KZ
Өскемен
+7°
облачно с прояснениями жел 6 м/с, СБ
{m-rates-USD} {m-rates-EUR} {m-rates-RUB}

ШҚО Әкімі Бердібек Сапарбаев Астанада брифинг өткізді

7.09.2013, 18:00 268


Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде тұңғыш рет тұрақты түрде әр аптаның жұма күні еліміздегі барлық облыстардың, сондай-ақ, Астана мен Алматы қалаларының әкімдері үлкен форматта баспасөз мәслихатын өткізетін болды. Алғашқы брифинг кеше өтті. Отандық «24 kz» телеарнасы арқылы тікелей эфирде мұқым республика жұртының назарына ұсынылған жауапкершілігі үлкен, маңызды мәслихаттың тұсауын кесу мәртебесінің тізгінін біздің облыстың Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ алды.

Еліміздегі танымал әрі жетекші бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен болған баспасөз конференциясы басталмай тұрып, Шығыс Қазақстан облысында атқарылып жатқан жобалардың көрме-таныстырылымы өтті. Онда облыстық бірқатар басқармалар өздеріне қатысты салалар бойынша жұмыстарды көрсетті.

Аталмыш жиынға Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Ғабидолла Әбдірахымов арнайы қатысты. Ол өз сөзінде:

– Бұл мәслихаттың басты мақсаты – қоғамға және бұқаралық ақпарат құралдарына мемлекеттік өңірлік саясат пен облыстардың дамуы жөніндегі ақпараттарды жеткізу. Осының арқасында әрбір әкім елде жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар, аймақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы мәліметтерді хабарлап, сұрақтарға жауап береді, – деп атап өте келе, жа-уапты міндеттің ең алдымен Шығыс Қазақстан облысы Әкіміне артылып отырғандығына мән берді.

Айта кетейік, баспасөз мәслихаттары 6 қыркүйек пен 27 желтоқсан аралығында өтеді. Осы уақытта барлық облыстар мен Астана, Алматы қалаларының басшылары жиынға қатысып, журналистердің сұрақтарына жауап береді. Ары қарай бұл кездесулер жалғаса бермек.

ШҚО Әкімі Бердібек Сапарбаев Астанада брифинг өткізді

Брифингтің сұрақ-жауап бөліміне кезек келмей тұрып, облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ Шығыс Қазақстанның экономикалық-әлеуметтік даму көрсеткіштері туралы баяндады. Аймақ басшысының айтуынша, биыл өңірдегі негізгі көрсеткіштер өткен жылмен салыстырғанда жоғары.

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес экономиканы дамыту арқылы халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін жұмыс істеп жатырмыз. Облыста өндіріс, ауыл шаруашылығы, құрылыс, шағын және орта бизнес салаларын дамыту бағытында жұмыс жүргізілуде. Былтыр 2011 жылмен салыстырғанда облыста экономиканың дамуы 7 пайыз көлемінде болса, биылғы бірінші жартыжылдықта бұл көрсеткіш 6,5 пайызды құрады.

Елімізде индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Біздің облыста қазір 53 жоба бар. Олардың құны 600 млрд. теңгеден асады. Өткен екі жылда осы бағдарламаның негізінде қосымша 8 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылып, 2 млрд. теңгеден астам бюджетке түсім түсті. Биылға жоспарланған сегіз жобаның төртеуі іске қосылса, қалған төртеуі жыл соңына дейін қолданысқа енгізіледі. Біздің есебімізше, 15 млрд. шамасында өнім аламыз. Қосымша мыңға жуық жұмыс орындары ашылады, – деп нақтылаған облыс басшысы Бердібек САПАРБАЕВ ауыл шаруашылығы, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, кадр тапшылығын жою, білім, денсаулық сақтау, құрылыс сияқты салаларда орындалған жұмыстарға тоқталды.

Өңір басшысының келтірген деректеріне жүгінсек, «Жол картасы» бағдарламасының нәтижесінде үш жылда облыста 30 мыңнан астам қосымша жұмыс орны құрылған. Бұл орайда республикалық бюджеттен бөлінген қаражаттан өзге облыстық қазынадан жыл сайын 4 млрд. теңге шамасында қаржы бөлінуде. Ең бірінші кезекте, бағдарламаның мақсаты ауылдағы бизнесті дамыту болып отыр. Мұнымен қатар, шалғайдағы ауылдарды көтеру көзделген. Аталған іс-шаралар нәтижесінде облыста жұмыссыздық деңгейі біраз төмендеген. Айталық, 2010 жылы бұл көрсеткіш 5,7 пайыз болса, қазір – 5,1 пайыз. Алдағы 2015 жылы мұны 4 пайыздан асырмау міндеті қойылған.

Сол сияқты әлеуметтік жағдайы нашар отбасылардың санын азайту бойынша да тиісті шаралар істелуде. Қазір олардың саны жиырма пайызға азайып, 25 мың адамды құрап отыр.

Өз сөзінде облыс басшысы білім саласына да жете мән берді. Ол 2015 жылға қарай облыста бір де бір апаттық жағдайдағы мектеп болмайтынын жеткізді.

– Білім беру саласындағы басты мәселелердің бірі – апаттық жағдайдағы мектептерді жою. Өкінішке қарай, бүгінде облыста 47 апаттық мектеп бар. Бірақ осы жылы ғана 41 білім беру нысанының құрылысы жүріп жатыр. Оның отызы апаттық мектептің орнына салынуда, – деді аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ.

Сондай-ақ, бұл мәселені шешудің тағы бір жолы – мектептерді оңтайландыру. Әсіресе, бұл жұмысты облыстың Өскемен, Семей, Риддер, Зырян сияқты ірі қалаларында жүргізу қажет. Өйткені, кейбір қалаларда мектептердің жартысы пайдаланылмай бос тұр, сондықтан оңтайландыру жұмысы бұл тұрғыда оңды қадам болмақ.

Мектепке дейінгі балаларды қамту көрсеткіші қазіргі күні біздің облыста 96,1 пайызға жетті. «Балапан» бағдарламасы бойынша 26 жеке балабақша ашылып, коммуналдық меншікке бұрынғы 17 балабақша қайтарылды, екеуі сатып алынды, үш ғимарат қайта қалпына келтірілді.

Өңірдегі өзекті проблемалардың тағы бірі – жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды еңбекпен, баспанамен қамтамасыз ету. Бұл түйткілді шешу үшін меншік түріне қарамастан, өңірдегі барлық кәсіпорындар мен ұйымдарға бір баладан қамқорлыққа алу ұсынылды. Олар қамқорлығына алған баланы кейін жұмысқа орналастыратын болады.

Ал жетім балаларды баспанамен қам-тамасыз етуде «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-мен келісімдер жасалуда. Бүгінгі күннің өзінде 75 млн. теңге шамасында қаржы жиналған. Балалар үйінің тәрбиеленушілері оқуларын бітірген кезде, олардың қорында белгілі бір мөлшерде қаржысы тұрады. Өз кезегінде «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ оларға жиналған қаржысының көлеміне қарамай-ақ несие беріп, баспана мәселесін шешуге көмектеседі.

Балалардың денсаулығын қамтамасыз ету үшін бал беру керек. Оған біздің өңірдің жағдайы бар. Бүгінгі күні республикада өндірілетін балдың 70 пайызы Шығыс Қазақстанға тиесілі. Сондықтан жас ұрпақтың салауатты болуын қамтамасыз ету үшін мектеп оқушыларының ас мәзіріне 10-15 грамм бал мен бір стақан сүт қосу жөнінде бастама көтеріп, жүзеге асырылуда.

Республикада алғаш рет біздің облыста «Қазақстан жолы» тәрбие-білім орталығының желісі ашылды. Орталықтың мақсаты – өсіп келе жатқан ұрпақты оқыту мен тәрбиелеуде жаңа әдістеме енгізу және рухы биік қазақ елінің жастарын қалыптастыру. Бүгінгі таңда өңірде мұндай 22 орталық бар. Қазір ол орталықтар «Көшбасшылық мектебі», «Патриоттық тәрбие» бағыттары бойынша жұмыс істеуде. Осындай бағыттағы білім бағдарламалары өсіп келе жатқан ұрпақ бойында жоғарғы рухани адамгер-шілік, патриоттық қасиеттерінің дамуына мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, еліміздің тұңғыш рет Шығыста жастардың электронды еңбек биржасы ашылды. Қазіргі уақытта бұл биржаға төрт өңір қосылған. Болашақта бұл порталға бүкіл республиканы қосу жоспары бар. Жобаның ерекшелігі, біріншіден, әрбір өңірдің ақпараттық анықтамалығы бар интерактивті картасы болады. Онда сол өңірдің жұмысқа байланысты барлық ақпараты бар. Порталда бұған қоса онлайн режимінде көмек көрсетіліп, бес-алты маман кеңес береді. Қанша адамның биржа арқылы жұмысқа кіргенін смс-хабарлама арқылы біліп отыруға мүмкіндік бар.

– Әрине, ең басты мәселе – ол адамдардың денсаулығы. «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бар, біз сол бағдарлама аясында жұмыс істеп жатырмыз, – деді Бердібек САПАРБАЕВ. – Нәтижесінде бүгінгі таңда өңірде өлім-жітімнің, ауру фактілерінің азаюы байқалады. Бала туу көрсеткіші де көп жылдан соң алғаш рет көбейе бастады. Облыста Семей медициналық университеті бар болғанына қарамастан, өңірде дәрігер мамандарының жетіспеушілігі орын алуда. Бүгінгі таңда облыстағы емдеу мекемелеріне шамамен 370 медициналық кадр қажет. Жуырда Өскеменде Семей медициналық университетінің филиалы ашылды. Сол себепті, бұл мәселе жуық арада шешіледі деп үміттенеміз.

Облыстық диагностикалық орталықтың да облыс аумағында үш бөлімі ашылды. Бұл да өз нәтижесін береді. Облыста 6 жылжымалы медициналық кешен жұмыс істеуде. Соның арқасында 150 мыңнан астам тұрғын медициналық тексеруден өткен.

Денсаулық спортқа тікелей қатысты екені белгілі. Мемлекет басшысының: «Ел тұрғындарының кем дегенде 30 пайыздайы үнемі спортпен шұғылдануы тиіс» деген тапсырмасы бар. Бұл көрсеткіш облыста 22 пайызды құрайды.

– Біз бұл бағытта ары қарай жұмыс істеп жатырмыз. Жаңа спорттық нысандар салынуда. Тек соңғы кездері ғана облыста 135 спорт нысаны ашылды. Қазіргі кезде Шығыс Қазақстанда 162 хоккей қорапшасы бар. Облыс қазақстандық хоккейдің отаны болғандықтан, спорттың осы түрін дамытуға барлық жағдай жасауға тиіспіз. Өскемен қаласында 2 жабық мұз айдыны салынды. Футболдың 100 жылдығы биыл аталып өтпек. Осыған орай біз өзімізге қосымша тағы 100 футбол алаңын салу міндетін алып отырмыз. Өздеріңіз білесіздер, қазақтар осыдан жүз жыл бұрын да футбол ойнаған. Сондықтан біз бұл ойынды дамытуымыз керек, ол үшін тиісті жағдайлар жасауымыз қажет, – деді аймақ басшысы.

Өңірлерді дамыту бағытында облыс тірек ауылдарды өркендетумен айналысып жатыр. Облыста 50 тірек ауылы бар, оларда жылына 600-700 жоба іске қосылады, соның нәтижесінде қосымша 4-5 мың жаңа жұмыс орындары ашылуда. Бұл бағдарламаға биыл 10 миллиард теңге бөлінген, оның жартысы – бюджет қаржысы, жартысы – жекеменшік қаражаты.

ШҚО Әкімі Бердібек Сапарбаев Астанада брифинг өткізді

Моноқалаларды дамыту бағдарламасына облыстан 4 қала еніп отыр, олар – Курчатов, Риддер, Зырян және Серебрянка. Былтыр осы бағдарлама аясында өңірге 430 миллион теңге бөлінді. Ал биыл 1 миллиард 800 миллион теңге бөлініп отыр. Нәтижесінде былтырдың өзінде ғана осы қала-ларда 800 жаңа жұмыс орны құрылған.

Биыл Курчатов қаласында «Моноқалалар – даму жолы» атты халықаралық форум өтті. Онда Ресей, Германия елдеріндегі моноқалаларды дамыту тәжірибесі қарасты-рылып, зерттелді.

Моноқаланың дамуы тек алпауыт кәсіпорынның жұмысына тәуелді болмауы қажет. Осыған байланысты кәсіпкерлер алдына жаңа өндіріс құру, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу сынды тапсырмалар қойылды. Біздің міндетіміз – ірі және шағын бизнестің дамуы үшін қолайлы жағдай жасау. Бұл міндеттерді жүзеге асыру 2015 жылы өнеркәсіп өндірісін ұлғайтып, кәсіпкерлік субъектілерін жандандыруға мүмкіндік береді. Бұл үшін моноқалаларда 6 зәкірлік жобаны жүзеге асыру қарастырылған. Оның ішінде Риддер, Серебрянка, Курчатов қалаларына – 1 жобадан, Зырян қаласы бойынша 3 жоба бекітілді.

Барлық моноқалаларда кәсіпкерлікті қолдау орталықтары құрылды. Ағымдағы жылы шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға 439,6 млн. теңге бағытталды.

Моноқалалардағы тұрғын үй және инженерлік инфрақұрылымды дамыту шеңберінде биыл 1,8 млрд. теңгеге 13 инвестициялық жоба жүзеге асырылады.

– Өңіраралық интеграцияны дамыту мақсатында біз жуырда Павлодар, Қарағанды және Алматы облыстарымен бірлесе форум өткіздік, сол басқосуда 16 миллиард теңгенің 200 меморандумына қол қойылды. Бұл аталмыш облыстар арасындағы тауар айналымын өрістетуге өз септігін тигізді, – деді облыс Әкімі. – Мұнымен қоса, бесінші жыл қатарынан біз «Туған жерге – тағзым» акциясын өткізіп келеміз. Негізгі мақсат – біздің облыстан шыққан азаматтарды өңірге тарту, оларды үлгі ету арқылы қазіргі жастарға тәрбие беру. Соның арқасында біраз әлеуметтік мәселелерді шешіп жатырмыз.

Бизнестің әлеуметтік жауапкершілгі аясында Шығыс Қазақстан облысының атқарушы билігі өңірдегі алпауыт кәсіпорындармен табысты жұмыс істеп келеді. Соның арқасында осы кәсіпорындардан жыл сайын шамамен 5 миллиард теңге қаржы облыстағы әлеуметтік мәселелерді шешу жұмыстарына тартылуда.

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив