KZ
Өскемен
+12°
облачно с прояснениями жел 6 м/с, СБ
446.49 475.38 4.79

Қазақстандағы барлық ұлыс өкілдері мемлекеттік тіл аясына топтасуы керек

14.08.2013, 18:00 203


Өскеменде еліміздегі Достық үйлерінің бірінші конгресі өтті. Оның жұмысына Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, еліміздегі Достық үйлерінің директорлары мен әдіскерлері, этномәдени бірлестіктердің мүшелері қатысты, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Бірінші республикалық конгрестің Шығыста өтуінің өзіндік мәні бар. Өйткені, елімізде Достық үйі алғаш 1992 жылы осы Өскеменде құрылған болатын. Былтыр 20 жылдығын тойлаған облыстық Достық үйі бай тәжірибесінің арқасында осындай шараның ұйымдастырылуына ұйтқы болып отыр.

Еліміздің әр аймақтарынан келген меймандар конгрестің алғашқы күні Өскеменнің көрікті жерлерімен танысты. Десе де, оларды ерекше таң-тамаша қалдырған облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен бой көтерген этноауыл болды. «Көп естігеннен бір көрген артық» дегендей, қонақтардың көпшілігі Өскемендегі этноауыл жайында талай мәрте естігендерін айтады. Бірақ осынша сәнді, салтанатты деп ешқайсылары да ойламапты.

− Этноауылдарыңызды көріп, қуанып тұрмыз. Бізге қатты ұнады. Мұндай өнер туындысы біздің Оралда
да бой көтерсе жаман болмас еді, −дейді Батыс Қазақстан облыстық Достық үйінің өкілі Жасмұрат Айтжанов.

Шынында да, осынау этноауыл бір жылда ғана тұрғызылған дүние емес. Мұнда тұрғызылған түрлі этностардың үйлеріндегі жәдігерлердің қатары жыл сайын толығып, молаюда. Облыста тұратын орыс, украин, неміс, армян, әзірбайжан сынды әртүрлі ұлт өкілдері өз тарихын терең танып-білуге мүмкіндік алуда.

Дәл осы этноауылда республикалық Достық үйлерінің І конгресінің ашылу рәсімі болды. Конгреске қатысушыларды облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар құттықтап, сөз сөйледі. Ол өз сөзінде осындай шаралардың этностар арасындағы қарым-қатынасты ны-ғайтуға зор ықпал ететінін, бір-бірімен жақындаса түсуге септігін тигізетінін ерекше атап айтты.

Конгресс жұмысы облыстық Достық үйінде жалғасты. Мұнда өткен «Достық үйлері – қоғамдық келісім мен әлеуметтік бастамалардың орталықтары» атты дөңгелек үстелге облыс Әкімінің орынбасары Жақсылық Омар төрағалық етті.

− Еліміздегі Достық үйлерінің жұмысын жетілдіру, жандандыру – уақыт талабы. Осынау басқосудан кейін Достық үйлерінің белсенділігі артып, жұмысы жаңа деңгейге көтеріледі деп үміттенеміз, − деді облыс басшысының орынбасары.

Дөңгелек үстелде Президент әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының сектор меңгерушісі Нәзипа Ыдырысқызы еліміздегі Достық үйлерінің жаңа бағыты жайында сөз қозғады.

− Қазақстан халқы Ассамблея-сының ХХ сессиясында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев алдымызға көптеген міндеттер қойғаны белгілі. Қазіргі таңда Достық үйлерін елімізде тұратын этникалық топтардың тек өз мәдениеті мен дәстүрін, тілі мен тарихын үйрететін орталық ретінде ғана емес, азаматтық бастамаларды іске асырудың негізгі тетігі ретінде қарастырғанымыз жөн. Достық үйлері бір орында тұрып қалмай, дамудың жаңа деңгейіне көтерілуі тиіс. Қазақстанда тұратын барлық ұлыстарды бір идея аясында топта-суға шақыруы қажет. Біздің күшіміз – бірлікте, − деді ол.

Нәзипа Ыдырысқызының айтуынша, қазір Қазақстанның тоғыз облысында Достық үйлері жұмыс істейді.

Облысымыздағы Достық үйлерінің жұмысы туралы дөңгелек үстелде Шығыс Қазақстан облысы халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Еркінбек Аязбаев баяндап берді.

Тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, Шығыс Қазақстан облысы халқы Ассамблеясының ғылыми-сараптамалық кеңесінің мүшесі Нелли Краснобаеваның баяндамасының да қатысушыларға берері мол болды.
Биыл Павлодар облыстық Достық үйіне 5 жыл толып отырған көрінеді. 2008 жылдың қыркүйегінде тұсауын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қиған Достық үйі осы жылдар ішінде қандай жұмыстар атқарды? Дөңгелек үстелде бұл туралы Павлодар облысы Достық үйі директорының міндетін атқарушы Руслан Маралбаев әңгімеледі.

− Елбасының қолдауына ие болып жатқан небір идеялардың бәрі де Шығыстан бастау алып жатады. Алғашқы Достық үйі мен алқашқы этноауыл бізде ашылды. «Келісім мен достықтың «Жол картасы» да біздің облыстан республикаға жол тартты. Осы жолы республикадағы Достық үйлерінің бірінші конгресін де біз ұйымдастырып отырмыз. Біле білсек, Шығыста нақты істер жүзеге асырылып жатыр, − дейді облыстық Достық үйінің директоры Эльдар Төлеубеков.

Оның айтуынша, осынау шараны ұйымдастыруға мемлекет бір тиын да бөлмеген. Бәрі де облысымыздағы «Қазгипроцветмет» ЖШС, «Азия Авто» АҚ, «Востокмашзавод» АҚ, «Өскемен конденсатор зауыты» АҚ сынды бизнес-құрылымдарының қаржылық көмегімен өткізіліп отырған көрінеді. Мұның өзі де көп нәрсені ұқтырса керек. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі дегеннің өзі − осы. Еліміздегі келісім мен достықтың тұғыры мықты болуына бизнес-құрылымдары да мүдделі.

Конгреске қатысушылар осы жиында өздерін толғандырған бірқатар сауалдарға да жауап алды.
− Біздің Жамбыл облысында Достық үйі әлі ашылған жоқ. Бірақ, болашақта ашсақ деген ойымыз бар. Десе де, осы Достық үйі қай басқарманың қарауы-на берілгені жөн? Облыстық мәдениет басқармасына ма, әлде ішкі саясат басқармасы жетекшілік еткен дұрыс па? − дейді конгреске Жамбыл облысынан қатысушы өкіл.
Ал Ақтөбе облысынан келген мейманды Достық үйінде қанша штат болуы қажет екендігі көп қызықтырады. Семейлік Гүлжихан қажы «Қымызмұрындық», «Этнос той» сынды мерекелерге қаржы қарастырылса екен деген ұсынысын да жеткізді.

Дөңгелек үстел жұмысын қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар:
− Жыл сайын мектепті тәмамдаған мыңдаған түлектер өзге мемлекеттерге кетіп жатыр. Біз оларды өсіреміз, білім береміз, ал нәтижесінде түлектеріміз өзге мемлекеттің оқу орындарына түсіп, сол елде қалып қояды. Бұл дегеніміз, біз өзге елдің экономикасына жұмыс істеп жатырмыз деген сөз. Біз неге бұған жол береміз? Этномәдени орталықтар бұл мәселеде неге үнсіз? − деді.

Сондай-ақ, облыс басшысының орынбасары өз сөзінде мемлекеттік тіл мәселесіне де тоқталды. Өз тілің мен дәстүріңді үйренгенің дұрыс, бірақ өзің тұрып жатқан елдің тілін де сыйлауымыз қажет. Мемлекеттік тіл аясына топтасуымыз керек. Бұл − Елбасымыздың саясаты. Өкінішке қарай, бұл мәселеге келгенде көпшілігіміз әлі салғыртпыз.

Бұдан кейінгі шаралар Шығыс өңірінің сұлу табиғаты аясында орналасқан «Көк тау» демалыс орнында жалғасты. Мұнда өткен Достық кешінің меймандардың есінде ұзақ сақталары да сөзсіз.

Конгреске қатысушылар мұндай шараны жыл сайын өткізіп тұруға уәделесті. Ал Достық үйлерінің жұмысына қатысты ұсыныстар мен тілектер қыркүйектің 1-жұлдызына дейін Қазақстан халқы Ассамблеясына жолданатын болды.

Мейрамтай Иманғали

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив