KZ
Өскемен
+15°
облачно с прояснениями жел 10 м/с, С
446.49 475.38 4.79

Қасқырдың суреті (әңгіме)

11.12.2012, 18:00 243


Қаланың төбесіне мамықтай қалқып түсіп келе жатқан мың миллион ұлпа қарды даладан асығып жеткен желікпе жел ұршықтай иіріп, етек-жеңін желпілдетіп, үкідей ұшырып, ала құйын мінезіне салды. Аялдамада тұрған қара бала айналасына жаутаң-жаутаң етіп қарайды. Бағыты – бас пошта, екі аялдамалық жер. Ауылына хат салмақ. «Атау, ешкімді танымайтын қалаға неменеге алып келдің, ауылда да мектеп бар емес пе? Мені қайтадан алып кетші» деген жолдарды жылап отырып жазып еді. Жанына бірнеше адам келді. Аузы-басын жирен жүн басқан дәу сарыны байқап қалды. Ыңғайсызданды. Үлкен адамға амандаспақ болды.

-Ассалаумагалейкум, - деді оң қолын жүрегінің тұсына қойып.

-Че надо тебе? – деп гүр ете түсті. Бұған ала көзімен қарап, жерге бір түкірді. Қойнында қыбырлаған бірденесі бар. Қара бала шынында да дәу сарыдан қорқып қалып еді. Ығысып шетке барып тұрды. Аялдаманың ықтасын жағында көкжал қасқырдың плакаты ілінген. «ГДК рок - концерт, 18:00 ч. 16.12.1987г». Қара бала қасқырдың суретін көріп, дәл бір туысын көргендей іштей қуанып қалды. «Әй, мынау біздің қойға шабатын көкжал ғой, атам тор айғырға мініп қуған кезде Ақбақай төбетімізбен таласатын қасқыр емес пе...» Осы кезде дәу сарының қойнындағы кішкентай күшік сырғып жерге түсті де, қасқырдың суретіне қарап, ал шәңкілдеп үрсін кеп...

«Ти - ти» прекрати деп дәу сары қара балаға түсініксіздеу тілде сөйлей бастады. Жұдырықтай Ти - ти шәңк - шәңк етіп болмайды.Бала аң-таң боп қарап тұр. Бір кезде жел үдей түсіп, плакат жұлынып кетті де, қардың бетімен сырғып, Ти-тиға жақындай берді. Ол байғұс болса, денесіндегі бүкіл түгі дірілдеп, бұтына жіберіп қойды да, бұны келіп паналады баланы. Қара бала қосаяқтай кішкентай күшікті жерден жеңіл көтеріп, иесіне берді.

Дәу сары Ти - Тиді қойнына тыға салды да, қара балаға рахмет айтқан жоқ. Иесінің жылы қойнында тұрған Ти-ти ін аузындағы күзендей басын анда-санда шығарып қояды. Көздері түймедей жылт-жылт. Бірақ бағанағыдай шәңкілдеп үрген жоқ. Жуасып қалыпты.

Қар борай жауып тұр.

Автобус әлі көрінер емес...

Мәлімет көзі:Талғат Кеңесбаев





Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив