасы, жұмыс күні болса да, сатып алушылар көп. Саудамыз ойдағыдай жүріп жатыр. Жалпы, облыс орталығында жәрмеңке болатынын естісек, қай-қашан да қуанып қаламыз. Себебі, жәрмеңкеге әкелген тауарларымыз әп-сәтте өтіп кетеді. Бұл жолы қала тұрғындарына көксерке, қызыл балық (ускуч), шортан сынды су байлықтарын ұсынып отырмыз. Бағасы 350-500 теңге аралығында", дейді Көкпекті ауданының Сарыбел ауылдық округінен балық өнімдерін ала келген Бақыт есімді сатушы.

Жалпы, бұл күні үш ауданнан келген кәсіпкерлердің сапалы әрі арзан өніміне қала жұртшылығы әбден қарық болды десек, артық айтпағанымыз. Ал жәрмеңкеге келген халық ең алдымен ет өнімдері сатылатын сөрелерге қарай ағылғаны, айтпаса да түсінікті.

Жәрмеңкені аралап көрген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев та халыққа ұсынылған азық-түлік өнімдерінің сапасына оң баға беріп, ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Д.Селихановқа бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Бұдан кейін аймақ басшысы ат басын Сол жағалау ықшамауданындағы этноауылға тіреп, Шығыстың бетке ұстар шаруа қожалықтарының тауарлары ұсынылған көрмені аралап көрді. Ауыл шаруашылығының тыныс-тіршілігінен құлағдар жұртқа жақсы таныс «Елім-ай-Көкпекті», «Бәтуа», «Альжан Агротрейд», «Виситаев» сынды жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер мен шаруа қожалықтарының өнімдер көрмесі ашық аспан астында ұйымдастырылыпты.

Көрмеде агроөнеркәсіп кешенін дамытуға қатысты бірқатар индус-триялық-инновациялық жобаның тұсаукесері де өткізілді. Әрбір шаруа қожалығының тауарларымен және жұмыс жоспарымен жеке-жеке танысып шыққан аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев бұдан кейін дәл осы жерде ұйымдастырылған салтанатты жиынға қатысты.

– Бүгінгі күн – шын мәніндегі халықтық мереке. Себебі, аграрлық сектор – еліміздің азық-түлік қауіпсіз-дігінің кепілі. Еліміздің экономикасы мен халқымыздың әл-ауқаты ауыл шаруашылығы саласының хал-ахуалы мен дамуына тікелей байланысты. Биыл біз мерекеде ұзақ баяндамалар, есептер, барлығымызға таныс концерттік нөмірлер тыңдап, өткізуден бас тартуды жөн көрдік. Ал оның орнына бұл салтанатты емен-жарқын жағдайда, мерекелік жәрмеңке мен көрмелерге әкелінген тауарларды бірге көріп, бірге бағалау түрінде өткізуді ұсынып отырмын. Бүгінгі басқосуда сіздер өңіріміздегі ауыл шаруашылық кешенін дамыту бағытында іске асырылған және асырылып жатқан инновациялық жобалармен де жақынырақ танысуға мүмкіндік алдыңыздар, – деген аймақ басшысы ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлерінің ерен еңбегінің арқасында Шығыс Қазақстан облысы биылғы жылды зор табыстармен аяқтап, жоғарғы көрсеткіштерге қол жеткізгенін айрықша атап өтті.

Аймақ басшысының сөзіне қарағанда, ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнім көлемі жыл соңына дейін 280 млрд. теңгені құрайды деп болжануда. Бұл 2011 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 35 пайызға артық болып, еңбек өнімділігінің 1,5 есеге артқанын көрсетіп отыр.

Өскемендіктер арзан азық-түлікке қарқ болды– Мен сіздерді және сіздер арқылы облысымыздың ауыл шаруашылық саласының барлық қызметкерлерін кәсіби мерекелеріңізбен шын жү-ректен құттықтап, еңбектеріңізге табыс тілеймін, – деген аймақ басшысы бұдан кейін бірқатар азаматты Ауыл шаруашылығы министрінің және облыс Әкімінің Құрмет грамотасымен, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» ведомстволық наградасымен марапаттады.

Нұржан Кенжеұлы,
суреттер Есімхан Орынбаевтікі
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив