KZ
Өскемен
+9°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, С
449.58 486.94 4.86

Балық жәрмеңкесі көңілден шықты

28.10.2013, 18:00 189


Өскеменде балық өнімдеріне арналған арнайы жәрмеңке өтті , деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.


Бұл күні өңіріміздің балықшылары мен балық өнімдерін өндірушілер тұтынушыларға өз тауарларын делдалсыз ұсынуға мүмкіндік алды.

Бағасы да арзан. Мысалы, ақмарқаның бір келісі – 500 теңге болса, сазан мен көксеркенің бағасы – 400, табан балық пен шортан – 300, ал көксеркенің жон еті 600-700 теңге аралығында, тартылған балық етінің келісі 350 теңгеден саудаланды.

Балық жәрмеңкесі көңілден шықтыСонымен қатар, жәрмеңкеде кептірілген, оралып-қапталған уыл-дырықтар мен Катонқарағай ауданынан жеткізілген бал өнімдері, Герасимовка ауылынан әкелінген картоп, сәбіз, қызылша, қырыққабат, пияз секілді көкөністер де саудаға түсті.

Осынау көл-көсір өнімге жәрмеңкеге келген жандардың да көңілі толып, риза болды. Күзгі себелеп жауған жауын да мұнда келушілер мен саудагерлердің жақсы көңіл күйін еш бұза алмады.

Балық жәрмеңкесі көңілден шықтыӘсіресе, тірі балық саудаланған көлік маңына жұрт көп жиналды. Салмағы бір жарымнан бес келіге дейін тартатын сазандарды жұрт лезде сатып алып жатты. Балықтың тез саудаланғаны сондай, сазанға қолы жетпеген кейбір келушілер сандарын соғып, өкініп те жатты.

– Бұдан да көп әкелуге болушы еді, бірақ оған мүмкіндігіміз жоқ. Біз негізінен тұқы мен сазандарды өсіріп, Бұқтырма су қоймасына жіберумен айналысамыз ғой. Саудалау үшін балық өсіруге біздің уақытымыз да, жағдайымыз да, қаржымыз да жоқ, – дейді Күршім ауданына қарасты Мальковое ауылындағы шаруашылықтың директоры Рашид Алшынбаев.
– Бұл – дұрыс емес, – деп осы арада әңгімеге араласты Өскемен қаласының 76 жастағы тұрғыны Геннадий Новиков. – Қалада мұндай балғын, тірі балық өнімдері болмайды, ал тоңазытылған өнімдердің сапасы нашар. Бүгінгі жәрмеңкені ұйымдастырушыларға көп рақмет. Тек осындай жәрмеңкелерді жиі ұйымдастырып, бағаны тым көтермесе екен деген тілегіміз бар.
Зейнеткердің бұл тілегі әбден орынды. Таңертең ерте сауда енді басталып жатқан кезде сауда қатарынан тоңазытылған сазанның келісін 600-700 теңгеден саудаламақ болған делдалдар да көзге шалынып қалды. Қалалық әкімшілік пен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының өкілдері қырағылық танытты.

Басқарма басшысы Дүйсембай Селиханов мұндай кәсіпкерлерге ешқандай да кешірім болмайтынын, олардың сауда орнын тастап кетуге мәжбүр болғанын жеткізді.
– Біз Күршім, Тарбағатай, Көкпекті аудандарының балықшыларымен өнімнің құнын 400 теңгеден әрі көтермеу турасында келіскен болатынбыз. Облыс орталығы тұрғындарын қуантып, нағыз балық өнімдеріне арналған мерекелік шара ұйымдастырмақ едік. Бірақ осындай сәттерде көңіл күйді бұзатын әлдебіреулердің табыла кететіні бар ғой, – дейді ол.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл балық өнімдеріне арналған алғашқы жәрмеңке болғанымен, әсте соңғысы емес.

Иә, бұл жолғы жәрмеңкеге үш ауданның ғана балықшылары қатысты, әкелінген балық өнімдерінің де көлемі аздау болды. Десе де кейінгі жәрмеңкелерде осынау шараға қатысатындардың саны артуы да мүмкін.
Ресейдің Алтай өлкесінен келген қонақтармен бірге жәрмеңкені тамашалаған облыс әкімінің назары жәрмеңкедегі тірі балық пен жартылай өнімдер саудаланып жатқан екі нүктеге көбірек ауды. Аймақ басшысы мұндай өнімдердің көлемін арттыру қажеттігіне ерекше тоқталды.

Қонақтар да осы жәрмеңкеге қатысты өз пікірлерін білдіріп жатты.
– Барнауылда да осындай сауда мерекесі ұйымдастырылады. Бірақ мұндай шара кезінде көбіне бал, нан-тоқаш өнімдері көбірек саудаланады. Өйткені, өңір негізінен жазық далалы, су ресурстары аз болғаннан кейін, балық өнімдері жағынан кішкене қиындық бар. Десе де мұндай акциялардың берері мол. Табиғи өнім өндірушілер мен тұтынушылардың арасында байланыс орнайды. Осыдан барып, шынайы баға пайда болады, – дейді «Мельник» акционерлік компаниясының бас директоры Геннадий Бедарев.

Десе де таяуда ғана облыс орталығы Өскеменде «Азық-түлік қауіпсіздігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында облыс әкімдігінің қолдауымен ашылған «Fresh Market» сауда-логистикалық орталығын қазіргі азық-түлік нарығының жаңа форматы деп айтуға әбден болады. Ең бастысы, бұл жердегі өнімдер делдалсыз саудаланады. Бағасы супермаркеттерге қарағанда төмен, ал сапасы жоғары. Болашақта мұндай сауда нүктелерінің көбейе беретініне сенгіміз келеді.

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив