KZ
Өскемен
+2°
ясно жел 10 м/с, С
444.22 476.38 4.82

Мұсылман қауымы Құрбан айттың соңғы, үшінші күнін тойлап жатыр бүгін

16.10.2013, 18:00 203


Исі мұсылман қауымы Жаратушымен жақындастыратын ұлық мереке – Құрбан айттың соңғы, үшінші күнін тойлап жатыр бүгін, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Құрбан айттың алғашқы күні таңғы сағат сегізде аймақтағы барлық мешіттерде айт намазы оқылысымен-ақ, құрбан шалу амалдары басталды.

Айт намазы оқылғаннан кейін бірінші болып облыстың басшысы үлкен бір өгізді құрбандыққа шалып, етін жетімдер мен мұқтаж адамдарға таратып беру үшін мешітке тапсырды.

Мұсылман қауымы Құрбан айттың соңғы, үшінші күнін тойлап жатыр бүгінҚұрбан шалу облыс орталығында екі жерде: Новоявленка ауылының қасында және Меновноеның іргесіндегі атшабарда ұйымдастырылды. Ол жерде мал сатуға және союға барлық ыңғайлы жағдай жасалыпты. Қан-жынды ағызу үшін жағалай терең арықтар қазылып, ағаштан төсеніштер қойылған. Бауыздалған малдың терісін сыпырып, етін мүшелеп бұзуға арналған, сондай-ақ, ішек-қарын жуатын, бас үйітетін орындар ойластырылған. Тазалыққа жете мән беруге тырысқан ұйымдастырушылар коммуналдық мекеменің бірнеше жұмысшысын жұмылдырыпты. Ауызсу да көлікпен жеткізіліпті.

Күршім, Зайсан, Тарбағатай, Аягөз, Жарма, Көкпекті, Ұлан сияқты аудандардан артынып-тартынып жеткен шаруалар жалпы саны мыңның үстінде ұсақ мал және үш бас мүйізді ірі қара әкеліпті. Ұсақ малдың сатылымға түскен бағасы аса қымбат емес, орташа есеппен 25-30 мың теңге. Қашаларға қамалған түліктер түгелдей қалалық ветеринарлық инспекциясы мамандарының тексеруінен өткізілген.

Мұсылман қауымы Құрбан айттың соңғы, үшінші күнін тойлап жатыр бүгін– Осында әкелінген малдардың бәрінде жергілікті әкімшіліктен берілген тиісті қағаздары болу керек. Біз сол қағаздарды тексеріп барып сатуға немесе союға рұқсат береміз. Сол сияқты балабақшаға, жетімдер үйіне, түрмелерге және басқа да орындарға жіберілетін құрбандық малдарының еті осы жерде жылжымалы ветеринарлық зертханада сараптамадан өткізіліп, анықтама қағазы беріледі, – дейді Өскемен қалалық ветеринарлық инспекциясының инспекторы Алтай Асқаров.

Орталық алаң ойын-сауықпен көмкерілді

Мұсылман қауымы Құрбан айттың соңғы, үшінші күнін тойлап жатыр бүгінОсы күні орталық алаңда қаз-қатар тігілген ақшаңқан қазақ үйлерінде ұлттық тағамдармен сықаған ақ дастарқан жайылып, концерттік бағдарлама шымылдығын түрді. Қыстық азық-түлік қамымен жүрген қала тұрғындарына дәл қазір ауадай қажет ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі де өз жалғасын тапты. Арзан бағамен қойылған азық-түлік тауарларын өскемендіктер сатып алудан жалықпаса, ал аудандар қамтамасыз етуден жалығар емес. Тай қазандарға былқытып пісірген палау мен ыстық бауырсақ алаңға жиналған барша жамағатқа тегін таратылды.

– Қарапайым халықтың жағдайын ойлап, осындай мейрам өткізіп, көңілімізді көтеруге тырысып жатқандары үшін облыс, қала басшыларына алғысым шексіз. Көмекке зәру адамдарға жасаған қайырымдылық істері Алладан қайтар деп үміттенемін. Биылғы Құрбан айтта ұлттық дәстүрімізге, өнерімізге басымдық берген екен, ол да құптарлық жайт. Анау мешіттің жанында құрылған алтыбақан, мынау киіз үйлер, дастарқанға қойылған ұлттық тағамдар бәрі соның көрінісі, - дейді Өскемен қаласының тұрғыны Гүлжамал әжей Зейінбекқызы.

Орталық алаңдағы мерекеде ҚМДБ-ның Өскемен өңіріндегі өкіл имамы, облыстық мешіттің бас имамы Нұрлан қажы Байжігітұлы мен православ шіркеуінің қызметкері Евгений Яганов құттықтау тілектерін білдірді.

Қасиетті мейрамда қаладағы «Үлбі» орталығында дастарқан жайылып, қайырымдылық асы берілді. Бұл жерге қариялар, жалғызбасты және әлеуметтік жағынан аз қамтылған жүзден астам адам жиналды. Одан бөлек мүмкіндігі шектеулі және жетім балалар да болды.

Құрбан айттың алғашқы күні Ұлан ауданының орталығы Қасым Қайсенов кентінде де үлкен іс-шара болды. Осы өңірдің тумасы, кәсіпкер Қайрат Мусин өзі салдырған зәулім мешітте қарияларды, әлеуметтік жағынан аз қамтылған адамдарды жинап, қайырымдылық дастарқанынан дәм татқызды. Өмірден өткен ата-бабалардың рухтарына бағыштап құран оқытты, үлкен бір қазақтың ақбас бұқасын құрбандыққа шалып, етін жетімдер үйіне таратты. Ал қайырымдылық асына арнап сойған ірі қара малының қалған етін келген қонақтарға үлестіріп берді.

– Құдайға шүкір, Тәуелсіздік алғалы аталған мейрам елімізде ресми түрде аталып өтілуде. Жыл сайын мерекенің маңызы артып, ауқымы кеңейіп келеді. Бұл бәріміз үшін қуанатын жайт. Құрбан айт бұл «жақындау» деген мағынаны білдіреді. Яғни, адал ниет, жақсы істер арқылы Аллаға жақындау, сонымен қоса адамдар да қайырымдылық жасаумен бір-біріне жақындай түседі бұл күні. Осы ниетпен біз де бір тұяқты Алла жолында құрбан етіп, жетімдерге, жағдайы төмен отбасыларға беруге тырыстық, – дейді кәсіпкер Қайрат Мусин.

Айттың екінші күні облыс орталығындағы Достық үйінде де мерекелік дастарқан жайылып, құрбан шалынды. Этномәдени бірлестіктердің өкілдері, имамдар мен ақсақалдар бас қосқан отырыста тағылымды уағыз-насихат айтылып, дұға оқылды.

Сонымен, хижра жыл санауы бойынша 1433 жылдың кезекті Құрбан айт мерекесі де аяқталады бүгін. Дәулеті жеткендер үш күн бойы Ханафи мәзхабына сәйкес уәжіп етілген құрбандарын шалып, тәшриқ-тәкбірлерін айтып, қайырымдылық жасап, Жаратушысына жақындауға ұмтылды. Айтулы мейрамның ұлттық нақышта өткізілуі де көпшіліктің көңілінен шыққан сияқты.

Серік Әбілхан
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив