KZ
Өскемен
+17°
облачно с прояснениями жел 4 м/с, С
446.49 475.38 4.79

ШҚО Әкімі Бердібек Сапарбаев БАҚ өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізді.(Жалғасы)

25.11.2012, 18:00 137


Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ өңірдегі бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің басын қосып, ауқымды баспасөз мәслихатын өткізгені туралы жазған болатынбыз. Риясыз сұхбат түрінде өрбіген бұл мәслихатты шығысқазақстандықтар «Қазақстан-Өскемен» телеарнасы арқылы тікелей эфирде тамашалады. Бүгін сол баспасөз мәсихатының жалғасын ұсынып отырмыз.

Ирина Немченко, «Огни Прииртышья» газетінің редакторы:
– Тірек елді мекендерін дамыту бағдарламасы арқылы Глубокое ауданындағы Секисовка ауылында игілікті істер атқарылып жатқаны бәрімізді қуантады. Алайда жергілікті тұрғындар осы ауылдағы Секисовка тау-кен кәсіпорнының тағдырына алаңдаулы. Өйткені, оған қоршаған ортаға зиян шектіргені үшін үлкен көлемде айыппұл салынған.
Черемшанка құс фабрикасының проблемасын түбегейлі шешіп, оны қалпына келтіру үшін мемлекет тарапынан қандай да бір шаралар қолға алына ма?
– Біздің облыста тірек ауылдарының саны елуге жетеді. Ағымдағы жылы 18 миллиард теңгенің 880 жобасы жүзеге асырылуда. Бүгінгі күні жобаның 90 пайызы орындалды, жыл соңына дейін жүз пайызға жеткіземіз. Ең бастысы, елді мекендерде шағын кәсіпорындардың ашылуы, жолдардың жөнделуі, коммуналды жүйелердің қалпына келтірілуі, абаттандыру сияқты іске асырылған көптеген жұмыстарды айтпағанда, қосымша 2800 жұмыс орнын аштық. Сонымен қатар аталмыш ауылдардың тұрғындары да қимылдап, өздері әрекет етуді бастады. Бағдарламаның да негізгі мақсаты осы еді. Бағдарлама келер жылы да өз жалғасын табады және оған қажетті қаржы бюджеттен бөлініп отыр.
Ал Секисовка тау-кен кәсіпорнына келсек, мен оның мәселесін жақсы білемін. Және де осы кәсіпорынның жұмыс істеуін құптаймын. Біз үшін жергілікті тұрғындардың еңбекпен қамтылуы бәрінен маңызды. Қазір біз айыппұл сомасы миллиард теңгеден асып кететіндей қыруар қаржыны болдырмау үшін құқық қорғау және басқа да органдармен бірлесіп тексеру жүргізіп жатырмыз. Кәсіпорынға «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев та барып, жағдаймен танысқан. Біз оның жабылып қалуына, 500-ге жуық адамның жұмыссыздар қатарын көбейтуіне жол бермейміз.
Черемшанка құс фабрикасының мәселесі бүгін ғана туындап отырған жоқ, ол бұрыннан бері келе жатқан түйткіл. Бұл еңбекті дұрыс ұйымдастырмаудың және дұрыс басқармаудың салдары. Бүгінде құқық қорғау органдарының қызметкерлері фабриканың ісімен айналысуда. Жергілікті атқарушы билік ретінде біз қолдан келген көмегімізді аямаймыз, ал бұрынғы қожайындардың кесірінен жиналып қалған 600 миллион теңгеге жуық қарызды мемлекет есебінен жаба алмаймыз. Ал бұл шаруаға араласуға еліміздің заңдары жол бермейді. Біз, әрине, осы бағытта әрекет етіп көрдік, бірақ ешқандай нәтиже жоқ. Дегенмен, фабриканы банкрот деп жариялап, мүліктерін сатып, қарыздың бір бөлшегін болса да қайтарып беруге тырысудамыз. Қазір білуімше, 15-20 миллион теңгедей еңбекақы қарызы қалса, зейнетақы бойынша берешек түгел қайтарылды.

Қуаныш Ғабдуллин, «Жетінші арна»:
- Зайсан ауданында табиғи газдың көзі табылған екен, облыс тұрғындары мұны пайдалана ала ма?
- Ол жерде Қазақстан-Қытай бірлескен «Тарбағатай-Мұнай» мекемесі жұмыс істеуде. Көрсетілген деректерге сәйкес ол жерде шамамен 5 млн. текше метр табиғи газдың қоры бар. Қазір Қытай шекарасына дейінгі газ құбырының құрылысы аяқталды, жоспарға сәйкес газ өңдеу зауыты Қытайдың аумағында болмақ. Өткенде қытайлық әріптестерімізбен бірге өңделген газды тең бөлу туралы келісімге қол қойылды. Табиғи отынмен ең алдымен зайсандықтар қамтылатын болады, бұдан соң газ құбыры жолындағы барлық елді мекендер қамтылады. Біз қазір ішкі желілердің құрылысын жүргізу үшін инвесторлар іздеп отырмыз. Алдағы уақытта 100-150 мың текше метр сұйытылған газ жеткізіледі деп күтілуде, ал Зайсан ауданының қажетті сұранысы 15-20 мың текше метр.

Жомарт Жақыпов, Катонқарағай аудандық «Арай-Луч» газеті:
- Катонқарағай шекарадағы аудан болғандықтан, келер жақсылықты біз полиметалл кеніштерін барлау жұмыстары мен теміржол тармағын салудан күтеміз. Аталмыш шаралар ауданның дамуына әсер етуі мүмкін бе?
- Қазір барлау жұмыстары жүргізілуде, егер бағалы металл құрамы молынан табылса, инвестиция өздігінен тартылады, ал әр жерден там-тұмдап кездесетін кеніштерді игеруге инвесторлардың жүрегі дауаламайтыны белгілі. Біз қазір барлау жұмыстарына бөлінетін қаржы көлемін ұлғайтудамыз.
Зырян-Майқапшағай теміржол желісі ауқымды қаржыны талап етеді. Жолдың ұзындығы 480 шақырым, оның құрылысына 180 млрд. теңге қажет. Экономика және Көлік министрліктері жобаны құптап отыр. Негізгі жұмыстар жүргізілуде, бірақ әлі инвестор табылмай тұр. Бұл өте маңызды мәселе, егер теміржолды салатын болсақ, аудан экономикасының өсу қарқыны едәуір артар еді.

Дарын Нұрсапаров, облыстық «Дидар» газетінің тілшісі:
- Өскемен мен Семей қалаларында кешенді тестілеу бойынша қанатқақты жобаның әзірленіп жатқаны белгілі. Жастардың мамандық таңдау мәселелеріне байланысты аталмыш жоба алдағы уақытта қалай жүзеге асады?
- Расында да бұл өте маңызды сұрақтардың бірі. Ең бастысы, оқуға түскен студент білім ордасын бітірген соң қай мекемеге, қандай салаға барып еңбек етерін білуі қажет. Осыған байланысты біз желтоқсан айында электронды еңбек биржасын іске қосамыз. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы қазіргі таңда осы мәселеге байланысты қыруар шаруалар атқарып жатыр, әрине, бұл жеткіліксіз. Алдағы уақыттарды қоғамдық ұйымдармен тығыз қарым-қатынас орнатып, бұл іске жұмыс берушілерді де тартуымыз қажет.

Галина Вологодская, «Караван» газетінің тілшісі:
- Ертіс химия-металлургия зауытының өнімі нарықта үлкен сұранысқа ие болса да, өндіріс орны төртінші жыл болды тоқтап тұр, бұл неліктен? Екінші сұрағым: Қытай инвесторлары Черемшанка құс фабрикасымен жұмыс істеуден бас тартты деген ақпарат анық па?
- Иә, бұл салаға қажетті қаржы құятын инвесторлардың болмауы себебінен Ертіс химия-металлургия зауытының тоқтап тұрғаны рас. Бұл мәселемен айналысып жатырмыз, бірақ әзірге нәтиже болмай тұр, ал Черемшанкаға келер болсақ, ол жерде Қытай елінің өкілдері болды, бірақ кетіп қалған жоқ. Әрине, бұл іске қытайлық компания араласса, жаман болмас еді. Осы салаға жауап беретін басқармалар мәселені қарастырып жатыр.

Людмила Малько, «Қазақпарат» агенттігі:
- Осинов асуындағы қауіпті жол телімдерін жөндеу жұмыстары қазір тоқтап тұр, жұмыс әрі қарай жалғаса ма? Екінші сұрағым: Біздің облыста кішігірім су электр станциясын салу жоспарда бар, аймағымызға Премьер-министрдің орынбасары келгенде Екібастұздан тартылатын электр желісінің құрылысын бастау туралы сөздер айтылды, бұл біздің жоба жабылады деген сөз бе?
- Осинов асуын жөндеу жұмыстарын келесі жылдан бастап жалғастырамыз, қаржы бөлінді. Бұл - нақты шешім. Ал екінші сұраққа келер болсақ, бірден айтайын, біздің жоба іске асады. Облысымызда осы жоба бойынша бірден үш компания жобалық-сметалық құжат дайындап жатыр. Кейбір құжаттар тіпті сараптамадан да өтіп қойды. Келесі жылы Зырянның Тұрғысынында бірінші станция салына бастайды. Ары қарай Күршім, Катонқарағай, Шемонайха аудандарында және Риддерде құрылыс жұмыстары жалғаса береді. Бұл қосымша 220 МВт қуат көзін алуға жәрдемдеседі. Жарма және Ұлан аудандарында жел станциялары салынып, одан 60 МВт қуат алынады деп күтілуде. Сонымен қатар Согра ЖЭС-інде генератор іске қосылды.

Баспасөз мәслихаты барысында «Шығыс Қазақстанның тарихи және мәдени ескерткіштері» кітабында көрсетілмей қалған нысандар туралы сұрақтар болды.
- Бұл ескерткіштерге байланысты Шығыста шыққан алғашқы кітап. Бізде әлі күнге дейін аталған тарихи нысандар жүйеленіп, маңыздылық реті бойынша республикалық, аудандық, қалалық деп бөлінген жоқ. Облыстық мәдениет басқармасындағы ескерткіштерді қорғау инспекциясы бұл жерде лайықты жұмыс атқара алмауда. Алдағы жылы барлығын тәртіпке саламыз. Кітап кеткен кемшіліктерін толықтай түзей отырып, қайта басылады деп ойлаймын.
Баспасөз мәслихатында бұдан басқа да көптеген сауалдарға нақты жауап қайтарылды.

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив