KZ
Өскемен
+16°
переменная облачность жел 8 м/с, СБ
445.66 474.58 4.78

ШҚО әкімі Бердібек Сапарбаев республикалық БАҚ өкілдерімен сұхбаттасты

7.09.2013, 18:00 403


Қазақстан президентінің тапсырмасы бойынша Орталық коммуникациялар қызметінде тұңғыш рет әр жұма сайын мемлекетімізде барлық облыстардың, сондай-ақ, Астана мен Алматы қалаларының әкімдері баспасөз мәслихатын үлкен форматта өткізетін болды. Отандық «24 kz» телеарнасы арқылы тікелей эфирде мұқым республика жұртының назарына ұсынылған жауапкершілігі үлкен, маңызды мәслихаттың тұсауын кесу мәртебесінің тізгінін біздің облыстың әкімі Бердібек Сапарбаев алды, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

Аймақ басшысы өз баяндамасының соңында облыстағы қоғамдық-саяси жағдайдың тұрақты екенін айтып, қылмысқа қарсы еріктілердің жасақтары құрылып, құқық қорғау органдарымен тығыз қарым-қатынаста тиімді жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді. Одан кейін аймақ басшысы журналистердің сұрақтарына жауап қайтарды.

Александр Трухачев, «Еуразия» телеарнасы:
– Біздің телеарнаның поштасына Серебрянка қаласының тұрғындарынан хаттар келіп түсуде. Онда тұрғындар өздерінен жергілікті жердегі жылумен қамтамасыз ету мекемесі тұтынбаған жылу үшін қыруар қаржы төлеуді талап етіп отырғанын жазыпты. «Бұған қоса қаладағы бейорганикалық өнімдер шығаратын зауыт жұмысының тоқтап тұруына байланысты жұмыссыздық көбейіп, жұрттың әлеуметтік жағдайы төмендеп барады» деп жазыпты хатта. Менің сұрайын дегенім, осы мәселелер қалай шешілуде?

– Бұл мәселені мен жақсы білемін. Жақында ғана Серебрянкада болып, жағдайды көзбен көргенмін. Қарызға келсек, арнайы жұмыс тобы құрылып, тексеру жүргізілуде. Егер жылу берілген болса, қарыз қайтарылуы тиіс, ал берілмесе, төлемейді. Ал жұмыссыздық туралы айтсам, күн сайын өсіп барады деген дұрыс емес. Өйткені, оған ешқандай себеп жоқ. Біріншіден, Серебрянка моноқалаларды дамыту бағдарламасына енген. Екіншіден, жұмыс орындарын ашуға «Жол картасы» бойынша қосымша қаржы алып отыр. Үшіншіден, бейорганикалық өнімдер шығаратын зауытты стратегиялық нысандар санатына қосу жөнінде Үкімет қаулысы шыққан. Қазір кәсіпорынды банкрот деп жариялау жұмыстары жүргізілуде. Облыс бюджетінен зауытқа өндірісті тоқтатпау үшін 100 млн. теңге бөлінген. Қазір ол жерде 150 адам еңбек етуде. Қазірдің өзінде еліміздің ірі компанияларынан, оның ішінде Қорғаныс, Төтенше жағдайлар министрліктерінен тапсырыстар түсіп жатыр. Жақын арада банкрот мәселесі шешілетін болса, кәсіпорын тұрақты жұмыс ырғағына көшеді.

Бахтияр Тәкеев, 7 телеарна:
– Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Шығыс Қазақстанды қысқы жылыту маусымына дайындық әлеуеті төмен облыстардың қатарына жатқызды. Бұл орайда қандай іс-шаралар қолға алынбақ? Қысқа дейін жылу қазандықтары толық дайын бола ма?

– Түсінікті. Бұл мәселе негізінен Семейге қатысты. Сондықтан мен аталған қалаға әдейілеп барып, жылумен қамту мекемелерін түгел аралап шықтым. Олардың бәрінде дайындық белгіленген кестеге сай атқарылып жатыр. 15 қазанда Семейге жылу беріледі. Өткен жылы бұл қалада ешқандай апаттық оқиға тіркелген жоқ. Биыл да солай болады деп отырмыз. Ал дайындығы нашар қазандықтарға келсек, олардың барлығы резервтегі, яғни қажеттілік туған кезде ғана қосылатын қосымша жылу беру көздері. Өз уақытында бұлар да толық бітеді. Облыстың басқа қалалары мен аудандарында жылумен қамтуда проблема жоқ.

Дулат Орынбасаров, «Қазақстан» ұлттық телеарнасы:
– Шығыс Қазақстанда өткен жиындардың бірінде дүниежүзі қазақтарының кезекті Құрылтайын Өскеменде өткізу туралы ұсыныс айтылды. Осыған қатысты пікіріңізді білсек. Жалпы, облыста тарих, мәдениет салаларында қандай жұмыстар жүзеге асырылуда?

– Кейінгі уақытта қолға алған іс-шараларымыз, оның ішінде «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты форум, бұлардың бәрі де тарихи, мәдени құндылықтарымызды жаңғыртуға бағытталған. Жақында біздің өңірге келген Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев келесі Құрылтайды Шығыста өткізу жөнінде ұсыныс айтты. Біз оны қабылдадық, егер басшылықтан қолдау болса, өткізуге дайынбыз.

Асхат Райқұл, «Астана ақшамы» газеті:
– Жыл басында сіздің «Қарындашпен басқару» атты кітабыңыз жарыққа шықты. Бұл кітапта өзіңіз басқарып отырған өңірдің бүкіл тыныс-тіршілігі қамтылған екен. Сұрайын дегенім, «Қарындашпен басқару» сөзін сіз енгізген термин ретінде қабылдауға бола ма? Сондай-ақ, бұл кітапты оқырмандар қайдан сатып ала алады?

– Әрбір басшының өзіне тән қызмет істеу тәсілі болады. Менің тәсілім – «қарындашпен басқару». Күнделікті берген тапсырмаларды жазып отырамын да, ертеңінде оның орындалуын сұраймын. Қанша дегенмен адамбыз ғой, кейде ұмытып қаламыз. Сондықтан қаламмен түртіп отырудың еш артықшылығы жоқ. Ал енді кітапты алу жағын менің баспасөз хатшымнан сұрап, білулеріңізге болады. Кітап тегін таратылады.

Болат Сатыбалдиев, «Хабар» телеарнасы:
– Біздің білуімізше, Өскеменнің өзінде ғана 400-ге тарта медицина қызметкері жетіспейтін көрінеді. Бұл проблема қалай шешілмек?

– Өте орынды сұрақ. Бірақ сіздің сауалыңызға аздап түзету енгізейін. Қазіргі күні облыс бойынша 370-тей, Өскеменде 150-ге тарта дәрігер маман жетіспейді. Кадр тапшылығы мәселесі қалай шешіліп жатқанын жаңа айттым. Біріншіден, Семей медициналық университетімен келісім жасап жатырмыз. Екіншіден, Өскеменде осы жоғары оқу орнының филиалын аштық. Үшіншіден, жас мамандарға тиісті жағдай жасауымыз қажет. Ол үшін Өскеменде екі жатақхана салынуда. Онда ең алдымен денсаулық сақтау саласының жас қызметкерлері орналасады. Мұнымен қатар, әлеуметтік пакеттер қарастырылған. Біздің әлеуметтік пакет – 300 мыңнан 500 мың теңгеге дейін. Оған көлік шығынын өтеу, алғашқы кезеңдегі шығын және өзге де жеңілдіктер кіреді. 2016 жылға қарай мамандардың тапшылығы мәселесін біз толық шешуіміз қажет. Бұл үшін мүмкіндіктер бар.

Сәдібек Түгел, республикалық «Қазанат» журналының бас редакторы:
– Кейінгі кездері Шығыс Қазақстан қарқынды дамып келеді. Оның ішінде ерекше атап өтетіні - ауылдық жерлердің өркендеп-өсуі бірден көзге ұрып тұр. Өзім болған Зайсан, Тарбағатай, Ұлан сияқты аудандардың орталықтары қазір құлпырып, гүлденіп кеткен. Мұның сыры неде? Ауылдарды осындай деңгейге қалай көтере алдыңыздар?

– Оның бәрі біріншіден, мемлекеттік бағдарламаның, қолдаудың арқасы. Екіншіден, Елбасының берген тапсырмасына сәй-кес ауыл-аймақты көркейтуге жергілікті кәсіп-керлерді, қалталы азаматтарды тартудамыз. Осы кәсіпкерлердің меншік қаржысына бір-аз жұмыстар атқарылды. Сонымен қатар, алқа мәжілістерін, жиындарды біз аудандар-да өткізіп жүрміз. Ондағы мақсатымыз – сол ауданның тыныс-тіршілігін басқаларға көрсе-ту, тәжірибе алмасу. Мәселен, жұмыспен қамту бағдарламасының орындалуына байланысты Үкімет басшысының орынбасары Ербол Орынбаевтың, бірқатар министрлер мен облыс әкімдері орынбасарларының қатысуымен тұңғыш рет республикалық форум Көкпекті ауданының тірек елді мекені – Көкжайық ауылында өтті. Бұл да – сол ауылды дамытуға жасалған оң қадамдардың бірі.

Сол сияқты, бізде бірнеше жыл болды «Туған жерге – тағзым» акциясы жемісті жалғасын тауып келе жатса, жақында «Tylek.kz» сайты ашылды. Сайтта облыс аумағындағы мектептерді бітірген түлектер туралы мағлұматтар жинақталған. Олардың қайда екені, немен айналысып жүргені, туған ауылына қандай игілікті іс істегені – бәрі жазылады. Айналып келгенде, осының барлығы – ауылды өркендетуге бағытталған шаралар.

Сұңғат Әліпбай, республикалық «Егемен Қазақстан» газеті:
– Кейінгі кезде Зайсан ауданының бет-бейнесі ерекше құлпырып, экономикалық әлеуеті күшейе түскен. Өзінде көмір, мұнай-газ өндіріледі, қол созым жерде Майқапшағай бекеті тұр. Ендеше осындай мүмкіндіктерге ие ауданға басқаша көзқараспен қарау керек сияқты. Бәлкім Зайсанды тірек ауданы ретінде бағдарламаға енгізуге болмас па екен?

– Біріншіден, Зайсан ауданының қырыққа жуық елді мекені түгел тірек елді мекені бола алмайды. Екіншіден, Зайсан сияқты сегіз шекаралық аудан бар. Иә, жаңа газ туралы айтып қалдыңыз. Дұрыс, бірінші рет бұл өңірде мұнай мен газ өндіріліп жатыр. Биылғы бірінші қазанда Үкіметтің қолдау-көмегімен Зайсан қаласына газ беріледі. Одан кейін ауданның басқа тоғыз ауылына көгілдір отын тартылады.

Ал Майқапшағай бекетіне байланысты айтсақ, ол жерге логистикалық орталық ашу жө-нінде келісімдер жасалған. Бұдан бөлек, қазір елімізге Қытайдан көптеген техникалар әкелініп жатыр. Мұны тоқтатуымыз керек. Тек белгілі бір бөлшектерін ғана алып, өзімізде құрастырып, шығарсақ – сол дұрыс. Шекаралық аудандарды дамыту жөнінде мемлекет басшысының арнайы тапсырмасы бар, соған сәйкес қазір Үкіметте тиісті бағдарлама қабылдануда. Оның ішінде Зайсан, Күршім, Үржар және басқа да шекаралық аудандар енгізілген.

Нұрболат Досаев, «ВAQ.kz» ақпараттық порталы:
– Президент энергияны үнемдеу тура
лы жиі айтады. Бұл орайда Шығыс Қа-зақстанда тұрғын үй-коммуналдық шаруа-шылығын терможаңғырту бағдарламасы жүзеге асып жатқанынан хабардармыз. Осы бағдарламаға кеңірек тоқтала кетсеңіз.
– Біздің облыста бірқатар энергия өндіру көздері болғанымен, экономиканың қар-қынды дамуына байланысты қазіргі күні қуат тапшылығы 2 млрд. кВат/сағатты құрап отыр. Тапшылықты жою үшін біз судың, желдің, күннің қуатын пайдалануымыз керек. Қазір 12 компаниямен жұмыс істеп жатырмыз. Бірінші компания Зырян ауданының Тұрғысын өзенінде шағын ГЭС құрылысын бастады. Оның қуаты 24 МВат-қа дейін жетеді. Инвесторлар бұл жобаға 49 млн. еуро қаржы салды. Дәл осындай Ұлан ауданының Тайынты ауылында желден қуат өндіретін станса салынуда. Сондай-ақ, күннің энергиясын пайдалануды да ұмытпауымыз керек. Жақында Елбасы Шығысқа келген сапарында «Қазатомөндіріс» компаниясының Өскемендегі күн батареяларына қажетті плас-тиналар өндіретін кәсіпорынында болып, жұмысымен танысқан. Аталмыш кәсіпорын қарашада іске қосылса, ол да – энергия үнемдеуге үлкен қолдау.

Ерлан Бекмұхамбетов, 7 телеарна:
– Шығыс Қазақстан облысының статистика департаменті 2012 жылы облыстағы кәсіпорындар қоршаған ортаға 60 мың
тонна зиянды қалдықтар шығарды деген ақпарат таратты. Бұл санды азайту үшін қандай жұмыстар атқарылуда?

– Біріншіден, 60 мың деген тым артықтау. Менің дерегім бойынша ол – 6 мың тонна. Екіншіден, кеңестік кезеңде салынған кәсіп-орындардың қондырғылары түгел ескірген, қазір біз оларды жаңартып, заманауи технологияларды енгізіп жатырмыз. Айталық, өткен жылдары «Қазцинк» ЖШС-де 700 млн. долларға цех ашылды. Онда барлық экологиялық талаптар қарастырылған. Сол сияқты ТМК, ҮМЗ кәсіпорындарында да экологиялық талаптарға сәйкес сүзгілер, тазарту қондырғылары орнатылуда. Ең бастысы, біз осы зауыттардың қаржысына Өскеменде экологиялық орталық құрдық. Аталған орталық ауаға шығарылып жат-қан зиянды қалдықтардың мөлшерін ұдайы анықтап, мониторинг жасап отырады. Кез келген адам орталықтан өзіне қажетті экологияға қатысты ақпараттарды ала алады. Ал көліктер мен жылу қазандықтарына келсек, олар да бақылануда.

Дәл осындай жұмыстар тазарту ғимараттарында да қолға алынған. Мәселен, бүгінгі күні құны 69 млн. доллар болатын тазарту ғимараттарын салу туралы жоба Үкіметтің қарауында жатыр. Оң шешім қабылданса, келешекте мұны да іске асырамыз.

Меруерт Құмарова, «Хабар» телеарнасы:
– Шығысқазақстандық мұғалімдердің айтуынша, ҰБТ-дағы нәтиже облыстағы білімнің нақты көрсеткіші емес. Олардың сөзіне қарағанда, әрбір оқу жылы аяқталар кезде, көршілес Ресейден өкілдер келіп, озат оқитын түлектерді білім гранттарын ұсынып, өздерінің жоғары оқу орындарына тартатын көрінеді. Сонымен қатар, университет бітіргеннен кейін, сол жақта қалып қояды екен. Сонда сіздер мемлекет қаржысына өзге елдер үшін мамандар оқытып жатқан жоқсыздар ма?

– Сұрақ өте дұрыс. ҰБТ – бұл бүкіл елімізде түлектердің білім деңгейін анықтайтын тәсіл. Оған бәріміз жүгінуіміз керек. Ал Ресейдің жоғары оқу орындарына келсек, әрбір азаматтың қай жерде оқуына, тұруына, өмір сүруіне құқығы бар. Сол себепті оларға шектеу қоя алмаймыз. Бірақ айтқан сөзіңіз орынды, оны біз де қаперге алып, тиісті орындар арқылы жұмыстар істеп жатырмыз.

Айжан Ілиясқызы, «Астана» телеарнасы:
– Өскеменнің іргесіндегі Шығыс ауылының жағдайы қалай? Ондағы қандастарымыз электр энергиясына төленетін қарыз көлемінің көбеюіне және тұратын үйлердің сапасының нашарлығына байланысты біраз наразылық білдірген еді.
Бұл мәселе өзінің шешімін тапты ма?

– Шығыс ауылы мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Нұрлы көш» бағдарламасы аясында салынған. Ол жерде алты жүзден астам тұрғын үй бар. Өкінішке қарай, мердігер мекемелердің жұмысының нашарлығынан кейбір баспаналар сапасыз салынғаны рас, ондай проблемалар бар. Қазір сол мердігерлер-дің өздері келісімшартта көрсетілген кепілдік бойынша кемшілігі бар үйлерді жөндеуде.

Жалпы, бұл елді мекен тұрғындарының хал-ахуалы біздің қатаң бақылауымызда. Ең бірінші кезекте жұмыспен қамтамасыз ету, білім беру, медициналық қызмет көрсету, әлеуметтік тұрғыдан қолдау сияқты мәселелер өз шешімін тапқан. Алайда, айта кетуіміз керек, әрбір отбасы өзі тұтынған коммуналдық қызмет үшін қарызды төлеуі тиіс. Біз мұны ауыл адамдарымен кездескенде айтып, түсіндірдік. Арнайы құрылған комиссия өкілдері тиісті тексеру жұ-мыстарын жүргізіп, қорытындысын шығарған. Қазір ағайындардың бәрі қарыздарын төлеуге келісімдерін беріп, мәселенің түйіні біртіндеп шешілуде. Әрине, тұрмысы нашар, көпбала-лалы отбасыларды немесе жалғыз басты аналарды біз көмек-қолдаусыз қалдырмаймыз. Қыс түскенге дейін ол проблемалардың бәрі жойылады.

Назерке Әбдірахманқызы, «24kz» телеарнасы:
– Сіз өз сөзіңізде: «Біз егін алқаптарын көбейтіп жатырмыз, 1 миллион 300 мың гектарға дейін жетті», деп айтып өттіңіз. Енді сол егінді жинап, сақтау мәселесі қазір қалай шешіліп жатыр?

– Өкінішке қарай, барлық өңірлердегі сияқты біздің облыста да биыл жауын-шашын шектен тыс көп болды. Соған байланысты біз егін орағын кешірек бастадық. Қазіргі кезде астықтың 30 пайыздайы орылды. Болжам бойынша осы қыркүйек айында ауа райы қолайлы болуы тиіс. Солай болса, біз өнімді дер кезінде, төкпей-шашпай жинап аламыз. Егер жаңбыр көп болса, облыста жүзден астам астық кептіргіш құрылғы бар. Себебі, біз 2010 жылы мұндай жағдайды бастан кешіргенбіз. Солар арқылы дәнді кептіріп, ары қарай пайдаланамыз.

Анна Журва, «Астана» телеарнасы:
– Сіздің өте белсенді адам екеніңіз белгілі. Құрылыс нысандарын, басқа да салаларды жеке өзіңіз барып тексеріп,
ұдайы бақылауда ұстап отырасыз. Неліктен бұлай істейсіз? Ықпал етудің басқа те-гершіктерін неге қолданбайсыз? Әлде осындай тәсілді ұтымды деп санайсыз ба?

– Мен кез келген басшы үшін бақылаудың ең үздік тәсілі өз көзіңмен көру, өз қолыңмен ұстау деп санаймын. Сонда ғана жұмыс тиімді болмақ. Құрылыс нысандарына, мектептерге қатысты бірқатар мәселелер осы іссапарлар нәтижесінде анықталады. Сіздер білесіздер, барлық құрылыс жұмыстары «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңның негізінде жүргізіледі. Яғни, оған материалдық-техникалық базасы әртүрлі кез келген ниет білдірген компаниялар қатысады. Өкінішке қарай, кейде жауапсыз мердігерлер кездесіп жатады. Қазір біз құқық қорғау және сот органдарымен бірлесе отырып, негізінен төрт мердігерге қатысты шара қолданып жатырмыз. Олармен келісімшарттарды бұздық, ол нысандарды өзге мердігер ұйымдар қолға алып отыр. Әсіресе, бұл Глубокое аудандық ауруханасына қатысты. БАҚ-та осыған байланысты 1 миллиард
800 миллион теңгенің қайда кеткені белгісіз деген әңгімелер айтылды. Естеріңізге сала кетейін, соңғы жиырма жылда еш жөндеу көрмеген бұл аурухана апатты жағдайда болатын. Сол себепті, Үкіметтен көмек сұрадық, Үкімет қордан 1 миллиард 800 миллион теңге бөлді. Біз нысанды сол кезде қалыпты жұмыс істеп тұрған «Құмаров және К» компаниясына бергенбіз. Олар істі жақсы бастап, өкінішке қарай, жаман аяқтады. Сондықтан, біз ол компаниямен келісімшартты бұздық. Ол мәселемен құқық қорғау органдары айналысуда. Нысан «Элхон» деген басқа мердігерге берілді. Қазір олар қалыпты жұмыс істеп, құрылыс жүріп жатыр. Біз мердігер алдына аталмыш аурухананың негізгі корпустарын жыл соңына дейін аяқтау туралы міндет қойып отырмыз. Апаттық мектептерге қатысты да жағдай дәл осындай. Біз мемлекет қаржысын ысырап етуге жол бермейміз.

Олег Ляпицкий, «Деловой Мир»:
– Моноқалаларды дамыту бағдарламасы облыста қалай іске асырылып жатыр? Осы бағдарлама бойынша өңірде қанша жаңа кәсіпорын ашылып, қанша жаңа жұмыс орны құрылды?

– Мен өз баяндамамда айтып өткенімдей, бұл бағдарламаға облыстан 4 төрт қала (Риддер, Зырян, Курчатов, Серебрянка) енген. Оларда 8 жоба қолға алынған. Былтырдың өзінде 800 жұмыс орны құрылды, биыл бұл іс жалғасуда. Бағдарлама бойынша Серебрянка және Зырян қалаларын жылумен қамту мәселесі шешіліп, Риддерде құрылыс тауарларын шығаратын, қалдықтарды қайта өңдейтін зауыт салынатын болады.

Данияр Серіков, «Блумберг» агенттігі:
– Білуімше, Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданында қытайлық инвестиция мен мамандар тартылған агроөндірістік жоба іске асырылып жатыр. Сұрайын дегенім, өңірдің ауыл шаруашылығы саласындағы қытай бизнесінің аясы алдағы уақытта қаншалықты кеңейетін болады?

– Егер біз халқымыздың тұрмысы күннен-күнге жақсарсын десек, экономиканы дамытуымыз керек. Ал экономиканы өркендету үшін, инвестиция қажет. Біздің өз қаржымыз әзірше жеткіліксіз. Сондықтан, мемлекет басшысы айтқандай, біз инвестициялар тартуға тиіспіз. Оның ішінде қытайлық инвестиция да бар. Үржар – аумағы бойынша облыстағы ең үлкен аудандардың бірі, онда бос жатқан жерлер өте көп. Мәселе сояға қатысты болып тұр деп ой-лаймын. Бұл сауал тілшілер тарапынан маған бұрындары да қойылған болатын. Егер жер бос жатса, неге оны біз уақытша қытайларға беріп, пайдасын өзіміз көрмейміз?! Онда еліміздің азаматтары жұмыс істейтін болады, қосымша қаржы табамыз. Қытайлармен бірлескен кәсіпорындар құру да жоспарда бар. Бүгінгі таңдағы мәслелердің бірі – ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу. Сондықтан, қайта өңдеу кәсіпорындарын салу үшін біз қытайларды шақырып отырмыз. Майқапшағай кеден бекетін дамыту туралы да айтып өттім, біз онда логистикалық орталық құрып жатырмыз. Ол жерде қытайлармен бірлесе, алдымен шағын тракторлар шығаратын кәсіпорын құруды көздеп отырмыз. Неліктен біз ол тракторларды Қытайдан сатып алуға тиіспіз?! Облыста машина жасау саласы жақсы дамыған ғой. Алғашында бірге, кейін өзіміз аталмыш техниканы жасайтын боламыз. Біз аймаққа қытайлық инвестицияны тарту пайдалы әрі экономикалық тиімді деп санаймыз.

Томас Люкс, Еуропалық білім қорының Қазақстандағы кәсіби-техникалық білім беруді қолдау жөніндегі жобасының жетекшісі:
– Өскемен қаласында дуальді білім беру жүйесі бойынша қанатқақты жобаның іске асырылып жатқаны белгілі. Бұл іске неміс компаниялары да қолдау көрсетіп отыр. Осы бірлескен шараларды қалай бағалайсыз?

– Расында да, біз германиялық әріптестерімізбен жан-жақты қарым-қатынастамыз, әсіресе, Бавария өңірімен, Мюнхен қа-ласымен. Біздердегі екі техникалық жоғары оқу орны арасында тығыз байланыс орнаған. Қарқынды дамып келетін Бавария өңірімен инновациялар, жаңа технологиялар бойынша бірлескен жобаларымыз бар. Былтыр германиялық және даниялық әріптестерімізбен бірлесе отырып, дуальді білім беру жүйесін дамытуға бағытталған форум өткіздік. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша маман даярлау елімізде жұмыс беруші мен оқу орны арасындағы келісімшарт негізінде жүргізілуі тиіс. Сонда ғана маманмен және еңбекпен қамту мәселелері шешіліп, жұмыссыздық азаяды. Неміс әріптестерімізге қолдаулары
үшін алғыс айтамын.

Берік Қасенов, «Еуразия» телеарнасы:
– Сіз Майқапшағай кеден бекетінің маңызы жайында айтып өттіңіз. Менің сұрағым – Омбы-Майқапшағай тас жолындағы көпке созылған жөндеу жұмыстары қашан бітеді?

– Ол жұмыс жоспарлы түрде жүріп жатыр. Оның бітуі қаржыға байланысты. Көлік министрлігінің мәліметі бойынша, 2016 жылы бітуі керек. Сіз жол туралы айтып қалдыңыз. Өздеріңіз жақсы білесіздер, Шығыс Қазақстан – еліміздегі табиғаты әдемі, туристік әлеуеті зор облыстардың бірі. Мәселен, Катонқарағай, Марқакөл, Алакөл өңірлері кімді де болсын қызықтырады. Бірақ ең үлкен мәселе – жол. Әсіресе, Катонқарағай ауданына қарай. Қазір мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес
Үкімет сол жолды бітіруге қаржы бөлмек. Егер «Рахман қайнарлары» шипажайына дейінгі 37 шақырым жол салынса, сол өңірдегі туризм қарқынды дамиды. Сонымен қатар, біз «Көгілдір бұғаз» демалыс базасына баратын жолды былтыр бітірдік, 8 шақырымға асфальт төселді. Аталмыш базаға Жаңа Бұқтырма кенті жағынан баратын жолдың жөндеу жұмыстары биыл аяқталды. Алакөлге Бақты бекетінен келетін жол жөнделді, енді Үржардан келетін жол жөнделіп жатыр. Егер алға қойған жос-парымыз орындалса, 2016-2017 жылдарға қарай аймақ жолдарының сапасы қалыпқа сай болуы тиіс. Соның нәтижесінде, келетін турис-тер де, ең негізгісі инвестициялар да көбейеді.

Павлодар облыстық радиосы:
– Жуырда Өскеменде Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Павлодар облыстарының өңіраралық ықпал-дастығына арналған «Қуатты өңірлер – қуатты Қазақстан» форумы өткені белгілі. Сол бастаманың мақсаты, мән-маңызы неде?

– Мен өз баяндамамда айттым және тағы да қайталаймын, Елбасымыздың басты саясаты – интеграция. Әрине, ең алдымен көрші елдермен, яғни сыртқы әлеммен интеграция. Біз Президенттің келісімімен және оның қолдауымен Қазақстанның ішіндегі өңіраралық интеграцияны дамытуды ұсынып отырмыз. Әсіресе, экономикалары және проблемалары ұқсас облыстар арасындағы. Мәселен, құдай оның бетін ары қылсын, егер ертең экономикалық дағдарыс болса, ол ең алдымен Қарағанды, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарына ықпал етеді. Сондықтан, біз ондай қатерге алдын ала дайын болуға тиіспіз, жұмыссыз қалған адамдарды еңбекпен қамту үшін алдын ала іс-шаралар қабылдауға тиіспіз. Сонымен қатар, біз өндіріс пен тұтынудың балансын әзірлеп, біраз жайтты аңғардық. Мәселен, Павлодар облысында шығатын өнімді біз басқа елден сатып алады екенбіз және керісінше. Міне, осыған жол бермей, бір-бірімізде не шығарылатынын біліп отыруымыз қажет. Жалпы, интеграция тек экономикаға ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік-мәдени, спорттық, туристік салаларға да қатысты. Айталық, жуырда ғана біз Қарағанды, Павлодар, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстары балаларының бірлескен демалысын ұйымдастырдық. Бізге керегі – балалардың бір-бірімен араласуы, бұл олар үшін өте пайдалы ғой. Сондықтан, бұл істерді барлық төрт аймақтың басшысы және өңірлік даму министрлігі қолдап отыр. Қазір Үкімет тарапынан іс-шаралар жоспары әзірленіп, бекітілді. Онда бәрі кезең-кезеңмен жазылған. Арнайы жұмыс тобы құрылған. Облыс әкімдерінің орынбасарлары ай сайын жиналып, аталған іс-шаралар жоспарының қалай орындалып жатқанын қарастыратын
болады. Жыл соңында біз төрт облыс арасын-дағы интеграцияның нәтижесі бойынша Үкіметке есеп беруге тиіспіз.

Айжан Ілиясқызы, «Астана» телеарнасы:
– Облыстың кейбір өңірлерінде карантин жарияланып, ет, мал өнімдерін сатуға шектеу қойылған болатын, сол шектеу қашан алынады?

– Қазір ол карантин алынған. Біздің оңтүс-тік аудандандарда сарып, аусыл деген аурулар байқалып, оған қарсы біз тиісті іс-шаралар жүргіздік. Жалпы, облыста мал басын көбейтуге баса назар аударылып отыр. Жоғарыда атап өткенімдей, біздің «Шыңғыстау жәрмеңкесін» ұйымдастырудағы мақсатымыз сол. Ең негізгі проблема, малды алыпсатарлардың арзан
бағамен алып кетуі болып отыр. Біздің мақ-сатымыз – соның жолын кесіп, мал өсірушілердің өз өнімдерін лайықты бағада сатуына жағдай жасау.

Серік Әбілхан, «Дидар» газеті:
– Кейінгі кезде әлемдік нарықта түсті металл бағасының төмендеуі байқалады. Бұл жағдай біздің өңірдегі өнеркәсіп орындарына қандай әсерін тигізеді? Келешекте алтын өндіретін кен орындары, жаңа өндіріс орындары ашыла ма?

– Әрине, бұл біздің өңіріміз үшін өте күрделі, маңызды сұрақ. Өкінішке қарай, қазір тек түсті металдардың ғана емес, алтынның, күмістің бағасы 10-11 пайызға төмендеп жатыр. Бұл енді жалпы сұранысқа байланысты. Бірақ,
біз өзіміздегі негізгі кәсіпорындармен еңбеккерлердің санын азайтпау, жалақыны төмендетпеу бойынша ары қарай жұмыс істейміз. Біздің болжамымыз бойынша, осы айдан, келе-сі айдан бастап түсті металдарға, оның ішінде алтын мен күміске баға көтерілуі ықтимал. Біз үшін ең үлкен өндіріс – Бақыршықтағы алтын өңдейтін кәсіпорын. Қазір ол кәсіпорынның
басшыларымен жұмыс істеп жатырмыз. Оның технологиясы – өте күрделі. Сол мәселе шешілген соң, кәсіпорын іске қосылады.

Серік Әбілхан,
Ержан Әбіш


Мәлімет көзі: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив