KZ
Өскемен
+9°
облачно с прояснениями жел 1 м/с, С
448.56 478.03 4.79

Баянауыл өңірінің жұрты Кенді Алтайға қонаққа келді (+сурет)

2.05.2013, 18:00 251


Бүгін, мамырдың 3-інде Шығыс Қазақстандағы Павлодар облысының күні өтеді. Кемеңгерлерімен мақтанатын Баянауыл өңірінің жұрты Кенді Алтайға қонаққа келді, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Естеріңізге салсақ, еліміздің және шет мемлекеттердің өзге аймақтарымен түрлі салалар бойынша, атап айтсақ, өндірістік технология, білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет саласында өзара тиімді байланыстар орнату, тәжірибе алмасу дәстүрі біздің Шығыста кейінгі үш-төрт жылдан бері ғана іске асырылып келеді. Бұл игі бастаманың авторы – облыс әкімі Бердібек Сапарбаев. Аймақ басшысы бұл шаралардың басы-қасында бірге жүріп, делегацияны Қазақстанның барлық дерлік өңірлеріне өзі бастап барды. Алғашқы сапарлар қазақстандық үлесті ұлғайту мәселесіне қатысты болды. Сол жұмыстың нәтижесінде көптеген еліміздің кәсіпорындарымен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылған-ды.
Баянауыл өңірінің жұрты Кенді Алтайға қонаққа келді (+сурет)
Баянауыл өңірінің жұрты Кенді Алтайға қонаққа келді (+сурет)
Баянауыл өңірінің жұрты Кенді Алтайға қонаққа келді (+сурет)
Баянауыл өңірінің жұрты Кенді Алтайға қонаққа келді (+сурет)
Баянауыл өңірінің жұрты Кенді Алтайға қонаққа келді (+сурет)
Баянауыл өңірінің жұрты Кенді Алтайға қонаққа келді (+сурет)
Баянауыл өңірінің жұрты Кенді Алтайға қонаққа келді (+сурет)
Баянауыл өңірінің жұрты Кенді Алтайға қонаққа келді (+сурет)Кейін келе осындай іссапарлардың мақсат-мазмұны да, ауқымы да арта түсті. Жерлестеріміз Шығыс Қазақстанның мәдени күндерін елордамыз – Астананың төрінде дүркіретіп тұрып өткізді. Күрішпен даңқы шыққан Қызылорда мен мақтаның Отаны – Оңтүстік Қазақстан облыстарына сапарлап, Ресейдің Алтай өлкесіне, Татарстан Республикасына барып қайтты. Аймақтың жетістіктерін айшықтап, табыстарын паш еткен осынау іс-шаралардың екіжақты маңыздылығын атап өткен орынды. Шығыс өңірі осы аймақтардан қарымта сапармен келген қонақтарды да құшақ жая қарсы алып, меймандос көңілімен қабылдады.

Ендігі кезек ерке Ертісті тел емген терістіктегі көршіміз – керекулік ағайындарға келіп жетті.

Жалпы, Баянауыл өңірі - қара сөзден қамшы өрген ақын-жыршылардың, таңдайынан бал тамған әнші-сазгерлердің, еңбегі елге мағлұм ғалым-зерттеушілердің, ұлтының ардақтысына баланған зиялылардың, қайраткерлердің мекені. Тарқатып айтсақ, халық әртісі, режиссер, драматург, ұлттық театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі Жұмат Шанин осы Баянауылда дүниеге келген. Ол аз десеңіз, Абылай ханның ақылшысы, «Көмекей әулие» атанған Бұқар жырау Қалқаманұлынан бастап, қазақтың маңдайына біткен көрнекті жазушысы, драматург, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі, публицист Жүсіпбек Аймауытов, әйгілі әнші-сазгер, ақын Жаяу Мұса Байжанұлы, Ғылым академиясының бірінші президенті Қаныш Сәтбаев, ұлттық археология мектебiнiң негiзiн қалаушы, әдебиеттанушы, өнертанушы, шығыстанушы, академик Әлкей Марғұлан, тарихшы-ғалым, Қазақ КСР ҒА-ның корреспондент мүшесі Ермұхан Бекмаханов, әнші-композитор, ақын Естай (Есмағамбет) Беркімбайұлы, ақын, фольклор жинаушы Мәшһүр-Жүсіп Көпеев, ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров сынды тау тұлғалар Керекудің қасиетті топырағында дүниеге келген.

Павлодар облысы осындай аты алашқа жайылған тұлғаларымен ғана емес, түтіні түзу ұшқан өнеркәсіп орындарымен де белгілі. Еліміздің басты индустриалдық аймақтарының біріне жататын Керекуде дәстүрлі күрделі өндірістер мен минералдық және көмірсутекті шикізатты игерумен айналысатын кәсіпорындардың оңтайлы үйлесімділігі бар ТМД-нің экономикалық кеңістігіндегі аса ірі аумақтық-өндірістік кешен қалыптасқан. Алабы ат шаптырым аумақты тұтас алып жатқан әлемге әйгілі Екібастұздың көмір кеніші де ел экономикасына табысты жұмыс істеп келеді. Облыстың орасан зор табиғи-ресурстық әлеуеті, дамыған өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылымы, жоғары ғылыми-техникалық әлеуеті, оның Орталық Азия мен Сібір арасындағы байланыстырушы рөлі түрлі елдердің өнеркәсіпшілері мен кәсіпкерлерінің мұқият назарын аударуда.

Енді осы өңірдің кәсіпорындарымен барынша тығыз ынтымақтастық орнату мүмкіндігі Шығыс Қазақстан бизнесмендеріне де ұсынылып отыр. Павлодар облысының Шығыс Қазақстандағы күні аясында «Ертіс» және «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары арасында жалпы құны 112 миллион теңге болатын келісімге қол қойылмақ. «Қазцинк-Ремсервис» пен «КЭМОНТ» кәсіпорындары павлодарлық «Қазэнергокабель» акционерлік қоғамымен 200 миллион теңгенің келісіміне қол қоюды көздеп отыр. «Востокмашзауыт» кәсіпорны болса «Проммашкомплект» және «Қазақстан вагон құрастыру компаниясы» серіктестіктерімен келіссөздер жүргізуде. Бұл тізімді ары қарай да жалғастыра беруге болады, алайда асығыстық жасамайық, мұның бәрі бүгін өтуге тиіс шаралар.

Бүгін керекулік делегация өнеркәсібі өрге басқан Өскеменге ат басын тіреп, мұнда кең көлемді танысу бағдарламасы аясында іргелі кәсіпорындарды аралайды. Дәлірек айтсақ, «Азия Авто» АҚ мен Үлбі металлургиялық зауытына барады. Аймағымыздың жаңа айшықты нысаны – Өскемендегі облыстық мешітте болады. Бұл сәулет туындысы үлкендігі жөнінен Астанадағы «Нұр Астана» және «Хазірет Сұлтан» мешіттерінен кейінгі үшінші орынды иеленеді. Сонымен қатар, меймандар елімізде тұңғыш болып біздің Шығыста бой көтерген, ерекше нысандардың бірі – этноауылды аралайды, «Іргетас» атты инженерлік бейіндегі зертхананың жұмысымен танысады. Бұдан соң Шығыс Қазақстан мен Павлодар облыстары кәсіпкерлерінің кездесуі, ынтымақтастық туралы келісімге қол қою рәсімі жоспарланған. Осы күні керекулік көршілер Глубокое ауданындағы сүт-тауарлы фермада болып, сондағы жаңа технологияларды да көреді.

Мәдени күннің соңғы нүктесі Өскемен шаһарында өтетін павлодарлық өнер ұжымдарының концертімен қойылмақ.

Керек-дерек
Павлодар облысы 1938 жылғы қаңтар айында құрылған. Облыс орталығы еліміздің ең әсем қалаларының бірі – Павлодар. Ол Қазақстанның аса ірі өзені Ертістің жағасында орналасқан.

Облыс еліміздің солтүстік-шығысында орналасқан және солтүстікте – Ресей Федерациясының Омбы, солтүстік-шығыста – Новосібір облыстарымен, шығыста – Алтай өлкесімен, оңтүстікте – Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарымен, батыста – Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарымен шектесіп жатыр.

Облыстың тиімді орналасуы оған басқа өңірлермен, тіпті шет мемлекеттермен Онтүстіксібір және Ортасібір теміржол магистральдарымен автомобильдік, авиациялық, электрондық, құбырлық және өзендік көлік түрлерімен қатынас жасауға зор мүмкіндік береді.

Өңірдің өнеркәсіптік әлеуеті ірі экспортқа бағдарланған өнеркәсіптік компаниялармен айқындалады. Олар көмірді, электр және жылу энергиясын, алюминий тотығын, ферроқорытпаларды өндіреді. Облыс үлесіне республиканың өнеркәсіптік өндірісінің 7%-ы, республикалық көмір өндірісінің 70%-ы, ферроқорытпалар өндірісінің 3/4, электр энергиясы мен мұнай өнімдері өндірісінің 40%-ы тиесілі. Облыстың әлеуеті химия, машина жасау және металл өңдеу салалары кәсіпорындарының дамуына жеткілікті.

Ержан Әбіш

Суреттерді түсірген С.Суров

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив