KZ
Өскемен
+3°
ясно жел 1 м/с, С
443.35 475.54 4.82

Өскеменде биылғы Наурыз мерекесі жәрмеңкелермен басталды

21.03.2013, 18:00 179


Өскеменде биылғы Наурыз мерекесі жәрмеңкелермен басталды. Қала тұрғындары мен қонақтары Ұлан және Глубокое аудандары ұйымдастырған жәрмеңкелерге ағылып, мерекелік дастарқанға қажетті азық-түлік түрлерін төмен бағамен алып жатты, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.


Облыс орталығындағы Республика алаңында және Металлургтер мәдениет сарайының маңында өт-
кен бұл мерекелік жәрмеңкелерге облыс әкімі Бердібек Сапарбаев арнайы барып, сатылымдағы өнімдердің бағасымен танысып,мерекелік көңіл күйдегі жұртшылықтың қуанышына ортақтасты.

"Біз жәрмеңкеге 4 тонна сиыр етін, 500 келі жылқы етін, 3 тоннадай шошқа етін, тауық етінен жарты тонна, жұмыртқадан 16 мың дана және қарақұмық, бұршақ, сүт өнімдерін, өсімдік майын, екі жа-
рым тоннадай балық, бір жарым тоннадай картоп, жеміс пен көкөністің көптеген түрін, тағы да басқа тағамдар әкелдік. Одан басқа, Черемшанка ауылдық округі саңырауқұлақ пен тосаптың бірнеше түрін алып келді.Халық мерекелік көңіл күйде жүр. Барлық тағамдар жақсы өтіп жатыр. Бағасына тоқталар болсақ, сиыр еті 950-1100, жылқы еті 1000-1300, тауық еті 350, шошқа еті 850-950 теңгеден саудалануда.

Жәрмеңкеге аудандағы барлық 17 округтен «Глубочанка», «Майлы дақылдар», «Уваров», «Содружество» және өзге де шаруа қожалықтары, бірқатар жергілікті кәсіпкерлер қатысып отыр" деді Глубокое аудандық
ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы Нұрлыбек Құмарғажин.

Алаңда, сонымен бірге, «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы тұрақтандыру қорының өнімдері сатылды, атап айтсақ, сәбіз бен картоп 55, пияз 50 теңгеден саудаланды.
Аудан, сондай-ақ, алаңның бір шетіне өзінің ақшаңқан киіз үйін тігіп, жиналған қауымға өнер шеберлерінің концертін ұсынды. Сонымен қоса, осы алаңда қаладағы оқу орындарының тәлімгерлері концерттік нөмірлерін көрсетіп, қалың қауымның жанын жадыратты. Бұл жерге мұнымен қатар облыстық мәдениет басқармасы да үш киіз үй тіккен, олардың біріне қолөнер бұйымдарының жиынтығы қойылыпты.

Жәрмеңкеде облыстық кітапхана «Наурызым жүректерге нұр сепкен» атты көрме ұйымдастырып, көнеден келе жатқан мейрам жайындағы еңбектерді көпшілік назарына ұсынды. Өскемен құрылыс колледжі, Өскемен техникалық колледжі, технологиялық сервис колледжі сынды білім ордалары шатырлар тігіп, мерекеге келген қауымға наурыз көжеден, майшелпектен ауыз тигізіп жатты.

Ақшаңқан киіз үйлердің иелері, бауырсақ, құрт, ірімшік үлестірген, наурыз көже, палау, қымыз ұсынған аспаздар көпшіліктің көңілін шалқытып тастағаны рас. Алаңға жиылған қауым дастарқаннан дәм татысып, ұлттық киім, салт-дәстүр жоралғылары мен қолөнер туындыларын тамашалап, мәз-мейрам болды.

Ержан Әбіш


Мәлімет көзі: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив