KZ
Өскемен
+11°
облачно с прояснениями жел 3 м/с, ОБ
448.15 483.46 4.86

Өскеменде жаңа әдеби басылым жарық көрді

10.06.2013, 18:00 129


Өскеменде «Отүкен» («Otüken») атты әдеби журнал жарық көрді. 13-маусым күні сағат 11.00-де А.С.Пушкин атындағы облыстық кітапханада жаңа басылымның тұсаукесер рәсімі өтеді, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Оған ақын-жазушылар, ғалымдар, мәдениет саласының қызметкерлері, оқытушылар мен студенттер, жалпы әдебиет оқырмандары қатысады.

«Отүкен» - үш айда бір рет жарық көріп тұратын, Қазақстанның 14 облысының орталықтарына, Астана мен Алматы қалаларының оқырмандарына, кітапханаларына 2000 данамен тарайтын әдеби-көркем журнал.

«Отүкен» («Otüken») журналының құрылтайшылары – Шығыс Қазақстан облыстық әкімдігі мен Қазақстан Жазушылар одағының Шығыс Қазақстан облыстық филиалы.

Бас редакторы – ақын, жазушы Нұржан Қуантайұлы.

Алғашқы нөмірде қазақтың көрнекті ақындары Ұлықбек Есдәулеттің, Серік Ғабдуллаұлының жаңа өлеңдері, белгілі жазушылар Асқар Алтайдың «Бозоқ», Нұрдәулет Ақыштың «Амалсыз байыған момақан», Борис Щербаковтың «Тополь», Жұмабай Қайранбайдың «Болғар қызы», Жұмағазы Игісіннің «Сабалақ» атты жаңа хикаяттары мен әңгімелері жарияланып отыр.

Әдебиетсүйер қауым сонымен бірге, кейінгі журналист қауым «Алтайдың кербұғысы» деп атап кеткен, өмірден ерте озған қаламгер, биыл 70 жылдығы тойланбақ болып отырған, көрнекті жазушы Оралхан Бөкей туралы Ғаббас Қабышевтың естелігін, биыл 130 жылдығы атап өтіліп жатқан жазушы Георгий Гребенщиковтың «Батырбектің хандығы» хикаятынан Айтмұхамбет Қасымов аударған үзіндісін, жазушы Айгүл Кемелбаеваның ғылыми-танымдық эссесін журналдың осы нөмірінен оқи алады.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі Сейіт Қасқабасов сәт сапар, ақ жол тілеген «Отүкен» журналының оқырманы көп, шығармашылық ғұмыры ұзақ болсын деп тілек айтамыз.

АНЫҚТАМА: «Отүкен» - көне түркі сөзі. Отүкен – арғы ата-бабамыз – көне түркілердің Алтай тауларының ішіндегі қасиетті Отаны, киелі атамекені мағынасындағы сөз. VII-VIII ғасырларда «Отүкен» сөзі түркілер үшін Отан, Атажұрт ұғымын ғана емес, Түркі қағанатының кіндігі немесе қаған ордасы мағынасын бере бастаған. Ал бүгінгі ұғымда Отүкен – қазір сан-салалы ұлт пен ұлысқа бөлінген түркі нәсілінің шыққан жері, Алтайдағы қасиетті атамекені.

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив