KZ
Өскемен
+1°
переменная облачность жел 2,2 м/с, З
443.85 474.3 4.8

Шығыстан шыққан тұңғыш академик

28.05.2013, 18:00 267


Бүгін С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде ғалымның туғанына 85 жыл толуына орай «Зәки Ахметовтің ғылыми мұрасы және ғылым мен білімнің заманауи мәселелері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция басталды, деп хабарлайды Аltaynews.kz.

Филология факультетінің «Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасы» ғалымның қолжазба түрінде жазылған әдебиеттану ғылымы жайындағы ой-толғамдарын жинақтап, фотошежіресін шығарды. Бұған қоса Зәки Ахметовтің атында шығармашылық зертхана ашылды. Университет студенттері «Қас қағым сәт» атты шығармашылық жинағын ғалымның
85 жылдығына арнады.


Небәрі 22 жасында кандидаттық
диссертация қорғады


Алтай мен Алатаудың арасын өзінің елге, жерге деген сағынышымен, сүйіспеншілігімен жалғаған, әдебиеттану ғылымын әлемдік деңгейде зерделеп, Абай және Лермонтов шығармаларын зерттеу арқылы ұлттар достығының туын биікке көтерген, туған жерге сан рет ат басын бұрып, Шығыста ғылыми орта қалыптастыруға мол күш-қайрат жұмсап, ғалым-шәкірттер тәрбиелеуге зор үлес қосқан мақтанышымыз, дара тұлға Зәки Ахметов қатарымыз-да болса, биыл 85 жасқа толар еді.

Зәки Ахметов – Мемлекеттiк сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Рес-публикасы ғылымына еңбегі сіңген қайраткер, Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың иегері, Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, аса көрнектi әдебиеттанушы ғалым.

Ол 1928 жылғы 4-мамырда Ұлан ауданы Ұзынбұлақ ауылында туған. 1943–1948 жылдары Алматыдағы С.Киров (қазіргі әл-Фараби) атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультетінің журналистика бөлімін үздік бітірген. 1947–1950 жылдары Ленинградтағы КСРО Ғылым академиясы Шығыстану институтының аспирантурасында әлемге танымал түркітанушы С.Малов пен дүниежүзі-не әйгілі В.Жирмунскийдің дәрісте-
рін тыңдаған З.Ахметов таза акаде-миялық сипаттағы ғалым болып қалыптасты. Осы жылдары, небәрі
22 жасында «Лермонтов және Абай» тақырыбы бойынша кандидаттық, 1965 жылы «Қазақтың өлең құры-лысы» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғап, 1966 жылы профессор атағын алады.

1951–1975 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясы Тіл және әдебиет институтының ғылыми қызметкері және Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институты әдебиет кафедрасының меңгерушісі, филология факультетінің деканы қыз-меттерін атқарды.

З.Ахметов 1975 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент мүшесі болып сайланып, сол жылдан бастап 1981 жылға дейін Қазақ КСР Ғылым академиясының М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты директорының орынбасары және директоры, 1975 жылдың сәуірінен 1984 жылдың наурызына дейін республика Ғылым академиясының қоғамдық ғылым-дар бөлімінің академик-хатшысы болып қызмет істейді. 1978 жылы З.Ахметовке Қазақ КСР ғылымына еңбегі сіңген қайраткер атағы берілді.

Шығыс Қазақстан облысында ең бірінші академик деген жоғарғы ғылыми атақты иеленген де Зәки Ахметов еді. 1993 жылы ғалымға Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің құрметті профессо-ры атағы берілді.

Абайдың шығармашылық мұра-сын жариялау мен ғылыми зерттеудегі еңбектері үшін 1996 жылы З.Ахметов Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері атағына ие болды. 1996 жылы Халықаралық қоғамдық Айтматов академиясының академигі, 2001 жылы Қазақстан Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданды.

З.Ахметовтің ғылыми еңбектері қазақ және орыс тілдерінде жазыл-ған. Оның «Лермонтов және Абай», «Казахское стихосложение», «О языке казахской поэзии», «Өлең сөздің теориясы», «Қазақ әдебиетінің қазіргі дамуы және дәстүрі» (1978), «Поэтика эпопеи «Путь Абая» в свете истории ее создания» (1984), «Абайдың ақындық әлемі», «Әдебиеттану терминдерінің сөздігі», «Роман-эпопея Мухтара Ауэзова», «Поэзия шыңы – даналық», тағы басқа зерттеулері әдебиет пен ғылым үшін аса құнды еңбектер болып саналады.


Қазақ өлеңінің өзгешеліктері мен құрылымын зерттеудің ғылыми жүйесін жасады


Ғылыми-зерттеу еңбектері қазақ әдебиетінің тарихы мен теориясының мәселелеріне, қазіргі әдебиеттанудағы дәстүр мен жаңашылдық, көркемдік шеберлік, поэтика, әдеби байланыстар проблемаларына арналған. Ол қазақ өлеңінің өзгешеліктері мен құрылымын зерттеудің ғылыми жүйесін жасады. Абайтану, әуезовтану мәселелерін текстологиялық, тарихилық қырынан зерттеген іргелі ғылыми монографиялар жазды. Абайдың толық шығармалар жинағы басылымдарын (1954, 1957, 1970, 1995 ж.ж.) дайындап, құрастырушылардың және түсініктемелер авторларының бірі болды.

З.Ахметовтің редакциясымен 1996 жылы «Әдебиеттану термин-дерінің сөздігі» жарық көрді. Еліміздегі тұлғалық ірі еңбек «Абай» энциклопедиясының ең белсенді авторы болып, осы еңбектің көптеген мақалаларын жазды. «Өлең сөздің теориясы» аталатын монографиясы 1992 жылы Қытайда жарық көрді.

Зәки Ахметов 11 монография-ның, 15 ұжымдық еңбектің, оқу құралдары мен оқулықтардың авторы. Көптеген ғылыми жинақтар мен академиялық басылымдарға түсінік жазып, құрастырған.

«Зәки Ахметовтің есімін әлемге әйгілі еткен «Казахское стихосложение» (1964) атты атақты еңбегі күні бүгінге дейін тек түркі халықтарының ғана емес, силлабикалық өлең құры-лысы бар барлық елдің поэзиясына арналған еңбектерде пайдаланылады» деп академик С.Қасқабасов өзінің ғылыми еңбектерінде тұжырым жасайды.


Ғылымдағы жолын ұлы Абайды зерттеуден бастады


Ғылымдағы жолын ұлы Абайды зерттеуден бастап, өмірінің соңына дейін кемеңгер ақынмен бірге бүкіл өмірін де, өнерін де, өзі де рухани тұтасып кеткен ғалымның әрбір ілімі жастар үшін өшпес үлгі-өнеге. Жетпіс бес жасқа сәл ғана жетіңкіремей қалған ғұмырында ол көп іс тындырып үлгерген, құдай берген табиғи талантын тынымсыз еңбегі арқылы жетілдіріп, халықтың игілігіне қызмет етуге бағыттай біл-ген адам. Әдебиеттану ғылымында оның ұшқыр қаламы тимеген мәселе кемде-кем. Әдебиет тарихы, абайтану, әуезовтану, әдебиет теориясы мен аударма туралы өзекті мәселелерді қамтыған салиқалы зерттеу еңбектері арқылы ғалым ұлттық әдебиеттану ғылымын республикадан тыс жерлерге паш етті.

«Қазақ өлеңі академик Ахметовтің ғұмырлық стихиясы еді. «Лермонтов пен Абайдан» басталған
11 монографиясының ұзына бойында үзілмеген алтын арқау – поэзия десек, мұншалық мәңгілік және ұланғайыр тақырыпты зерттеу мен зерделеу өзі де нағыз ақынжанды Зәкидің іргелі де күрделі классикалық монографиясы «Қазақ өлеңінің құрылысына» («Казахское стихосложение»), одан «Абайдың ақындық әлеміне» ұласа келіп, ақыр-аяғында өзі көре алмай кеткен, сүйінші данасы кейін ғана қолымызға тиген «Поэзия шыңы – даналық» деген бір томдығымен аяқталды. Осы кітаптың атын аздап мәнерлеп, автордың өзіне сайып айтсақ, академик Ахметовтің өз келесіндегі осынша асқаралы алып еңбегінің де шырқап шығар биігі – Даналық дер едім» деп баға берген-
ді ғалымға академик З.Қабдолов.

Ол кісінің кісілік кішілігі, шынайы зиялы азаматқа тән сыпайылығы қай кезде де қатар-құрбыларын тәнті етіп, шәкірттерін ризашылықпен сүйсіндіруші еді. Ұстаздық тұлға қандай болуы керек деген кезде алдымен Зәки аға сияқты зерделі, білімдар ұстаздың бейнесінің көз алдымызға елестеуі де табиғи. Әдебиеттанушы ғалым тек әдебиет-тің арғы-бергісін аударып, жіліктей талдап беретін сөз ұстасы ғана емес, сол сөз өнерінің тікелей жанашыры, жоқтаушысы.
Ғалымның артында қалған құнды ғылыми мұралары бүгінгі әрі бола-шақ ұрпақ үшін баға жетпес рухани қазына.

Сондықтан әдебиеттану ғылымы-ның өзекті мәселелерін зерттеген академик Зәки Ахметовтің ғылыми ой-пікірлері өзінің жалғасын тауып, болашақта талай түйінді мәселелерді шешетіні сөзсіз. Бұл бағытта ұстаз, ғалым рухына арналған ғылыми конференциялар мен басқа да республикалық, халықаралық деңгейдегі форумдар жыл сайын туған жерінде өткізілуі заңды құбылыс. Өйткені, бүгінгі әдебиетші-ғалымдардың еңбектері З.Ахметов мұрасымен тікелей байланысып, ғалымның ғылыми мұрасы-нан нәр алып жатқаны анық. Біз үшін ғалымның өмірі – үлгі, ғылымы – өнеге.

Сіләмбек Оразалин,
Айжан Қартаева
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив