KZ
Өскемен
+10°
переменная облачность жел 1 м/с, С
439.4 473.54 4.76

Алтай – Түркі әлемінің алтын бесігі (+сурет)

28.08.2013, 18:00 334


Алты құрылықтан мейман алдырған «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты дәстүрлі халықаралық форум түбі бір халықтардың дәстүрлі музыка фестиваліне ұласты. Әлемнің әр тарабынан жиналған Алтай перзенттері бабалары балбалдар мен сынтасқа жазған өсиетті орындап, түн ұйықтамады, күн отырмады. Жер бетіне тарыдай шашыраған түркі ұлыстарының рухы әлсіремесін деп, текті жұрт тамырынан ажырамасын деп, қажыр-қайратын сарықты, қара терін төкті. Пікір алмасып, ақыл қосты, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Сақ дәуіріне саяхат


Тарих көшін күннің бағытына бұрғызған жаужүрек түркілердің бағаналы ордасы болған Төр Алтайдың төсіндегі Берелдің баурайы тағы бір мәрте текті сарынға тербеліп, әсем әнге бөленді. Тұтас бір ауылдың орнын алып жатқан Патшалар жазығында жергілікті жұрт сағына күткен думан басталды да кетті. Қос қапталынан қарағайлы таулар төніп, етегі Бұқтырманың ақ көбігіне малынып жататын аламан жазықты әуелі ат тұяғының дүбірі дүр сілкіндірді. Көк бөріні көлденең тартып, қажыр-қайратын шыңдаған ер түркінің төл мұрагерлері көк серкені көкпар етті. Көкпардың қызығы басылмай жатып мамырлаған ән алтыбақанды тербетті.

Алтай – Түркі әлемінің алтын бесігі (+сурет)Осылай басталған думан енді қызды-ау дегенде мәртебелі меймандар да жеткен. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев еліміздің Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед, Қазақстанның ЮНЕС-
КО-дағы өкілі, ақын Олжас Сүлейменов, Жапонияның төтенше және өкілетті елшісі Харада Юдзо, профессор Жабайхан Әбділдин бастаған қонақтарды ақ шаңқан киіз үйлер мен боз ордалардан түзілген «Көшпелілер қалашығына» бастады. Қалашық алдында сақ дәуірінен бүгінгі күнге дейін қалыптасқан қолөнер түрлерінің әр- түрлі бұйымдары көрмеге қойылыпты.

Алтай – Түркі әлемінің алтын бесігі (+сурет)Әдемілікте тек табиғатқа ғана еліктейтін түркілердің әшекей бұйымдары мен тұрмыстық заттары көнеден қозғаусыз қалған туыстас елдердің тұтастық сырын шертсе, заманауи қолөнер туындылары соңғы үш ғасырда Алтай мен Алакөлдің арасын мекендеген өзге ұлттардың тұрмысын кестеледі. Бұдан кейін қонақтарды қаумалай ерген халық бір сәт бабаларының бес мың жыл бұрынғы өміріне сапар шекті.

Сұс пен сәннің қиюын көшпелілердей ешкім дөп баса алмайтынына куә болған қонақтарға осынау қара шаңырақтың иесі – қазақ халқының әдет-ғұрыптары таныстырылды. Келін кіргізіп, күйеу келтірген дала демократтарының беташар, ұрын келу, тұсаукесер, сүндеттой, қыз айттыру, қымыз мұрындық сынды әнмен апталып, күймен күптелген ғұрыптары өз нақышында ұсынылды. Орайлы сәтті пайдалана білгендер Астанадан арнайы келген ардақты ақынына баласының атын қойғызып, атқамінер азаматына перзентінің тұсауын кестіріп жатты. Тойға келген ауыл халқының арасында иен далада бір-ақ күннің ішінде орнай қалған «тегін театрдың» қай тұсын тамашалауды білмей, сабылып жүргендері қаншама? Мұрагерімен баба жолы жайында салиқалы сұхбат құрған Қағанның бейнесі де, ісек қойды кір тасындай шырқ иірген балуанның әбжіл қимылы да, бәрі-бәрі асыр салып жүгірген бүлдіршіндердің аузын аштырып, көзін жұмдырды. Ата дәстүрді ұлықтап болысымен қалың нөпір аспан астындағы сахнаны бетке алған.

Ән мен жырға жан семірткен халық бір ауық баба салты бойынша дуалы ауыздардың рухты лебіздеріне ұйыды. Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед бұл фестивальдың Берел жерінде бекер өтпегенін атай келіп, алыстан ат арытып келген форум қонақтары мен фестивальға қатысушыларға алғыс білдірді.

Алтай – Түркі әлемінің алтын бесігі (+сурет)– Форумның атын тауып-ақ қойған. «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі». Дүниенің төрт бұрышындағы түркі халықтарын дәл осы Алтайдан өсіп-өнгендігін тарихшылар арғы заманда да, бергі заманда да дәлелдеген. Дәлелдеп те келеді. Ойлап қарасаңыздар, түркі жұрты бір жағы Жерорта теңізінің Гибралтар бұғазы арқылы Атлант мұхитымен шектесіп жатыр. Екінші жағы Ұлы моғолдар салған жолмен, Үндістан арқылы Үнді мұхитымен шектескен. Солтүстікте біздің якут, саха бауырларымыздың мекені Мұзды мұхитпен шектесіп жатыр. Ал енді түркілердің үлкен бір бөлігі Қиыр Шығысқа дейін жететіндігін есептейтін болсақ, бізбен бір тамырлас, Алтай тілдері тобына жататын жапон, корей халықтарының да түбі бір бабалар екенін ескеретін болсақ, бір жағынан Тынық мұхитқа жетіп жатыр. Сонда төрт мұхиттың ортасында билік жүргізіп, дүниенің төрт бұрышына түгел тараған екі жүз миллионнан астам түркі жұрты дәл осы өлкеде өскен, өнген. Сол алтын бесіктеріңізге, құт қоныстарыңызға дүниежүзінің он екі елінен келген қонақтарға қош келдіңіздер дегім келеді. Түркі дүниесінің ғасырлар бойы бірге жасап келе жатқан ортақ мәдениетін тудырған қазақ, түрік, хакас, алтай, тува, якут бауырлардың барлығы бүгін Берелде бас қосып, өзінің мыңдаған жылдар бойы қалыптастырған ұлы мәдениетінің жаңаша туындыларын сіздерге тарту етпек. Сол үшін мен барша өнер шеберлеріне сәт сапар тілеймін. Көрсететін өнерлеріңіз өздеріңізге де, халыққа да құтты, қайырлы болсын, – деді ол құттықтау сөзінде.

Бір күндік тойдан бір жылдық әсер алып қайтты


Алтай – Түркі әлемінің алтын бесігі (+сурет)Тілдегі айырмашылықтар көрер-мендер үшін кедергі тудырмады. Өйткені, әр әннің сарыны, әр күйдің рухы, әр бидің тұспалы бір арнадан тарап жатқанын түйсіну қиын емес еді. Бұл фестивальға тува халқының атынан келген Саян Бапа осы ойымызды нақтылай түсті.

– Қай кезде де түркі текті ұлыстар үшін бір тудың астында тұру ең асқақ арман болғаны тарихтан белгілі. Сол арман түркілік сарындағы өнердің өлмеуіне себепкер болды. Жай ғана себепкер болмай, дамуына азық болды. Осы бір бірігу арманы тұрғанда түркі халықтарының тілі де, ділі де жер бетінен жоғалмақ емес. Ал бүгін Берелдің Патшалар жазығын екінші мәрте көріп, тегіміздің осы жерден тарағанына шүбәсіз иланып тұрмын. Мұндай қорымдар мен қорғандар бізден де табылған. Пазырық мәдениетінің қорымдарын біз де «Патшалар жазығы» атандырғанбыз. Бірақ ол жазық пен бұл жазықтың парқы екі бөлек екен. Тегі бір қазақ ағайындардың осы фестивальға ұжы-мымызды аттай қалап алдырғаны үшін алғыс айтқым келеді. Мәдени байланыс жалғасын табуы үшін алдағы уақытта мұндай басқосуларға тек қазақтар ғана мұрындық болмай, біз де әрекет жасауымыз керек, – деген Саян өнерпаз өзі бастап келген этно-музыкалық ұжыммен бірге тамақпен ән айтып, көненің көзіндей болған аспаптарда ойнаған кезде тау теңселіп, Бұқтырма тербелгендей әсер қалдырды.

Ал Саха елінен келген якут қызы Вероника Лыдкина бұл шараға тұңғыш қатысып отырғанын айтады.

– Бұған дейін де Қазақстанның қалаларында өнер көрсеткен едім. Сол байланыс бүгін мені ортақ бабаларымыздың құт мекеніне жетелеп әкелді. Арадағы қашықтыққа қарамастан, мұндағы түпкілікті жұртпен ұқсастықтарымыздың көп екеніне әркез көзім жетіп жүр. Тіліміз де, мінезіміз де, түріміз де, тіпті мекендеген табиғатымыз да өте ұқсас. Соның арқасында болар, алыс жол жүріп жетсек те ешқандай шаршау болған жоқ. Өз басым мұнда тәжірибе алмасу үшін келгенмін. Тәжірибемен бірге үлкен рух әкетіп барамын, – деп ағынан жарылған Верониканың өзі де көрерменге ерекше рух сыйлады. «Қомузын» құйқылжыта отырып, екінші деммен қасқырдың ұлуын, қыранның саңқылын, теңіздің шуылын, желдің уілін ілестіре орындауы иін тірескен халықты сілтідей тындырды. Музыканттармен бірге көне заманға елтіген көрерменді қазақтың жанына жақын сыбызғы мен қобыз бергі заманға қайта ертіп әкелді. Атақты сыбызғышы Талғат Мұқыш та бұл фестивальға екінші рет қатысып отыр. Ол осындай ауқымды шараның Алтай төрінде өткізуіне ерекше разы екенін жасырмады.

Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Башқұртстан, Татарстан мен Түркиядан келген өнерпаздар да көпшіліктің қошеметіне көміліп жатты. Бірі сырнайлатып, бірі кернейлетіп, енді бірі дабыл ұрып, Алтайдың мейірлене шуақ төккен аспанын дүбірге бөледі. Катонқарағай ауданының барлық ауылдарынан жиналған сансыз халық қол соғудан жалықпаса, өнерпаздар шеберлікте-рін паш етуден шаршамады. Берелге жақын ауылдарды былай қойғанда, араға төрт-бес ауылды тастап, тайлы тұяғымен келгендерді көрдік. Тойшыл қауымның арасынан Қабырға ауылының тұрғындарын әңгімеге тартып едік, алпыс үйлі елді мекеннің тең жартысы арнайы автобуспен тойға келгенін айтты.

– Өзіміз баурайында жүргендіктен бұл жердің қасиетін байқай бермейтініміз рас. Бұл шараны асыға күткен едік. Дүниежүзіне даңқы кеткен тойдың бір жағынан шығысайық деп ұстаздар мен жастар жиналып келдік. Бір күндік мерекеден бір жылдық әсер алғанымызды несін жасырайық – дейді Дархан Мерғазин.


Есімжан Нақтыбайұлы

Суреттерді түсірген Ғ.Орынбаев
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив