KZ
Өскемен
-2°
ясно жел 1,7 м/с, З
443.85 474.3 4.8

Раушан гүлдері балында «Үміт» ханзадасы мен «Үміт» ханшайымы анықталды

8.01.2013, 18:00 183


Өскеменнің сол жағалауындағы «Бейбарыс» іскерлер клубында «Үміт» балалар үйі дәстүрлі «Раушан гүлдері балы» кешін өткізді. Кеште «Үміт» ханзадасы» мен «Үміт» ханшайымы» анықталды, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

Бұл жолы «Раушан гүлдері балының» көрігін «Үміт» ханзадасы» мен «Үміт» ханша-йымын» анықтаған өнер сайысы қыздырды. Бес және тоғыз жас аралығындағы бүл-діршіндер үш кезең бойынша бақтарын сынады. Бірінші кезеңнің шарты бойынша әр жұп қазылар алқасын көрікті де кестелі тілмен, дегдар мәнермен, сахнадағы сүйкімділігімен тәнті ете отырып, өздерін таныстыруы қажет болды. Қызыл, алқызыл, сары, ақ және көк раушан болып киінген сәбилер әр түстің мәні мен мазмұнын айтып, өз артықшылықтарын паш етуге тырысты. Бес жұп та таныстыру кезеңінде үш тілді қатар меңгеріп келе жатқандарын байқатты.

Бұдан кейінгі кезеңде кеш қонақтары қатысушылармен бірге сән патшалығына ойша сапар шекті. Сән әлемінің сахнасына именбей шыққан бала көңілдер бір сәт те болсын өздерін «жұлдыз» сезініп, бақытқа кенелді. Әр жұптың киім үлгісіне бола қаншама қиял мен көздің майы, маңдайдың тері төгілгенін көрдік.

Байқаудың қорытынды кезінде үміткерлер өз өнерлерін ортаға салды. Бірі асау толқындармен алысқан теңізшілердің ерлігін бимен әспеттесе, бірі рок-н-ролл стилінде би биледі. Ал Алена мен Степан «Айгөлек» әнін бал тілдерімен төгілте орындаса, Карина мен Темірлан «Мен қазақпын» деп жұдырықтай жүректеріндегі мейірімді Отанына деген пейілдерін көрсетті. Орыс халқының «Ромашка» биі де биленді. Әрбір кезең осы ошақтан тәлім алып, бүгінде өмірде өз орнын тауып үлгерген түлектер мен өнерлі тәрбиеленушілер қойған қызықты қойылымдармен, ән-күймен өріліп отырғанын айтпай болмас. Ауқымы аядай болғанымен, мәні мен маңызы өте тереңде жатқан шарадан әсерленді ме, сайыс қорытындысын жариялауға шақырылған қазылар да бірінен соң бірі ақжарма тілектерін айтып, көл-көсір ізеттерін жаудырды.

– Өз басым осы «Үміттің» балаларымен кездескен сайын қуанышқа бөленіп, бір жасап қайтам. Бүгін де өте маңызды шараның куәсі болдық. «Үміт» балалар үйіндегі көрініс еліміздің өз болашағына деген қамқорлығының айнасы іспеттес. Ең бастысы, осы шараға жиналған жандардың барлығының жүзінен жалған күлкі мен жасанды қуаныштың табын көрмедік. Барлығы да шынайы болды. Осы істе төзімділік пен мейірімділіктің теңдессіз үлгісін көрсетіп жүрген «Үміттің» ұжымына алғыс айтуымыз қажет. Мұнда өмірге келген әрбір жаңалыққа, өтетін әрбір шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ерекше мән беріп отырады, – деді қазылар алқасының төрағасы, облыс Әкімінің бірінші орынбасары Ермек Көшербаев.

Сайысқа қатысқан бес жұптың ешқайсысы да жүлде мен марапатсыз қалмады. Әр жұптың артықшылықтары жеке аталып, «Өнерлі ханшайым мен өнерлі ханзада», «Нәзік ханшайым мен қайратты ханзада», «Инабатты ханшайым мен парасатты ханзада» аталымдары бойынша марапатталды. Ал «Үміт» ханзадасы» мен «Үміт» ханшайымы» атақтары Темірлан Тұрғанбаев пен Карина Чубулатоваға берілді.

«ҮМЗ», «Қазцинк» сынды өндіріс алпауыттарынан бастап «Француз үйі», итальяндық «Жан» салоны сынды мекемелер шараға қатысқан барлық баланы құнды сыйлықтармен қуантты.

«Альянс банк» акционерлік қоғамының Өскемен қаласындағы филиалы директорының орынбасары Қанат Қапашев «Үміт» балалар үйіне бірнеше жыл қатарынан демеушілік көмектер көрсетіп келе жатқанын айтады. Жыл сайын аталған ошақтың балаларына 100 мың теңге көлемінде көмек көрсететін филиал ұжымы өткен жылы «Үміт» тәрбиеленушісінің тұрғын үй жинақ шотына бір күндік еңбекақыларын аударған екен.

Ал «Вита» ЖШС бас директоры, «Үміт» балалар үйінің қамқорлық кеңесінің төрағасы Виталий Каханов серіктестік орнаған сегіз жылдың ішінде тек демеушілік көмек көрсетіп қана қоймай, туындаған мәселелерді бірге шешуге өз кәсіпорнының қол ұшын беріп келе жатқанын айтады. Ол байқауға қатысқан балалардың барлығына арнайы сыйлық әкелгенін де жеткізді.

Сайысты ұйымдастырушылар шара бүлдіршіндердің табиғи таланттарын, эстетикалық талғамдарын, шығармашылық қабілеттерін оятып, рухани құндылықтарды дамыту мақсатында өтіп отырғанын, мұндай тәрбие көрген балалар ертең өз ата-аналарының тағдырын қайталамайды деп үміттенетіндерін айтады. Құлындай құлдыраңдаған қимылдарымен, пәк қылықтарымен жұртты жымитқан сәбилердің сол үмітті ақтайтынына біз де сендік.

Есімжан Нақтыбайұлы
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив