KZ
Өскемен
+9°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, СШ
449.58 486.94 4.86

Төр Алтай ұлы қаламгерін ұлықтады (+сурет)

11.09.2013, 18:00 148


Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде Оралхан Бөкейдің 70 жылдық торқалы тойына орай «Оралхан оқулары» өтті. Жәй өткен жоқ, қайталанбас қаламгердің артында қалдырған мұраларын ардақ тұтатын қауымның жүрегіне сырлы сөз, мәйекті ой тастап кетті, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Бар-жоғы 49-ақ жас жасап, қара сөзден қамал тұрғызған қаламгердің республикалық оқуларына еліміздің барлық өңірінің өз облысында жүлдегер болған 16 жүйрігі келіп, бақтарын сынап, баптарын байқатқан. Ал олардың жанкүйері қарасы көп көрермен болса, әділ сыншысы елге танымал қаламгерлер: Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, белгілі сыншы Әшірбек Сығай, Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитеті төрағасының орынбасары Шерубай Құрманбайұлы, «Ана тілі» газетінің бас редакторы Самат Ибраим, Оралханның қарындасы, Астанадағы республикалық ұлттық кітапхана директорының орынбасары Ғалия Бөкейқызы және халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Солтүстік-Шығыс өңірі бойынша вице-президенті Орал Шәріпбаев болғанын баса айта кеткіміз келеді.
Төр Алтай ұлы қаламгерін ұлықтады (+сурет)
Төр Алтай ұлы қаламгерін ұлықтады (+сурет)
Төр Алтай ұлы қаламгерін ұлықтады (+сурет)
Тіл қадірін ардақтап, сөз мәйегін салмақтап өткен жазушы мерейтойының шымылдығы театрландырылған қойылыммен басталысымен облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар сөз тізгінін алды. Жақсылық Омар сөз саптамас бұрын інілік ізетпен: «Сіздердің алдарыңызға алдымен құрметті қонақтарымызды шақырып, сөз бергім келіп тұр» деп, сахна төріне осынау торқалы тойға арнайы келіп қатысып отырған белгілі қоғам қайраткері, жазушы-публицист Сұлтан Оразалинов пен Шерубай Құрманбайұлын шақырғанда бүкіл жиналған қауым ризашылықпен дуылдата қол соқты.

– Жалпы халықты тану үшін оның тілі мен әдебиетіне үңілу керек. Министрліктің тіл комитеті 90-ыншы жылдардың аяғынан бастап, Оралхан оқуларын өткізуді қолға алған еді. Міне, биыл 15-ші рет сол байқау өтіп отыр. Негізінен тіл мен әдебиетті қос қоржынның екі басына теңеуге болады. Бүгін табиғаты тамылжыған Алтайда туып, алаш жұртына, қала берді талай шет елге танымал болған Орекеңнің шығармаларымен танысу мүмкіндігі туып отыр бәріміз үшін, ағайын. Ал бүгінгі дүбірлі сайысқа қатысушы жастарға қаламгердің туған өңіріндегі талпыныстарыңызға осы қасиетті ай-мақтың ауасы мен жер-суы қанат бітірсін дегім келеді. Жалпы Оралханның туып-өскен жерін көру бәріміз үшін де
үлкен қуаныш. Орекең «менің ақылшым – туған жерім, пірім – асқақ та қатал Өр Алтай» деген еді. Осындай тамаша байқауды өткізуге ұйытқы болған облыс басшылығына, ел азаматы Бердібек Сапарбаев мырзаға ерекше ризалығымызды білдіреміз. Байқау сәтті өтсін, – деді Ш.Құрманбайұлы.

Өзінің өзекжарды тілегін әдемі сөзбен өрілткен Сұлтан Оразалиновтың: «Өз басым осы Шығыстан, Семей өңірінен болсам да, Өскеменге бар-жоғы үшінші мәрте келіп отырмын. Өскемен қатты өзгеріп кеткен екен. Тек биылдың өзінде ғана бұл өңірде Шәкерімге, Жәнібекке, Оралханға ескерткіш орнатылыпты. Тамаша! Ал Абайдың ескерткішінің жанына Алтайдың тастарын әкеліп, оған ұлы хакімнің қарасөздері мен өлең жолдарын жазып қойғаны таңдай қақтырды. Мұндай ғажапты өз басым еш жерден көрген емеспін. Осындай игілікті шаруа істеп жатқан облыс басшылығына бек алғыс арнаған абзал. Оралхан мені аға тұтатын. Оралханның «Құлыным менің» атты шығармасын орыс тіліне аударып, Кемероводағы байқауға алып барып, екінші орын алғанымыз неге естен кетсін. Ол тек жазушы ғана емес, асқан биші екенін әркім біле бермес» деп қаламгердің сан қырын сөз етуі де жүректен шығып, жүректерге жол тауып жатты.

Алыптың қадірі жыл өткен сайын еселенетінін облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омардың сөзі негіздей түскені бар.

– Оралхан оқуларының мерейтойлық мезеттері биылғы жылдың басынан бері бүкіл ел көлемінде өтіп, міне, енді Шығыста жалғасып отыр, – деп бастады сөзін Жақсылық Омар. – Өзінің қаламының ұшымен бүкіл адамзатты Алтайға ғашық еткен Оралхан – біздің ұлттық мақтанышымыз. Сондықтан қа-ламгердің шығармаларын насихаттауда, түбегейлі зерттеуде әлі де көптеген шаруалар атқарыла бермек. Бүгін ұлы жазушыны әспеттеуге, атын ардақтауға ниет етіп, еліміздің әр түкпірінен ерекше арман-мақсат арқалап келген талапкер жастардың қадамына сәттілік тілейміз!

Сайыскерлер Оралхан
боп ой төкті


Оралхан шығармаларын дүйім елге алғашқы болып сахнаға алып шыққан қызылордалық Зарина Кенжеәлі болды. Қашанда топ алдында алғаш болып, сөз бастау оңай еместігі белгілі. Біз Заринаның толқуынан соны байқадық. Оның
үстіне қазылар алқасындағы азамат-тардың талабы бойынша бұрыннан қалыптасқан дәстүрден бөлек, үш жанрды да бірден орындап шығу тек Заринаны ғана емес, өзге қатысушыларды да біраз сасқалақтатқаны сезілді. Дегенмен, Оралханның «Апамның астауы» атты прозасымен сөз бастаған ол көпшілікті жанға жайлы дауысымен, бапты сөз қолданысымен және өзіндік актерлік шеберлігімен баурап бара жатты. Ал екінші – драмалық қойылым бойынша Шыңғыс Айтматовтың «Жан пида» шығармасынан Аққұртқаның монологын орындағандағы нанымды образ Заринаны тағы бір қырынан көрсеткендей болған. Қ.Сариннің «Өмір өлшемінің» «Өмірге келу қызық, қайту қайғы» деген тұсы нағыз ақиқаттай, көрерменге ой салып жатты.

Өрелі сөз үлкеннен шықса, орамды ой жастан шығатынын ерекше танытқан жастар жетерлік болды сайыс барысында. Әсіресе, екінші болып сахна төріне шыққан қарағандылық Айсана Әшімханның өнері өзгеше әсер қалдырғандай еді. Бұп-бұйра шашы төгіліп, қара костюм-шалбармен шыға келген бұл талапкер көз алдымызға Оралханды алып келгендей көрінгенін жасырғымыз жоқ. Ол «Қайдасың, қасқа құлынымды?» көңіл көзіне жеткізе орындаса, Роза Мұқанованың «Сеніндегі» Калмыковтың монологын тіпті құлпыртты, Мұқағалидың махаббаттың құдіретіне бөлейтін «Жырласам ба екен?» атты өлеңін бал жүрекпен жеткізгенін қайтерсің! Ол осылайша 16-ның алдынан көрінетінін дәлелдеп-ақ кеткен-ді. Айсана десе, Айсана-ақ екен!

Жақсының жұп болып жүретіні қан-дай жақсы еді. Айсананы өкшелей шыққан астаналық 10-шы сынып оқушысы Мадияр Жақып сөз саптай бастасымен әдемі дауысымен «Тасқынды» тас-қындатты, хан Кене болып (М.Әуезов) шалқыды, сосын К.Ахметованың «Сен – қазақсыңы» болып жігерлілігін танытты. Сөйтіп, қазылардың кілең бестігі
мен көрерменнің марапатты қол со-ғуына бөленіп, шығып бара жатты сахнадан. Көрген елді үш жанрдағы өнерімен де дәл осылай табындырған Алматы облысының үміті, 11 сынып оқушысы Ақниет Зәмзәт болғаны тағы бар.

Қара сөздің майын тамызған қаламгердің небір шығармаларын шал-қыта да, толқыта да, ойландыра да, иландыра да жеткізгендердің қатары аз болған жоқ бұл сайыста. Еліміздің 14 облысы мен екі бас қалаларынан үмітін үкілеп, намысын жанып келгендердің барлық өнерін мұрнынан тізіп беру мүмкін емес болып отыр. Десе де, олардың әрқайсысының өнері ерекше тоқталып, өзіндік байлам жасауға әбден тұрарлық болғанын айтуға тиіспіз.

Жалған дүние көңілі жеткен жерлерге өмірін жеткізбеген қаламгер Оралхан дәл осы сайыста шынымен де ортамызда жүргендей сезілгенін қайтіп жасырайық. Өйткені, ол бір сайыскердің аузынан «Тортай мінген тор ат» болып, енді бірінен «Өліара», тағы біреулерінен «Сайтан көпір», «Өз отыңды өшірме», «Қар қызы», «Құм мінезі» мен «Жетім бота» және басқалар болып өріліп жатты. Ерекшелене, құлпыра түсіп, тіпті, мұңая жетіп жатты жүрек біткенге. Осы кереметтер көрген елге Оралханның бар болмысын танытты! Талантқа табындырды! Табиғатқа тамсандырды! Қуантты, ойлантты, керім сезім көліне шомылдырды!

Тегі, қандай сайыстың да әділ барометрі аудитория екеніне не дау бар. Мықтыны да, осалды да бейне қазылардай дөп басып, қол соғуымен танып отырған жұрттың ықыласынан-ақ кімнің озық, кімнің қалыс екенін анықтауға болады екен.

Бас бәйгені Ақниет алды


Иә, нақ солай. Үкілі үміт пен нар намыс арқалап келгендердің қай-қайсысы да кем өнер көрсетпесе де, жарыстың
аты жарыс, жүлде биігінен ең мықтылары ғана көрінді. Көп сайыскердің өнерін әділ бағалай сөйлеген қазылар алқасының төрағасы Әшірбек Сығай «өте жоғары деңгейде өтті» деп, ерекше сөз саптап, сайыс қорытындысын жариялады. Сонымен аз жасап, көп, өлмес дүние қалдырып кеткен Оралхан Бөкейдің 70 жасқа толуына орай өткізілген ХV республикалық байқаудың қорытындысы нағыз көркемсөз оқу шеберлерін анықтады. Қазылардың әділ шешімімен байқаудың жүлделі үшінші орнына солтүстікқазақстандық Надира Шериматова, екінші орынға Астанадан келген Мадияр Жақып, бірінші орынға Қарағандының үкілі үміті Айсана Әшімхан ие болса, бас жүлдеге дарынын да, қарымын да жарқырата көрсете білген Алматы облысындағы Жамбыл ауданының 11 сынып оқушысы Ақниет Зәмзәт қол жеткізді. Ал жерлесіміз Толғанай Әукенова, Алматы қаласының намысын қорғаған Рысбала Икрамбай, қызылордалық Зарина Кенжеәлі және маңғыстаулық Хазірет Төлегенов «Үздік шеберлігі үшін» аталымы бойынша жүлдегер атанды.
Осылайша Өскемен шаһары тағы бір дүбірлі шараның куәсі болды. Сахна төрінде тұрған ордалы жиынның бас иесі – Оралхан оларға рух беріп тұрғандай көрінді бізге. Әттең, осы сәттерде Орекеміз ойлы жүзін бір жарқыратып, сахнада емес, ортамызда жүрсе ғой...

Ғафура Сәрсенбайқызы

Суреттерді түсірген Е.Орынбаев
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив