KZ
Өскемен
+13°
пасмурно жел 1,9 м/с, СБ
446.49 475.38 4.79

Қазақ боксшысы Қанат Ислам колумбиялық кәсіпқой спортшыны жеңді

26.11.2012, 18:00 291


«Азаттық» радиосының хабарлауынша, кездесу қарашаның 24-і күні өтті. Екінші раундта кездесу тоқтатылған. Қанат Ислам қарсыласы колумбиялық кәсіпқой спортшы Сегунда Херрераны нокаутқа жіберген, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі. «Nelsons» компаниясы сайтының жазуынша, қазақстандық боксшы Қанат Ислам бұл жекпе-жекке дейін кәсіпқой рингте бес кездесу өткізген. Барлығында да қарсыласын нокаутқа түсірген.

Қытайда туған боксшы Қанат Ислам 2008 жылы Пекин олимпиадасына сол елдің атынан қатысып, қола жүлде алған. 2009 жылдың желтоқсанында Алматы облысына көшіп келген ол Лондон олимпиадасына Қазақстан атынан қатыса алмады. Олимпиада ойындарының ережесі бойынша, Қанат Ислам Қазақстан атынан Лондон олимпиадасына қатысу үшін елде толық екі жыл тұруы керек немесе Қытайдың рұқсаты алу тиіс. Оған Қытай рұқсат бермеді. Боксшы елге 2009 жылдың соңында келгенімен, Қазақстан азаматтығын 2010 жылдың наурызында алып, кешігіп қалды.

Қанат Ислам 2012 жылдың наурыз айында кәсіпқой бокспен айналысу үшін АҚШ-қа кетіп, қыркүйекте «Nelsons» атты промоутерлік компаниямен екі жылға келісім-шартқа отырған. Бұл компанияның менеджері Нельсон Лопес ереже бойынша Исламға қарсылас тауып беріп, кездесулерін ұйымдастыру жағын да қамтамасыз етуі тиіс.

Колумбия астанасы Боготада өткен кездесуде Қанат Ислам жергілікті боксшы Сегунда Херрераны екінші раундта жеңіп, оны әлем чемпионы атағына таласу құқығынан айырды.

35 жастағы Сегунда Херера бокспен жиырма жылдан бері айналысады. Әуесқой бокстан Колумбия чемпионы. Осыған дейін 20 кездесу өткізіп, тоғызында жеңді, төртеуінде тең түсті.

Қанат Исламмен бірге осы клубта жаттығатын доминикандық боксшы Феликс Диас (Пекин олимпиадасының чемпионы) «қазақ боксшысының техникасы мен бокстасу әдісі мықты» екенін айтқан.

Қанат Исламның Қазақстандағы бапкері Тұрсынғали Еділовтің айтуынша, боксшы қазір АҚШ-тың Майами қаласында тұрып жатыр.

– Қанат Ислам Лондон олимпиадасына қатыса алмайтынын білген соң кәсіпқой боксқа кетті. Қазір Нельсон Лопес деген АҚШ-тағы атақты менеджердің компаниясымен келісім-шартқа отырды. Қанаттың айтуынша, бұл компанияда 150 боксшы бар. Көбі – АҚШ, Доминикан және Пуэрто-Рико боксшылары. Ол түбегейлі кәсіпқой боксқа бет бұрды. Мақсаты – орта салмақта әлем чемпионы атану. Бес кездесуіндегі жеңісі – тек бастамасы ғана. Алда оны әлі қиын кездесулер күтіп тұр. Әлем чемпионы болу үшін үш жылдың ішінде жиырма-отыз кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жетуі керек, – деді Тұрсынғали Еділов.

Жаттықтырушының айтуынша, Қанат Ислам Майами қаласында әлі екі жыл жаттығады.

– Қанат Исламның жары және баласы да Майамиде өзімен бірге тұрады. Қазір ағылшын тілін үйреніп жатыр. Қазақстанға 2013 жылы наурыз айында келіп кетуі керек, – деді бапкер Тұрсынғали Еділов.

Кәсіпқой бокстың ережесі бойынша, Қанат Ислам енді екі кездесуде жеңіске жетсе, онда WBO (Әлемдік бокс қауымдастығы) рейтингіне еніп, әлем чемпионы атағына таласуға арнайы рұқсат алады.

Қанат Исламның менеджері Нельсон Мендес өз сөзінде беріп:

- Қанат бұл кездесуін қиналмай жеңді. Қазір ол келесі кездесуге дайындалып жатыр. Жекпе-жек 30 қараша өтеді. Қарсыласы – АҚШ немесе Доминикан Республикасының боксшысы болады, – деді.

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив