KZ
Өскемен
+3°
ясно жел 7 м/с, С
444.22 476.38 4.82

Оқушылар үйі балаларға қымбат сый болғалы тұр

9.06.2013, 18:00 218


Өскемен қаласында Оқушылар үйі салынып жатыр. Құрылыс жұмыстарын өз көзімен көрген облыс басшысы Бердібек Сапарбаев оған жоғары баға берді, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Өскемендік оқушылар үшін бұл үлкен сый, қымбат базарлық болғалы тұр. Себебі, кеңес кезіндегі оқушылар сарайы басқа мекемеге берілген соң облыс орталығының оқушылары мұндай орынды ұмытқан. Облыс басшысының тікелей мұрындық болуымен ұйымдастырылған жаңа оқушылар үйі өте көрікті, іші-сырты мұнтаздай, барлық қырынан еуроталаптарға сай деуге толық негіз бар. Ғимараттың қасбеті облыс басшысының көңілінен шықты. Сондай-ақ, жобалаушылар ғимараттың түнгі уақытта жарықтандырылуының түрлі жобасын әзірлепті. Бірінен бірі өтетін жобаның балаларға лайық түрлі-түсті жарықтандырғышы бар түрі таңдалып алынды. Оқушылар үйінің кіреберісі де көз тартады.

Оң жақта елорда – Астананың көрікті орындарының суретін ілу жоспарланып отыр. Бүгінде арнайы тапсырыспен дайындалған жоғары сапалы картиналар әзір тұр. Облыс басшысы кіреберістегі кезекшілік орынның келушілерге ыңғайлы болу жағын ойластыруды тапсырды. Бір күнде мыңға жуық оқушыны қабылдауға мүмкіндігі бар оқушылар үйінде кең, жан-жағы айнамен қоршалған хореография, театр, спорт, 200 орындық мәжіліс залдары заманауи талаптарға сай жабдықталып жатыр. Өнерпаздарға арналған киімдер бұрынғыдай жәшікке салынбайтын болды. Өйткені, оқушылар үйінің тұтас бір бөлмесі киім ілуге арналған. Мұнда киім ілгішпен бірге қабырғаны тұтас жапқан киім жинау сөрелері де жасалыпты.

Сондай-ақ, әртүрлі жастағы балалардың ақыл-ойы мен танымын кеңейтуге арналған «Қазақстан жолы» тәрбие-білім орталықтары жұмыс істейді. Онлайн-байланыс жүйесі де жолға қойылған. Оқушылар ғаламтор арқылы облыстың аудандары мен қалаларындағы достарымен жүзбе-жүз байланысқа шыға алады. Оқушыларды шешендікке баулу орталығы да жұмыс істемек. Елбасының бала кезінен бастап бүгінгі қызметіне дейінгі ғұмыр жолы баяндалатын бейнероликтер оқушыларды тұлға болуға үндейді.

Думан Анаш

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив