KZ
Өскемен
+10°
ясно жел 4 м/с, З
446.49 475.38 4.79

Әр сұрақтың әлеуметтік мәні бар

19.02.2013, 18:00 240


Семей халқының алдында толықтай есеп берген облыс басшысы кездесу барысында Семей өңірі тұрғындары тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Наталья ГОЛИКОВА, Семей:
– Семейдегі медициналық жедел жәрдем стансасы мен балалар ауруханасының құрылыстары жылдан- жылға кейінге қалдырылып келеді. Бұл проблема қашан шешіледі?

– Өз есебімде Семейде медициналық жедел жәрдем стансасының құрылысы биыл басталатынын атап өткенмін. Құрылысқа қаржы бөлінді. Сондай-ақ биыл 80 орындық туберкулезге қарсы балалар ауруханасының құрылысы аяқталады. Ал балалар ауруханасына байланысты қазіргі уақытта қажетті құжаттамаларды дайындап жатыр. Соны бітіргеннен кейін жобаны қаржыландыру жөніндегі мәселені қараймыз.

Найля АЛЬМЕНОВА, №3 аралас типтегі емхананың бас дәрігері, Семей:
– Біздің емхана шалғай аудандардағы Бобровка, Мұрат кенті, Солнечная долина және басқа да елді мекендердің тұрғындарына қызмет көрсетеді. Кейбір аурулар емханаға жетулері үшін 23 шақырымға дейін жол жүрулеріне тура келеді. Семейдің шетінде емхана құрылысына жер телімін бөлу жөнінде қала әкімінің қаулысы да бар. Жобалық-сметалық құжаттамасы да дайын тұр. Емхана құрылысына қаржы бөлуге көмектесуіңізді сұраймыз.

– Барлық құжаттаманы пысықтап, бюджеттің алдына қою туралы мәселені денсаулық сақтау басқармасына қала әкімімен бірлесіп шешу жөнінде тапсырма беремін.
Әр сұрақтың әлеуметтік мәні бар
Рашида ХАСЕНОВА, қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары:
– Сіздің табысты жұмысыңыз үшін алғыс айтуыма рұқсат етіңіз. Сұрағым мынандай. Бағалар мен тарифтерді ұстап тұру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанымен, баға бәрібір өсіп барады. Бұған қандай шаралар қолданылуда? Содан кейін бұқаралық ақпарат құралдарынан білгеніміздей, энергетиктер электр желілерін жаңғыртуда өткен жылы демеу қаржының аздаған бөлігін ғана жұмсаған. Осы саланың проблемаларын шешуде олар салғырттық танытып отыр.

– Шығыс Қазақстанда бағалар мен тарифтер бірден көтеріліп жатқан жоқ. Азық-түлік бағаларын ұстап тұру үшін Семейде ғана тұрақтандыру қорынан көкөністер мен жармаларды сату үшін 60 нүкте жұмыс істейді. Ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өткізілуде, бағаларды бақылайтын жұмыс топтары құрылған. Облыстың әрбір елді мекендері бөлігінде коммуналдық қызметтің өсуін талдап, қатаң есепке алып, сараптама жүргізіп отырмыз. Әзірге тарифтер мөлшері тұтынушылардың төлем қабілетіне сай келеді.
Ал энергетиктердің облыстағы электр энергиясы тапшылығын толтыруда қосымша қаржыны қалай жұмсап жатқандығын тексеруді облыстық салалық басқармаға тапсырамын.
Әр сұрақтың әлеуметтік мәні бар
БЕКПАЕВ, Абай ауданы:
– Абай ауданындағы «Қазпошта» аудандық филиалын облыстық пошта басқармасының тікелей құзырына өтуіне ықпал жасасаңыз екен.

– «Қазпошта» – облыс әкімдігіне бағынбайтын жеке мекеме. Сондықтан да олардың басшылығына тікелей нұсқау беретіндей құқым жоқ. Ал өз кеңесімді айтамын. Бұл мәселені ойдағыдай шешуге тырысамыз.

Семей тұрғыны:
– Биыл қоқыс шығарудың тарифі өсіп кетті. Оны бұрынғы деңгейіне келтіруге бола ма?

– Сіздің қалаңызда қоқыс тасымалымен негізінен Рафаил Хазипов айналысады. Ол – қалалық мәслихаттың депутаты. Сіз жұртшылықтың өкілі ретінде оны азаматтық жауапкершілікке шақырыңыз. Егер құқығыңыз бұзылды деп ойласаңыз, онда прокуратураға жүгініңіз.

БАЙЫРОВ, Семей, Юность кентіндегі №6 медициналық жедел жәрдем бөлімшесінің бас дәрігері:
– Юность кентіндегі тұрғындарға медициналық қызмет көрсету мәселесін шешу үшін өткен жылы ғимаратты қалалық денсаулық сақтау бөлімі балансына алған еді. Оны жөндеуге арналған құжаттардың барлығы бар. Биыл жөндеу жұмыстарына кірісу үшін қаржыландыру жағын жеделдетуге бола ма?

– Егер жобалық-сметалық құжаттамасы болса, онда тездетеміз. Бұл проблема менің назарымда, барлық мәселені шешеміз.
Әр сұрақтың әлеуметтік мәні бар
Әсем ӨТЕШОВА, «31-арнаның» меншікті тілшісі:
– Балалар үйлерінің түлектерін қолдау жөніндегі бағдарлама туралы айтып беріңізші. Жаңалықтар шығарылымына хабар дайындау кезінде жетімдердің көптеген әлеуметтік және тұрмыстық проблемаларына жиі тап боламыз.

– Әрине, бұл санаттағы азаматтардың проблемалары өте көп болып отыр. Дегенмен біз оларға көмектесуге тырысудамыз. Республикада алғашқылардың бірі болып Шығыс Қазақстан облысында «Мейірім» бағдарламасы аясында облыстағы балалар үйлерінің тәрбиеленушілеріне кәсіпорындар мен ұйымдар тарапынан демеушілік көмек көрсету іске асырылуда. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкте» балалар үйі түлектерінің әрқайсысына кәмелеттік жасқа толғанда және кәсіптік білім алғанда тұрғын үйге ие болуы үшін жинақтау есепшоты ашылған. Бүгінгі күні осындай есепшоттарға түскен жалпы сома 60 миллион теңгеге жетті. Қазір балаларды тұрғын үйлермен қамтамасыз ету мәселесі күрделі жағдайда өтіп жатыр. Пәтер беріледі, бірақ өте аз. Әзірге жағдайды осылай ғана шешіп жатырмыз. Бұған қоса, жетім балалардың жұмысқа орналасуына тұрақты түрде көмек көрсетілуде.

Люция ХАМИТОВА, Башкөл ауы-лы, Бесқарағай ауданы, мектеп кітапханашысы:
– Біздің орта мектепке 80 жыл толды. Оның ғимараты бұрыннан бері апатты жағдайда тұр. Жаңа мектеп қашан салынады? Тағы бір мәселе, Бесқарағай ауданы, Ново-Николаевка ауылындағы су құбырының құрылысын аяқтау мәселесі қашан шешіледі?

– Облыста апатты жағдайдағы 47 мектеп бар. Бұл мектептердегі қордаланған проблемаларды бір сағаттың ішінде шеше салу мүмкін емес. Башкөл орта мектебінің ғимараты бойынша негіздеме мен құжаттаманы дайындауды облыстық құрылыс басқармасының бастығына тапсырамын.Тек құжаттар дайын болғанда ғана жаңа нысанның құрылысына бюджетке тапсырыс беруді қараймыз. Ал биыл Ново-Николаевкада су құбыры тартылады.

Бесқарағай ауданы, Қоянбай ауылының тұрғыны:
– Қоянбай ауылына дейінгі небәрі 10 шақырымдық жол қашан жөнделеді?

– Бұл ұсынысты көлік басқармасы жұмыс бабында қарайды. Жылдамдатып, мәселені оңды шешеміз.

Светлана ЗАУРБЕКОВА, Семей тұрғын үй инспекциясының бастығы:
– Тұрғын үй инспекциясы құрылымы бойынша бірқатар мәселелерді шешуде тиісті министрліктерге ықпал етуіңізді сұраймыз. Бізде қызметкерлердің штаты азғантай ғана. Күнделікті қызметте қолданатын нормативтік құжаттар жетіспейді. Осы саланы үйлестіретін орган да жоқ.

– Қойған сұрағыңыз дұрыс. Мұны бірнеше рет министрліктер мен Үкімет мәжілістерінде көтергенмін. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Серік Ахметов біздің облысқа келген кезінде де айтқанмын. Бұл жұмысты одан әрі жалғастырамыз.

Үржар ауданының тұрғыны:
– Өз ісімді дамыту үшін несие алайын десем, кепілдік қамтамасыз етілмегендіктен ешкім ақша бермей отыр.
– Кепілдіксіз ақша берілмейді. Кепілдікке техниканы, жерді, қозғалмайтын мүлікті қою керек. Нарықтық экономиканың заңы да осындай.
Әр сұрақтың әлеуметтік мәні бар
АЛЬМЕНЕВ, Бородулиха ауданы, Михайловка ауылының тұрғыны:
– 2012 жылы ауданда кентішілік су құбырының құрылысы жөнінде мәселе қойылған болатын. Екі ауылда салынды. Ал бізде қашан қолға алынады?

– Биыл бітіріп береміз. Мердігердің өз ісіне деген жауапсыздығының салдарынан орындалмаған. Қазір қарастырып жатырмыз. Су болады. Жалпы, биыл Бородулиха ауданында сумен қамтамасыз ету мәселесі толық шешіледі.

Аягөз ауданы, Бидайық ауылының тұрғыны:
– Ауылымызға жаңа мектеп керек.

– Жобалық-сметалық құжаттамасы дайын болғанда ғана құрылыстың жобасы облыстық бюджетте қаралатынын ескертемін. Ауданыңыздың әкімі құжаттарын дайындасын.

Мұхтарбек КӘРІМОВ, Семей:
– Әлем мұражайы мерзімінде пайдалануға беріле ме?

– Әзірге барлық жұмыстар нақтылы уақытында жүргізіліп жатыр.

Бесқарағай ауданы, Долон ауылдық округінің тұрғыны:
– Шағын ауылдардағы пошта байланысы жабылып жатыр. Біз поштасыз қалдық. Орталық бөлімдердегі қызметкерлердің штатынан жұмыс ауқымы көбейіп отырған ауылдық жерлерге штат бөлуге болмас па екен?
– «Қазпоштада» бөлімшелерді оңтайландыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мен мұның алдында ғана айтып өткенімдей, бұл кәсіпорынның ішкі ісіне араласуға құқымыз жоқ. Ал үлкен ауылдарда пошта бөлімшелерін сақтап қалу үшін ұсынысымды білдірмекпін.

Сейтқали ИМАНӘЛИНОВ, «Поколение» қоғамдық бірлестігінің өкілі:
– Семейдегі тасымалдаушылар жол жүру тарифін 20 пайызға өсірді. Бұл - облыстағы ең жоғары көрсеткіш. Билік тарапы бұл қадамға қалай қарайды? Екіншіден, Семей қаласы әкімінің орынбасары Зәуреш Исабаева өзі бұрын педагог бола тұра жастарды тәрбиелеу мәселесі бойынша мектептердегі әріптестерімен сирек кездеседі. Невзоров атындағы мұражайдың жанында тұрамын, оған ешкім келмейді десем де болады. Бұл тұрғыда келушілермен неге жұмыс істемейді? Ал Полковничий аралы адамдардың арақ ішіп, шекілдеуік шағатын орнына айналып барады.

– Жолаушы тасымалдаудағы тарифтің өсуіне байланысты көптеген шағым түсіп жатқаны рас. Осы мәселеге байланысты тасымалдаумен айналысушылар және қала әкімдігі арасында мәміле жүргізіліп жатыр. Дегенмен де тасымалдау тарифін реттеу мәселесі атқарушы биліктің құзырындағы міндетке жатқызылмаған. Бұл бәсекелестік орта болғандықтан мәселені бақылауда ұстап отырмыз.
Зәуреш Исабаеваның жұмысын білемін, ол педагогтармен де, жастармен де кездесіп, жалпы өзінің қызметтік міндетін жауапкершілікпен атқарып жүр.
Мұражай жұмысы жайында айтарым: біз адамдарды мұражайлар мен театрларға күштеп апара алмаймыз. Бұл тұрғыда жұртшылықтан көмек күтеміз. Сіздің өзіңіз, балаларыңыз, немерелеріңіз мұражайда қашан болып еді? Көрмелердің ашылуларына достарыңыз бен таныстарыңызды шақырып, жиі барып тұру керек.
Полковничий аралындағы құқықтық тәртіп тұрғындардың адамгершілік жауапкершілігіне де байланысты болып отыр. Біз әр адамның қасына полиция қоя алмаймыз. Тәртіп бұзушыларға ескерту жасау керек. Егер оны елемеген жағдайда полицияға хабарлау керек. Міне, азаматтық парыз деген осы.

Шар қаласының тұрғыны:
– Шар қаласы мен Әуезов кентінің арасындағы жолды үнемі қар басып қалады.

– Қазіргі уақытта осы учаскеде қар тазалау жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Оған қажетті техникалар да, адамдар да жеткілікті. Проблема шешілетін болады.

СӘРСЕНБИНОВ, семейлік футбол жанкүйері:
– Біздің қаладағы спортқа қолдау көрсеткеніңіз үшін Семейдегі спорт қауымдастығы атынан алғысымызды білдіремін. Семейдегі «Спартак» және «Локомотив» стадиондары мемлекеттік меншікке алынған. Қазақстан футболының 100 жылдығы қарсаңында «Спартак» стадионына жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Ал екінші стадионды қайта жаңғырту керек. Мұнда допты және шайбалы хоккейден, коньки спортынан, ауыр атлетикадан жаттығу сабақтарын өткізу мүмкіндігі болмай отыр.

– Осы мәселені қарау үшін облыстың спорт басқармасына тапсырма беремін. Егер жобалық-сметалық құжаттамасы болса, күрделі жөндеу жұмыстарына қаржы қарастырамыз.

МҰХАМЕДЖАНОВА, Саржал ауылы, Абай ауданы:
– Ауылымызда 300 орындық мектеп қашан салынады?

– Бұл жобаға қатысты құжаттар дайын болмай жатыр. Қазір бұл бағытта тиісті іс-шаралар атқарылуда.

Семейдің 35-ші кварталындағы ПИК төрағасы:
– Семейдің жылу жүйесін жөндеп, жаңарту бағдарламасы бойынша 35-ші кварталдың жылу пункттерін және тағы бірқатар жылу көздері мен жылу трассаларын қайта қалпына келтіру жұмыстары жоспарланған. Алайда, осы учаскелерді биыл толық жөндеп шығуға қаражат жетпейді. Сізден мектеп, тұрғын үй кешені және бірнеше медициналық мекемелер, оның ішінде перзентханасы бар біздің ықшамауданға қаржылай көмек көрсетуіңізді сұраймыз.

– Семейдің жылу жүйесіне қатысты проб-лемаларды шешуге мемлекет тарапынан жыл сайын 7-8 миллиард теңге қаражат бөлінеді. Бірқатар мәселелер ақырындап өз шешімін тауып келеді. Қаланың әкімі Айбек Кәрімов 35-ші кварталдың жылу трассалары мен қазандығын жөндеуге қосымша қаражат қажет екенін баяндаған болатын.
Қаржыландыру республикалық бюджеттен жүргізілгендіктен, қазір бұл мәселе Үкіметте қаралуда.

Ольга ПЕТРОВСКАЯ, «Поколение» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Семей:
– 2012 жылы Семей ядролық сынақ полигонынан зардап шеккендерге қатысты заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізу жөнінде қоғамдық тыңдаулар ұйымдастыру бастамасын көтерген болатынсыз. Біз сол парламенттік тыңдауларға тыңғылықты даярланған едік. Алайда, ол тыңдаулар болмай қалды. Бұл бағыттағы жұмыстардың қазіргі жайы қалай?

– Бұл мәселеге қатысты Парламент Мәжілісінде арнайы жұмыс тобы құрылып, оны Шығыс Қазақстан облысы атынан сайланған депутат Александр Милютин бастады. Қазір бұл топ Парламентте тыңдау ұйымдастыруға қатысты әзірлік шараларымен айналысуда. Бұл белгілі бір уақытты қажет етеді.

Курчатов қаласының тұрғыны:
– Біздің қалада «Нұрлы көш» бағдарламасы жұмыс істеген болатын. Мен оралман ретінде бұл бағдарлама негізінде өз шаруа қожалығымды ашу мақсатында жер алайын деп едім. Бірақ менің өтінішім қанағаттандырылмады. Неге?

– Қазір Курчатов қаласында оралман ағайындардың саны аз болғандықтан, «Нұрлы көш» бағдарламасы Абай ауданында жүзеге асырылуда.

Ольга ШИШКИНА, Семейдегі ҚКХП-ның өкілі:
– Семейдегі аспалы көпірді күтуге қатысты мәселелер қалай шешімін табуда?

– Өкінішке қарай, әзірге бұл бағытта өзгеріс болмай тұр. Көпірді күтуге қажетті қаражат қалалық бюджеттен бөлінуде. Дегенмен, біз бұл мәселені Үкімет деңгейінде жиі-жиі көтерудеміз.

Хамит ИШМҰХАМЕТОВ, Семей:
– Восточный кентінің Жоңғар көшесінде су құбырын салу жөнінде өтініш жолдап жүргеніме осымен үш жыл болды. Алайда, ешқандай нәтиже жоқ. Не себепті Бейбітшілік мұражайының құрылысына ақша бар да, су құбырына жоқ?

– Шыны керек, адамдар үшін мұражай, театр сияқты мәдениет ошақтары қажет-ақ. Дегенмен су құбыры да аса қажет дүние екені даусыз. Сондықтан қала әкіміне бұл мәселені өз бақылауына алуды тапсырамын.

Майра ҚАЛИАСҚАРОВА, Семей:
– Мен – көпбалалы анамын. Өз баспанамыз жоқ. Көмектесіңізші.

– Сізге халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтарына арналып берілетін баспана алушылардың кезегіне тұру қажет. Арнайы тәртіп бар. Дегенмен қала әкіміне де бұл мәселені өз бақылауына алып, сіздің отбасыңызға көмек көрсетуді тапсырамын.

Курчатов қаласының тұрғыны:
– Қалалық аурухана ғимаратына жөндеу жұмыстары қажет болып тұр.

– Ғимаратты қалпына келтіруге қаражат қарастыратын боламыз.

Семей қаласының тұрғыны:
– Қалада бірнеше спорт мектептері жұмыс істеуде. Алайда спорт секцияларына жазыламын деушілердің барлығын қамтуға бұл аздық етеді. Сол себепті қосымша спорт мектебі салынса деген ұсынысымды айта-йын деп едім.

– Спорт басқармасы Семей қаласы бо-йынша спорт мектептерінің қажеттілігіне талдау жасауы керек. Егер айтқаныңыз рас болса, онда мәселенің шешімін іздейтін боламыз.

Абай ауданы жастарының өкілі:
– Ауылдық жерлерде «Қолжетімді баспана» бағдарламасы жүзеге асырыла ма?

– Әзірге бұл бағдарлама Өскемен, Семей және Зырян қалаларын қамтуда. Ал ауылдық жерлерде жас мамандарға арнап «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша үйлер салудамыз. Дегенмен сіздің ұсынысыңыз да дұрыс екен. Аудан әкімдері халық арасында баспана қажеттілігіне талдау жасауы керек. Осы жұмыс негізінде аймақтық бағдарлама да әзірлейтін боламыз.

Бесқарағай ауылының тұрғыны:
– Ауылда балабақша кезегінде тұрған 150 бала бар. Балабақша қашан салынады?

– Балабақша биыл салынатын болады.

Жастар орталығының әдіскері, Бесқарағай ауылы:
– Бесқарағайдың көптеген жастары мамандықты аудандық колледжде оқып алғысы келеді. Алайда онда жатақхана жоқ, сол себептен жастарымыздың Семейге кетуіне тура келеді. Колледждің өз жатақханасы бола ма?

– Бұл мәселеге қатысты аудан әкімі мен облыстық білім басқармасы бірлескен жұмыс жоспарын құруы тиіс. Жатақхананың қажеттілігін анықтап, құжаттарын әзірлеу керек. Міне, осы жұмыстар атқарылғаннан кейін ғана жатақхана құрылысын қаржыландыру жөніндегі мәселеге оралуға болады.

Үржар ауданының тұрғыны:
– Мен заманауи вагон-модуль ойлап таптым. Мұндай вагон-модуль ауыл шаруашылығы үшін таптырмас дүние болар еді. Алайда, саланың инновациялық дамуына септігін тигізер осы жобамды ары қарай жетілдіре түсуге қажет грантқа қол жеткізе алмай жүрмін.

– Ауыл шаруашылығы басқармасына сіздің ұсынысыңызбен танысуға тапсырма беремін.

Курчатов қаласының тұрғыны:
– Үш жыл бұрын Курчатовта қазақ тілінде білім беретін мектеп ашылған болатын. Десе де қазіргі уақытта бұл да аздық етуде. Бізге 600 орындық тағы бір мектеп қажет болып тұр.

– Бұл мәселеге қатысты өз көмегімізді бере аламыз деп ойлаймын. Алдағы уақытта бұл мәселені жіті назарға аламыз.
Үржар ауданының тұрғыны:
– Облысымыздың бірқатар аудандарында туған жердің тарихын тереңірек зерттеу мақсатында археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп келеді. Осындай ғылыми экспедициялар біздің ауданда ұйымдастырыла ма?

– Мұндай ұсыныстарды облыстық мәдениет басқармасының ғылыми-зерттеу жұмыстары бойынша жоспарына енгізуге әбден болады деп ойлаймын.

Семей жастарының өкілі:
– Былтыр Семейде электронды жастар еңбек биржасының жобасы жұмысын бастаған болатын. Мен өзім сол бағдарламаның көмегімен жұмысқа орналасқан едім. Сол себепті бұл тәжірибені облысымыздың өзге өңірлерінде де пайдалану керек деп есептеймін. Тағы бір сұрағым бар. «Жастар саясаты туралы» Заңға сәйкес студенттер қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүре алады. Осы орайда Семейде жол жүру бағасының қымбаттауына байланысты студенттік жеңілдіктерді қайта қалпына келтіруге көмектесуіңізді сұраймыз.

– Электронды жастар еңбек биржасының тәжірибесі облысымыздың барлық аудандары мен қалаларында қолданыла бастады. Ал жол жүру жеңілдіктеріне келер болсақ, бұл жағдайды жақсылап зерттеу керек. Сонымен қатар, автобус парктерін субсидиялауға қажетті қаражат та табу шарт. Жақында Өскемендегі жасы 70-тен асқан зейнеткерлер үшін жол жүруді тегін қылдық. Бұл мәселеге қатысты арнайы қаражат та қарастырылды.

Вячеслав ЛЮ-ШИН, ауыр атлетикадан жаттықтырушы, Семей:
– Бізге ауыр атлетикадан ірі жарыстар өткізуге болатын кең зал қажет.

– Спорттық инфрақұрылымға қатысты мәселелерді біртіндеп шешіп келеміз. Осы жылы Семейде жабық хоккей корты салынып, «Спартак» және «Локомотив» стадиондары жөндеуден өтпек. Барлық мәселені бірден шешіп тастауға болмайтынын түсінесіз ғой. Сондықтан әзірге өзге спорт кешендерін пайдалана тұруларыңызға тура келеді. Мысалы, денешынықтыру-сауықтыру кешені бар емес пе.

ӘБИЕВА, Шар қаласы:
– Шар қаласы моноқалаларды дамыту бағдарламасына ене ме?

– Біз Үкіметке аталмыш бағдарламаға Аягөз бен Шар қалаларын қосуды ұсынған болатынбыз. Қазір бұл мәселе Үкімет қарауында.

Семей қаласының тұрғыны:
– Краснознаменная көшесінде тұрамын. Біздің үй апатты жағдайда тұр. Не істеу керектігін де білмейміз?

– Бұл сұрақ қала әкімінің құзыретінде.

Балалардың спорт мектебі оқу ісінің меңгерушісі, Семей:
– Жаңа Семейге үлкен стадион қажет-ақ боп тұр.

– Бұл бір күнде шешілетін мәселе емес. Алдымен ұсынысыңызбен дұрыстап танысу керек.

Дәрігерлер қауымының өкілі:
– Ресейде ауылдық медицинаны қолдауға бағытталған «Земский врач» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Ауылдық жерлерге 5 жылға жұмыс істеуге барған дәрігерлер 1 миллион рубль (шамамен алғанда 5 миллион теңге) алады. Осы тәжірибені бізде енгізуге болмай ма?

– Қазақстанда бұған ұқсас «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бар екенін білесіздер. Аталмыш бағдарлама аясында ауылға барған мамандарға жаңа жерде орнығуға қаржылай көмек көрсетіледі. Дегенмен сіздің ұсынысыңыз да орынды. Ресейдің тәжірибесін зерттей келе, мұндай бағдарламаның елімізге қажеттілігін анықтайтын боламыз.

Семей қаласының тұрғыны:
– Менің науқас баламды Израильде емдеу қажет болып тұр. Сіздің атыңызға екі апта бұрын өтініш жолдаған едім. Неге десеңіз, шенеуніктер арызыма құлақ асқысы келмейді. Баламның өмірін сақтап қалуға көмектесіңізші.

– Өкінішке қарай, сіздің өтінішіңіз қолыма тимеді. Дегенмен бұл – кезек күттірмейтін шаруа. Сондықтан денсаулық сақтау басқармасының бастығы Овсянниковке есеп беру жиыны аяқтала салысымен сізбен жолығып, балаға шұғыл көмек көрсету жолдарын қарастыруды тапсырамын.

Елена ГОРДЕЙ, Курчатовтағы мектеп-гимназияның мұғалімі:
– Қаланы дамыту жоспарына білім мекемелерін жөндеу енгізілген. Біз мектеп-гимназияны күрделі жөндеуден өткізу үшін 49 миллион теңгенің құжат-пакетін дайындағанбыз. Осы мәселені қаржыландыруға көмектесуіңізді сұраймыз.

– Жақсы, қарастырамыз.

Семей қаласының тұрғыны:
– Азаматтардың арыз-шағымы туралы заңның бұзылуына жол берілуіне көңіл бөлуіңізді сұрар едік. Меніңше, бұл заңның орындалмауына қатысты жауапкершілікті күшейту шараларын қолға алу керек сияқты.

– Міндетті түрде шара қолданамыз. Мен әр кеңес пен кездесулерде бірде-бір арыз-шағым жауапсыз қалмауын ескертіп келемін. Мерзімі де бір айдан аспауы керек.

Курчатовтағы жастар бастамашылдығы орталығының қызметкері:
– Ауыр науқастар мен ауыр босанатындарды Семей мен Өскеменге жібереді. Алайда, қалалық аурухананың көлігі жарамсыз. Сондықтан жеңіл жәрдем көлігін немесе басқа жеңіл көлік алуға қаржы бөлуіңізді сұраймыз.

– Бұл мәселе тек Курчатов қаласына ғана емес, бірталай аудан орталықтары мен шағын қалаларға да тән болғандықтан, биылғы бюджеттен ондай көліктер алуға қаржы қарастырылған. Олар жақын арада сатып алынатын болады.

Байқанат ауылының тұрғыны:
– Өткен жылы біздің ауылдың су мәселесі оңымен шешілген еді. Енді сумен қатынас мәселесін орнату керек. Жаз мезгілінде су транспортымен сапарға шығуды ұйымдастыруға болмас па екен?

– Бұл мәселе қазір ойластырылып жатыр.

Майра ӘБЕНОВА, Семей:
– Мені бүгінгі есеп беру жиналысына мемлекеттік қызметшілер мен бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері неге қатысып отыр деген мәселе толғантып отыр. Олар жұмыс уақытында өз жұмыс орындарында болулары керек қой. Нақтылап айтсақ, есеп беру кезінде олардың қызмет мәселесі қаралады емес пе?
Екінші. Жолдауды түсіндіруді «Нұр Отан» партиясы ғана өз мойнына алып отыр. Менің ойымша, халықпен, басқа партиялармен диалог құруға ден қойған жөн. Бізде Жолдауда көрсетілген мәселелерді жүзеге асыруға бағытталған ұсыныстар баршылық.
Үшінші. Бізде сын айтқанды ұнатпайды. Семей қалалық әкімдігінің газетінде балама пікірге құлақ аспайды, сыни материалдарды баспайды.
Төртінші. Бизнес-құрылымның біраз өкілі ғана бизнесті қолдау жөніндегі мемлекеттік бағдарламамен ақпараттандырылған.
Бесінші. Өз басым Семей қалалық әкімдігі жанынан қоғамдық кеңес құрылғанын бұқаралық ақпарат құралдарынан ғана естіп, білдім. Неге оған біздің ұйымды шақырмайды?

– Тұрғындармен есепті кездесулер олардың көкейкесті мәселелерін шешуге мүмкіндік туғызу мақсатында өткізіледі. Нақтылап айтқанда, мемлекеттік қызметшілер де басқа азаматтар сияқты адамдар. Сондықтан олардың да өздерін толғандырған проблемалары мен ұсыныс-пікірлерін әкімге айтуға құқылары бар.
Ал Жолдауға байланысты түсінік жұмыстарына келсек, біз тұрғындарға Президент Жолдауында көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру үшін не істеу керектігін жеткіземіз. Сіздердің бұл шаруамен айналысуларыңызға кім кедергі болып отыр? Билікпен бірлесе жұмыс істеңіздер. Біз бәрін ашық түрде атқарамыз.
«Бизнестің жол картасы-2020» және басқа да бағдарламалар бойынша түсінік беретін ақпараттық кампания үнемі жүргізіліп келеді. Бұл бағытта газеттер мен теледидарларда үнемі ақпараттар беріліп жатыр. Сондай-ақ, шалғай ауылдарға барып, түсіндірме жұмыстарын жүргізетін жұмыс топтары да құрылуда.
Қоғамдық кеңесте жұмыс істеуге келсек, ол ерікті түрде атқарылатын шаруалар. Оның отырыстарына қатысып, өз ұсыныстарыңызды білдіріңіз.

Семей қаласының тұрғыны:
– Семей мен Өскеменде президенттік мектептер жұмыс істейді. Аудандарда дарынды балалар аз емес, бірақ олар аталған мектептерде оқығысы келгенмен, тұратын жерлері жоқ. Сол мектептердің жанынан интернат салуға болмай ма?

– Бұл мәселе оңымен шешіледі. Бұл екі мектептің де жанынан ауыл балаларына арналған интернат үйлері салынатын болады.

Кездесу барысында басқа да бірқатар сұрақтар қойылды, олардың жауаптары бұқаралық ақпарат құралдары арқылы берілетін болады.

Дәурен Аллабергенұлы

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив