KZ
Өскемен
+9°
облачно с прояснениями жел 8 м/с, Ю
448.15 483.46 4.86

«Экспорттаушы-2020» бағдарламасы Шығыс Қазақстанда жүзеге асырылып жатыр

25.07.2013, 18:00 125


Шетелдерге өнім шығаратын отандық кәсіпорындарды қолдау мақсатында жасалған «Экспорттаушы-2020» бағдарламасы аясында осы уақытқа дейін облыстың 18 кәсіпорнының экспорттық іс-шаралар бойынша жұмсаған 45, 6 млн. теңге шығыны мемлекет тарапынан қайтарылып берілді, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Бағдарлама жүзеге асырылған алғашқы 2010 жылы облысымыздағы «Өскемен арматура зауыты», «Өскемен конденсатор зауыты», «ШҚ ұнқұрама жем комбинаты», «Daewoo Bus Kazakhstan», «СП ВГ Пласт» кәсіпорындары өздерінің шетелдік тұтынушыларға тауар шығару барысында жұмсаған қаржыларының бір бөлігін осы бағдарлама бойынша мемлекеттен арнайы бөлінген қаражатпен жа-уып, өндірістерін одан әрі нығайтуға мүмкіндік алды. Бұл бес өнеркәсіп нысанына барлығы 23,6 млн. теңге қайтарылды.

2011 жылы өз өнімін Қазақстаннан тыс жерлерге жөнелтіп отырған облысымыздың тағы да он кәсіпорны шетке өнім шығару кезінде жұмсаған шығындарының орнын толтырып, «Экспорттаушы-2020» бағдарламасының игілігін көрді. Өндірген тауарларының он пайыздан астамын шетелге шығарып жатқан «Гидросталь», «Роза» киіз-пима комбинаты», «Тандем-Агро», «Жолдас Продукт», «Аудио бейне комплект», «Каzfoam» сияқты бірқатар шағын және орта кәсіпорындардың 4,5 млн. теңге көлеміндегі қаржылай шығындары мемлекет есебінен өтелді.

«Экспорттаушы-2020» бағдар-ламасының арқасында былтыр да аймақтағы үш бірдей ірі кәсіпорын республикалық бюджеттен бөлініп отырған көмекке қол жеткізді. Ресейдің, Украинаның, Белоруссияның, өзге де елдердің мұнай, газ шаруашылығы, энергетика саласын, тұрғындарын сапалы тауарларымен қамтамасыз етіп отырған «Өскемен арматура зауыты» АҚ, «Азия Авто» АҚ, «Өскемен конденсатор зауыты» АҚ-на жалпы сомасы 17,5 млн. теңге қаржы бөлінді.

Облыстық кәсіпкерлік және өнер-кәсіп басқармасы мамандарының айтуынша, өткен жылы Шығыстан шетелдерге тауар шығарудың көлемі 28,6 пайызға артып, 3831,1 млн. АҚШ долларын құрапты. Облыс бүгінде 94 шетелмен сауда-саттық байланысын жүзеге асырып келеді. 2013 жылдың қаңтар-сәуірі ішінде облыстағы сыртқы сауда айналымы 1187,7 млн. доллар көлемін құраған. Экспорт бойынша да, импорт бойынша да аймақтың сауда айналымындағы алар орны айрықша болып отырғандар Азия елдері, соның ішінде әрине, Қытай. 2012 жылы Азия елдері арасында Қытайдан біздің облысқа келген тауарлардың үлесі - 51 пайызды, осы елге бізден жіберілген экспорттың үлесі – 41,8 пайызды құраған.

Аймақ экспортының әжептәуір бөлігін металдар мен олардан жасалған бұйымдар және минералды өнімдер құрап келеді. Ресей мен Белоруссия нарығында біздің өңірден барып жатқан химия, металлургия саласының өнімдері басым болып отыр.

«Экспорттаушы-2020» бағдарламасы Шығыс Қазақстанда жүзеге асырылып жатыр

Алайда, осы екі елден облыстың ішкі нарығына еніп жатқан импорттық тауарлар тасқынында да толас жоқ. Сол баяғыдай Ресейден - минералды өнімдер, бағалы емес металдар мен олардан жасалған бұйымдар, машиналар, құрал-жабдықтар, көлік құралдары, аспаптар мен түрлі аппараттар, Белоруссиядан – химиялық өнімдер мен осы өнеркәсіпке байланысты өзге де өнімдер, машиналар, көлік құралдары, құрал-жабдықтар, аспаптар, аппараттар, мал, өсімдік өнімдері, дайын азық-түлік өнімдері ағылып келіп жатыр. Облысқа құрал-жабдықтар мен машиналардың шеттен көптеп келуіне соңғы жылдары өңірде ашылып жатқан жаңа өндіріс орындарының көбейе түсуі де үлкен ықпал еткен.

Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының деректеріне сүйен-сек, шеттен келетін тауарлардың қатарында ет пен ет өнімдері былтыр 74, 3 пайызға өскен көрінеді. Мал, өсімдік майы өнімдері де екі есеге ұлғайған екен.

Шетелден келген тауарлар көлемінің көп болуына облыстағы Қазцинк, ТМК сияқты тау-кен металлургия кәсіпорындарына қажетті полиметалл кендері мен ильменитті құмдар шикізаттарының Қазақстаннан тысқары жерлерден алынып отыруы да әсер етуде. Кәсіпорындар өндіріске керекті шикізаттың 70 пайыздан астамын Ресейден тасымалдауға мәжбүр болып отыр, дейді сала мамандары. Осылайша белгілі бір тауардың, шикізаттың біздің облыста өндірілмеуі, жоқ болуы, сондай-ақ, өндіріліп отырған тауар сапасының төмендігі, өз өніміміздің сыртқы нарыққа шығарылмай жатуы импорт пен экспорттың тайталасын тудырып келеді.

Көрсеткіштерге тағы да көз жүгіртсек, 2012 жылы тек қана Кедендік одаққа мүше елдермен арадағы сыртқы сауда айналымы 1,3 есеге өсіп, 1875,8 млн. АҚШ долларына жеткен. Экспорт 272,7 млн. доллар болып, 28,4 пайызға кемісе, импорт 1603,1 млн. долларды құрап, 1,6 есеге көбейіпті. Екі елмен өзара сауда ішінде Ресейге шығарылып отырған өнім мөлшері 32,6 пайызға азайып, керісінше осы елден келген тауарлар 1,6 пайызға ұлғайған. Ал облыстың одаққа мүше екінші ел – Белоруссиямен сыртқы сауда айналымы 73 млн. АҚШ долларын құраған. Соның 3,1 млн. доллары экспорттың, 69,9 млн. доллары импорттың үлесінде. Белоруссия еліне шығарылып жатқан өнімдеріміз 2,3 есеге көбейгенімен, ол елден келетін тауарлар да 6 пайызға артқан.

Дегенмен, статистикалық мәліметтерге қарар болсақ, өткен жылы облыстағы ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу кәсіпорындары да қалыспай, қос көршілерге сатып келе жатқан өздерінің азық-түлік өнімдерін 2,1 есеге арттырыпты. Атап айтсақ, тері шикізаты мен теріден жасалған бұйымдар, бас киім, ет және ет өнімдері, сусындар сату көлемі айтарлықтай ұлғайған. Бұл біздің өңірде экспортты ұлғайтуға орай жасалып жатқан іс-шаралардың нәтижелі жүзеге асырылып жатқандығының айғағы.

Екі жақты алыс-берісті арттырып, шетелге тауар шығару көлемін ұлғайту үшін облыста біраз шаруа атқарылып жатыр. Экспорттаушы кәсіпорындарға қаржылай қолдау көрсетілуде. 2011-2012 жылы облыста Ресей Федерациясының өнеркәсіптік кәсіпорындарымен 18 бір-лескен кәсіпорын ашылды. Қазіргі күні облыстың көршілес Алтай өлкесі, Алтай Республикасы, Томск, Новосибирск облыстарымен қарым-қатынасы нығая түсуде. Шетелдік тауарларды өз өнімдерімізбен алмастыру бағытында, инновациялық жаңа өндіріс орындарын ашып, қажетті өнімді өзімізде шығару бағытында атқарылып жатқан жұмыстар да көп. Сөйтсе де, иек артқызып қойған импортқа тосқауыл қойып, экспортты еселеу үшін отандық өндірісшілерге әлі талай тер төгу керек болып тұр.

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив