KZ
Өскемен
+8°
облачно с прояснениями жел 4 м/с, ОШ
448.15 483.46 4.86

Кәсіпорынның қала экологиясына тигізетін кері әсері азайып отыр

9.10.2013, 18:00 123


1997 жылдан бері «Қазцинк» ЖШС Өскемен металлургия кешенінде табиғат қорғау, экологиялық қауіпсіздікті сақтау шараларына 835 млн. АҚШ долларынан астам қаржы жұмсады, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

«Қазцинк» ЖШС бас экологының орынбасары Қазтай Тәкеев кәсіпорында «Жаңа металлургия» жобасы жүзеге асырылғаннан бері өндіріс ошағынан шыққан шығарындылардың қала экологиясына тигізіп отырған кері әсері әлдеқайда азайғанын айтады.

Кәсіпорында « Жаңа металлургия» жобасы енгізілгенге дейін өндірістен шығарылған күкіртті газдар қоспалары түгелдей ауаға жіберіліп келді. Аталған инновациялық жоба бойынша мұнда жалғыз мыс балқыту зауыты салынып қана қоймай, жаңа күкірт қышқыл өндірісі іске қосылды, қорғасын зауыты қайта жарақтандырылды.

Австралиялық компанияның ISASMELT технологиясымен жұмыс істейтін жаңа өндірістегі өндіріс барысында пайда болған концентратталған газдар күкірт қышқылы өндірісінде түбегейлі өңдеуден өтіп, бүгінгі күні үлкен сұраныс тудырып отырған – қышқыл өніміне айналуда. Осы инновациялық «Жаңа металлургия» жобасы бойынша қойылған канадалық SNC Lavalin фирмасының екі қайтара сіңіру технологиясымен жұмыс істейтін заманауи қондырғысы күкірт диоксидінің құрамындағы газды 99,8 пайыздық тиімділікпен тазартып алуда.
Осындай озық технологиялардың арқасында «Қазцинк» ЖШС ӨМК-нің облыс орталығының ауасына тигізетін зияны мейлінше ең төменгі деңгейге дейін жеткізіліп отыр. Компания мамандары ірі өнеркәсіп орнының қоршаған ортаға тигізетін кері әсерін азайту бағытындағы іс-шараларды одан әрі жалғастыруда.

Кәсіпорында бірнеше жылдан бері жоғарыда айтып өткендей күкірт диоксидін залалсыздандыру бойынша ірі бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. Қазіргі күні бағдарламаның үшінші кезеңі аяқталып келеді. Қорғасын өндірісін қайта құру аясындағы құрылыс монтаж жұмыстары да аяқталып қалды. 2015 жылға дейін нысанда өнім шығару бойынша да, күкірт диоксиді шығарындыларын жою бойынша да тиімділік жобалық көрсеткіштерге жеткізілмек. Күкірт диоксидінің шығарындылары жылына 21 тоннаға дейін азайтылмақ. Ал 1997 жылы «Қазцинк» құрылған кезде, атмосфераға жылына 70 мың тоннаға жуық күкірт диоксиді шығарылған.

Қорғасын бойынша да шығарындылар айтарлықтай төмендеп келеді. Қорғасын ауаға шаң-тозаңмен шығарылатындықтан, металлургия кешеніндегі тозаңтұту цехы заманауи сүзгілермен жабдықталуда.

Тозаңтұту цехының тазарту тиімділігі 99 пайызды құрайды. Биыл цехтың бір бөлімшесін қайта жарақтандыру жұмыстары толық аяқталады. Келер жылы қайта жарақтандырылып жатқан жеті сүзгі де толық жобалық қуатына жеткізілмек.

Компания жұмыс істеген кезең ішінде қорғасын шығарындыларының көлемін жылына 70 мың тоннаға дейін төмендетуге қол жеткізілді. Қала ауасына шығарылып жатқан қорғасын шығарындыларының мөлшері соңғы 15 жылдың ішінде 1,5 рауалы шектелген концентрациядан 0,5 РШК-ға дейін түсірілді.

– Бұл көрсеткіш санитарлық нормадан анағұрлым төмен, – дейді компанияның бас экологының орынбасары. – Алдағы уақытта өзге де табиғат қорғау жобалары жүзеге асырылмақ. Күкірт қышқылы қондырғылары қайта жарақтандырылады, су айналымын, шығарындыларды бақылау жүйелері жетілдіріледі. Келер жылы «Қазцинк» Өскемен металлургиялық кешенінде, бағалы металдар өндірісінде және материалдық-техникалық жарақтау кешенінде жалпы құны 470 млн. теңге болатын 36 табиғат қорғау іс-шарасы жүзеге асатын болады.

Қазір кәсіпорында өндіріске пайдаланылған суларды екінші қайтара қолданатын айналмалы сумен қамту жүйесі енгізілген. Компанияның кен байыту фабрикаларының бәрі де тұйықталған сумен қамту жүйесі бойынша жұмыс істеуде. Кеніштерде пайдаланылған сулар өнеркәсіп алаңдарындағы нысандарға екінші қайтара қолданылуға жіберіліп отырады. Нәтижесінде енді су бассейніне құйылатын ағындылар 1-2 пайыз көлемінде ғана болып отыр.

Жанаргүл Мұқатай

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив