KZ
Өскемен
+12°
пасмурно жел 7 м/с, ОБ
448.15 483.46 4.86

Шығыс Қазақстанда бұрын-соңды болмаған астық өнімі алынды

11.10.2013, 18:00 195


Осы аптада облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы дәнді дақылдарды жинау науқаны толықтай аяқталғанын ресми түрде мәлімдеді , деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.


«Биыл Шығыс Қазақстанда бұрын-соңды болмаған астық өнімі алынады» деген ақпар жер-жерге жылдам тарап кетті. Қамбаға миллион тонна дәнді дақыл қабылданғаны жөнінде мәліметтер де айтылып жүр. Соған орай облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мамандарымен тілдестік.

Көптен бері болмаған астық жиналғанын растаған сала мамандары дәнді дақылдың миллиондық мөлшеріне қатысты мәліметті жұртқа басын ашып түсіндіруімізді сұрады. Басқарманың өсімдік шаруашылығы, егіншілік және тұқым инспекциясы бөлімінің бастығы Тілеуберді Калихин облыс бойынша 559 мың гектар жерге дәнді дақыл егілгенін айтады. Бүгінде барлық аудандар дәнді дақыл алқаптарын егіннен тазартқан. Осынша алқаптан бір миллион 23 мың тонна өнім бастырылып отыр. Маманның айтуынша, бұл әзірге оперативтік мәлімет.

Яғни, астық көлемі жөніндегі жан-жақты сараланған, ресми мәлімет міндетті түрде бұдан өзгеше болады. Миллион тоннадан астам астық әлі кептіріліп, ілескен қалдықтары ұшырылуы тиіс. Тазаланып, алғашқы өңдеуден өткен кезде соңғы мөлшер оперативтік мөлшерден 10-15 пайызға кем соғатын көрінеді. Солай болған күннің өзінде дәнді дақылдың түсімі көңіл қуантарлықтай. Ортақ түсім мөлшері - гектарынан 18,3 центнерге пара-пар. Ал жеке бидайға келер болсақ, 347 мың гектар алқаптан 646 мың тонна өнім түскен.

Аудандардың ешбірі дәнді дақылды кешіктірмей жинауы арқадағы жүкті біразға жеңілдеткен. Сондай-ақ, астық шығымдылығы бойынша да барлық аудандар өз әлеуетін ақтай білген. Тіпті, қуаң дала аймағына жататын Көкпекті, Жарма, Ұлан аудандары мен Семей қаласының маңындағы алқаптардан орта есеппен гектарынан 13 центнер шамасында өнім алынған. Бітік шыққан өнімді шығынсыз жинау үлкен шаруа десек те, диқандар үшін бұдан маңызды мәселе бар. Ол - қамбадағы астықты лайықты бағаға өткізу. Әсіресе, егін жақсы шыққан жылдары астық бағасының төңірегінде түрлі шытырмандар басталатыны анық.. Оның үстіне биылғы дәнді дақылдың 70 пайызға жуығы төртінші класты өнім болып отыр. Бұл да бағаның пәс тартуына себепкер болуы бек мүмкін. Тілеуберді Калихиннің айтуынша, абырой болғанда, «Продкорпорация» АҚ мемлекеттік ресурстарға сатып алынатын бидайдың бағасын тоннасына 28 мың теңге етіп тағайындапты. Маман мұндай баға шаруалардың алашапқын еңбегін еш етпейтініне сенімді.

Астықтың бітік шығуын, оның шашаусыз алынуын мемлекет тарапынан тыңайтқыш пен дербицидтерге бөлінетін субсидиялардың, атқарушы биліктің ұйымдастыру және үйлестіру жұмыстарына тікелей араласуының нәтижесі деп білген жөн. Мақаламыз біржақты болмас үшін диқандардың өздеріне хабарласып, хал-жағдайларын сұрап көрдік. Глубокое ауданындағы "Виситаев" шаруа қожалығының басшысы Руслан Виситаев биыл бидайдың шығымына ерекше риза екенін жеткізді. Ол әр гектардан 50 центнер қара бидай, 25 центнер бидай, 30 центнер арпа алыпты.

Есімжан Нақтыбайұлы

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив