KZ
Өскемен
+13°
облачно с прояснениями жел 1,6 м/с, СБ
446.49 475.38 4.79

Белгілі ақын, журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ғалым Байбатыров дүниеден озды

13.11.2012, 18:00 163


Белгілі ақын, журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ғалым Айтқанұлы Байбатыров 64 жасқа қараған шағында дүниеден озды.

Ол 1949 жылы 12 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысының Зайсан қаласында туған. Зайсан ауданының Дайыр ауылында орта мектепті бітіріп, Кеңес армиясы қатарында әскери борышын өтеп келген соң 1976 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тәмамдады. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ сырлы жырларымен танымал болған ол еңбек жолын Зайсан аудандық «Достық» газетінде бастап, 1976 жылы облыстық «Коммунизм туы» (қазіргі «Дидар») газетіне ауысып, осы газетте табан аудармай 25 жыл қызмет етті.

Ғалым Байбатыровтың өлеңдері 1966 жылдан бастап, әр түрлі басылымдарда жарық көре бастады. Ал 1982 жылы «Жазушы» баспасынан «Сәуір самалы», 1999 жылы «Әл-Фараби» баспасынан «Үміттің оты сөнбейді», 2000 жылы Өскемендегі «Шығыс» баспасынан «Арман дүние» атты өлеңдер жинағы жарық көрген. Ол сондай-ақ, «Шежірелі Шығыс өңірі» (2006), «О дүниенің табалдырығы» (2007) және «Жүрегімнің жанары» (2008) жинақтарының авторы. Ғалым Айтқанұлы өлеңдер жинағы, өлке тарихы туралы деректі һәм танымдық кітаптармен қатар бірнеше пьесалардың да авторы еді. Оның «Өңім бе, ойбай, түсім бе?», «Албасты» операциясы» және «Отан үшін» деген пьесалары сахналанған.

Бар саналы ғұмырын қаламгерліктің сан қырына арнаған ол Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, бірнеше жыр мүшәйраларының жүлдегері, Шығыс Қазақстан облысы әкімі сыйлығының иегері атанған болатын.

Аса еңбекқор, ортасына сыйлы адам, қарымды қаламгер, ерекше қарапайым әріптесіміздің ақ пейілді жарқын бейнесі жүрегімізде мәңгілік сақталады.

Қазақстан Жазушылар одағының Шығыс Қазақстан облыстық филиалы,
«Шығыс-Ақпарат» ЖШС, облыстық «Дидар» газеті редакциясы мен
Аltaynews.kz ұжымдары

Мәлімет көзі:Аltaynews.kz
Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив