KZ
Өскемен
+3°
ясно жел 7 м/с, С
444.22 476.38 4.82

Өңір өзгеше серпінмен дамып келеді

21.02.2013, 18:00 118


Атқарылған жұмыстар мен алдағы жылға межелеген міндеттер жайында облыс Әкімі Бердібек Сапарбаевтың Өскеменде өткізілген тұрғындармен есептік кездесуінде кеңінен мағлұматтар берілді, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

– Шығыс Қазақстан – еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлесін қосып келе жатқан облыс. Өткен жылды қорытындыласақ, аймақ экономикасының барлық салаларында өсім байқалуда. Біздің ендігі мақсатымыз сіздермен бірге бұл жетістіктерді келешекте еселей түсу, – деп сөзін бастаған облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ есептік баяндамасында өткен жылы тындырылған ауқымды шаруаларға жеке-жеке тоқталды.

Аймақ басшысының айтуынша, Өскемендегі кәсіпорындар 943 миллиард теңгенің өнімін шығарып, қызметін көрсеткен. Агроөнеркәсіп кешенінің жалпы өнімі 229 миллиард теңгені құраса, негізгі капиталға тартылған инвестиция 9 пайызға өсіп, 263 миллиард теңгені құрады.

Облыс Әкімінің 2012 жылғы есептік кездесуінде азаматтар тарапынан қойылған 58 сұрақтың (тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, еңбек, әлеуметтік қамту, білім, көлік, денсаулық сақтау, тағы басқа салаларға қатысты) түгелге жуығы орындалған, тек түйіні тарқатылмаған 3 сұрақ ағымдағы жылы өз шешімін табатын болады.

Жоспарланған жобалар көп

Ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыру жолында үдемелі индустриялдық-инновация-
лық даму, «Бизнестің жол картасы - 2020», «Жұмыспен қамту - 2020» сияқты мемлекеттік бағдар-ламалардың маңыздылығы жоғары. Кейінгі екі жылдың төңірегінде өңірімізде үдемелі индустриялдық-инновациялық даму бағдарламасы аясында 195 миллиард теңгеге 29 жоба өндіріске енгізілген. Нәтижесінде өндірілген өнімнің көлемі 170 миллиард теңгені құрап, 3 мың қосымша жұмыс орны ашылған. Бұның сыртында қазынаға құйылатын салықтық түсімдердің еселенуі тағы бар.

Ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығында 15 миллиард теңгенің 4 жобасын іске асыру жоспарланып отыр.
Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін алдымен ауыл шаруашылығы саласына баса мән беру керектігін атап көрсеткен өңір басшысы бұл бағытта облыста «Сыбаға», «Жайлау» сияқты мал басын көбейтуге, асылдандыруға көмектесетін бірқатар бағдарлама-лар жолға қойылғанын тілге тиек етті. Сондай-ақ ол ауыл шаруашылық өнімдерін өңдеу, егіншілік алқаптар-дың көлемін ұлғайту мәселелері биылдан бастап мықтап қолға алынатынын жеткізді.

Өндіріс қуатының артуы, экономиканың қарқынды дамуы өз кезегінде энергетикалық тапшылық туғызатыны түсінікті. Ендеше аймағымыздағы ірі СЭС-терден бөлек шағын су электр стансаларын салу, желдің күшін пайдалану көзделуде. Сол сияқты Глубокое ауданына қарасты Прапорщиково ауылында бүгінде жылу сорғылары стансасы
сынақтан өткізіліп жатса, Ұлан ауданы, Привольное ауылында биоотынның қуатын кәдеге жарату бағытында жұмыстар атқарылуда. Ал атом электр стансасына келсек, нысанды Курчатов қаласында орналас-тыру бойынша мәселелер қаралып жатқан көрінеді.

Бүгінгі таңда облыста 15 мың адам тұрғын үй кезегінде тұр десек, мұның 80 пайызы – Өскемен мен Семейдің үлесінде. Баспана тапшылығын жою үшін бірінші кезеңде жалдамалы тұрғын үймен қамту, екінші кезеңде несиелік үйлердің құрылысын кеңейту шаралары іске асырылады. Жер телімдерін бөлу, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдарды тарту мәселелері шешіліп, 2,8 миллиард теңге мөлшеріндегі қажетті қаржы бюджеттен бөлініп те қойған.

Біздің облыстағы жолдардың ұзындығы 11,5 мың шақырымды құрайды. Өкінішке қарай, осы жол-дардың жағдайы бүгінгі күннің талаптарына сай келмейді. Сондықтан бұған дейін жүргізіліп келген жол құрылысы жұмыстары биыл да өз жалғасын табуы тиіс. Әсіресе, облыс орталығынан Зырян, Катонқарағай, Рахман қайнарлары, сондай-ақ Қалбатау – Семей, Аягөз – Баршатас, Семей – Қарауыл, Семей – Қайнар және басқа да бағыттарда қатынай-тын күре жолдарды үстіміздегі жылы қалыпқа келтіруіміз керек.

– Биыл екінші жыл қатарынан тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы өңірімізде қолданыс табуда. Біздегі үйлердің жағдайын білесіздер, сонау 50-60 жылдары салынған, ескі. Апаттық күйде тұрған баспаналар да аз емес. Осыларды ретке келтіру үшін бұл бағдарламаның маңызы зор. Өткен жылы көппәтерлі үйлерді терможаңғырту және жөндеуге республикалық бюджеттен 812,5 миллион теңге бөлінсе, биыл 1,7 миллиард теңге қарастырылған, – деген облыс Әкімі Бердібек Сапарбаев аталған бағдарлама тұрғындардың өздері белсенді қатысқан жағдайда ғана жақсы нәтиже беретінін атап көрсетті.

Сонымен қоса өңір басшысы халықты таза ауызсумен қамту, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, білім, спорт, мәдениет салаларына қатысты мәселелерге де жеке-жеке тоқталды.

Кадрлар даярлауға баса көңіл бөлінеді

Білімге келсек, осы жылы облысымыздың орталығында құны 3,2 миллиард теңгеге сай келетін интернатымен бірге Президент мектебінің құрылысы басталады. Ол жерде тек қаланың ғана емес, шалғайдағы ауылдардың да білімге құштар балалары оқиды. Қаладағы бұрынғы №3 мектеп-гимназияның ғимараты болған білім ошағын ба-лалардың шығармашылық үйі етіп қайта жөндеуден өткізу жұмыстары да жақын арада аяқталады.

Өңір өзгеше серпінмен дамып келеді
Кадр даярлау мәселесі – бүгінгі күннің кезек күттірмейтін проблемаларының бірі. Әсіресе, құрылыс, өндіріс, технология салаларында мамандардың жетіспеушілігі аяққа тұсау салуда. Осы орайда облыс басшылығы заманауи техникалық-кәсіби кадрларды әзірлеудің жаңа бағдарламасын құрып, іс жүзінде қолдануда.
Есептік баяндамасында облыс Әкімі өңірдің дамуындағы тепе-теңдік проблемаларын жою, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі, жетімдер мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қолдау көрсету, жастар саясатының жүзеге асырылу барысын да назардан шет қалдырған жоқ.
Өңір өзгеше серпінмен дамып келеді
Оның айтуынша, жастарды қоғамдық өмірге белсене араластырып, тәртіп бұзушылықпен күресте олардың күшін пайдалану оң нәтижесін беруде. Мәселен, біз республикада бірінші болып ерікті халық жасақтарын құрдық. Қазір мыңға жуық ерікті жастарымыз ішкі істер қызметкерлерімен бірге көшедегі тәртіпті қадағалауға атсалысып жүр.
Шағын қалаларды дамыту бағдарламасына Шығыстан төрт қала: Серебрянка, Риддер, Зырян және Курчатов енгізілген. Былтыр бұл қалалардағы проблемаларды шешуге 480 миллион теңге бөлінсе, биыл 1,7 миллиард теңге қарастырылды. Шағын қалалардың бүгінгі күн тәртібіне қойылған ең басты мәселесі – қала түзуші кәсіпорындарға тәуелділіктен арылу. Былайша айтқанда, өнеркәсіп орындарының мойнына мініп алмай, өз күнін өзі көруі тиіс. Мұның сыртында тірек елді мекендерін дамыту, шекаралық аудандардың ахуалы тәрізді мәселелер де облыс басшысының қатаң бақылауына алынған. Бүгінде тірек елді мекендерін дамыту бағдарламасына біздің аймақтан 50 ауыл енгізілсе, былтыр ғана 10 миллиард теңгеге 626 жоба жасалыпты. Бұл соманың шамамен 60 пайыздайы демеушілердің қалтасынан шығарылса, қалғаны қазынаның қаржысы екен.
Өңір өзгеше серпінмен дамып келеді
Бизнестің әлеуметтік-жауапкершілігінің шеңберінде 2012 жылы кәсіпкерлер мен жергілікті билік арасында 10,1 миллиард теңгеге 4071 меморандум жасалған. Нәтижесін-де көптеген әлеуметтік-мәдени, спорттық нысандар жөндеуден өтіп, жаңадан салынды. Қарапайым халықтың игілігі үшін ақшасын аямайтын кәсіпорындар ішінде: «Қазцинк» ЖШС, «ҮМЗ», «ТМК» АҚ, «Қазақмыс» корпорациясы, «Қазатомөнеркәсіп» және «Қазақстан теміржолы» ұлттық компанияларын ерекше атап айтуға болады.

Біріккен Араб Әмірліктерінің қа-тысуымен Өскеменде үлкен мешіт салынды, Күршім ауданында балалар лагері жөнделіп, «Қазақмыс» корпорациясымен хоккей модулі салынды.
Өкінішке қарай, Өскемен арматура зауыты, «Кэмонт», конденсатор зауыты сияқты кейбір жергілікті өндіріс орындары әлі күнге дейін әлеуметтік жауапкершіліктің мән-маңызына жете алмай жатқанға ұқсайды, жетсе де қаржысын қиып бергісі жоқ. Бұлар әріптестері сияқты қыруар ақшасын шығындап халық үшін балабақша салып, демалыс лагерін жөндеуден өткізіп, хоккей модулін тұрғызып бермек түгілі көк тиын да бөлмей отыр.
Өңір өзгеше серпінмен дамып келеді
– Біздің облыс республикадағы бірден-бір өнеркәсіпті аймақ саналғандықтан, оның үстіне әлеуеті жеткілікті болғандықтан ел экономикасын дамытудағы алатын орны орасан зор. Сол себепті де Мемлекет
басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бізге жүктеген міндет-тапсырмаларының бәрін орындауымыз керек. Ол үшін ең бірінші талмай еңбек етіп, тың жобалар мен ұтымды жоспарларды жүзеге асыруға тиіспіз, – деп өткен жылды қорытындылады аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ.

Серік Әбілхан,
ЕсімжанНақтыбайұлы

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив