KZ
Өскемен
+18°
облачно с прояснениями жел 5 м/с, ОШ
447.4 477.55 4.76

Депутаттар қарапайым халықтың зейнетақы жүйесін жаңғыртуға арналған заң жобасына қатысты ой-пікірлерін білді

7.04.2013, 18:00 213


Облыс орталығына арнайы келген Мәжіліс депутаттары Николай Кузьмин мен Ольга Шишигина, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Бақылау және әлеуметтік қорғау комитеті төрағасының орынбасары Гүлнар Тоқсейітова өңірдегі кәсіподақ жетекшілерімен кездесіп, олардың зейнетақы жүйесін жаңғыртуға арналған заң жобасына қатысты ой-пікір, талап-тілектерін білді, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Облыстық кәсіподақтар кеңесінің төрайымы Нұржан Түсіпова аймақтағы екі мыңға тарта кәсіпорын мен ұйымның жұмысшылары аталмыш заң жобасының қабылдануына қарсы екендерін жеткізді. Атап айтқанда, олар әйелдердің зейнетке шығу жасын 58-ден 63-ке ұлғайтуға ғана қарсы, ал бірыңғай зейнетақы қорын құруға, сондай-ақ, заң жобасының өзге де бағыттарына ешкімнің наразылығы жоқ. Осы күнге дейін заңның қабылдануына 65 мыңдай адам «қарсымын» деп қол қойған. Өңірдің жұмысшы қауымы, сонымен қатар, денсаулыққа зиянды өндірістерде еңбек етіп жүрген азаматтарға бұрынғы жеңілдіктердің қайтарылуын, лайықты зейнетақы қорын жинақтау үшін төменгі жалақының көбейтілуін, өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған Мәжілісте қаралып жатқан заң жобасы осы жиында да қызу талқыға салынды. Сөйлеушілердің дені әйел адамдар үшін зейнетақы жасының бес жылға көтерілуіне байланысты наразылықтарын білдірді.

Айталық, басқосуға келген медицина мекемелерінің өкілдері алпысты алқымдап қалған шақта әйел-хирургке күрделі ота жасау, ал «жедел жәрдемдегі» медбикеге ауыр қобдишамен үйдің жоғарғы қабатына көтерілу анағұрлым қиынға соғатынын алға тартты. Ал Шығыс Қазақстан техникалық университетінің профессоры Лилия Столярова аталған заң жобасы қабылданар болса, әйелдердің бала туу көрсеткіші күрт төмендейтінін, ал ол өз кезегінде демографиялық тоқырауға әкеп соғатынын айтты. «Қазцинк» кәсіподақ комитетінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Сергей Солдатов пен облыстық шағын және орта бизнес қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Галина Казанцева да әйелдердің зейнетақы жасын ұлғайтуға қарсы өз пікірлерін білдірді.


Зейнеткерлік жасын ұлғайтуға неге қарсы?


Жиынға қатысқан кәсіподақ ұйымдары белсенділерінің айтулары бойынша, заң жобасы тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға тиімді ықпал тигізе алмайды, әйелдер мен еркектердің орташа жалақыларын теңестіруге, ауыл әйелдерінің мәселелерін шешуге де қауқарсыз, сондай-ақ, аталмыш құжатта түрлі аймақтағы еңбек жағдайы мен жалақы деңгейінің ерекшеліктері ескерілмеген. Яғни, заң жобасын еңбек адамдарының әлеуметтік жағдайын түбегейлі зерттеп, жан-жақты сараптап барып әзірлеу қажет болатын.

Кездесуге келген кейбір кәсіподақ өкілдері әйелдердің зейнеткерлік жасын керісінше 55-ке дейін төмендетуді сұраса, енді біреулер «ерлер мен әйелдердің зейнетке шығу жасын теңестіру үшін әйелдерді 63 жастан емес, керісінше еркектерді 58 жастан зейнеткерлікке жіберу керек» деген ұсыныс білдірді.

– Азаматшаларымыздың зейнеткерлік жасын ұлғайту мәселесі зейнетақы жинақтау жүйесіне байланысты көтеріліп отыр. Бір сөзбен айтсақ, елімізде «қанша қаржы жинасаң, сонша зейнетақы аласың». Ал осы бес жыл сол қаржыны, яғни, келешек зейнетақының мөлшерін көбейте түсуге мүмкіндік бермек. Тағы бір атап өтерлік жайт, заң жобасында зейнеткерлік жасын бірден емес, кезең-кезеңмен он жыл ішінде көтеру көзделуде, – деді Гүлнар Тоқсейітова.

Николай Кузьмин заң жобасының күрделі екенін, қарама-қайшы тұстары да көп екенін айтып, жиында айтылған барлық талап-тілектерді әріптестеріне жеткізуге, Парламент қабырғасындағы талқылаулар барысында жерлестерінің мүддесін қорғап, оларға қолдау көрсетуге уәде берді. Ольга Шишигина болса, бұл жобаның өзіне де қатысы бар екенін атап өтіп, осы орайда қос тарапқа да тиімді ортақ бір шешім қабылдануы қажет деген ойымен бөлісті.
Кездесуге облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов пен «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Түсіпхан Түсіпбеков қатысты.

Жиын соңында кәсіподақ мүшелері халық қалаулыларынан аталмыш заңға қатысты дауыс беру шарасының ашық өткізілуін де өтінді. Себебі, олар нақты қай депутаттың қарсы, ал қай депутаттың жақтап дауыс бергенін білгісі келеді.

Сенат депутаттары Талғатбек Абайділдин мен Сергей Плотников Семей қаласында, ал Мәжіліс депутаттары Николай Кузьмин мен Ольга Шишигина Риддер мен Зырян қалаларында болып, сондағы еңбек ұжымдарымен осы тақырыпқа арналған кездесулер өткізді.

Жұртшылық өз мүдделерінің ескерусіз қалмайтынына сенімді


Облыс әкімі жанындағы қоғамдық кеңестің кезекті кеңейтілген мәжілісінде де зейнетақы жүйесін жаңғырту жөніндегі заң жобасы талқыға салынды.

Аталған жиынға облыстық мәслихаттың депутаттары, қоғамдық ұйымдардың, атқарушы билік пен саяси партиялардың өкілдері қатысты. Жиынға арнайы келген Еңбек және тұрғындарды әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты мемлекеттік зейнет-ақы төлеу орталығы бас директорының орынбасары Серікжан Сабыржанов зейнетақы жүйесіндегі өзгерістер және оның қарапайым халыққа тигізер пайдасы туралы түсіндірді.

Атап айтқанда, Серікжан Сабыржанов қазіргі барлық зейнетақы қорларын біріктіру, осылайша бірыңғай мемлекеттік қор құру оның жұмысын жан-жақты бақылап отыруға, түрлі тәуекелдерді азайтуға мүм-кіндік беретінін алға тартты. Қор қызметін қадағалау Ұлттық банктің құзыретіне беріледі, ал қордың қаржы саясатын Елбасы бекіткен сарапшылар тобы жүргізіп отырмақ. Мұнымен қоса, бала күтіміне байланысты үйде отырған аналардың жағдайы да ескерілетін болады, нақтырақ айтсақ, осы кезеңде зейнетақы қорына төлемдер мемлекет тарапынан жүргізіледі.

Аталмыш өзгерістерге қатысты қоғамдық кеңес мүшелері тарапынан сын-ескертпелер айтылған жоқ. Тек, заң жобасында қарастырылған әйелдердің зейнетақы жасын ұлғайту мәселесі қызу әңгіме арқауына айналды.

– Бір жайтты ескерткім келеді, бұл – тек заңның жобасы ғана. Оны қазіргі кезде ел Парламенті қарастырып жатыр, яғни, әлі мақұлданған жоқ. Мен оның бағыттарын түсіндіру үшін және сіздердің осы құжатқа қатысты ой-пікір, ұсыныстарыңызды білу үшін келіп отырмын, – деді мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығы бас директорының орынбасары.

Басқосуға қатысып отырған қоғамдық кеңес мүшелері осы мәселеге байланысты өңір тұрғындарының талап-тілектерін жеткізді. Олардың айтуынша, халық арасында зейнетақы жүйесіндегі өзгерістерге байланысты алаңдаушылық туындауда. Дей тұрғанмен, жұртшылық заң жобасын қарастыру кезінде халық қалаулылары олардың мүдделерін ескерусіз қалдырмайтынына бек сенімді.

Отырыс соңында барлық ұсыныстарды жинақтап, бір тізімге түсіретін бастамшыл топ құрылды. Ол тізім жуық арада Парламент депутаттарына қарастыруға жөнелтілуі тиіс. Сондай-ақ, кеңес мүшелері БАҚ-та заң жобасына қатысты сараптама материалдардың көбірек жариялануы жөнінде өтініш білдірді.

Ержан Әбіш

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив