KZ
Өскемен
+4°
пасмурно жел 3,5 м/с, ОШ
448.15 483.46 4.86

Күршімнен көл-көсір өнім келді

23.10.2012, 18:00 167


Өткен сенбіде Күршімнен Өскеменге көл-көсір ауыл шаруашылық өнімдері келді. Күзгі жиын-терін аяқталып еккендерін қамбаларына құйған шаруа қожалықтары, Жер-Ана жемісін тұтынушыларына ұсынды. Аптаның аяғын ала жәрмеңке алаңына ағылатын өскемендіктер, бұл жолы да үйлеріне арзан бағаға ет, қап-қап көкөніс алып қайтты. Жәрмеңкені облыс Әкімінің бірінші орынбасары Ермек Көшербаев аралап, өнімдерін әкелген күршімдіктермен, жұртшылықпен жүздесті, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Дәстүрге сәйкес жәрмеңкеде тұрақтандыру қорының азық-түліктері саудаланды. Қанттың келісі–150, күріш–140 теңгеден. Бұл – дүкен сөрелеріндегі күнделікті бағалардан әлдеқайда төмен баға. Жалпы жиыны Күршім ауданы облыс орталығына шамамен 12 миллион теңгенің азық-түлігін әкелді. Жәрмеңкеге жеткен 15 тонна еттің бағасы да жұрт көңілінен шықты. Еттің келісі 800 теңгеден басталады. Шошқа еті–900, сиыр, жылқы еттерінің келісі–1000 теңгеден.

Жәрмеңкеге таңғы жетіден жеткен жұрт түске дейін күршімдіктердің керуенін босатып та қойды. Қойдың етін тұтасымен, картоп, пияз сынды күнделікті тұтынатын көкөністі қабымен әкетіп жатты. Күршімдіктер балықты да молынан ұсынды. Жәрмеңкеге жеткізілген бес тонна балықтың бағасы барынша арзан. Сазанның келісі–200, көксеркенің келісі–400 теңге. Жұрттың көптеп сатып алып жатқан шортан балықтың келісі 150 теңгеден ұсынылды.

– Табан балықтың келісін 100 теңгеден сатып алып тұрмын, ал дүкендер мен базарлардағы балықтың бағасы бұл жердегіден бірсыпыра қымбат, күршімдіктердің облыс орталығына келіп, қала тұрғындарына көмек көрсетіп жатқандарына үлкен алғысымды айтқым келеді, – дейді қала тұрғыны Бауыржан Мұқашев.

Металлургтердің мәдениет үйінің маңындағы жәр-меңкеге жиналған қара-құрым халық көкөністі көптеп алды. Қылышын сүйретіп келіп қалған қыс қарсаңында арзан ауыл шаруашылық өнімдерін сатып алып қалу кімге болсын оңтайлы. Мұндай арзан баға да күнде бола бермес. Картоптың келісі – 45 теңгеден.

– Облыс Әкімінің тапсырмасына сәйкес шаруа қожалықтарының көлік мәселелерін шешіп, қажетті шығындарын көтеріп отырмыз. Биыл облыс орталығын-дағы жәрмеңкеге төртінші мәрте келдік. Бұл жолғы жәрмеңкеге мол өнім әкелдік, себебі, қазір күзгі уақыт, барлық жиын-терін жұмыстарын аяқтадық. Жәрмеңкеге аудандағы 12 ауылдық округ түгел қатысуда. Мұндай шаралардың ән мен күйсіз өтпейтіні белгілі ғой, ауданымыздың мәдениет саласының қызметкерлері де қала жұртшылығына өз өнерлерін көрсетіп бағуда, тегін палау мен шайды да ұйымдастырып қойдық, – дейді Күршім ауданының әкімі Алтайбек Сейітов.

Спорттық жарыстар да жәрмеңкенің шырайын ашты. Аудан басшылығының ұйымдастыруымен армрестлинг пен гір көтеру бойынша сайыстар сом білек жеңімпаздарды анықтады. Жеңіске жеткендер жәрмеңкеден ақшалай жүлде алып қайтты. Ауданның рухани өмірінен сыр шертетін қолданбалы өнер көрмесі де жұрттың назарын аударды.

Өндіруші мен тұтынушыны делдалсыз байланыстыратын жәрмеңке бүгінде өскемендіктер үшін өте пайдалы болып тұр. Облыс Әкімінің ұйымдастыруымен іске асып жатқан бұл игі шараға жұртшылық риза. Ауыл қалаға келіп өз өнімдерін арзан бағамен ұсынып жатса, кеше қала ауылға аттанды. Енді қалалық кәсіпкерлер шалғайдағы жұртқа қажет дүниелерді оңтайлы бағамен жеткізіп береді. Бұл керуеннің ішінде білім, мәдениет, медицина салаларының мамандары да бар.

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив