KZ
Өскемен
+8°
небольшая облачность жел 4 м/с, В
448.15 483.46 4.86

Құрбандық – ең ұлық ғибадат

23.10.2012, 18:00 176


26-шы қазанда бүкіл мұсылман қауымының ең ұлық мерекесі – Құрбан айт! Осынау қасиетті күнді көруге жазған Алла тағалаға сансыз шүкіршілік қылып, жамағатты аталған мерекемен құттықтай отырып, барша иман келтіргендерге уәжіп болған ғибадат туралы айта кетуді жөн көрдік.

Шығыс Қазақстан облыстық мешітінің бас имамы Нұрлан қажы Байжігітұлының айтуынша, «Құрбан» сөзі діни ұғымды қарастыратын араб тілінен аударылған сөз. Мағынасы «жақындау». Яғни, бұл жерде «Аллаға жақындау» деген мағына көзделінеді әрі оның разылығына бөлену үшін мал құрбан болады. Ол «ұһдия» делінеді. Негізінде бұл кезеңде құрбан шалушының ниеті мен пейілі, жетім-жесірлерге жанашырлығы, жомарттығы мен мәрттігі, пенделігі мен сараңдығы сыналады. Сондықтан, амалымен жете алмайтын сауапқа ниетімен жететін адам құрбан шаларда алдымен шынайы ниеттегі жүрегін дайындауы керек. «Әркімнің ісі ниетіне қарай бағаланады. Мүминге ниеттенген нәрсесінің сауабы беріледі» деген хадис бар. Одан кейін ниетін Аллаға түзеген үй иесі не жалпы жеке азамат болсын құрбан малына дұрыс қарағаны абзал. Малды сатып алған күннің өзінде оны бірер күн баптаса да сауап. Құрбан малына аяғының ұшын тигізбеуі, мүйізінен тартқыламауы, жүнін жұлқыламауы, яғни, малды қинамауы керек. Себебі, ол Жаратушыға арналған құрбандық. Мұның түбі қайырлы болады. Жан дүниеден бастап отбасыға берекетін беретін ұлық ғибадат.

"Алайда, кез келген мал құрбандыққа шалына бермейді. Ол қой, ешкі, сиыр, түйе секілді қазақы малдардан болса, бұл жерде малдың еркегі немесе ұрғашысы қарастырылмайды, олар – жарамды. Тек кемшіліктері болмауы қажет, олай болған күнде жарамсыз болып табылады. Ал үй құстарынан не болмаса аң-жануарлар қатары құрбандыққа шалынбайды. Құрбан малдың жанын қинамай сою – сүннет. Мал құбылаға қаратылып, тиісті дұғасы оқылады, яғни: «Иннә сәләти уә нусуки уә мәхиаиа уә мәмәти Раббилғәламина лә шәрика ләһ»/«Әнғам» сүресі/. Бұл «Күмәнсіз менің намазым және басқа ғибадаттарым, өмірім де, өлімім де бүкіл әлемдердің Раббысы Аллаһ үшін. Оның еш серігі жоқ» деген мағына. Одан кейін: «Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар лә иләһа иллаллаһу, Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар уә лилланил – хамд» деген тәкбір айтыла құрбан шалушы өз қолымен «Бисмиллаһ, Аллаһу әкбар, Аллаһым, бұл менен» деп, сүннет жолмен құрбан малының алқымынан бауыздайды. Ал егер, өзі малды бауыздай алмай, қасапшы бауыздаған күнде құрбан шалушы қолын қасапшы қолының үстіне қойып, бірге бауыздауына болады. Бірақ міндетті түрде құрбан басында өзінің қатысуы тиіс. Екеуі де «Бисмиллаһ» сөзін бірге айтып, жанын түгелдей шығарып, сойылған малдың терісін сыпыруы тиіс. Ал одан бұрын құрбан малының басын кесіп алу не терісін сыпыру – мәкрүһ", дейді ШҚО-ның бас имамы.

"Негізінде барлық мұсылмандарға құрбандық шалу – уәжіп. Егер де мұсылман әйелінің өзіне тиесілі меншіктік құқығы мен байлық-дәулеті жетіп жатса, құрбандық шалуына болады. Сонымен қатар, бай-қуатты адамдар жоқ-жітіктің атынан құрбандық шалса үлкен сауап. Бұл да сүннет. Өйткені, Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарымыз құрбандық шалуға жағдайы жоқ адамдардың атынан мал сойған. Құрбандықты тек жағдайы көтермейтін жандар шалмайды. Себебі, жоқ-жітікке құрбандық шалу – нәпіл ғибадат. Ал нәпіл ғибадаттарға дінімізде кеңшілік пен жеңілдіктер бар. Сондықтан ислам дініміздегі ахли сүннет жолды ұстанған барша Өскемен мұсылмандары Ибраһим (ғ.с.) Пайғамбарымыздың қабыл болған құрбанындай сауапқа кенеліп, Жаратқанның мейіріміне бөленсін. Құрбанымыз қабыл болсын ағайындар, Әумин!", деп мұсылман қауымын Құрбан айт мерекесімен Нұрлан қажы құттықтады.

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив