KZ
Өскемен
+11°
пасмурно жел 2 м/с, В
448.89 477.93 4.76

Жаңа Қанайға жаңа аурухана салына ма?

19.11.2012, 18:00 174


Жаңа Қанай ауылындағы облыстық психиатриялық аурухана Саратовка ауылына көшірілетіні туралы сыбыс шыққанда қанайлықтар «ауылды көшіреді» деген хабар естігендей дүрліккен еді. Өйтетін жөні де бар. Ауылдың барлық тіршілігі осы мекемемен тығыз байланысты, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Халқының саны 900 адамға жуық болса, соның 230-ы осы мекемеден кәсіп тапқан. Ауызсу да, жылу да осы ауруханаға қарап тұр. Адам күші еңсере алмайтын ауыр жұмыс та осы мекеменің меншігіндегі техникамен істеледі. Қысқасы, аурухана көшірілсе, Жаңа Қанай ауылы қысы-жазы асыраушысындай күткен жалғыз малын бір түнде қасқыр жарып кеткен жарлының күйін кешпек. Суық хабарды естігенде ауылдың өре түрегелгені содан еді.

1952 жылдан бастап алпысыншы жылдардың ортасына дейін республикалықмаңыздағы психиатриялықаурухана болған мекеменің түкірігі жерге түспей тұрыпты бір кездері. Ұзынқұлақтан Қанай деген ауылда осындай мекеменің бар екенін білетін жұрттың көпшілігі мұнда туберкулез бөлімшесі жұмыс істейтінінен хабарсыз. Әуелде өз науқастарының арасындағы жұқпалы ауруларға арналған инфекциялық бөлімше 1999 жылдан бастап туберкулезге толық бейімделіпті. Қазір мұнда туберкулездің шеңгеліне түскендер сот шешімі арқылы жөнелтіліп, емделеді. Аудандар ішінде мұндай 90 орындық бөлімше осы Жаңа Қанайда ғана бар көрінеді. Мұндағы медициналық мектеп те өз алдына бір әлем. 60 жылдан астам тарихы бар аурухана ұжымының бұл жерден ешқайда көшкісі жоқ.

- Әуелі аурухананы Саратовкаға ауыстырады деген әңгіме шыққан. Одан кейін «ауыстырмайтын болдық, жаңа аурухананы осында саламыз» деген. Аудан әкімі бұл мәселе әлі басы ашық қалпында қалып отырғанын айтқан. Ал орынбасарлары «Бозанбайда қазір 90 орындық психоневрологиялық диспансер салып жатыр. Мүмкін сонда ауыстырар» деген соңғы келісінде.

- Жаңа аурухана салады деп күтіп отырмыз. Ешкім нақты жауап айтпайды, - дейді аурухананың бас дәрігері Айгерім Рағызбаева. Ол осы мәселе жайында облыстық денсаулықсақтау басқармасының бастығы Вадим Овсянниковке арнайы кіріп, мәлімдегенін айтады. В.Овсянников болса бұл мәселені облыстық әкімдікте көтерген. Өзі де аурухананы арнайы келіп араласа керек. Мұнда мамандардың үш буыны жұмыс істеп жатқанын көріп, жаңа ғимарат салу керек деген ойда қалғанын айтқан. Бірақ қағаз жүзінде ешқандай жағымды жауап келмеген.

Тозығы жеткен тамдардың төбесі түскелі тұр

«Ал аурухананы неге ауыстырмақ?» деген сұраққа мекеменің әкімшілік бөлімшесі орналасқан ғимараттың кейіп-кеспірі жауап бергендей болды. Қанша сылап-сипағанымен етегі жерге кіріп, төбесі омырыла бастаған. Бұл ескі тамдар 1947 жылы ауыл іргесіндегі шахтаның кеншілеріне арналған жатақхана ретінде бой көтерген екен. Соғыс тұтқындары паналаған жатақты 1952 жылы ауруханаға айналдырған. Бүгінде мұнда 120 орындық психикалық бөлімше, 30 орындық наркология бөлімшесі жұмыс істеуде. Оған жоғарыда айтқан 90 орындық ашық формалы туберкулез бөлімшесін қосыңыз.

Әсіресе наркология бөлімшесіне кезек ұзын-сонар көрінеді. Алдын ала жазылғанның өзінде кезек араға айлар салып жетеді екен. Мәселен, шілде айында тіркелгендердің кезегі келер жылдың басында ғана келеді. Осындай қажеттілікке қарамастан ғимарат талапқа сай емес. Денсаулық саласының тізгінін ұстаған облыстық басқармадағылар бөлімшелерді кеңейтуге болатынын айтқанымен, сөз күйінде қалған.

Ал туберкулез бөлімшесіне сот қаулысы арқылы жіберілген науқастар мәжбүрлі түрде ем қабылдауда. Бұл ақыл-есі сау науқастар арнайы күзеттің бақылауында.

- Жазғы маусымда мұнда 200 кісі жұмыспен қамтылса, қыста тағы 30 адам қосылады. Қызметкерлердің 16-сы - дәрігер, 48-і - мейірбике. 90-ға тарта кіші медициналық персонал бар. 29-ы шаруашылық жұмыста. Қалғандары бухгалтер, экономист сияқты әкімшілік қызметкерлері. Аурухана жабылса қаншама отбасын асыраушы адамдар жұмыссыз қалатынын осыдан-ақ бағамдаңыз, – дейді аурухананың меңгерушісі.

- Талап жыл сайын өзгереді. Ол талаптарға біздің ғимараттар мүлде сай емес. Мысалы, туберкулез бөлімшесі қараша айынан бастап жабық жатыр. Себебі, емдеу палаталарының ауданы талапқа сәйкес емес. Ереже бойынша бір науқасқа 7 шаршы метр орын қарастырылған. Ал біздегі 13 шаршы метрлік палаталарда екі адамның орнына төрт науқас жатыр. Мұндай палаталардың қабырғалары төбесіне дейін сырлану керек. Бөлменің ауасын реттеп, уақтылы алмастырып тұратын желдеткіш қапалақтардың болуы міндетті. Осы талаптың ешбіріне жауап бере алмайтын болғандықтан сот оның жұмысын тоқтатуға үкім берген, – дейді аурухана меңгерушісі А.Рағызбаева.

Бас дәрігер бөлімшенің қайта жұмыс істеуіне рұқсат алу үшін өз қолдарымен көп іс тындырғандарын айтады. Желдеткіш қапалақтардың орнына желдеткіш терезелерді пайдалануға болатынын естіп, терезелерді жөндеген екен. Ал қабырғаны сырлау сынды жұмыстардың барлығын дәрігерлердің өздері тындырған. Енді құзырлы орынның оңды шешімін күтуде.

- Зейнетке шығуыма бір жыл қалды. Өз басым ертең-ақ кетем. Бірақ ауруханадағы басқа адамдардың тағдыры толғандырады. Бір отбасынан бірнеше адамдар осында жұмыс істейді. Бұл аурухана жабылса, ауыл тұралайды. Көбінің балалары әке-шешесінің жолын қуып, медицина саласына оқуға түскен. Солар ертең осында оралуды жоспарлап жүр. Медициналық колледждің өзінде он шақты, Семейдегі медициналық университетте жеті-сегіз студент білім алуда. Жаңа аурухана салса, солардың көбі кіндік қандары тамған өлкеге оралатыны сөзсіз, – дейді аурухананың шаруашылықсаласының маманы Үмітжан Шакирова.

«Тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп құлағынан айырылыпты» дегендей, ғимараттың ескілігіне шағымдансақ, аурухананы көшіріп әкетер» деп қорқатындарын айтады дәрігерлер. Әйтпесе жаңа ғимарат керек-ақ.

Ауруханаға қарасты бес бөлімше бес бірдей ғимаратта орналасқан. Бәрінің жасы бірдей болғандықтан келбеті де «бір қызымнан бір қызым сорақының» кебі. Бес бөлімшеде бес жылу қазандығы бар. Өрттің алдын алушылар 2010 жылы екі бөлімшені жауып тастаған екен. «Контромарка» деп аталатын көнеден келе жатқан пештер өрт қауіпсіздігіне аса қолайлы болмаса керек. Сондай жағдай қайталанбас үшін барлық бөлімше жыл сайын жөндеуден өткізілетінін айтады Айгерім Рағызбаева.

- Өзіміздің екі тракторымыз бар. ЮМЗ, МТЗ. Жолды аршып отырамыз. Сенбілікке көмектесеміз. Ауызсумен де қамтамасыз етеміз. Құбыр тесілсе, біз жөндейміз. Ертең аурухана жабылса су тоқтатылады. Онымен қоймай жергілікті спортшыларға демеуші болып келеміз. Әр мереке сайын ауылға кем дегенде 10 мың теңгеден көмек көрсетеміз.

Ауылда ауруханадан басқа ешқандай табыс көзі жоқ. Бүкіл отбасымен басқа жерге көшіп барып, тіршілік жалғастырып кету соның көбі үшін мүмкін емес шаруа – дейді ол. Мұны аға медбике Күшікбаева Күлмағира да растады. 1981 жылдан бері осында табан аудармай еңбек еткен мейірбикенің бауырлары мен келіндері де нәпақасын осы жерден айырып отырған көрінеді.

Осы мәселенің барысын құзырлы орыннан білуді жөн көріп денсаулық сақтау басқармасының бастығы Вадим Овсянниковке хабарласқан едік.
Бұл сұрауымызға «2012 жылғы 22 маусымдағы Елбасы Жолдауын іске асыру бойынша іс-шара жоспарына сай Шығыс Қазақстан облысы ¦лан ауданы, Жаңа Қанай ауылында 150 орындықаурухана құрылысы жоспарлануда.

Қазіргі уақытта бюджеттік инвестициялық жобаның салалық қорытындысы жасалды» деген жауап келді.
Бұл Жаңа Қанай ауылында 60 жылдан астам тарихы бар аурухана жаңа ғимаратқа ауысар күн де алыс емес деген сөз. Осы бір ресми жауап ауылдағы ақжелеңді жандардың күдігін біржола сейілтер деген сенімдеміз.

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив