Өскемен қаласындағы Защита ықшам ауданында полиция бөлімшесі ашылды. Салтанатты жиынға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, облыстық ІІД-нің бастығы, полиция генерал-майоры Рашид Жақыпов және басқа жауапты лауазым иелері қатысты , деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.
Естеріңізге салсақ, 2012 жылдың соңында өткен кездесуде аймақ басшысына аталған ықшам аудан тұрғындары полиция бөлімшесін ашу туралы өтініштерін білдірген болатын. Енді міне сол өтініш өзінің оң шешімін тауып, штаттық құрамы 27 қызметкерді құрайтын бөлімше ашылды. Жаңа ұжымға ІІМ Академиясының түлегі, он жыл Үлбі полиция бөлімі криминалдық полиция бөлімшесінде жедел өкіл болып еңбек еткен полиция капитаны Дидар Салықбаев басшылық етеді. – Былтыр Согра кентінде полиция бөлімшесі іске қосылған болатын. Енді міне 10 мыңға жуық тұрғыны бар Защита ауданында ашылып отыр. Бұл ретте «Қазақстан Темір жолы» ұлттық компаниясының басшылығына алғысымызды білдіреміз. Осы компанияның демеушілігімен 56 млн. теңге қаржы бөлініп, полиция бөлімшесінің ғимараты жөнделіп, қажетті құрал-жабдықтармен қамтылды. Бұған қоса теміржолшылардың көмегімен соңғы 50 жылда жөндеу көрмеген темір жол вокзалы жаңарып, алдағы уақытта хоккей модулінің құрылысы басталмақ, - деді нысанның ашылу рәсімінде сөз сөйлеген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.
Бүгінде Защита ықшам ауданында ондаған көп қабатты тұрғын үйлер, 3 мыңға жуық жеке меншік үйлер орналасқан. Мұндағы халық саны шамамен 10 мыңға жетіп жығылады. Ауданда темір жол вокзалы орналасқандықтан арлы-берілі қатынайтын жолаушылар, жүк тасымалдаушылар қарасы көп. Осы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде, қоғамдық тәртіпті сақтауда, қылмыстық әрекеттердің алдын алуда жаңадан ашылып отырған Өскемен қалалық ІІБ, Үлбі полиция бөлімі, Защита полиция бөлімшесінің маңызы зор.
ШҚО ақпараттық орталығы