KZ
Өскемен
+7°
облачно с прояснениями жел 6 м/с, СБ
{m-rates-USD} {m-rates-EUR} {m-rates-RUB}

Республикалық «Жасыл Ел» жастар еңбек жасақтарының Семей қалалық филиалы жылдың үздік «Жастар ұйымы»

28.12.2012, 18:00 248


«Жасыл Ел» жастар еңбек жасақтарының Семей қалалық филиалы жылдың үздік «Жастар ұйымы» атанды, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Бұл жағымды жаңалық Семей қалалық «Нұр Отан» ХДП «Жас Отан » Жастар Қанаты мен «Салауат» Шығыс Қазақстан Облысы Жастар Қоғамдық Бірлестігінің ұйымдастыруымен, ішкі саясат бөлімінің қолдауымен өткізілген «Болашақ біздің қолымызда!» атты патриот жастар форумының қорытынды кешінде белгілі болды.

7 жыл бойы жастар саясатын жүзеге асыруға үлес қосып келе жатқан «Жасыл елдің» атқарған жұмыстары арасында «Менің қазақстаным» патриоттар форумы, Астана қаласының туған күніне орай «Ақ тілекпен Астана» флеш мобы, «Вен баллы», «Таза қала-таза аула», «Жастар таза қала үшін» сенбіліктері, Түйемойнақ аралындағы Денсаулық жолын қалыпқа келтіру және тағы басқа акциялар бар.

Жиында 2012 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік жастар саясатын іске асырудағы үлесі үшін берілетін Семей қаласы әкімінің дәстүрлі сыйлығының жеңімпаздары марапатталды.

Жылдың жас үздіктері қатарында «Жас кәсіпқой» аталымын жеңіп алған Тоғжан Мұқатаева. Тоғжан Қазақ инновациялық гуманитарлық заң университетінде халықаралық байланыстар мен академиялық мобильділік маманы ретінде қызмет атқарады. 2012 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Халықаралық «Болашақ» стипендиясының иегері атанып, АҚШ-да тағылымдамадан өтті.

"Жылдың жас журналисі" аталымының иегері Қуаныш Смағұлов болды. Қуаныш 2009 жылғы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетінің түлегі. 2011 жылдан бастап «Қазақстан-Семей» телеарнасында жүргізуші, редактор қызметін атқаруда.

«Жас отбасы» аталымын Ботабек Төкішқадыров пен Анар Құжиманова жанұясы жеңіп алды. Ботабек «ЗакупИНФО» ақпараттық – жарнамалық газетінің бас редакторы қызметін атқарса, Анар Семей қаласының № 3 перзентханасында дәрігер -эпидемиолог болып жұмыс істеуде.

«Жас мемлекеттік қызметкер» аталымы бойынша Дина Тайшыбаева жеңіске жетті. Жас болғанына қарамастан Дина Семей қаласының экономика бөлімінің сектор меңгерушісі.

«Жас спортшы» номинациясын Семей қаласының Мемлекекеттік медицина университетінің студенті Айгерім Қырықбаева иеленді. Айгерім қол күресінен республикалық, облыстық жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы.

«Жылдың жас көшбасшысы» номинациясына Мұстафа Қожамсейіт лайық деп танылды. Мұстафа Семей қалалық «Қазақстан студенттер альянсы» жастар ұйымының көшбасшысы, қала әкімі жанындағы жастар істері жөніндегі Кеңес пен «Конгресс» пікірсайысшылар клубының белсенді мүшесі.

«Жылдың студент көшбасшысы» атанған Мұхтар Баймағұлов. Мұхтар Семей қаласының «Жас Отан» ЖҚ атқарушы хатшысының орынбасары, «Нұр Отан» ХДП жанындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес Кеңесінің мүшесі.

Жас үздіктерді қала әкімінің орынбасары Зәуреш Исабаева құттықтады. Ол кісі өз сөзінде: "2050 жылы Қазақстанның қандай болуы біздің болашағымыз – сіздерге байланысты. Қазіргі кезде білім алуға жастар үшін барлық жағдайлар жасалған. Қала әкімінің атынан сіздерді жаңа жылмен құттықтаймын!" деді.

Жеңімпаздар арнайы диплом, сыйлықтармен марапатталған соң, кеш мерекелік концертпен жалғасты.

Мәлімет көзі: Семей қаласы ішкі саясат бөлімінің ақпараттық секторы




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив