KZ
Өскемен
+5°
ясно жел 2 м/с, З
443.85 474.3 4.8

Өңір жұртшылығы толғандырған сауалдарын тікелей жолдады

17.02.2013, 18:00 183


Ел ішінде әлі де шешімін күткен мәселелер жоқ емес. Олардың қатарында денсаулық сақтау мен білім беру саласына, зейнетақы мен жәрдемақыға, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына, құрылысқа, кәсіпкерлікке, коммуналдық төлемдерге, мәдениет пен спортқа қатысты мәселелер жетерлік. Мінеки, сан алуан осы сұрақтарға аймақ тұрғындары облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВПЕН болған интернет-конференцияда нақты әрі тұщымды жауаптар алды , деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

ӘЛИЯ, Семей:
– Жергілікті тұрғындарға басқа томографиялық тексеру жасау үшін квота алу өте қиын. Осы мәселе қалай шешіледі?
– Бұл сұрақты мен бақылауыма алайын. Мұны Денсаулық сақтау министрлігі арқылы шешуге болатын шығар. Облыстық денсаулық сақтау басқармасына тиісті тапсырма беремін. Оның үстіне компьютерлік томографтарды, әсіресе, Семейдегі, жаңарту жөнінде жоспарымыз бар.

ЖАЛҒАС:
– Менің ағам Қанай ауылындағы ауруханада жатыр. Көпшілігі мұны білмеуі мүмкін, бірақ ол жерде сырқаттарға жасалған жағдай өте нашар. Санитарлық тазалығы сын көтермейді, ең қиыны дәрігерлер мен күзетшілер тарапынан емделушілерге немқұрайлы қарау, құқықтарына қысастық жасау әрекеттері бар. Медициналық мекеме қызметкерлерінің бұл іс-әрекеттері ешбір заңға сыймайды ғой, сондай-ақ, ондағы бас дәрігердің жасы сексеннен асып кеткен. Әділдікке қалай қол жеткіземін?

– Сұрақ орынды қойылған. Қанай ауылындағы аталған мекеменің материалдық-техникалық базасы туралы жақсы білеміз. Аурухананың жұмыс істеп келе жатқанына алпыс жылдан асты. Бүгінде облыстық денсаулық сақтау басқармасына тиісті құжаттамалар әзірлеуге тапсырма берілген. Жобалық-сметалық құжаттама қашан әзір болады, содан кейін Қанай ауылында жаңа аурухана салуға мемлекеттен қаржы бөлу туралы тиісті министрлікпен жұмыс жүргіземіз. Ал енді медицина қызметкерлері мен күзетшілердің заңсыз әрекетіне қатысты айтылған шағымдар бірінші рет емес, бұған дейін болған. Осыған орай арнайы комиссия құрып, тексерулер жүргізгеннен кейін тиісті шара қолданамыз. Сырқаттар үшін ең бастысы – дәрігерлердің дұрыс қарым-қатынасы, алайда, кейбір емгерлерде бұл жағы жеткіліксіз. Сол сияқты сексен жастан асқан бас дәрігердің әлі жұмыс істеп жүргенін де біз жақсы білеміз. Өкінішке қарай, оны алмастыратын дәрігер жоқ, қазіргі күні ол осы саладағы жалғыз маман болып тұр. Дегенмен, біз қарап отырған жоқпыз, тиісті маманды іздестіріп жатырмыз. Қалай табылады, солай бас дәрігерді ауыстырамыз.

АРАЙ, Күршім ауданы:
– Бұқтырма су қоймасы арқылы кәрістер көпір салады деп еді. Бұл шаруа қашан жүзеге асады екен? Күршім ауданының тұрғындары тағатсыздана күтіп жүр.

– Күршімдіктердің жағдайын жақсы білеміз. Ол жақтағы жұртшылықпен кездесулерде бұл сұрақ жиі көтеріледі. Және оның маңыздылығы да жоғары. Әрине, көпір салуға мемлекеттен қаржы бөлуге болар еді, бірақ дәл қазір бізде ондай сома жоқ. Сондықтан біз инвесторлар іздестіріп жатырмыз. Өткенде біз кәрістің бір компаниясымен келістік. Қазір бұл компания тиісті құжаттарын жасап жатыр. Олармен әлі тағы кездесіп, мәселені жан-жақты қараймыз. Бұйыртса, 2014-2015 жылдары көпір құрылысы басталуы мүмкін. Оның үстіне өткелдің ұзындығы 2 шақырымдай болғандықтан, бүгінгі күні елімізде жоқ мұндай нысанды салу үшін тәжірибесі бар, қаржысы жеткілікті компания қажет екені белгілі.

Өскемендегі Тюленин, Бажов, Стаханов көшелерінің тұрғындары атынан:
– Облыс орталығындағы Тюленин көшесі, 1 мекенжайында бұрынғы балабақшаның екі қабатты ғимараты қаңырап бос тұр. Сыртынан қарағанда оған жөндеу жасалмаған сияқты. Бірақ ғимарат күзетулі. Білуімше, ол «КЕGОК» компаниясына тиесілі көрінеді. Егер нысан пайдаланылмаса, қала әкімдігін оны балабақша ретінде алуға болмай ма?

– Жалпы, аймақ тұрғындарының назарына сала кетейін, балаларды мектепке дейінгі мекемелермен қамту бойынша біз 95 пайыздық көрсеткішпен республикада бірінші орындамыз. Өскемен қаласында бұл мәселе шағын орталықтар ашу, жаңа балабақшалар салу, бұрын жекешелендірілген және қазір пайдаланылмай тұрған балабақша ғимараттарын мемлекетке қайтару арқылы шешілуде. Ал «КЕGОК-тың» мына ғимараты туралы шынымды айтсам, бірінші естуім, жауапты орындарға тексеру жүргізуге тапсырма берейін. Егер расында сіз айтқандай болса, мен аталған компанияның басшылығымен балабақшаны бізге тегін қайтарып беру жөнінде сөйлесемін. Содан соң оған жөндеу жүргіземіз де, ғимарат балаларды қабылдайтын болады.

ЖАНДОС, Өскемен:
– Кеңестік кезеңде құрылыс саласын қадағалайтын халықтық бақылау отряды жұмыс істегенін білеміз. Осындай қозғалысты бүгінгі күні қайта жандандыруға бола ма? Жастарға тұрғын үйлердің құрылыс сапасын үнемі бақылауда ұстауға мүмкіндік берілсе. Сонымен қатар құрылыс жұмыстарын автоматты түрде бақылайтын қадағалаушы құзыреті бар бөлім құрылса деген ұсынысқа қалай қарайсыздар?

– Өте дұрыс қойылған сұрақ. Жандостың айтып отырған ұсыныстары орынды, біз оны қолдаймыз. Бұл іске жастарды тарту өзінің оң нәтижесін берері сөзсіз. Бөлім құру мәселесіне келсек, қазір бізде қадағалаушы қызметін атқаратын бірқатар мемлекеттік құзырлы орындар бар. Құрылысты бастан-аяқ бақылау – солардың міндеті. Дегенмен, жаңа технологияларды пайдаланып, автоматтандыру арқылы құрылыс нысанын үнемі бақылауда ұстау дұрыс. Бұл ұсынысты да біз қабылдаймыз. Жастар ісі жөніндегі басқарма мен жастар ұйымдарының көшбасшылары бірлесіп, осы бағытта жұмыс істеп жатыр. Мен аталған басқармаға тапсырма беремін, келешекте автоматтандырылған бақылау технологиясын барлық салада енгізетін боламыз.

Әлия ӘРІПЖАН, Зайсан ауданы:
– «Зайсан технологиялық колледжінде мұнай саласы мамандарын дайындауымыз керек» деген оң ұсынысыңызға сол жерде мұнай өндірумен айналысып жатқан «Тарбағатай Мұнай» компаниясының басшылары осы күнге дейін тұщымды жауап бермеген көрінеді. Осы мәселе жөнінде пікіріңізді білсек.

– Рас, Зайсан ауданында мұнай мен газдың мамандары жоқ. Сондықтан Зайсан колледжінде осы сала кадрларын даярлау турасында тапсырма бергенмін. «Тарбағатай Мұнай» ЖШС-не айтылған, серіктестік басшылығымен тағы да сөйлесемін. Компанияның есебінен келісімшарт арқылы мамандарды әзірлейміз.
Жалпы, газ өндіруге қатысты біраз мәселелер шешілген. Ең негізгісі, Қытай мен Қазақстан арасындағы келісімшартқа сәйкес, өндірілген газдың тең жартысы бізде қалады. Ол газ әуелі Зайсан қаласына, сосын құбырдың бойындағы елді мекендерге жеткізіледі. Одан артылса, көршілес аудандарға таратамыз. Әрине, газды өңдеу үшін алдымен зауыт керек. Сондықтан Зайсан қаласында құны 1 миллиард теңге тұратын зауытты қытайлық әріптестер салып беруге келісті. Ал кәсіпорыннан елді мекендерге тартылатын құбырды біз өзіміз жүргіземіз. Қысқасы, биылғы күзге дейін Зайсанды газбен қамту ісі бір жолға қойылуы тиіс.

АЗАТ, Өскемен:
– Біздің облыста үш СЭС бар және электр қуатының өзіндік құны төмен. Сөйте тұра электр қуатының тарифі жыл сайын өсе береді. Осыны реттеуге бола ма?

– Біріншіден, бұл үш су электр стансасы (СЭС) 1997 жылдан бері америкалық «АЭС» компаниясының иелігінде. Екіншіден, тарифті Монополияға қарсы агенттік белгілейді. Қазір қайта құрылымдау жүріп жатқандықтан, біз тарифтерді белгілеуді жергілікті атқарушы органдардың құзырына беру туралы ұсыныс білдірдік. Ал енді қуат бағасы үнемі қымбаттайды деген дұрыс болмас, өйткені, ол жылына бір-ақ рет көтеріледі. Тұрғындардың қаперіне сала кетсем, еліміздегі ең арзан электр қуаты Ақтау қаласында болса, екінші – Шығыс Қазақстанда. Сол сияқты Ресейдің Барнаул, Новосібір қалаларында электр энергиясы ғана емес, барлық коммуналдық төлемдер біз-дікімен салыстырғанда үш есе жоғары. Демек,жұртшылық дифференциалды тарифті тиімді пайдалана білулері керек. Мәселен, күндізгі, кешкі және түнгі уақыттардың өзіндік бағалары бар. Соған сәйкес электр қуатын тұтынудың тиімді жолдарына көшкендері абзал.

Аты-жөні белгісіз:
– Семей - Қазақстан футболының отаны. Биыл аталып өтілетін Қазақстан футболының жүз жылдық мерейтойында қандай іс-шаралар жүзеге аспақ?

– Жақында мен осы мәселеге қатысты Премьер-Министрмен, Қазақстан футбол федерациясының президенті Ә.Жақсыбековпен және Спорт және денешынықтыру істері агенттігінің басшысымен кездесіп, сөйлестім. Қазір отандық футболдың ғасыр тойын Семей қаласында атап өту туралы Үкіметтің Қаулысы әзірленуде. Сонымен қатар біз Семейдегі «Спартак» стадионын жөндеуден өткізіп, облыс аумағында қосымша 100 футбол алаңын ашуды міндетімізге алдық.

БАУЫРЖАН, Өскемен:
– Сіздің бастамаңызбен құрылысы өткен жылы басталған қазақ драма театрының қазіргі хал-ахуалы қалай? Мәдениет ошағы қашан қолданысқа беріледі?
– Құрылыс жоспарлы түрде жүргізіліп жатыр. Бұйыртса, жылдың соңына дейін аяқталады. Бұл драма театрдың құрылысына облыс бюджетінен 3 миллиард теңге қаржы бөлінген. Барлық қажетті құрал-жабдықтарға, музыкалық аспаптарға тапсырыс берілген.

СЕРІК:
– Қазір біздің облыста жаңадан ерекше идеяларды ұсына алатын ақпараттық технологиялар (IT) саласының мамандары, бағдарламашылар жетіспейді. Соған байланысты жастар арасында осы мамандықтарға деген қызығушылықты арттыра түсу үшін жұмыстар атқарылса, нұр үстіне нұр болар еді.
– Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы білетін шығарсыздар, былтыр біз Татарстанға барып қайтқанбыз. Сол кезде ол жақтың IT-паркін тамашаладық, өте керемет. ТМД елдерінде мұндай парк жоқ. Жақында біздің жұмыс тобымыз Татарстанға барып келді. Енді дәл сондай паркті татарстандық әріптестерімізбен бірлесіп, Өскемен қаласындағы «Алтай» технопаркінің базасында ашу туралы мәселені қарастырдық. Қазір осы бағытта жұмыстар істеліп жатыр. Бұған қоса облыстық білім басқармасына тапсырма беремін, орта және жоғары оқу орындарында IT мамандарын оқытуды, сондай-ақ, мемлекеттің есебінен «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасы арқылы тегін қайта даярлауды жолға қоямыз.

Мақаншы ауылының тұрғындары:
– Үржар ауданы, Мақаншы ауылындағы №2 медбірлестігінің жанындағы ана мен бала орталығының құрылысы аяқталмай тұр. Осыған қаржы бөлініп, іске қосыла ма?
– Облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен аудан әкіміне нысанның құжаттарын дайындау жөнінде тапсырма берілген, қалай құжаттар әзірленеді, солай қаржы бөлеміз. Қателеспесем, құрылысты аяқтауға шамамен 150 миллион теңгедей қажет.

АЛЕКСАНДР, Өскемен:
– Қаладағы жедел жәрдем аурухана-сының ғимаратына қашан жөндеу жүргізіледі?
– Иә, жөндеу жүргізу жоспарда бар. Қазір об-лыстық денсаулық сақтау басқармасында тиісті құжаттар дайындалуда. Ғимараттың жобалық-сметалық құжаттары дайын болғанда қаржы бөлініп, жұмыс басталады. Бұған дейін 2009-2010 жылдары «Жол картасы» бағдарламасы аясында аталған аурухананы жөндеуге ақша бөлгенбіз, өкінішке қарай, бұрынғы басшының кесірінен жөндеу жүргізілмей қалды. Жалпы, барлық медициналық мекемелер барлық талаптарға сай болуы керек деп ойлаймын.

ӘЛИ:
– Сіздің бастамаңызбен қолға алынған «Туған ел – алтын бесігім» акциясы жалғасын таба ма?
– Облыста жүргізіліп жатқан бірде-бір акция аяқсыз қалмайды. Себебі, оның бәрі халық үшін жасалған дүниелер. Оның үстіне аталған акциялар өңір тұрғындарына өзінің пайдасын келтіруде. Тек қаржылай ғана емес, жас ұрпаққа патриоттық, отансүйгіштік тәрбие беретін маңызы бар екенін ұмытпайық. Сол себепті «Туған ел – алтын бесігім», «Туған жерге – тағзым» акциялары бір немесе бес жылдық емес, үнемі жалғасын тауып отыруы тиіс.

АРМАН, Катонқарағай ауданы:
– Қазақ прозасының көрнекті өкілі, жерлесіміз, жазушы Оралхан Бөкейдің биылғы 70 жылдық мерейтойына арнап қандай іс-шаралар өткізіледі? Өскеменде жазушыға арнап ескерткіш орнатуға болмай ма?

– Бұл мерекеге былтырдан бері дайындық жұмыстары жүргізілуде. Облыста арнайы жұмыс тобы құрылған. Бұдан былай жазушының туған жері Катонқарағай мен басқа да аудандарда, Өскемен қаласында лайықты іс-шаралар басталады. Ал енді ескерткішке келсек, кеше ғана жұмысшы тобымен кеңестік. Облыс орталығында Мәдениет және ақпарат министрлігімен келісе отырып, Оралхан Бөкейге арналған ескерткіш орнатамыз.

РИНАТ:
– Кейінгі кездері бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі туралы көп естіп жүрміз. Біздің өңірдегі ірі кәсіпорындардың бұл бағыттағы қосқан үлестері қаншалықты?

– Басқасын айтпағанда, Өскемендегі әлеуметтік, мәдени, спорттық ғимараттардың дені осы ірі кәсіпорындардың әлеуметтік жауапкершілігі арқасында салынып жатыр. Айталық, жаңа теннис корты, қайта жөндеуден өткен Спорт сарайы, заманауи үлгіде салынған хоккей модулі және басқа да көптеген нысандар демеушілердің қаржысына тұрғызылды. Енді жеңіл атлетика манежінің, жекпе-жек кешенінің құрылысы басталса, жақында ғана жабық нысан ішіндегі суда жүзу бассейнін салу жөнінде «Қазцинкпен» келісімге қол қойдым. Сол сияқты «Қазақмыспен» жүргізілетін келісімнің нәтижесінде олимпиадалық резервті даярлау мектебі бой көтереді. «Қазақмыс» бұған дейін облыс орталығында екі бірдей хоккей модулін өскемендіктерге сыйға тартты. Бұған қоса Семей, Риддер, Зырян, Шемонайха қалаларында да кәсіпорындар қаржысына хоккей модульдері тұрғызылады. Осы көмектері үшін мен өз атымнан, облыс тұрғындары атынан оларға ризашылығымды білдіремін. Былайша айтқанда, жыл сайын шамамен 10-12 миллиард теңге қаржы облыста әлеуметтік-мәдени және спорттық нысандар салуға жұмсалады. Мұның басым бөлігі бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі арқылы келген қаражат.

БАҚЫТБЕК, Күршім ауданы:
– Мектептерді оңтайландыру өз кезегінде жергілікті жерлерде интернаттар ашуды талап ететіні даусыз. Ендеше биыл қанша интернат ашылады?
– Күршім ауданында биыл интернат ашу жоспарда жоқ. Әуелі былтыр бастаған үш мектептің құрылысын бітіруіміз керек. Егер осы шаруаларды аяғына дейін жеткізсек, жаңа мектептердің құрылысын бастаймыз.

Риддер қаласының тұрғындары атынан:
– Риддерде қысқы спорттық нысандар салу жоспарланған ба? Егер заманауи шаңғы жолдарын салсақ, біздің шаһар республикалық жарыстарды өткізу мүмкіндігіне ие болар еді.

– Қысқы спорт түрлерінен халықаралық додаларда еліміздің намысын қорғап жүргендер-дің дені – Шығыс Қазақстанның түлектері. 2011 жылы өткен Азиада ойындары осыған көз жеткізді. Сондықтан Риддердегі спорттық нысандардың материалдық-техникалық базасын нығайту жолында жұмыстар жүргізілуде. Қазір біз онда хоккей модулінің құрылысын бастадық, шаңғы жолын жасайтын машина сатып алуға қаржы бөлдік, роллер трассасын жөндеуді қолға алдық. Жалпы, жаңадан шаңғы жолын салу және басқа да нысандар бойынша спорт агенттігі де өзінің ұсыныстарын білдіріп, біздерді қолдап отыр. Алматыда қысқы универсиада өткізілгенде спорттың бір түрі Риддерде ұйымдастырылса деген ниетіміз бар. Сол сияқты біз халықаралық ұйымдарға шығып, Риддерде жоғары деңгейдегі жарыстар өткізу жөнінде ұсыныс жолдадық.

Зырян қаласының тұрғындары:
– Қаладағы су басу қаупі жоғары апаттық аумақта әлі күнге адамдар тұрып жатыр. Биліктегілер неге тұрғындардың арыз-шағымдарына құлақ аспайды?

– Біріншіден, тұрғындардың арыз-шағымдарына құлақ аспайды деген қисынсыз. Өйткені, ол жерде мен бірнеше рет болғанмын, жұртшылықпен кездесіп, сөйлестім. Екіншіден, біз апаттық аумақта тұрып жатқандарды көшіру үшін 132 пәтер бөлдік. Алайда, сол үйлердің барлығы жекеменшік иелікте, оған қоса бұлардың ешбірі соңғы жиырма жылда үй-жайларын нығайтпаған, қосымша құрылыстар салмаған. Осының бәріне қарамастан тұр-ғындардың өтінішін ескере отырып, біз тиісті шараларды атқарып жатырмыз, құрамында сол аумақта тұратын адамдар бар жұмыс тобын құрып, тексеру жүргізілуде. Егер қауіпті аймақта тағы да үйлер анықталса, әрине, көмексіз қалдырмаймыз.

Курчатов қаласының тұрғындары:
– «Нұрлы көш» бағдарламасымен көшіп келген Курчатов қаласындағы қандастарымыз 2012 жылы сіздің көмегіңізбен Бесқарағай ауданының аумағында 11 шаруа қожалығын құрған. Енді осы қожалық иелері кәсіптерін дамыту үшін Курчатовты «Жайлау» бағдарламасына қосуды сұрайды.

– Мен осындай идеяларды қызу қолдаймын. Бұған дейін біз Курчатовта тұрып жатқан қандастарымыздың сұрауымен жер телімдерін бөліп бергенбіз, қазір олар шаруаларын шал-қытып отыр. Өздері табыс тапқанымен қоймай, шаһарды арзан көкөніспен, басқа да ауыл шаруашылық өнімдерімен қамтамасыз етуде. Ал енді Курчатовты «Жайлау» бағдарла-масына енгізу мәселесін міндетті түрде қарас-тырамыз.

Естеріңізге сала кетейік, аймақ басшысына көкейіндегісін төтелей жолдауға мүмкіндік беретін интернет-форум ақпанның 13-і күні ашылған. Содан бері конференцияның «хат қоржынына» тұрғындардан көптеген сауалдар келіп түсті. Бұлардың бірсыпырасына уақыт жеткенше аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтікелей жауап берді. Ал қалған сұрақтардың жауаптары алдағы уақытта облыс Әкімінің ресми сайтында жарық көретін болады.

Серік Әбілхан


Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив