KZ
Өскемен
+15°
ясно жел 11 м/с, С
446.49 475.38 4.79

Рождествоға арналған жәрмеңкеге 4 аудан қатысты

6.01.2013, 18:00 145


Облыс орталығында Рождество мерекесіне орай бірнеше ауданның ауыл шаруашылық жәрмеңкесі өтті.Қала халқына мерекелік көңіл- күй сыйлап, қаңтардың қақаған аязына қарамай Шемонайха, Глубокое, Ұлан, Жарма аудандары Өскеменнің төріне келіп, базарлықтарын барша жұртқа ұсынды, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

Ұлан мен Жарма ауданының сауда керуені Тәуелсіздік алаңына келіп тоқтады. Күллі христиан бауырлардың мерейлі мейрамына арнап, Ұлан ауданы екі жылқы, сегіз сиыр, 11 бас қой етімен қоса, төрт тонна картоп әкеліпті. Ал Жарма ауданы бір жарым тонна сиыр етін, 800 келі қой етін және 300 келі шошқа етін жеткізген. Бұған қоса сөрелерде күнбағыс майы, құрт, ірімшік сынды ұлттық тағамдар да тұр.

– Бұл жәрмеңкеге ауданның ауыл шаруашылық өнімдерінен тыс, мәдениет үйінің жеке әншілерімен бірге Таврия ауылының топтық хоры да келіп, халыққа өнер көрсетуде. Біздің ең басты мақсатымыз – халықты арзан өніммен қамтып, мерекелік көңіл күй сыйлау, – дейді Ұлан ауданы әкімінің орынбасары Айдар Ибраев.

Бұл жәрмеңкеден қажетті дүниесін алуға келген қала тұрғындарын сақылдаған сарышұнақ аязға қарамай, қолына музыка аспаптарын ұстаған өнерлі топ қарсы алды.

– Қаламызда үнемі жәрмеңке ұйымдастырылып жүргендіктен, соңғы жылдары соғым соймайтын болдым. Себебі, ауылға барып, мал сойып әкеліп жүргеннің өзіне недәуір қаражат кетеді. Ал қазір жәрмеңке сайын ақшама қарай ет алып отырамын. Бүгін міне, жылқының бір санын алдым, – дейді өзін Кеңес Ордабаев деп таныстырған жігіт ағасы.

Металлургтердің мәдениет сарайы алдындағы ашық алаңға жайғасқан Шемонайха мен Глубокое аудандарының да қан базарында қайнаған тіршілік. Бұл аудандардың мерекеге деген құрметтері тіптен бөлек көрінді көзімізге. Глубокое ауданының кәсіпкерлері екі жылқының, 20 сиырдың, тоғыз шошқаның етін базарлауға әкеліпті.

– Шыны керек, бұрынғы жәрмеңкелермен салыстырғанда бұл жолы сауда жасаушылар өте аз. Тіпті, күздігүнгі жәрмеңкеде осы мөлшердегі өнімдер небәрі екі-үш сағатта сатылып кететін, бүгін қанша уақыт тұратынымыз белгісіз, – дейді аталған аудан әкімінің орынбасары Серік Жұмәділов.

Барын алып базарға келген Шемонайха ауданы 3,5 тонна шошқа еті мен 2,5 тонна ірі қараның етін әкеліпті. Бұған қоса май, балық, сүт өнімдерін де көптеп әкелген.

Аталған ауданның мәдениет үйінен келген өнерпаздар жәрмеңкешілердің көңілін көтеруге барын салып бақты. Тіпті, олардың көтеріңкі көңілдерін Алтайдың қытымыр аязы да мұқата алмайтындай. Амандаса кетсең, мерекемен құттықтайды. Бұл жәрмеңкеде қой, сиыр, жылқы еті бір мың теңгеден, қырыққабат, сәбіз – 51, пияз – 46, ал картоп 35 теңгеден саудаланып жатты.

Бұл күні дәл осындай ауыл шаруашылық жәрмеңкелері облыстың Зайсан, Зырян, Бесқарағай, Аягөз аудандары мен Риддер қаласында да өтті.

Мұратхан Кенжеханұлы

мәлімет көзі:Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив