KZ
Өскемен
+8°
облачно с прояснениями жел 6 м/с, СБ
444.32 473.33 4.76

Түбі бір түркі жұртының өкілдері төр Алтайда бас қосты

26.08.2013, 18:00 286


Кеше Өскеменде «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты халықаралық форум басталды. Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы және С.Аманжолов атындағы ШҚМУ бірігіп ұйымдастырған форум биыл екінші мәрте өткізіліп отыр. Форум жұмысына облыс Әкімі Бердібек Сапарбаев, еліміздің Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед, ЮНЕСКО-дағы Қазақстанның тұрақты өкілі Олжас Сүлейменов, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов және Түркия, Жапония, Ресей, Оңтүстік Корея, Моңғолия сынды 12 шет мемлекеттің ресми өкілдері мен белгілі ғалымдары қатысты, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Халықаралық форумға келген мәртебелі меймандар алдымен Алтайдың мыңжылдықтарға бойлаған терең тарихына қатысты құнды жәдігерлер көрмесімен танысты. Көрмеде облыстық тарихи-өлкетану және өнер мұражайларының жәдігерлері, С.Аманжолов атындағы ШҚМУ кітапханасы, Семей қаласы Абай атындағы әмбебап кітапханасы және Ә.Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық кітапханасының сирек кітаптар қоры ұсынылды.

Түбі бір түркі жұртының өкілдері төр Алтайда бас қосты
Түбі бір түркі жұртының өкілдері төр Алтайда бас қосты
Түбі бір түркі жұртының өкілдері төр Алтайда бас қосты

Шілікті мен Берел қорғандары, қоладан жасалған орақтар, найзалардың ұштары, балталар мен қанжарлар (б.з.д. II мыңжылдық), Шілікті мәдениетіне жататын киім мен қорамсақтардың әшекейлерінің галваникалық көшірмелері, Берел жылқысы, Шығыс Қазақстандағы петроглифтер, сондай-ақ, түркі халықтарының музыкалық аспаптары, оның ішінде қобыз, шертер, дауылпаз, сырнай, сақпан, тоқылдақ, асатаяқ, жетіген және тағы басқалар қойылған. Оған қоса, Алтайдың ғажайып табиғат әлемінің өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, Алтай-Ертіс кітапханасы айдарымен жарық көрген көрнекті әдеби шығармалар да көрменің мазмұнын арттыра түсті.

ШҚМУ кітапханасындағы ең көне кітаптар қатарында 1883 жылы шыққан Букинның «Орыс-қазақ, қазақ-орыс сөздігі», 1734 жылы жарық көрген Сапожниковтың Алтай тарихына қатысты «Пути по русскому Алтаю» кітабы болса, Семей қаласының Абай атындағы кітапханасы түркі әлемінің деректі шежіресіне қатысты кітаптарды қойыпты. Оның ішінде IV Иванның Қазан хандығын жаулап алуы баяндалатын Михаил Херасковтың 1786 жылы жарыққа шыққан эпикалық туындысы бар. 1853 жылы жарық көрген «Ученые записки академии наук» жинағы Дешті Қыпшақтан бастап Түркістанға дейінгі тарихи кезеңнен мол мағлұмат береді. Ағайынды Харузиндердің басты еңбектерінің бірі саналатын «Курганы Букеевские степи», Бартольдтың зерттеулері қамтылған көп томдығы да бей жай қалдырмайды. Айта кету керек, Абай атындағы кітапхана биыл 130 жылдық мерейтойын өткізген еліміздегі көне кітапханалардың бірі. Онда 4 жарым мың көне кітаптар қоры бар. Ал қызылордалық кітапханада 503 дана сирек кездесетін кітап тіркелген екен. Оның ішінде 21 құнды қолжазба сақталған. Сыр өңірінен келген кітапхана негізінен көне исламдық ағартушылық кітаптарды ұсыныпты. 1890 жылы Бұқарада жарық көрген Қожа Ахмет Яссауидің «Диуани-Хикметі», 1303 жылы Бомбейден шыққан Қазы Абдулкәрімнің діни-философиялық түсіндірмесі, 1874 жылы қасиетті Аяттары шөптің бояуымен жазылған Құран-Кәрім кітабы көрме аралаушылардың үлкен қызығушылығын тудырды. Сондай-ақ, 1933 – 1940 жылдары латын тілінде жарық көрген Абайдың жинақтары, парсы тілінде жарық көрген Жүсіп-Зылиха дастаны да талай заманның үнсіз куәгері іспетті.

Түбі бір түркі жұртының өкілдері төр Алтайда бас қосты
Түбі бір түркі жұртының өкілдері төр Алтайда бас қосты
Түбі бір түркі жұртының өкілдері төр Алтайда бас қосты

Халықаралық форум аясында ашылған ғылыми-тәжірибелік конференцияны онлайн жүйесі арқылы өңірдегі қалалар мен аудандардың өкілдері де тамашалады. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев конференцияны ашып, жүргізіп отырды.
– Түркі халықтарының төл мекені, өркениет бесігі атанған Төр Алтай өңіріне, адамзат балаларының біртуар перзенттері Абай мен Шәкерімнің еліне қош келдіңіздер! Еліміздің соңғы уақыттағы дамуы, беделі Қазақстан мемлекетін бүкіл дүние жүзіне танытты. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатын жақсы білесіздер. Түркі тілдес елдер тек тарихты ғана зерттеп қоймай, ұдайы интеграциялық қарым-қатынаста болуы керек. Өздеріңізге белгілі, 1999 жылы ел Президенті Нұрсұлтан Назарпбаевтың бастамасымен түркі тілдес елдер басшыларының қауымдастығы құрылған. Оның үшінші саммиті жақында Әзірбайжан елінде өтті. Түркі елдерінің қарым-қатынасын жақсарта түсу үшін атқарылған шаруа көп. Тарих, мәдениет саласында құрылған ТҮРКСОЙ-дың 20 жылдығы аталып өтті.
Бұл форумды өткізудегі мақсатымыз – тек түркі тілдес елдердің тарихын зерттеумен бірге, Алтай өңіріне қатысы бар көршілес, шекаралас елдердің тарихын зерделеп, мемлекеттер арасындағы экономикалық қарым-қатынасты жалғастыру. Форум мемлекет басшысының тапсырмасымен биыл қолға алынған «Халық тарих толқынында» кешенді бағдарламасына сәйкес келіп отыр.

Алтай – мәңгілік тарих. Алтайды бір жыл, бір ғасыр ғана зерттеп қоюға болмайды. Оның байлығы таусылмайды. Сондықтан, түркі тілдес елдерден бөлек, басқа да мемлекеттердің ғалымдарының қатысуымен Алтайды зерттеуді әрі қарай жалғастыру қажет. Түркі тілдес елдер Еуразияның ортасындағы көпір іспетті. Сол міндетті әрі қарай жалғастырып, өз тарихымызды болашақ үшін зерттеуіміз қажет, – деді Бердібек Сапарбаев.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтыңфорумға жолдаған құттықтау хатын Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед жеткізді.

Сонымен қатар, Түркия Президенті Абдолла Гүлде аталған форумға ыстық ықыласын жеткізген екен. ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов алыстан келген құттықтау лебізді оқып берді.


Алтай – адамзаттың алтын бесігіне айналып отыр


Мұхтар Құл-Мұхаммед, Мәдениет және ақпарат министрі:
– Төңкеріске дейін де, Кеңес Одағы тұсында да әлемдегі түркітанудың ең үлкен орталығы Ресей, оның ішінде Петербор императорлық университеті болды. Түркітанушылардың Ахмет Байтұрсынов бастаған алғашқы буынының Қазақстанда ғана емес, барлық түркі республикаларында репрессияға ұшырауы, олардың қиын да қилы тағдыры түркология саласының ұлт республикаларында өсіп-өркендеуіне аса зор зардабын тигізді. Тек еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғана түрлі саяси-идеологиялық кедергілер алынып, түркі тарихының жаңа кезеңі басталды. Міне, осы жаңалықтардың басы-қасында Елбасымыз тұрды. Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен «Мәдени мұра» бағдарламасы жасалып, соның негізінде Қытай, Ресей, Иран, Үндістан және Еуропа мен көптеген араб елдеріндегі қазақ тарихына қатысты мыңдаған деректер жиналып, жүздеген том ретінде жарық көрді. Елбасымыздың бастамасы бойынша түркі халықтары тарихында тұңғыш рет бүкіләлемдік Түрік академиясы құрылып, академик Шәкір Ибраевтың басшылығымен өз жұмысын әлемдік деңгейде жалғастырып отыр. Осылайша, Ресей ғалымдары мойындағандай, Қазақстан қазіргі кезде түркітанудың әлем таныған жаңа орталығына айналды. Бүгінде 30-дан астам ұлт пен ұлыстан тұратын түркі халықтарының саны 200 миллионға жуықтады. Олар оңтүстік батыста Жерорта теңізінің жағалауынан бастап, солтүстік –шығыста Солтүстік Мұзды мұхитқа дейінгі Еуразияның апайтөс алып даласында алты тәуелсіз мемлекет, оның ішінде Ресей Федерациясының өзінде 20-дан астам түркі тілдес халықтардың түрлі субъектілерімен, кей жерде автономиялық, кей жерде еш субъектісі болмаса да үлкен облыстар құрамында өмір сүріп жатыр. 200 миллионға жуық халық бір кездері бір мемлекеттің құрамында болған. Егер адамзат тарихының кейінгі 1,5 мың жыл бұрынғы тарихын санамалайтын болсақ, түркі жауынгерлерінен қорғану үшін Ұлы Қытай қорғаны салынған. Өзінің басты қарсыласы түркілер деп есептеген Қытай тарихында бірыңғай сақтану, күшею, нығаю тарихы жүрді. Ал түркі жұртының тарихы 745 жылы Түрік қағанаты ыдырағаннан кейінгі уақыттан соң ыдырау, бөліну, бөлшектену тарихы болды. Нәтижесінде, ХХ ғасыр басында дүние жүзі картасында жалғыз ғана тәуелсіз түркі мемлекеті – Түркия ғана орын алды да, қалған 30-ға жуық үлкенді-кішілі, жалпы саны миллионнан асатын қаншама үлкен түркі этностары алпауыт мемлекеттер құрамындағы басындағы билігі жоқ, бодан елге, бодан республикаларға айналды. Міне, енді түркі тарихының «түбіміз – бір, түгеліміз енді жиналуымыз керек» деген ұраны тәуелсіздік тұсында Елбасы тарапынан айтылып, түркі дүниесінің тұтастану ғасыры басталды. Сондықтан, ХХІ ғасырдың түркі дүниесінің тұтастану ғасыры, түркі халықтарының өсіп-өркендеу ғасыры болатындығына нық сенемін.

Түрік сөзі «берік» деген мағынаны білдіреді. Болаттай берік болғанда басымыз бірігеді, өсіп-өркендейтін боламыз. Біз үшін ең қасиетті құндылық Елбасымыз айтқан Тәуелсіздік болуы керек. Ал Тәуелсіздік ата тарихын ардақтап, ана тілін қадірлеген кезде ғана баянды болады. Ата тарихын, ата қонысымызды ардақтап қана қоймай, оны мақтан ете білуіміз керек. Бабалар бізге қазынасы кенге толы бай өлке ғана қалдырған жоқ, бүгінгі ұрпақ, сіздер мен біздер кеудесін керіп мақтана алатын бай тарих та қалдырды.

25 жыл бұрын Олжас Омарұлы бұдан 5 мың жыл бұрын өмір сүрген шумер тарихын зерттеп, «шумер халқы Азиядан келген, оның ішінде түркі тілдес халық» деген жаңа, тың теория ұсынды. Сол кезде ғылым тарапынан біреу біліп, біреу білмесе де, бүгінде әлемдік шумертану ғылымында Олжас Омарұлының бұл теориясы кеңінен қолдау тапты деп біз нық сеніммен айта аламыз. Сонда бұл – қай тарих? Жалпы, адамзат тарихында «история и до история» ұғымы бар. Сол тарих кезеңі деп хатқа түскен, тасқа бейнеленген, қышқа, пергементке түскен ол заманнан бізге белгі жеткен кезеңді айтады, тарихшылар мұны б.з.д. ІІІ мыңжылдықпен шектейді. Бұл – біздің кезеңімізден ары қарайғы 5 мың жыл – адамзаттың тарихи кезеңі. Оған дейінгі кезең – тарихқа дейінгі кезең саналады. Сонда түркілердің арғы бабасы – шумерлер тарихқа дейінгі кезеңді ұстап тұр.

Бүгінгі конференцияға корей және жапон ғалымдары қатысып отыр. Бұл халықтардың тілдері де түркі тілдерімен бірге Алтай семьясына жатады. Сондықтан олардың да ата-бабалары бізбен 5 мың жылдың ар жақ, бер жағында қосылатын туысқандар болып есептеледі. Сондықтан біздің ата-бабаларымыз арысы шумер, американ үндістері, корей, жапон, берісі сақ, скиф, ғұн тарихымен тікелей байланысты.

Алтай – бүгінгі кезеңде жаңа тарихтағы түрік-моңғол жұртының ғана емес, бүкіл адамзаттың алтын бесігіне айналып отыр.
Ғылымда ұзақ жылдар бойы адамзаттың шыққан тегі хомо сапиенс ретінде қарастырылды. Алғашқы адамдар Африкада пайда болып, жер жүзіне тарады деген теория баршамызға белгілі. Алайда, археологиямен бірге генетика ғылымының дамуы бұл теорияны айтарлықтай өзгеріске ұшыратты. Австралиядан 60 мың жыл бұрын, Африканың оңтүстігі мен орталығында, солтүстігінде 50 мың жыл бұрын, ал Еуропа жерінде 40 мың жыл бұрын өмір сүрген адам табылды.
2008 жылы ресейлік белгілі ғалым, академик Анатолий Деревянко Алтайдағы «Денисов үңгірінен» табылған адамның тісін, саусақтарын ДНК арқылы мұқият зерттеу барысында оның 50 мың жылға жуық уақыт бұрын өмір сүргенін анықтады. Аталған тау үңгірі Берелден 57 шақырым ғана жерде орналасқан. Бұл ғылымда «Алтайлық хомо сапиенс» ұғымын қалыптастырды. Оның материалдық және рухани құндылығын арттыра түсті. Енді ресейлік мамандар 9 үңгір және 11 көне адам тұрағына зерттеу жүргізіп жатыр. Қазір заманауи теория бойынша адамның шығу тегі бойынша хомо сапиенстің африкалық, неандертальдық, ориенталицтік қатарында, адамзат өркениетінің төртінші ошағы ретінде алтайлық хомо сапиенс енді деп айтуға болады. Біз осы адам пайда болған және жан-жаққа тараған алтын бесікте өмір сүрудеміз. Қасиетті Алтай – тек түркі жұртының ғана емес, адамзаттың алтын бесігі.

Дүйсен Қасейінов, «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының бас хатшысы:
– Түркі халықтары материалды және материалды емес мәдениетке аса бай және көп түрлі жәдігерлердің мұрагері. Бұл байлықтың қолданылуы, дамытылуы және ұрпаққа мирас етілуі - адамзат алдындағы қасиетті борышымыз. ТҮРКСОЙ – түркі тілдес халықтардың арасындағы мәдени байланыстардың дамуына қызмет ететін бірден-бір халықаралық ұйым. Біз олардың ортақ тұстарын, озық үлгілерін насихаттауға, аталарынан қалған асыл мұраларымызды өскелең ұрпақ санасына сіңіріп, жадына жазуға үлес қосудамыз. Сондықтан біздің мәдениетімізге, тарихымызға қатысты жазылған кез келген зерттеудің және ұйымдастырылған іс-шараның біз үшін бағасы артық. Бұдан екі жыл бұрын Шығыс Қазақстан облысы басшысының «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты мәдени-этнографиялық форум өткізу туралы ұсыныс түскенде, түбі бір түркі жұртының ата қонысы болған құт мекенде, Алтай тауларының етегінде мұндай шараны ұйымдастыруды шын ықыласымызбен қарсы алған едік. Биыл - бұл халықаралық форум екі жылда бір рет өткізілетін ірі жиынға айналғанының куәсі болып отырмыз. 2011 жылы ғылыми конференция мен дәстүрлі музыка фестивалімен қатар, ТҮРКСОЙ фотосуретшілердің кездесуі де ұйымдастырылып, түркі елдерінен келген фотоөнер мамандары Шығыс Қазақстанның әсем табиғатын суретке түсірген еді. Сол кездесудің нәтижесінде ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы тарапынан «Алтай – алтын бесігім» атты фотоальбом шығарып, соңғы екі жылда ұйымның әлемнің түкпір-түкпірінде өткізілген шараларында тегін таратылды. Мұны облыстың туризмін дамытуға қосылған аз да болса нақты үлес деп білген жөн. Биыл ТҮРКСОЙ ұйымының құрылғанына 20 жыл толды. Бұл 20 жыл түркі халықтарының мәдениеті мен өнері өрге басқан, ұдайы даму үстіндегі, жаңалықтарға толы жылдар болды. ТҮРКСОЙ түркі дүниесі мемлекеттерінің даму динамикасына сәйкес дамып, күшейіп, кемелденіп келеді. Ұйым мерейтойы тамыз айында Әзірбайжанның Габала қаласында түркі тілдес мемлекеттер басшыларының қатысуымен аталса, қыркүйек айында ЮНЕСКО штаб-пәтері орналасқан Парижде, Стасбург қаласында, қазанда Түркияның Анкара, Ескі шәһир қалаларында жоғары деңгейде атап өтілмек.

Түркілер ойлап тапқан үзеңгінің маңызы атом қаруынан кем болмады


Олжас Сүлейменов, ЮНЕСКО-дағы Қазақстанның тұрақты өкілі, ақын:
- Ресейдің императорлық академиясы ертеде орыс жерінде қырыққа жуық түркі халқы өмір сүрген деп жазған болатын. Жақында мен біздің түркітанушы ғалымдардың жасаған тізімін көрдім, онда бұл халықтардың саны 28-ге дейін азайыпты. Яғни, уақыт көшіне ілесе алмағандары жер бетінен жойылып, нағыз мықтылары ғана өзін-өзі сақтап қала алды. Солардың ішінде талай нәубетті бастан кешіріп, ХХ ғасырдың зобалаңдарында жартысына жуығы қырылса да, осы күнге дейін жеткен қазақ халқы да бар. Сондықтан біз барлығымыз өзіміздің қайдан шыққанымызды, кім екенімізді есімізге түсіруіміз керек және түсірдік те. Біздің аттарымыз бөлек болғанымен, тегіміз бір. Ол түркілік. Түркілер екі құрлықты мекендейді. Моңғолиядан Жер орта теңізіне дейінгі ұлан-ғайыр дала – түркілердің мекені. Мұншалық үлкен аумаққа бізден басқа ешбір халық таралған жоқ. «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» деген өте тартымды, орынды айтылған сөз. Дей тұрғанмен, менің пікірімше, түркілер бір ғана емес, бірнеше бесікте жатып өсіп-өнген. Олардың кейбіреуі шынымен де «алтын» деуге тұрарлық. Өйткені, ол мекендерде түркілер өздерінің алтын іздерін, сол жерде болғандарын тасқа түскен таңбалары, жазулары арқылы қалдырған. Алтай мен Енисейде, Моңғолияның Орхон аймағында түркілердің іздері анық көрінеді. Қазіргі күні біз түркілердің жазу іздері ежелгі Орта Азияда, Египетте, Апеннин түбегінде табылып жатыр. Бұл халықтар біртұтас болды ма деген сұраққа жауап іздер болсақ, сол кездің өзінде олар оғыздар, қыпшақтар, бұлғарлар сияқты жекелеген түркі тектес тайпаларға бөлініп тіршілік етіпті. Міне, осылардың арасынан өзіңді тауып, орныңды анықтап алу үшін, бүгінгідей форумның алатын орны жоғары.
Сонымен қатар, Ю
НЕСКО да бұл бағытта үлкен шаруалар атқаруда. 2008 жылы аталған ұйымның ұйымдастыруымен адамдардың жер бетінде орналасуы тақырыбын қозғаған үлкен конференция Парижде өтті. Оған тарихшылар ғана емес, археологтар, генетиктер, лингвистер және басқа да көптеген түрлі сала мамандары қатысып, бір тақырыпты талқыладық. Нәтижесі жаман болған жоқ. Ол жиында біз адамдардың шамамен 100-150 мың жылдай бұрын Африкада шыққаны туралы мәселені қарадық. Әрине, одан ертеректе де адамға ұқсас тіршілік иелері жер бетінде болғаны дәлелденген, бірақ хомо сапиенс түріне жататын адамдардың алғашқысы Африка жерінде пайда болып, Жерорта теңізі арқылы таралып, ұрпақтарын өрбіткен. Олардың ұрпақтары түрлі тайпаларға бөлініп, өздеріне тән тілдері мен мәдениеттерін қалыптастырған. Қазіргі күні біз лингвист ғалымдардың зерттеулерінен сол кезде Африкада оғыз, қыпшақ тілдеріндегі
тайпалар тіршілік еткенін білеміз. Біздің дәуірі-мізге дейінгі үшінші мыңжылдыққа дейін бұл тайпалар ежелгі Орта Азиядан ары Шығысқа қарай таралмаған, тек үшінші мыңжыл-дықтан кейін ғана жорық басталды. Себебі, осы кезде күнге табыну нанымы пайда болған.

Еуропадағы ежелгі ескерткіштер б.д.д жетінші мыңжылдықта тұрғызылса, Африка мен Шығыстағы ескерткіштердің ең жасы үлкені б.д.д. үшінші мыңжылдықпен тұспа-тұс келеді. Демек, біздің ата-бабаларымыз ерте ғасырларда батыста, яғни, Еуропа жерінде өмір сүріп, өздерінің мәдениетін дамытты. Кейін олар Шығысқа қарай жылжып, Тынық мұхитына дейін келді. Ішіндегі тәуекелшілдері мұхитты жүзіп өтуге бекінсе, бүгінгі қытайлар, жапондардың арғы ата-бабалары сол жерде тұрақтап қала берді.

Біздің екінші конференцияның тақырыбы адамдардың жер бетіне қоныстануы жайында болды. Сол кезде американдық бірқатар ғалымдар адамдардың мұхитты жүзіп өткендігіне күмән келтіріп, олар суды жағалай отырып, Чукотка бұғазы арқылы Аляскаға ілініп, қоныстануды Американың солтүстігінен бастап, оңтүстікке жылжыды деген уәжді алға тартты. Бірақ артынан лингвист ғалымдардың дәлелдері адамдардың Америкаға мұхит арқылы да жеткендігін көрсетті. Міне, ертедегі адамдардың іздері Америка топырағында осылай қалды.

Енді биыл Оңтүстік Кореяда «алыс Шығыс пен Оңтүстік-Шығыс Азия аумағында адам-дардың қоныстануы» деген тақырыпта үшінші конференция өтеді. Онда біз түркілер, оның ішінде оғыз тайпасы туралы айтамыз. Себебі, аталған аумақта оғыз тілінің іздері табылған. Ол жазулар ежелгі Қытай, Моңғол жерлерінде сақталған. Оғыздар Қытай империясының территориясын ығыстыра келе, Моңғолия жеріне келгенде, өздерінің мемлекетін құрып, үлкен бір ел болып тұтасқан. Содан кейін айналасын жаулауға кіріскен. Түркілердің бұл шабуылынан қорғанудан шаршаған қытайдың бір императоры оғыздармен келісімге келіп, оларды Жібек жолындағы керуендердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақырады. Алғашқыда күзетшілік қызмет көрсеткен түркілер кейіннен керуендер алаңсыз арлы-берілі қатынауы үшін Жібек жолының бойын қауіп-қатерден тазартқан. Сөйтіп, түркілердің Моңғолиядан Жерорта теңізіне дейінгі аралықта созылып орналасуына Ұлы Жібек жолының ықпалы тисе керек.

Бұл кезде түркілер жылқыны қолға үйретіп, көлік қылып мінді. Ол кездегі үзеңгінің пайда болуы қазіргі атом қаруын ойлап табумен пара-пар болды. Өйткені, үзеңгінің қолданысқа келуі жаяу жауынгерлердің атты әскерлерге айналуына, ауыр қару-жарақтан қылыш сияқты жеңіл түрлеріне көшуге мүмкіндік туғызды, жорықшылық қасиетті арттырды. Мінеки, біз күнде көріп жүрген үзеңгіні ертеректе түркілер ойлап тапқан.

ЮНЕСКО-ның келесі конференциясы адам-дардың Еуропаны қоныстануына арналмақ. Бұл жиында біз түркі тайпаларының ішіндегі қыпшақтар мен бұлғарлар жайында әңгіме қозғамақпыз. Б.д.д. үшінші мыңжылдықта ежелгі Орта Азия жерінде маңызды оқиға болып, Тигр және Ефрат өзендерінің бай алқабын ежелгі семиттер басып алады. Осы тұста аталған алқапта басқалармен қатар тіршілік еткен қыпшақтар мен бұлғарлар батысқа қарай ығысады. Айта кету керек, бұл екеуі оғыздар сияқты күнге емес, Шолпан жұлдызына табынған. Кейіннен батыста өзге тайпалар қатары көбейе бастаған соң, қыпшақтар мен оғыздар шығысқа қарай жылжи отырып Алтайда оғыздармен қосылады. Халықтардың тоғысуы болады, олар бір-бірінің мәдениетін қабылдап, тропологиялық типтерін өзгертеді. Алдағы конференцияларда осындай маңызды мәселелерді талқылайтын боламыз. Ал бүгінгі мына форумға қатысып отырған, өзінің шығармашылығын түркілердің тарихын зерттеуге арнаған ғалымдарға тілерім – еңбектеріңіз жемісін берсін.

Харада ЮДЗО, Жапонияның Қазақстандағы Тө-тенше және өкілетті елшісі:
– Осы форумның арқасында мен түркі халықтарының тілі, ділі, мәдниеті туралы мол мағлұматтар алдым. Өз басым түркілік өнерді, мәдениетті өте құрметтеймін әрі жаныма жақын санаймын. Себебі, түркілер мен жапондардың мәдениеті бір-бірімен тығыз байланыста. Көптеген зерттеу жұмыстары дәлелдегендей жапон, кәріс және түркі тілдері Алтай семьясына жатады. Жалпы, тілдері ғана емес, бұл халықтардың түр әлпеттері де бір-біріне ұқсас. Оған мен қазақтарды алғаш көрген сәтте көз жеткіздім. Сол сияқты, жапондардың музыкасы мен музыкалық аспаптарында да түркілермен ұқсастықтар көп. Осыған қарап, біздің де түбіміз осы Алтайдан таралған дегенге шүбә келтірмеймін. Ендеше осы халықтар арасындағы рухани, мәдени байланыстарды нығайтып, ары қарай бірлесе дамытуымыз керек. Бұл орайда аталған форумның берері мол.

Садеттин Гюмеш, Анкара университетінің профессоры (Түркия):
– Дүниедегі ешбір халықта түркілердікі сияқты Отанға деген сүйіспеншілік сезім жоқ. Түркілер басқадан бас тартса да, ата-жұртынан бас тартпаған. Олай болса, бүкіл түркінің кіндік жұрты саналған Алтайды бәріміз қасиет тұтып, құрметпен қарауымыз керек. Ғалымдардың зерттеулеріне жүгінсек, Алтай аймағын мекен еткен ежелгі адамдар, яғни, түркілер орта бойлы, шымыр денелі, қысық көзді, қыр мұрынды болып келетініне, еуропалық және моңғолоидтық нәсілдерге ұқсамайтынына көзіміз жетеді.

Әбдіжәміл Нұрпейісов, Халық жазушысы, Мемле-кеттік сыйлықтың лауреаты:
– Түркі тектес халықтар кеше ғана Астанада бас қосып едік, енді міне, Өскеменде жиналып, түбі бір тарихымызды түгендеп жатырмыз. Бұның түркі халықтарының төл мекені – Шығыс Қазақстанда өтуі – әбден заңды. Мұндай жиындар халқымыздың қасиетті құндылықтарын зерттеп, зерделейтін, төл мәдениетімізді жетік біліп ғана қоймай сақтап, қорғайтын талантты, талапты ұрпақ тәрбиелеп өсіруге ықпалын тигізеді.
Қазақта «Ат аунаған жерде, түк қалады» деген жақсы бір сөз бар. Ертең форум аяқталған соң, осы жиынның нәтижесі ретінде Шығыс Қазақстанда, алтын Алтай топырағында нәсілдес халықтардың бірлігі мен берекесін, аппақ ниетін білдіретін әдемі бір ескерткіш орнатса, нұр үстіне нұр болар еді.

Ноғай әдебиеті түп тамырын жоғалтқан жоқ


Нәсіпхан Сүйінова, Қарашай-Черкес мем-лекеттік университетінің профессоры (Ресей):
– Аристотель заманынан бері еуропалықтарда түркі мәдениеті жабайы деген жаңсақ пікір қалыптасқаны белгілі. Алайда, бұл пікірлер кейін жүргізілген зерттеулерден соң жоққа шығарылып, түркілер мәдениетінің деңгейі әлдеқайда жоғары тұрғандығы дәлелденді. Әсіресе, бұл тұрғыда академик Н.Конрадтың еңбегін атап өткен дұрыс.
Бүгінгідей сан алуан мәдениеттер тоғысқан жаһандану дәуірінде бүкіл бір түркі халықтарының тұтастығын сақтап, құндылықтарын жоғалтып алмауы үшін үлкен жауапкершілік керек. Бұл міндетті көптеген игі бастамаларға, соның ішінде аталмыш форумды ұйымдастыруға мұрындық болған түркілердің атажұртындағы қазақтардың қолға алуы қуантады бізді.

Қазірде саны аз, өзінің мемлекеттілігі жоқ түркі халықтарының өзіндік құндылықтарын, дәстүр-мәдениетін сақтап қалуы маңызды. Бұндай халықтарға ноғайларды жатқызуға болады. Дегенмен, олар аздығына қарамастан, өздерінің тегін, тілі мен ділін жоғалтқан жоқ. ХХ ғасырдағы ноғай әдебиетінде ежелгі түркілер-дің сарыны, образдары мен құбылыстар кездеседі. Бүгінгі ноғай жазушылары жазған туындыларға қарап, олардың Шалкиіз, Асан Қайғы, Доспанбет, Қазтуған секілді қазақтың ақын-жырауларының өлеңдері мен жырларынан сусындағанын аңғару қиын емес.
Ноғай әдебиеті мен тілін дамыту мақсатында қазіргі уақытта көптеген көркем шығармалар мен аудармалар, сөздіктер, жазбалар жарық көруде. Енді жақында ХХ ғасырдағы ноғай классиктерінің еңбектері топтастырылып басып шағырылмақ. Мұның бәрі ноғай халқын біртұтас түркі мәдениетіне жақындатып ғана қоймай, әлемдік деңгейде түркілердің ойып тұрып орын алуына өзіндік үлесін қосады деген сенім мол.

Жабайхан Әбділдин, академик, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:
– Бұл форумның мәні тек ғылымда, өз-өзімізді тануда ғана емес, келешегіміз қандай болмақ деген бүгінгі ең көкейтесті сұраққа жауап іздеуге мүмкіндік береді. Ендеше ертеңгі болашағымыз жастар деп білсек, біздер кейінгі буынды рухани әлемі бай, көкірек көзі ояу, білімді, жан-жақты, отансүйгіш тұлға ретінде тәрбиелеуге тиіспіз. Мінеки, сол кезде мақсатымыз орындалады. Ал егер таяз ойлайтын, ақшаны ғана жақсы көретін, тарихты, мәдениетті бағаламайтын, тегін қуаламайтын ұрпақ өсірсек, келешегіміз мүшкіл. Сондықтан жастарды кішкентайынан төл тарихымызбен, мәдениетімізбен сусындатып, түркі әлемімен таныстырып, оны сүюге, қорғап, сақтауға үйретіп өсірсек, сан ғасырлардан бері үзілмей келе жатқан асыл мұрамыз, құндылықтарымыз бүгінгі жаһандану заманында да жұтылып кетпейді деп ойлаймын.

Татьяна Артамонова, Алтай мемлекеттік аграрлық университетінің доценті:
– Менің айтпағым, Алтайдың қасиетті жерлері туралы болмақ. Зерттеуші Николай Рерихтің Алтайдың байлықтары туралы жазған жазбаларына жүгінсек, бұл өлкенің әлі де ашылмаған қазыналары көп екенін ұғамыз. «Денисов үңгірінен» табылған сенсациялық жаңалық жер бетінде кездесетін үш түрлі: африкалық, еуропалық және шығыстық хомо сапинестермен қатар, Алтайлық хомо сапиенстің болға-нын айғақтады. Бұл біздің тарихи құндылығы-мыз, ал енді табиғи байлықтарымызға келсек, оның өзі – бір төбе. Айталық, Алтайда барлық климаттық белдеулер мен ландшафтардың болуы, жан-жануарлар әлемінің әртүрлілігі ЮНЕСКО-ның табиғи мұралары қатарына енуіне септігін тигізді. Осы ерекшелікті ертедегі түркі халықтары түсінген, табиғатқа табынып, оны аялап ұстауы сондықтан.

* * *

Ғылыми-тәжірибелік конференция жұмысында басқа да қатысушылар сөз сөйлеп, ой-пікірлерін, ұсыныс-тілектерін айтты. Солардың бірі – Голландиядан келген, тегі – түркі, жас ғалым С.Асыл, Өскеменнің төрінде өтіп жатқан салиқалы мәжілістің мән-маңызын айта келе, бірқатар ұсынысын жеткізді. Оның ішінде шетелдік ғалым түркі халықтарының арасында ән фестивалін, спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастыру секілді идеяларды жеткізсе, қазақстандық жас ғалым Қуаныш Нұрғалым мәдени-рухани байланыстармен қатар, түркі халықтарының экономикалық ынтымақтастығын жолға қою, аталған халықтар жастарының еуразиялық штабын құру мәселелерін тілге тиек етті.
Конференцияны қорытындылаған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев сөз соңында: – Осында айтылған ұсыныс-пікірлер міндетті түрде форумның қарарына енгізіліп, келешек-те қаперге алынады. Бұл «Алтай – түркі әлемі-нің алтын бесігі» деп аталатын халықаралық форум Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкіметтің шешімімен екі жылда бір рет дәстүрлі түрде ұйымдастырылып отыратын болады, – деді.

Бүгін, тамыздың 27-ші жұлдызында Катонқарағай ауданы, Берел ауылының маңындағы «Патшалар жазығында» осы халықаралық форумның аясында түркі халықтарының музыкалық фестивалі шымылдығын түрді. Бұл фестивальға қазақстандық өнер иелерімен қатар, Түркия, Қырғызстан, Әзірбайжан, Ресей, Моңғолия, Қытай және өзге де мемлекеттерден қайраткерлер мен өкілдер қатысуда.

Думан Анаш,
Серік Әбілхан
Суреттерді түсірген: Е.Орынбаев.

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив