KZ
Өскемен
+5°
небольшая облачность жел 0,4 м/с, З
448.81 476.82 4.77

«Шығыс» әскери қолбасшылығы жиырмаға толды

29.11.2012, 18:00 293


Еліміздің тыныштығы мен тұрақтылығы оның қорғаныс күші мен әскеріне тікелей байланысты екендігі белгілі. Қорғаныс күші берік елді жау да, дау да ала алмайды. Биыл «Шығыс» өңірлік әскери қолбасшылығы өзінің 20 жылдығын атап өтуде, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті күніне дайындық аясында қалада осыған орай салтанатты жиындар легі жалғасты. Жеңіс саябағында соғыста қаза тапқан жауынгерлерді бір сәт еске түсіріп, Мәңгілік алау басына десте гүл шоқтарын қойғаннан кейін Абай театрында салтанатты жиын болды. Оған облыс Әкімінің орынбасары Владимир Кошелев, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының бас қолбасшысы генерал-майор Василий Рысбаев, бұрынғы қолбасшылар, қорғаныс саласының ардагерлері және жауынгерлер қатысты.

– Еліміз егемендік алған жылдар – мемлекет болып қалыптасуымыздағы ерекше елеулі кезең. Ал әскери сала – қайсы мемлекеттің де негізгі және маңызды бөлігі болып табылады, – деді қолбасшы Василий Рысбаев. – Біздің негізіміз 1992 жылдың 1 қарашасынан, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің директивасымен Қарулы Күштердің құрылған күнінен бастау алады. Түркістан әскери округі 32 армиясының құрылымдары мен әскери бөлімдері базасында Армия корпусы құрылып, штаб пункті Семей қаласында шоғырландырылды. Армия корпусының құрамына алғашқыда Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Алматы, Талдықорған облыстарының аумақтарында шоғырлан-дырылған 17 құрылым мен әскери бөлімдер кірген еді. Қазақстан Республикасы Президентінің 2000 жылғы 4 шілдедегі «Әскери реформалау тұжырымдамасын бекіту және 2005 жылға дейінгі кезеңдегі әскери құрылымның мемлекеттік бағдарламасы туралы» Жарлығына сәйкес, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен және Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2000 жылғы 15 қыркүйектегі директивасына орай Армия корпусы штабының базасында Шығыс әскери округінің басқармасы құрылды. Бүгінде әскерлердің жауынгерлік қабілеттілігін арттыру, әскери басқарма органдары жұмысының тиімділігін күшейту мақсатында Шығыс әскери округі «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы болып қайта құрылып, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрамына кіріп отыр.

Бұдан кейін облыс Әкімінің орынбасары Владимир Кошелев құттықтау сөз алды.

– Күшті әскер – кез келген мем-лекеттің тірегі, – деді ол өз сөзінде, – еліміздің қорғаныс саласы жылдан- жылға күшейіп, әскер қатарының санына емес, сапасына аса мән беріліп келеді. Елбасы, Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «Ыңғайлы, ұтқыр, жақсы жабдықталған, әзірлігі мол армия керек. Армия халқымыз мақтанатындай болсын. Өйткені, ол – Қазақстан халқының армиясы. Әскеріміздің беделін арттыра түсуіміз керек» деген сөзіне сәйкес, біз әскеріміздің кәсіби шеберлігін нығайтуға бар күш-жігерімізді жұмсаудамыз. «Шығыс» өңірлік қолбасшылығында осы кезең ішінде ар-ождан дәстүрі қалыптасты. Жарғылар мен бұйрықтардың талаптарын мүлтіксіз сақтау – «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының тамаша бір ерекшелігі. Осы дәстүрлерден сусындаған офицерлер легі қазіргі уақытта жауапты басшы қызметтерді атқарып, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің дамуына өз үлестерін қосып келеді.

“Отан үшін отқа түс – күймейсің” деген екен Бау¬ыр¬жан Момышұлы. Бұл сөзде көп ақиқат жатыр. Отанды қорғау – ең алдымен, ер-азаматтардың міндеті. Патриоттық сезімнің нысаны Отан десек, ол тәрбиенің негізгі арқауы болып табылады.

Елбасы, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ тапсырмаларын орындау да шығыстықтар үшін абыройлы міндет. Салтанат иелерін құттықтаушылардың бірі Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің жаяу әскерінің бас қолбасшысы Мұрат Майкиев бүгінгі таңда атқарылып жатқан жұмыстарға көңілі толатындығын айтты. Ал Парламент Мәжілісінің депутаты, Халық қаһарманы Бақытжан Ертаев Отанын қорғау азаматтың ең қасиетті парызы екенін атап көрсетті. Кеш соңы мерекелік концертке ұласты.

Раушан Нұғманбекова
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив