KZ
Өскемен
+17°
облачно с прояснениями жел 5 м/с, С
446.49 475.38 4.79

Биылғы бәсекеде өскемендіктер биіктен көрінді

30.06.2013, 18:00 174


Семейде Шығыс Қазақстан облысы әкімінің жүлдесіне арналған XVII халықтық спорт ойындары мен IX «Сәулетай» балалар спорт ойындарының нәтижелері қорытындыланды, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Айта кетейік, дәстүрге айналған қос спорттық шара да Қазақстан футболының 100 жылдық мерейтойына арналды. Халықтық спорт ойындары Семейде соңғы рет 2007 жылы өткен болатын. Араға жылдар салып, қаламызда қайтадан өткізілген бұл шара мен «Сәулетай» балалар спорт ойындарының нәтижелері шаһардағы «Спартак» стадионында қорытындыланып, жеңімпаздар мен жүлдегер командалар марапатталды.

Биылғы бәсекеде өскемендіктер биіктен көріндіӨскемен қаласының спортшылары қос сайысқа да ерекше дайындықпен келгендіктерін аңғартты. Нәтижесінде облыс орталығының өкілдері халықтық ойындарда да, «Сәулетайда» да қарсылас шақ келтірмей, жалпыкомандалық есеп бойынша бас бәйгені еншіледі. Ересектер жалпыкомандалық есепте 370, балалар 154 ұпай жинады. Қалалар бойынша екінші орын Семей қаласына бұйырды. Үшінші орын биігінен 233,25 ұпай жинаған Зырян қаласы көрінді. Төртінші орынды Риддер (178,25 ұпай), бесінші орынды Курчатов (79,25 ұпай) қалаларының командалары иеленді.

Аудандар арасындағы бәсекелер де тартысқа толы болды. Халықтық спорт ойындарында үнемі үздіктер қатарынан көрініп жүретін Тарбағатай ауданының командасы бұл жолы да дес бермеді. 350,25 ұпаймен бірінші орынды иеленді. Ұлан ауданы (292,75 ұпай) екінші, Жарма ауданы (289 ұпай) үшінші, Зайсан ауданы (270,75 ұпай) төртінші орын биігінен көрінді.

Бесінші орын Көкпекті ауданының (269,5 ұпай) командасына бұйырды. Бұдан кейінгі орындарды Бесқарағай (256,25 ұпай), Глубокое (250,25 ұпай), Күршім (235 ұпай), Бородулиха (233,75 ұпай), Абай (224,5 ұпай), Үржар (202,25 ұпай), Аягөз (200,75 ұпай), Катонқарағай (186, 25 ұпай) және Шемонайха аудандары (178,75 ұпай) иеленді.

Балалардың «Сәулетай» спорттық ойындарында алғашқы үштіктен Аягөз (123 ұпай), Тарбағатай (109 ұпай) және Зайсан аудандарының (102 ұпай) спортшылары көріне білді. Төртінші орынды Үржар, бесінші орынды Күршім ауданының білекті қыз-жігіттері еншілесе, Ұлан ауданы – алтыншы, Глубокое ауданы – жетінші, Жарма ауданы – сегізінші, Абай ауданы – тоғызыншы және Бесқарағай ауданы он бірінші орынды місе тұтты.
Семей облыс әкімінің жүлдесіне арналған XVII халықтық спорт ойындары мен IX облыстық «Сәулетай» балалар спорт ойындарын тыңғылықты даярлықпен өткізді. Бұл жөнінде «Семей» баспасөз клубында өткен жиында облыстық туризм, спорт және денешынықтыру басқармасы басшысының орынбасары Серік Халелов, аталған жарыстың хатшысы, халықаралық дәрежедегі төреші Владимир Гелерт мәлім етті.

– Жарысқа қатысушылардың саны үш мыңнан асты. Семейдің бұл додаға ерекше дайындықпен келгендігін аңғардық. Спорттық шараларды өткізуге қамдалған нысандардың барлығы дұрыс, – деді Серік Халелов, – биыл ауылдық округтерден де спортшылар қатыстырылып отыр. Сондықтан үздік шыққандарын облыс құрамасына алып, республикалық жарыстарға дайындайтын боламыз.

Серік Халеловтің айтуынша, аудандар мен қалалардан келген спортшылардың жарысқа әзірлігі жыл сайын жақсарып келеді. Облыстың барлық аудандарында спорт нысандары салынып жатыр. Соңғы
үш жыл ішінде 135 спорт нысаны бой көтерген. Қазақ футболының 100 жылдық мерейтойына орай 100 футбол алаңы тұрғызылуда. Биыл халықтық спорт ойындарына Президенттік көпсайыс түрі де енгізіліпті. Серік Халелов алдағы уақытта ауыл жастарын да спортқа тарту үшін эстафетаны аудандарға беруді жөн санап отыр.

Бір сөзбен айтқанда, биылғы халықтық спорт ойындары жоғары деңгейде өтті. Төл спортымыз бойынша өткен жарыстар да тартысқа толы болды. Қазақ күресі бойынша биылғы бәсекеге 95 спортшы қатысты.
Балуандарымыз ақтық сында бес салмақ дәрежесі бойынша белдесті. 60 келіде Абай мен Тарбағатай, 70 келіде Ұлан мен Тарбағатай, 80 келіде Тарбағатай мен Ұлан, 90 келіде Семей мен Өскемен қалаларының балуандары чемпиондыққа таласты. 90 келіден жоғары салмақ дәрежесінде Ұлан мен Абай аудандарының балуандары белдесті.

Жарыстың бас төрешісі Бақытбек Дуановтың пікірінше, Өскемен мен Семей қаласының балуандары жарысқа жоғары дайындықпен келген. Күреске қатысқан 95 балуанның 50-і спорт шебері, бесеуі халықаралық деңгейдегі спорт шебері.

Ат спорты бойынша өткен жарыстар да көрерменнің көңілін серпілтті. Көкпар сайысында Тарбағатай мен Көкпекті ауданының білекті жігіттері финалда кездесті. Аударыспақтан Ұлан ауданы алдына жан сал-
маса, теңге алудан тарбағатайлық Айдар Қоқымбаевқа тең келер жігіт болмады. Арбаға ат жегіп жарысудан өскемендік Стас Локуш, Глубокое ауданынан Евгений, үржарлық Руслан Егінбаев жүлделі орындарды өзара бөлісті. 3,2 шақырымдық бәйгеде 1 орын глубокоелік Станислав Снегиревке, 2 орын зайсандық Ахметсәлім Әбішовке және көкпектілік Әділет Тоғаспаевқа бұйырды.

Сонымен Шығыс Қазақстан облысы әкімінің жүлдесіне арналған XVII халықтық спорт ойындары мәреге жетті. Спортшылар осындай мерекені ұйымдастырған семейліктерге риза болып, аттанып бара жатты.

Раушан Нұғманбекова

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив