KZ
Өскемен
+7°
небольшая облачность жел 5 м/с, С
444.32 473.33 4.76

Шығыс Қазақстандағы 80-ге жуық мектептің 20 пайызы аттестациядан өте алған жоқ

1.07.2013, 18:00 183


«Дидар» газетінің редакциясында өткізіліп келе жатқан дәстүрлі тікелей байланыстың бұл жолғы қонағы облыстық білім саласындағы бақылау департаменті-нің директоры Бағлан Данияров болып, оқырмандардың сан алуан сұрақтарына тиянақты жауаптар қайтарды, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Ата-аналар атынан Аман Жолжақсын, Бесқарағай ауданы:

– Аудандарда білім саласын бақылайтын сіздердің бөлімшелеріңіз бар ма, жоқ па, көбіміз хабарсызбыз. Ондай бөлімшелер болса, ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде неге белсенділік танытпайды? Солардың араласуымен
педагогикалық ұжымдарда озбыр мінезімен көзге түсіп қалып жататын мектеп басшылары тиісті жазасын алыпты дегенді де естімеппіз...

– Облыстық білім саласындағы бақылау департаментінің аудандарда білім саласын бақылайтын бөлімшелері жоқ. Ал екінші сауалыңызға қатысты мәселе бойынша Қазақстан Республикасының «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Заңына сәйкес біздің департаментке өтініш білдіруіңізге болады. Аталған фактілер орын алса, қолданыстағы заңнамалар негізінде лауазымды тұлғаларға және педагогтарға тиісті шаралар қолданылады.

Мұғалім (аты-жөнін атамады) Абай ауданы:
– Қазірде аудан, ауыл әкімдері түрлі сынақтардан өткізіле бастады. Мектеп басшыларын да неге сондай сынақтардан өткізбеске! Болмаса өзі істің ыңғайын, жалпы заңдылықты білмей жатып, өзінен төменгілерге ақыл айтатын мектеп директорлары жоқ емес. Жалпы, мектеп басшыларын неге сайламасқа!

– Орта білім беретін мекеме жетекшілері Білім және ғылым министрінің 2012 жылдың 21 ақпанындағы № 57 бұйрығымен бекітілген «Орта білім беретін мемлекеттік мекемелер жетекшілерін конкурстық ауыстыру ережесі» негізінде конкурс арқылы тағайындалады. Бос лауазымдық орынға және мекеме жетекшісі қызметінің әр бес жылы аяқталған соң конкурсты мекеменің басқару органы (аудандық және қалалық білім бөлімдері) өткізеді. Ал кандидаттарға қойылатын біліктілік талаптары аталған министрлік басшысының 2009 жылғы 13 шілдедегі №338 бұйрығымен бекітілген «Педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғалардың лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларына» сәйкес белгіленеді.

Альмира Сәтпаева, Риддер қаласы:
– Сіздің ведомствоның бастамасымен жабылған оқу орындары болды ма? Болса, олардың саны қанша?

– Жоқ. Біздің бастамамызбен бірде-бір мектеп немесе балабақша жабылған жоқ. Біз мемлекеттік аттестацияның қорытындысы бойынша тексерілген нысандағы заң бұзылушылықтар мен заңға сәйкес келмейтін тұстарды анықтаған соң әкімшілік айыппұл салынады және оқу орнының лицензиясы уақытша алынады да, оларға жіберілген кемшіліктерді жою үшін уақыт беріледі. Егер осы уақытта мекеме әкімшілігі ешқандай шара қолданбаса немесе ол жеткіліксіз дәрежеде атқарылса, материалдар мамандандырылған сотқа жіберіледі. Тек сот қана ол оқу орнының лицензиясын алу жөнінде шешім шығара алады.

Мерхат Қасенғазин, Ұлан ауданы:
– Бірсыпыра мектептің алғашқы аттестациялаудан өтпей қалғанын естіп-біліп жатырмыз. Сонда ондағы балалар мен мұғалімдер далада қалып қоюы мүмкін бе?

– Аттестациядан өту кезінде мектептерде көрсетілетін білім беру қызметі мемлекеттік стандарттар талабына сәйкес келетін-келмейтіні анықталады. Бүгінгі күнге облысымыздағы аттестациялауға енген жалпы білім беретін 80-ге жуық мектептің 20 пайызы одан өте алған жоқ. Оған көп мектептердің білім беруі мемлекеттік стандартқа сай келмеуі және онда оқитын оқушылардың білім деңгейінің өте төмен болуы негізгі себеп болды. Тіпті, кей мектептерде жекелеген міндетті пәндер оқытылмағаны да белгілі болып отыр. Ал алғашқы аттестациялаудан өте алмаған мектептер одан қайтара өткізіледі. Мұндай процедура оларда білім беру сапасын көтеруге көмектесетінін байқап жүрміз. Жалпы, біз жылына 200-ден астам мектепті аттестациялаудан өткіземіз.

Жарма ауданы, Аршалы ауылының тұрғыны (есімін атамады):
– Мектептерден кеткен немесе жоқ мұғалімдердің орнына кім көрінген, мысалы: ағылшын пәнінің мұғалімі тарихтан да, географиядан да, тіпті, қазақ тілінен де дәріс берсе, химия мұғалімі тағы бір пәннен сабақ береді. Оны неше рет айтып, жаздық та. Ауданнан келетіндер «бәрі дұрыс» деп кете барады. Сонда балалар қандай білім алып шығады?

– Ондай фактілерді біздің департаментке жазып жіберсеңіз, тексеріп көрер едік.

Әсия Әміренова, Аягөз қаласы:
– Аягөз қаласында бір ғана интернат бар. Болашағы бұлыңғыр ауылдардағы шағын комплектілі мектептер жабылған жағдайда ол ауылда-ғы балалар қайда барады?

– Бұл мәселе бізге қатысты емес, оны жергілікті атқарушы органдар шешеді.

Бұлғын Мәжитова, Мыңбұлақ ауылдық мектебінен, Аягөз ауданы:
– Мен биыл зейнет жасына толамын. Денсаулығым жақсы болса, жұмысымды жалғастыруыма бола ма?
– Бізде Еңбек кодексі бар. Соған байланысты мектеп басшысы сізбен бір жылға арнайы келісім жасаса, әрі қарай еңбек етуіңізге әбден болады.

Икром Ахмадалиев, Семей қаласы:
– Мен орта мектепті Өзбекстанда тәмамдағанмын. Сол жақта алған аттестатыммен Қазақстандағы колледждерге түсе аламын ба?

– Шетелде орта білім алғандығын растайтын барлық құжаттар Қазақстанда нострфикациялаудан өтуі немесе оны тану туралы процедурадан өткізілуі тиіс. Сондықтан сіздің Астанадағы ұлттық аккредациялау орталығына хабарласқаныңыз жөн. Бұл туралы нақты ақпаратты 8 (7172) 73-17-50 немесе 74-17-43 телефоны арқылы алуыңызға болады.

Әлия Тоқтарқызы, Күршім ауданы:
– Қазір мектептерді оңтайландыру мәселесі қандай деңгейде жүргізілуде?

– Оңтайландыру алдын ала жасалған жоспар бойынша жүргізіліп жатыр. Мәселен, сіздің аудандағы Шанағаты шағын комплекті-лі мектебін алайық. Ол мектеп алғашқы аттестациялаудан өте алмаған болатын. Содан оның директорын, директордың орынбасарын ауыстырдық. Қазір мектептегі білім беру ісі жақсарғанын көріп отырмыз. Олар екінші қайтара жүргізілген аттестациялаудан өте сәтті өтті. Дегенмен, оның материалдық-техникалық базасын жаңғырту керек болады. Жалпы, қазірде шамамен алғанда 20-дай мектеп оңтайландырылды-ау деймін.

Тұрсын Түсіпбек, Курчатов қаласы:
– Сіздер облыстағы барлық мектепті тексеріп, барлығы жақсы деп жатасыздар. Олардың несімен жақсы екенін атауға болмай ма?
– Біз жалпы барлық мектепті тексермейміз. Заң бойынша мектептер аттестациядан өтеді. Мәселен, биыл Курчатовтағы үш мектептің біреуі ғана аттестациялаудан өтті. Аттестацияның негізгі мақсаты – мемлекеттік стандарттың орындалуы. Ал тексерген кезде басқа кемшіліктер кездессе, сол жерде жазып кетеміз және оларды жоюға міндеттейміз. Тегінде бәрі жақсы дей алмаймыз. Мысалы, мектептің білім беруі біліктілік талаптарына сай келмей жатса, атап айтқанда, кадр бойынша, материалдық-техникалық базасы бойынша дегендей, біз онда оларды қайтадан жоспарлы тексеруге енгізіп, тізімге қойып, тағы тексеруден өткіземіз.

Досым Қатов, Бесқарағай ауданы:
– ҰБТ-ны өткізу білім басқармасының міндеті болғанымен, оның өтуін қадағалау сіз басқаратын департаменттің құзырында ғой. Биылғы ҰБТ қалай өтті, оң нәтиже болды ма? Немесе заң бұзушылықтар орын алды ма, ондай
болса, кімдер тарапынан болды? Сол жөнінде айтып берсеңіз.

– Сұрағыңыз өте орынды, жақсы сұрақ екен. Биылғы ҰБТ негізінен ұйымдасқан түрде өтті дей аламыз. Біздің департамент, оған қоса Білім және ғылым министрлігінен келген өкілдер бақылау жүргізді. Нақты айтсақ, орташа есептегенде былтырғыға қарағанда 2,5 балға жуық өсім болғаны байқалды. Ал заң бұзушылықтарға келсек, түсіндірудің кемдігінен бе, ақпараттық жұмыстардың төмендігінен бе екен, біздің түлектер өздерімен бірге ұялы телефон, шпаргалка, фотоаппарат, биыл тіпті, рацияға дейін алып кіргені белгілі болды. Мысалы, ҰБТ өткен жердегі дыбыс сөндіргіштердің белгілі бір радиустары бар. Олардың кейбірі сынақ кезінде істемей қалса, кейбіреулер сол сөндіргішті сөндіріп тастайтын құрал ойлап тауыпты. Адам ойлап, тапқанды адам шеше алатыны белгілі ғой. Дегенмен, келесі жылы бұлардың бәрі ескеріліп, бақылау қатаң бола түспек.

Әскербек, Глубокое ауданы:
– Мен Предгорное ауылында тұрамын. Осы жердегі орыс мектебіндегі балалар сабаққа казактардың киімін киіп барады. Осыны қадағалауға болмай ма?

– Біздің елде білімнің стандарты бар, киімнің стандарты жоқ. Бұл мәселеге жергілікті органдар мен білім бөлімдері бар, сондай-ақ, мектеп басшылығы бар, солар қарауы керек. Шынын айтқанда, бұл жағын тексеру біздің функциямызда жоқ. Мен бұл мәселені жазып алдым, алдағы уақытта сол ауданның жергілікті әкімдіктерімен бірлесіп, қарайтын боламыз.

Татьяна Самойлова, Катонқарағай ауданы:
– 2011 жылы біздің ауданда білім, дене шынықтыру және спорт бөлімдері біріктірілді. Бұлайша біріктірілудің басшылар мен мұғалімдердің жұмысын ауырлатқаннан басқа пайдасы жоқ сияқты.

– Рас, бірқатар аудандарда осындай оңтайландыру жүргізілген. Бұл жергілікті атқарушы органдардың ұйғарымы болса керек. Оның нақты жауабын алу үшін аудан әкімімен байланысқаныңыз жөн.

Ғафура Сәрсенбайқызы

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив