KZ
Өскемен
+21°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, ОШ
447.4 477.55 4.76

Өскемен қаласында атаулы тегін жол жүру билетін еш қиындықсыз алуға қол жеткізілді

6.02.2013, 18:00 91


Өскемен қаласында атаулы тегін жол жүру құжаттарын алу төңірегіндегі даурықпа басылып келе жатқандай. Бүгінгі таңда қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде кезек те сиреген. Қариялар құжаттарын еш қиындықсыз алуға қол жеткізді
, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Өскемене қаласының 70-тен асқан қарттарын үйге тоқтатпай, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне ағылуына себепкер болған атаулы тегін жол жүру билетінің жыры еді. Мекеме ғимаратының алдындағы ұзын сонар кезектің себепшісі осы жаңалық еді. Ақпанның төрті күні мұндағы кезек сарсаңы бір кейуананы «жедел жәрдемнің» төсегіне таңа жаздаған. Қаумалаған топтың арасында жүріп табалдырықтан құлап, аяғын қайырғандар да болғанын айтады қариялар. Түске қарай кезек күткен зейнеткерлердің саны төрт жүзден асқан еді. Тегін билеттің мұндай машақатпен келерін ойламаған қариялар құжат қабылдау ісі дұрыс ойластырылмағанына наразылықтарын жасырып қала алмаған. Келесі күні бұл олқылықтар жойылып, құжат қабылдау үрдісі жолға қойылғанына куә болып қайттық. Есіктен кірген зейнеткерлерді аты-жөніне қарай төрт бірдей қабылдау орындарына бағыттаушылар қарсы алып жатты. Әуелі осы шараның басы-қасында жүрген жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі бастығының орынбасары Татьяна Минееваны сөзге тарттық.

– Жұмысты жолға қойдық. Келген зейнеткерлерді тегінің бірінші әрпі бойынша қабат-қабатқа бөліп тастағанбыз. Соның арқасында есепсіз кезек мәселесі жойылды. Кеше құжаттарды қабылдайтын адамдар аз болып, соның салдарынан ұзын сонар кезекке тап болған келушілер. Бүгін тек құжат қабылдауға 40 адам қойылды. Әр қабатта он адам құжат қабылдап, 10-15 минуттың ішінде жол жүру билетін табыстауда. Кешегі жағдайдан кейін кезегін күтушілердің барлығына отыратын орын қарастырдық. Бүгінше шағым айтқан ешкім жоқ. Таңертеңгі сегізден кешкі сегізге дейін қабылдау жалғасады. Атаулы жол жүру билеттері жыл көлемінде беріледі. Сондықтан бүгін бұл шаруаға уақыт таппағандар басқа күндері келіп те құжатын өткізе алады. Сенбі мен жексенбіде де қарияларымызды қабылдауға дайынбыз, – дейді Татьяна Минеева.

Ол атаулы жол жүру билеттеріне аталмыш бөлімнің елтаңбалы мөрі басылатындықтан қабылдау бір ғана мекемеде жүзеге асырылып жатқанын айтады.

Кезек азайғанымен бұл маңда кісі қарасы сирей қоймапты. Қалың топ-тың арасындағы бірді-екілі ата-әжелерімізден мән-жайды сұрап көрдік.

– Мен Жібек маталар комбинаты ауданынан келіп отырмын. Кеше де келгенмін. Бір сағат күтіп, шыдамым жетпей кетіп қалған едім. Кеше бейберекет сабылыс болатын. Денсаулығы нашарлағандарға «жедел жәрдем» де келген. Бүгін таңертеңнен осындамын, жақсы қабылдап жатыр. Орындықтар да жеткілікті қойылыпты. Бізді қуантқаны – жол жүру билетінің қолма-қол берілуі. Әуел баста 10-20 күннен кейін беріледі деген қауесет шыққан. Бүгінгі қабылдау қызметіне айтар өкпем жоқ, – дейді Нұрзиға Қалымова.

Ал Нұғман Мұқашев ақсақал таңертеңгі ұзын сонар кезектің лезде сейілгенін айтады. Дегенмен, мәселенің барлығы түбегейлі шешілді десек, жауырды жаба тоқығандай болар едік. Біз тілдескен төрт зейнеткер де бұл жерге дейін қоғамдық көліктермен қалталарынан ақша төлеп келгендерін айтады.

– Ақпанның жетісіне дейін атаулы жол жүру билетінсіз-ақ қоғамдық көліктерде тегін жүруге болатынын бұқаралық ақпарат құралдарынан оқып, білгенбіз. Алайда өз басым бүгін Күленов ауданынан осы жерге дейін ақша төлеп келдім, – дейді Нұғман Мұқашев. Бұл ақпаратты Мария Лужко да растады.
– Атаулы жол жүру билетін ресімдеп үлгермегендер апта бойы жеке куәлігін көрсету арқылы қоғамдық көліктерде тегін жүре алатыны барлық жерде жарыса айтылды. Менің өмірлік жолдасым да жетпістің бел ортасына келген. Кеше науқасы меңдеп, сонау Красин кентінен қан тапсыруға барып еді, ешбір автобус оны тегін тасымалдамады. Таңертең газет бетінен «Шығыс Қазақстан автотасымалдаушылар одағының» басшысы Николай Масичтің аталмыш ақпараттың таралуына ешқандай қатысымыз жоқ деп айтқан мәлімдемесін оқып таңғалдық. Жолдасым денсаулығына байланысты өз құжаттарын ресімдеуге келе алмады. Ал билет тек адамның өзіне ғана беріледі екен. Осындай қиындықтарды шешудің жолдары қарастырылмағаны өкінішті, – дейді ол.

Бір күн бұрынғы керілдескен кезекке талас ұмыт болып, жаймашуақ күйге түскен қариялар құжат қабылдаудың алғашқы екі күні оңай болмағанын әңгіме етісіп тұрды.

– Кеше құжат қабылдайтын адам жетпей қалып еді, бүгін өтініш толтыратын бланкілер жетпей қалғанын қарамайсың ба, – деп базынасын айтқандар да болды.

Тегін жол жүру билетінің жыры осылайша бір арнаға түсе бастағандай.


Есімжан Нақтыбайұлы

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив