KZ
Өскемен
+8°
ясно жел 11 м/с, С
443.85 474.3 4.8

Партияның жаңа Доктринасы қабылданып, жаңа атауы бекітілді

20.10.2013, 18:00 133


Елордадағы Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс XV съезі өтті, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Съезд жұмысына партияның барлық өңірлік филиалдарынан келген 1200-ге тарта делегат пен үкіметтік емес, жастар ұйымдары, дипломатиялық корпус өкілдері, мәдениет пен спорт қайраткерлері, мемлекеттік органдар, ұлттық холдингтер басшылары сияқты мыңнан астам шақырылған қонақтар қатысты.

Алқалы жиында Тәуелсіздік жылдарында қалыптасып, уақыт сынынан өткен құндылықты бағыт-бағдарларды нығайтуды үндейтін «Нұр Отан» партиясының жаңа саяси Доктринасының жобасы, алдағы онжылдықтағы міндеттері делегаттар талқысына салынды. Сонымен бірге съезд барысында партия Жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, партияның саяси кеңесінің құрамына өзгерістер жасалды, бақылау-тексеру органдарының бірқатар мәселелері қаралды.

Айта кетерлігі, бұдан бөлек осы күні «Нұр Отан» партиясының Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Үкімет мүшелері, өңірлік филиалдар басшылары қатысқан партияның Саяси кеңесі бюросы-
ның кеңейтілген отырысы өтті. Онда партияның жаңғыртылуына, аппаратының жұмыс тиімділігін түбегейлі арттыруға байланысты нақты тапсырмалар берілді.

– Бүгінгі съездің басты міндеті – «Нұр Отан» партиясының рөлі мен саяси маңызын айқындау, – деді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы азғана жылда «Нұр Отан» 250 филиалы, 6300 бастауыш ұйымы бар алып құрылымға айналғанын атап өтті. «Осыдан 14 жыл бұрын партияның алғашқы съезіне небәрі 400-ге жуық делегат қатысқан еді. Бүгінде олардың саны 2000-ға жетті» деп атап өтті Президент.

Съезд барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев басқосудың орны айрықша екенін атап өтті. «Бүгін – өткен 15 жылдың қорытындысын шығару, болашақ бағдарды айқындау тұрғысынан өзгеше күн. Бұл еліміздің «Қазақстан-2050» стратегиясын қабылдағаннан кейінгі партияның алғашқы басқосуы болып саналады. Біз алыс болашаққа көз тігіп, алдымызға биік межелер белгіледік. Қандай мақсатқа, қай жолмен жеткенімізді нақтылап, оның келешек межелерін жүзеге асыруға кірістік. Еліміздің ертеңгі стратегиясын қалай іске асыратынымызды ойластыруымыз керек. Оны мүлтіксіз жүзеге асыру, қазақ елін дамудың дара жолына бастау елдегі ең қуатты саяси күш «Нұр Отан» партиясына жүктеліп отыр», – деді Мемлекет басшысы.
Съездегі сөзінде Елбасы ең ұлы жолдың өзі шағын қадамнан басталатынын еске салды. «Елдік істердің барлығына партия белсене араласып келеді. Менің бастамаларыма әрдайым қызу қолдау білдіріп, идеяларымды құлшына іске асырып келеді. Осы арқылы аса ауқымды тәжірибе жинадық. Халық көздегіні ғана емес, көңілдегіні де көреді. «Нұр Отан» – нақты нәтиженің, ілкімді істің партиясы. «Елің қуатты болса, бағың тұрақты болады» деген сөз бар. Күнімізді шуақты ету үшін елімізді қуатты ету – баршамыздың ортақ парызымыз», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар, Президент елімізді әлемнің ең қуатты 30 елінің қатарына кіргізу мақсатына да тоқталып өтті. «Бұл «Нұр Отанның» болашаққа жол сілтейтін темірқазығы болуы керек. Съезде қабылданатын жаңа саяси Доктрина да осыны көздейді», – деді Мемлекет басшысы.
Елбасы «Нұр Отан» мемлекеттік тілді нығайту, қазақтың дәстүрін, мәдениетін жаңғырту жұмыстарының тиімді жүйесін жасауы тиіс дей келе: «Доктринада мемлекеттік тіл – ел бірлігінің факторы ретінде аталғаны да аса маңызды. Бұл мәселеге барынша ден қоятын кез келді. Қазақ тілін білу – азаматтық парызымыз ғана емес, ұлтқа деген құрметті білдіру болып табылады. Отан дегеніміз отбасындағы өнегелі тәрбиеден басталады. Осыны әрбір азамат есінен шығармауы тиіс», – деп баса айтты.

– «Қазақстан-2050» Стратегиясы – бұл біздің ұлы тарихи мүмкіндігіміз. Осы арқылы біз мәңгілікке әлемнің ең танымал ұлтының қатарына енеміз. Біздің дамуымыз үшін басқа жол жоқ, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Cъезд барысында Нұрсұлтан Назарбаев бүгінгі форумның Қазақстанның жаңа тарихындағы өтпелі кезеңде болып жатқанын, қазақстандық қоғамның жаңа мақсаттарға сенімді қадам басқанын атап өтті. Елбасының айтуынша, бұндай қадамның нақты бағдары былтыр жария-ланған «Қазақстан-2050» Стратегиясы болып табылады. «ХХІ ғасырдың ортасындағы тарихи апогей қамтылды әрі нақты ай-қындалды. Бағдарлама жан-жақты жасалды, біз не істеу керектігін білеміз әрі оны қалай істеп, сол арқылы қандай мақсаттарға жететінімізді де болжап отырмыз. Әлбетте, өмір бір орында тұрмайды, тарих қашанда өзінің аргументтерін алға тартады. Құ-былысты, бұрылысты кезеңге дайын болуымыз керек» деді, – Нұрсұлтан Назарбаев. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы «Қазақстан-2050» Стратегиясына тоқтала келе, бағдарламаның басты межесі – озық дамыған отыз елдің қатарынан көріну екенін қайталап айтты. «Біздің халқымыздың тарихында мұндай ауқымды әлеуметтік-экономикалық мақсаттар қойып, оған қол жеткізген емес», – деді Н. Назарбаев.

Съезде партияның жаңа Доктринасы бірауыздан қабылданды. Аталған құжатта «Нұр Отан» партиясының XXI ғасырдағы негізгі миссиясы көрсетілген. Онда Қазақстанды өркендету басты идея болса, Тәуелсіздік еліміздің негізгі жетістігі ретінде қарастырылады. Ал адам, бостандық, бірлік, әділеттілік, заңның үстемдігі, болашаққа ұмтылыс, отбасы және дәстүр басты құндылықтар болып саналады. Сондай-ақ, партияның жаңа Доктринасында табысты дамудың жеті факторы бар.

«Нұр Отан» партиясының жаңа атауы да бекітілді. Партия Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің айтуынша, саяси бюроның кеңейтілген мәжілісінде партияның «халықтық-демократиялық» деген тіркесін алып тастап, «Нұр Отан» партиясы» деп қалдыру ұсынысы жасалған болатын. Осыған орай съезге қатысушылар аталған ұсынысты қарап, бірауыздан қабылдады. Сондай-ақ, олар партияның жаңа эмблемасын мақұлдады. «Жаңа эмблема ХV съездің логотипі негізінде әзірленді. Күннің шығуы біздің жетістіктеріміз бен жарқын жеңістеріміздің көрінісі болса, таудың шыңы – жоғары мақсаттар мен халықтың ұмтылысы, барыс – күш пен мәрттік, партияның жазуы (эмблемадағы) Елба-сының мемлекеттің дамуына қосқан тарихи үлесін көрсетеді. Ал «Нұр Отан» партиясы басымды күш ретінде сол дамудың негізі болуы шарт», – деп атап көрсетті Б.Байбек.

– «Нұр Отан» фракциясының салық салу мәселесіне қатысты түбегейлі ұстанымын ерекше атап өткім келеді. Партиялас депутаттардың орта буынға салық ауыртпалығын ұлғайтуға жол бермеу туралы ұстанымдары абсолютті дұрыс деп санаймын. Біз бұған әлі жеткен жоқпыз. Бізде 20 пайыздан астам өнімді шағын және орта бизнес өндіреді, ал дамыған елдерде ол 60-70 пайызды құрайды. Біздерге 50 пайыздық көрсеткішке жету қажет, – деді ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Осы орайда Президент сән-салтанат-тыққа, элиталы жылжымайтын мүлікке және сигарет, алкоголь сынды басқа да жаман әуестіктерге жанама салық енгізу қажеттігін баса айтты.

– Біз бабаларымыз сан ғасырлар бо-йы аңсаған арманға қол жеткізгенімізді мақтан ете білуіміз керек. Ұлтымыздың ұлы тарихының жаңа тарауы қуатты да табысты тәуелсіз мемлекеттің шежіресі болып жазылуда. Айтатын сөз біреу-ақ: елдің бірлігі – қазақтың бірлігі, – деді Елбасы.

Бұл ретте Мемлекет басшысы осы жылдары Қазақстан халқы ерлік пен бірліктің үлгісін көрсеткенін атап өтті.
– Соның арқасында осындай табыстарға жеттік. Тәуелсіздіктің қиыншылықпен келіп, оны ұстап қалу оңай емес екенін халқымыз білді. Осыны түсініп отырған, бір жұдырықтай жұмылып отырған халқыма шын жүрегімнен алғысымды айтамын, бақыт тілеймін! – деп түйіндеді Президент.

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив