KZ
Өскемен
+10°
ясно жел 9 м/с, С
443.85 474.3 4.8

Аққудың өлімі (әңгіме)

11.12.2012, 18:00 197


Каспийдің жалы жығылған. Әшейінде айдаһардай ақырып, шабынған бурадай көбік шашып, аққу-қазды тербетіп, жағасына келгенді жұтып, қылғытып, жартасты ұрып, құм-қиыршықты диірмендей тартып, қайтадан басын тасқа ұратын мінезінен түк қалмаған. Кембағыл қария сияқты жуас. Шарасыз. Жағалауында күн қыздырған тасқа отыра-отыра кеткен үш шетелдік айы-күні жетіп, толғағын күткен әйелдердей қарны шермиіп, күңкілдеп сөйлесіп отыр. Үш еркек...

-Әлгі, Қазақбай қайда? – деді Джордж.
-Жүрген шығар, - деді немқұрайлы Гафур.

-Ол босқа жүрген жоқ. Жеті атасынан қонақжай халықтың баласы ғой, - деп шиқ-шиқ күлді Ти Эн.
Әрі-бері жүргендер үш шетелдіктің тап-таза қазақша сөйлеп тұрғандарына таңғалды.

-Анаңды, таңғалатын несі бар? Біздің мұнайды шелектеп ішсе, қазақша сөйлемегенде қайтеді? – деді қария. Айтарын айтты да, жерге бір түкіріп, кетті де қалды.

Ентігіп Қазақбай келді. Шетелдіктерден қайта-қайта кешірім сұрады. Қолындағы қораптан бекіредей жуан екі бөтелке виски алып шықты. Шүпілдетіп құйды-ау. Мұз да, су да қоспай сіміріп-сіміріп салды бәрі. Әзіл-қалжың, анекдоттар айтылды. Бірақ үшеуі де саясатқа жоламады.
- Досым, Қазақбай, - деп арқасынан қақты Джордж. – Көкеңе айтып, Алматының бір жақсы жерінен жүз гектар ғана жер алып берші. Апорт егіп, сендердің жоғалтқан апорттарыңды қайта тірілтейін. Сұраған ақшаңды аласың. Мына мұнай да бітеді, сонда немерелерім не жейді. Түсінсеңші мені, досымсың ғой Қазақбай.

Қазақбайдың бетіне қан жүгірді.
- Осы мен Пекинде оқып жүргенімді адайлардың жылқысы туралы естіген едім. Бар болса тапшы бір табын жылқыны. Жерімен қосып сатып алайын. Туыстарымды әкеп бақтырайын. Біз де сендердің халықтарыңа еңбек етейік, - деді Ти Эн. Шетте отырған Иван мырс ете түсті. Қазақбай мас болып қалған.
- Мен өз жерімде отырмын ғой. Маған ештеңе керек жоқ, - деді Гафур желкесін қасып.

«Когда хозяин гуляет, деньги роль не играют» - деп Қазақбай бөсті. Анасы пісіріп берген аппақ, жұп-жұмсақ, үлпілдеген нандарды вискиге малып аспандағы шағалаларға лақтырды кеп. Оған жанында отырған достары қосылды. Шағалалар шаңқ-шаңқ. Жарты сағаттың ішінде соғыс басталды да кетті. Он шақтысы жерге құлады. Төртеуі қосыла қайтадан лақтырды. Қызық. Шағалалар аспанда шоғырланды. Әрі айналды, бері айналды. Шиқылдады.

Шаңқылдады. Осы кезде сыңарына өкпелеп, шетке қарай сырғып бара жатқан аталық аққуға көздері түсті. Өткір тұмсықтарын төмен қадап, құлдилап келді де, аққуға шабуыл жасады. Әп-сәтте айдынның бетінде аққудың аппақ қауырсындары қып-қызыл қанға боялды.

Ықылық атып Каспий жатыр. Өксігін баса алмайтын сияқты. Қазақбай әніне басты. Үш шетелдік шетінен тұрды да кетіп қалды.

Күн ұясына барып басын тигізді. Айдынның беті қып-қызыл. Жалғыз аққу сыңарын жоқтап бауырлай ұшып барады.

Сұңқылдап жылап барады.

Мәлімет көзі:Талғат Кеңесбаев




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив