KZ
Өскемен
+10°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, СБ
448.56 478.03 4.79

Біздің бал баяғыдан-ақ брендке айналған

30.08.2013, 18:00 180


Шығыста өткен IV халықаралық бал фестиваліне Сауд Аравиясы Корольдігі, Түркия, Біріккен Араб Эмираттары, Қытай, Ресей, Беларусь мемлекеттері бастаған 14 елдің өкілдері жиналды, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

Осымен төртінші рет өткізіліп отырған дәстүрлі бал фестиваліне жиналған қонақтар алдымен Глубокое ауданының Тарханка ауылына келді. Осы ауылдағы бал өнімдерін қаттайтын жаңа өндіріс – «San-Bee Altai» серіктестігінің тұсаукесеріне қатысып, шағын болса да, талай шаруаны тындырып тұрған заманауи қаттау, орау, құю цехтарында болды. Өндірістің ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, «Бал Ара» ұлттық омарташылар одағының президенті Сергей Терещенко қонақтарды облыстағы осындай бірегей өндіріс орнының жұмысымен таныстырды.

Одан соң облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың, Қазақстандағы «Бал Ара» ұлттық омарташылар одағының президенті Сергей Терещенконың, «Апиславия» президенті Кристиан Константинескудың, Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Гүлмира Исаеваның, Түркия омарташылар қауымдастығының президенті Бахри Ильмаздың, Сауд Аравиясы омарташылар қауымдастығының президенті Альгетами Ахмед-Файездің, Біріккен Араб Эмираттары бал индустриясы қауымдастығының президенті Альшахрани Мнахи-Абдуллахтың, Ресей ұлттық омарташылар одағының президенті Арнольд Бутовтың, өзге де елдердің омарташылық саласы өкілдерінің қатысуымен «Еуразия континентіндегі елдердің омарташылық саласын
дамытудың болашағы» тақырыбында омарта шаруашылығында қордаланған өзекті мәселелерді шешудің жолдарын қарастырып, бал өндірісін дамытудың мүмкіндіктерін талқылаған дөңгелек үстел өтті.

Облыс басшысы өз сөзінде атап өткендей, Шығыс Қазақстанда омарта шаруашылығын өркендету шаралары жасалып жатыр. Төрт жыл бұрын өңірде омарта шаруашылығын дамытудың аймақтық бағдарламасы жасалды. Осыдан төрт жыл бұрын жылына 900 тонна бал өндірілсе, былтыр төрт мың тонна өнім алынды, биыл алты мың тоннаға жетіп отыр. Омарташы мамандарды даярлауға көңіл бөліп, осы бағытта білім беріп келген бұрынғы орта оқу орындары қайтадан қалпына келтірілді. Асыл тұқымды ара шаруашылықтарына облыстық бюджет есебінен субсидия бөлінуде. Егер 2010 жылы облыс бюджетінен сегіз асыл тұқымды ара шаруашылығына төрт млн. теңге бөлінсе, биыл 56 асыл тұқымды шаруашылыққа 60 млн. теңге бөлініп отыр.

Облыста омарта шаруашылығының дамуына осында үш жылдан бері өткізіліп келе жатқан Халықаралық бал фестивалінің қосып отырған үлесі атап айтарлықтай. Алғашқы жылдан бастап саланы дамытуға орай нақты қадамдар жасалып, Үкіметке осы саланы еліміздің үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына енгізу туралы ұсыныс жолданды. 2011 жылы Қазақстан омарташылардың әлемдік қоғамдастығы «Апимондия» құрамына, 2012 жылы еуразиялық «Апиславия» қоғамдастығы құрамына кірді. Облыстағы омарта шаруашылықтары техникалық жағынан жарақтандырылды.

Осылайша, айналасы екі-үш жылдың ішінде омарташылық кәсібі қайтадан жанданып, даму жолына түскен Шығыс Қазақстанда 2015 жылы бал өндіру көлемін 14 мың тоннаға жеткізу көзделініп отыр. Бал өнімдерін күнделікті жейтін басты тағамдарына айналдырған жапондықтардың ұзақ өмір сүруінің сыры осы аста екендігін еске салған облыс басшысы, облыстағы мектеп оқушыларына облыстық бюджеттен бөлінген қаржы есебінен тегін бал беріліп жатуы тектен-текке қолға алынып отырмаған шара екенін айтып, алдағы уақытта облыстағы мектеп оқушыларына бір стақан сүт беру де міндетті түрде ас мәзіріне енгізілетінін жеткізді.

Қазақстандағы «Бал Ара» ұлттық омарташылар одағының президенті Сергей Терещенко да сөз басын балды жаппай тұтыну қажеттігінен бастады. Талдаулар көрсетіп отырғандай, қазіргі күні әр қазақстандық жылына 40 келі қант тұтынып, 50 грамм көлемінде бал жейтін көрінеді.

– Дастарқанға қанттың орнына бал қою керек, ұлттың денсаулығын сақтап, түзеу осыдан басталады, – деді одақ президенті. – Омарташылардың ұлттық одағы барлық омарташыларға көмек көрсетіп, мүшелікке қабылдауға әзір. Шымкентте асыл тұқымды ара шаруашылығын дамытуға орай арнайы шаруашылық құрылып жатыр, бұл омарта шаруашылықтарын асыл тұқымды аралармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Түркиялық әріптестермен омарташылар арасында екі-үш апталық интерактивті оқу курстарын өткізіп, тәжірибе алмасу бағытында келісім жасасып отырмыз. Үш жыл бұрын облыс Әкімі бізге бал өнімдерін өңдеп, қаттайтын цех ашуды тапсырған болатын, біз оны жасадық. Өз қаражатым мен несиеге. Мұнда жылына екі мың тонна бал қаттауға болады. Ең бастысы, сатуды ұйымдастыру, біз қазірдің өзінде бүкіл Шығыс Қазақстан облысын қамтуға дайынбыз.

Қоспасы бар өнім ешқайда өтпейді


«Бал Ара» одағының президенті Сергей Терещенконың айтуынша, бүгінгі күні еліміздегі омарта шаруашылығы үшін өзекті болып отырған екі мәселе бар. Оның бірі – өнімді өткізу болса, екіншісі – отандық бал өнімдерінің құрамында пестицидтер мен дәрілер қоспаларының – «антибиотиктердің» жиі кездесіп отыруы. Өнімді шет елге өткізу проблемасы Қазақстан балын әлемдік стандарттарға сай сертификаттауға, оларды талаптағыдай тиісті зертханаларда зерттеп, бағалау рәсімдері мен жүйелерінің жетілдірілмеуімен, сондай-ақ, сатып алушы компаниялар мен фирмалардың өнімді тек үлкен көлемде ғана сатып алып жатқан-дықтарына байланысты болса, бал құрамында дәрілік қоспалардың жиі ұшырасуы түрлі ауруларға шалдығып келе жатқан араларды емдеп, сауықтыруға, аурудың алдын алуға пестицидтер сияқты дәрі-дәрмектерді пайдалануға деген мәжбүрлікте көрінеді. Бал өнімінің құрамы мұндай қоспалардан таза болмаса, дүниежүзілік сауда ұйымының сүзгісінен өтіп, әлем нарығына шығу мүмкін емес.

Сондықтан, отандық омарташылардың алдында осы түйткілді мәселелерді жиынға қатысушы шетелдік әріптестермен бірлесе шешу міндеті тұр. Облыс басшысы балды әлемдік нарық талаптарына сай экспорттауға қатысты облысқа жұмыс сапарымен келіп, жиынға қатысып отырған Еуропалық экономикалық комиссияның алқа мүшесі Валерий Корешковқа ұсыныс жолдағанын айта отырып, Кедендік одақ көлемінде қолдау көрсететініне сенім артып, алғысын білдірді, облыста омарташылардың өнімін жәрмеңкеге шығару, оларға субсидия беру, Шығыстың басты брендіне айналған Алтай балын көршілес елдер мен облыстарға сатуға қатысты атқарылып жатқан шаралардың әрі қарай да қарқынды жүргізіле беретіндігін жеткізді.

Алтайдың балы бүгінде Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан облыстарымен қоса, Қытайға, Ресей өңірлеріне де шығарыла бастады.

Дөңгелек үстелдегі әңгіме барысында Біріккен Араб Эмираттары, Сауд Аравиясы Корольдігі омарташылар қауымдастықтарының президенттері өз мемлекеттерінің импортталып келген балды көп тұтынатындықтарын, бұл ретте Шығыстың балын сатып алуға ынталы екендіктерін білдірді.

Омарташылардың еуразиялық одағы құрылмақ


Ал әлемде бал өндіру бойынша ең алдыңғы қатардың бірінде келе жатқан Түркия бізден бал сатып алмаса да, бал өнімдерінің түрін молайтып, оны өндіріп, өткізуде бізге үйретер тәжірибесі жетіп артылады. Түрік ағайындар жылына 94 мың тонна бал өндіріп отыр. Осындағы омарташылар қауымдастығының президенті Бахри Ильмаз жеке сәйкестендіру нөмірі бар елдегі әр ара ұясының сапалы, өтімді өнім өндіруге үлкен негіз қалап отырғанын, омарташылық пен экология екеуі қатар тұрған ұғым, сол себепті аралар ауруға ұшырамасы үшін алдымен экологияны сақтап, қоршаған ортаны қорғау керектігін баса айтты. Ол фестиваль қонақтарын келер жыл-дың 6-9 қараша айында Олюденизде өткелі отырған «Апиславия» конгресіне шақырды.

Ресей ұлттық омарташылар одағының президенті Арнольд Бутов жиында омарташыларға тозаңдандыруға байланысты мемлекет тарапынан қолдау қажеттігін алға тартты. Аралардың өсімдіктерді тозаңдандыруда айрықша роль атқаратыны ежелден белгілі. Қарақұмық, күнбағыс, басқа да ауыл шаруашылығы дақылдарының мол өнім беруіне аралардың еңбегінің көп әсері бары ғылымда дәлелденген. Ара ұяларымен, омарта шаруашылықтарымен қатар орналасқан шаруа қожалықтары омарташыларға қандай да бір көмек, қолдау көрсетсе, екі жақтың да шаруасы шалқып, табысы еселене түсер еді. Ойларын осылай түйген Ресей омарташылар одағының президенті мен Ресей бал өнімдерін өңдеушілер одағының президенті Альфир Манапов алдағы уақытта Еуропа, Азия елдеріндегі омарташылық саласының осы іспеттес қадау-қадау проблемаларын ұйымдаса отырып, бірлесе шешетіндей омарташылардың еуразиялық одағын құру туралы ұсыныстарын айтты.

Маңызды басқосуда Қырғыз, Беларусь, Әзірбайжан елдерінен келген омарташылар қауымдастықтарының өкілдері де саланы өркендету үшін өзара кеңесе отырып, жұмыс істеуге шақырды.

Шығыстағы омарташылар мүмкіндікті пайдалана отырып, өздерін толғандырып жүрген жайттарды да ортаға салды. Солардың бірі – аймақта шегіртке, колорадо қоңызы сияқты зиянкестерге себіліп жатқан улы химиялық дәрілерден аралардың да өлім-жітімге ұшырауының көбейіп кеткендігі. Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Гүлмира Исаева жергілікті жердің ерекшелігі ескеріле отырып, бұл мәселе алдағы уақытта бақылауға алынатынын, дөңгелек үстелде көтерілген омарта шаруашылығына қатысты өзге де проблемалар «Агробизнес-2020» бағдарламасын жүзеге асыру бағытында жасалып жатқан аталмыш саланың шеберлік жос-парларында шешімін табатынына сендірді.

– Шығыс Қазақстан облысында облыс әкімінің өзі бас бола отырып, балды пайдалануды бала кезден бастауды дәстүрге айналдырудың жақсы үлгісін көрсетіп отыр. Омарташылыққа қатысты айтарым, біз бұл бағытты дамытуға мүдделіміз. Саладағы асыл тұқымды дамыту, қайта өңдеу, жаңа технологияларды енгізу, ғылыми жұмыстарды жетілдіру шараларына Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан мемлекеттік қолдау қажет. Омарташылықты дамытудың кешенді бағдарламасына барлық мемлекеттік органдарды тартуымыз керек. Балдың кө-беюіне біз ғана емес, білім беру, денсаулық сақтау, өзге
де мемлекеттік органдар ықпал жасап, күнделікті пайдалануға енгізуі керек, – деген министрдің орынбасары ара шаруашылығын дамытудың өзіндік жолын таба білген облыс басшысына, «Бал Ара» одағының президентіне ерекше алғысын жеткізді.

Фестивальға қатысушылар түстен кейін аудандағы Валерий Қасымбаевтың «Пасека» шаруа қожалығында болып, омарта шаруашылығының аймақтағы жай-күйімен танысты.

Жанаргүл Мұқатай


Мәлімет көзі: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив