KZ
Өскемен
+18°
ясно жел 11 м/с, С
446.49 475.38 4.79

Облыстағы үкіметтік емес ұйымдардың жұмысына қол байлаушы - қаражаттың жетімсіздігі

22.04.2013, 18:00 116


Соңғы кездері өңіріміздегі үкіметтік емес ұйымдар жергілікті билікпен тығыз байланыс орнатып, талай жобаларды бірлесіп жүзеге асырып келеді. Бүгінгі күні аймақтағы ҮЕҰ-ның саны 615-тен асып отыр. Бұл туралы ҮЕҰ-мен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің отырысында айтылды, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Облыстағы үкіметтік емес сектор экономика, білім, денсаулық сақтау, экология, мәдениет, адам құқығын қорғау, гендерлік қарым-қатынас тәрізді қоғамдық маңызы зор салаларда қызмет атқарып, әлеуметтік мәні үлкен мәселелерді шешуге белсенді қатысуда. Олардың арасында халықаралық ұйымдардың сеніміне ие болып, жоғары марапатқа да ие болып отырғандары бар. Үкіметтік емес ұйымдармен серіктестік қарым-қатынас жыл сайын нығайып келеді.

"Үкіметтік емес ұйымдар көптеген әлеуметтік маңызы бар жобаларға сәтті қатысып келе жатыр. Десе де осы құрылыммен бірлескен жұмысқа барлық басқармалар бір кісідей белсене қатысады деп айта алмаймын. Сол себепті біз үкіметтік емес ұйымдармен өзара жұмыс істеудің тетігін қарастырып, жұмысты одан әрі жақсартуымыз қажет" деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Ермек Көшербаев облыстың үкіметтік емес ұйымдарымен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңесінің отырысында.

Қолда бар мәліметтерге қарағанда, үкіметтік емес ұйымдарды қаржыландыру көлемі өткен 2012 жылы екі есеге ұлғайып, 271,2 миллион теңгені құрапты. Облыс әкімінің бірінші орынбасарының айтуынша, бұл соманы әлі де ұлғайтуға болады. Алдағы уақытта 74 жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр.

Кеңесте облыстағы үкіметтік емес ұйымдардың проблемалары мен алдағы болашағы жайында облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы Ербол Нұрғалиев баяндап берді.

– Біздің аймақтың үкіметтік емес ұйымдарының көптеген салада, әсіресе, әлеуметтік маңызы зор мәселелерді шешуде тәжірибесі мол, – деді Ербол Нұрғалиев. – Осы арада айта кетейін, өзара іс-қимыл жөніндегі бастама тек қоғамдық бірлестіктер тарапынан ғана көтерілмеуі тиіс. Біздің облыстың үкіметтік емес ұйымдарының атқарған жұмыстарының көлемі және әртүрлілігі жағынан республика бойынша да көшбасшы орында келеді. Өкінішке қарай, жұмыстың жүруіне кері әсер ететін факторлардың бірі – қаражаттың жетімсіздігі.

Осынау мәселеге қатысты облыс басшысының бірінші орынбасары өз пікірін білдіріп, жиналғандарға қаражатты қол қусырып күтіп отырудың қажеті жоқтығын, оның көзін қарастырып, келіссөздер жүргізіп, алға жылжу қажет екенін айтты.

Сондай-ақ, кеңес отырысында үкіметтік емес сектор дамуының негізгі бағыттары, әлеуметтік маңызды жобаларды іске асырудың мүмкіндіктері де талқыланды. Отырыс соңында мемлекеттік және қоғамдық құрылымдардың өзара іс-қимылы жөніндегі көптеген жобаларға өзгертулер енгізіліп, алдағы мақсаттар да белгіленді.

Мейрамтай Иманғали

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив