KZ
Өскемен
+18°
ясно жел 11 м/с, С
446.49 475.38 4.79

Шығыс Қазақстан облысында 740 адам жергілікті биліктен үміткер

7.08.2013, 18:00 197


7-тамызда Шығыс Қазақстанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының аудандық маңызы бар қалалары, ауыл округтері, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттері мен ауыл әкімдерінің сайлауын өткізу туралы» Жарлығына сәйкес сайлау басталды. Облыста жергілікті әкімдерді сайлау екі күнге созылады. Әкімдерді жанама сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы аудандық мәслихат депутаттары сайлады, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Облысымызда 7-тамызда ауыл әкімдерінің сайлауы Абай, Аягөз, Бесқарағай, Бородулиха, Глубокое, Зырян, Көкпекті, Ұлан аудандарында өтті. Ал 8-тамызда Семей қаласында, Жарма, Зайсан, Катонқарағай, Күршім, Тарбағатай, Үржар, Шемонайха аудандарында өтеді. Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Еркінбек Аязбаевтың айтуынша, аймақта жалпы саны 252 мандат болса, оған үміткерлердің саны 740 адамды құраған.

Абай ауданындағы 9 ауылдық округтің әкімдері атануға 27 кандидат өтініш білдірсе, оларға таңдауды аудандық мәслихаттың 11 депутаты жасады. Сайлау барысында ешқан-дай заң бұзушылықтар тіркелмеген. Аудандық мәслихаттың хатшысы Төлеубек Аманғазинның айтуынша, нәтижесінде бұрынғы тоғыз әкім де халық таңдаған депутаттардың жүз пайыз сеніміне ие болды.

Ал Аягөз ауданында сайлау таңертеңгі сағат тоғызда басталды. Мұндағы 23 ауылдық округтің әкімдерін анықтауға 15 депутаттың 14-і қатысқан. Аудандық мәслихаттың хатшысы Төлеухан Бозтаевтың мәліметінше, үш ауылдық округке жаңадан әкім сайланған. Сондай-ақ, облыс орталығынан барған бақылаушылар да сайлау барысының ойдағыдай өткізілгенін мәлімдеді.

Әкімдерді сайлау Бородулиха ауданында да ойдағыдай өтіп, аудандық мәслихаттың 13 депутаты 17 ауылдық округтің, бір кенттің әкімін анықтауда лайықты таңдауларын жасады. Мұнда да жаңадан үш әкім тағайындалса, қалғандары – бұрынғы әкімдер. Глубокое аудандық мәслихатының депутаттары бұл күні
13 ауылдық округтің, 4 кенттің әкім-дерін анықтаса, олардың жетеуі жаңадан сайланды. Зырян аудандық мәслихатының депутаттары 13 ауыл-дық округтің әкімдеріне таңдау жасады. Аудандық мәслихаттың хатшысы Галина Денисованың айтуынша, барлығы 44 кандидат тіркеліпті. Көкпекті ауданында сайланған 17 әкімнің алтауы қызметтеріне алғаш рет кіріспек. Көкпекті ауданында бір орынға үш үміткерден айналған.

Әкімдер сайлауы Бесқарағай ауданында да зор ұйымшылдықпен өткізілді. Бесқарағай аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ерболат Рахматуллин аудандағы он ауылдық окургтің әкімдігіне үміткер болып бастапқыда отыз адам тіркелгенін, соңғы сәтте оның үшеуі өз кандидатураларын қайтып алғанын, сонымен үш ауылдық округі әкімінің орнына екіден, қалғандарының бәріне үш кандидаттан таласып отырғанын айтқан. Аудан әкімінің ұсынысымен бұрынғы әкімдердің бесеуі додаға қосылыпты. Қалған кандидаттар – түрлі мамандық иелері.

Аумақтық сайлау комиссиясының жеті мүшесінің әрқайсысының міндеті де айқын екендігі көрініп тұрды. Ең бастысы, аудандық мәслихаттың құрамындағы 12 депутаттың бәрінің ел өміріндегі жауапты науқанның маңызын жете түсінгені бірден аңғарылады. Соның бірі – жергілікті мәслихаттың төрт шақырылымының депутаты Талғат Сұлтанов бұл саяси науқан ел өміріндегі елеулі оқиға екендігін айта келіп, өздеріне де, бүгін сайланатын әкімдерге де зор жауапкершілік жүктеліп отырғанын мәлімдеді. «Енді әкімдер тек билік органына ғана емес, біздің алдымызда есеп беріп тұрады. Ал олар үшін біз халықтың алдында жауаптымыз», – деді ол.

Дауыс беру нәтижесінде бұрынғы әкімдердің ішінен додаға жіберілген бес әкімнің бесеуі де өткені, қалған орындарды тыңнан қосылған үміткерлер иеленгені белгілі болды. Сөйтіп, осы алғашқы сайлаудың нәтижесінде ауылдық окург әкімдерінің тең жартысы жаңадан сайланды.

Дәурен Аллабергенұлы
Дәулет Сейсенұлы

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив