KZ
Өскемен
+6°
переменная облачность жел 6 м/с, СБ
446.49 475.38 4.79

Зейнетақы жүйесін жаңғырту төңірегіндегі сауалдарға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары жауап берді

9.04.2013, 18:00 150


Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингке Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова қатысып, зейнетақы жүйесін жаңғырту төңірегіндегі сауалдарға жауап берді, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Вице-министр брифинг барысында «Зейнетақы жүйесін жаңғырту – жүйенің жалпы тиімділігін және жариялылығын айшықтауға, барлық санаттағы азаматтарға әлеуметтік әділдікті қамтамасыз етуге бағытталған» деген ойын жеткізді.
– Жаңғырту жолдары бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын құру және жинақтаушы зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыру, жинақтаушы зейнетақы жүйесіне жаңа салымшыларды тарту, зейнетақымен қамсыздандырудың ең төменгі кепілдік жүйесін өзгерту, ерекше еңбек жағдайларындағы азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыруды кәсіби жүйеге көшіру, зейнет жасын теңестіру сынды бағыттар арқылы жүзеге асырылады, – деді Тамара Дүйсенова өз сөзінде.

Оның айтуынша, жаңа заң жобасында зиянды және ауыр еңбек жағдайында жұмыс істейтіндерге арналған 5 пайыздық мөлшердегі міндетті зейнетақы жарнасын енгізу қарастырылған.

– Бұл төлемдерді жұмыс берушілер салыққа кеткен шығындарға жатқызады. Сондықтан, зейнеткерлердің бұл санатына арналған игі шаралар бизнеске қосымша қаржылық салмақ салмайды және еңбекақы қорының артуына әкелмейді. Ал әйелдер мен еркектердің зейнеткерлік жастарын теңестіру төңірегіндегі ұсынысты құрамына түрлі сала мамандары, атап айтар болсақ, Экономика және бюджеттік жоспарлау, Қаржы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктері мен Ұлттық банк қызметкерлері кіретін Үкімет жанындағы жұмыс тобы енгізіп отыр. Бұл ұсыныстың мақсаты – азаматтардың еңбек өтілін, тиісінше зейнетақы жинағының көлемін көбейтудің нәтижесінде төлем мөлшерін арттыру. Бұл шешім қолдау тапқан жағдайда зейнетақы жасы кезең-кезеңімен 63-ке дейін көтеріледі. Бұл шара 10 жыл ішінде, жас мөлшерін жылына 6 ай сайын көтеру арқылы жүзеге асады. Мәселен, зейнет жасын көтерудің алғашқы жылында әйелдер 58 жарым жасында зейнетке шығады, – деді вице-министр.

Ал жалпы әйелдер қауымына қатысты зейнетке шығу туралы жеңілдіктерге өзгертулер енгізу көзделіп отырған жоқ. Ядролық қауіпке ұшыраған аймақта 10 жыл тұрған әйелдер – 45 жасында, зейнетақы қорында жеткілікті қаржы қоры жинақталған (атап айтқанда 3,1 миллион теңге) әйелдер – 50 жасында, сондай-ақ, бес немесе одан да көп баласы бар аналар – 53 жасында зейнет демалысына шыға алады.

– Әйелдердің зейнет жасын 63-ке дейін көтеру мәселесі аяқастынан пайда болған «бастама» емес. Бұл – 1997 жылы жасалған зейнетақы төлеу тұжырымдамасының кезең-кезеңімен жүзеге асып жатқан бір бөлігі, – деп түйіндеді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары.

Ержан Әбіш

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив