KZ
Өскемен
+9°
облачно с прояснениями жел 8 м/с, Ю
448.15 483.46 4.86

Кітапханашыларға техниканың тілін үйретті

10.10.2012, 18:00 220


Өскемендегі А.Пушкин атындағы облыстық кітапханада «Кітаптардың технологиялық инновациялары – ақпараттық қоғамға» атты республикалық форум өтті, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Оған облыс Әкімінің бірінші орынбасары Ермек Көшербаев, Мәскеу мемлекеттік мәдениет және өнер университетінің профессоры Вадим Степанов, Чуваш мемлекеттік мәдениет және өнер институтының проректоры Андрей Федоров, Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасы бас директорының орынбасары Ғалия Бөкеева және ел көлеміндегі кітапханалардың жүзден астам өкілі қатысты.

– Бүгінгі басқосу кітапханашылар қауымының алдында тұрған мақсат-мүдделерді айқындап, туындаған мәселелерді шешуге көмегін тигізеді деп ойлаймын, – деді облыс Әкімінің бірінші орынбасары Ермек Көшербаев форумның ашылу салтанатында.

Формасы жағынан республикалық болғанымен, мазмұны жағынан басқа елдерді де қамтыған бұл шараның біздің облыста өтуінің өзіндік маңызы бар екен.
Кітапхана халыққа рухани байлық беретін және ақпаратпен қамтитын бірден-бір мәдени орын екені белгілі. Ендеше қазіргі замандағы ақпараттың таралуы тікелей техникаға байланысты. Аталған саланың алыс-жақыннан келген мамандарының айтуынша, облыстық кітапхана өзгелерден көш ілгері көрінеді. Әрі бұл шараның біздің қаладағы осынау рухани ордада өтуіне облыстық мәдениет басқармасы мұрындық болыпты.

Кітапхана директоры Хабиба Ақжігітованың айтуынша, олар қазір дәстүрлі қызмет көрсетулерін өзгертіп, заманауи технологияларды молынан іске қосқан. Айталық, оқырман керекті кітабын алу үшін кітапханашының қызметіне жүгінбейді. Өзі кітап сөрелерін аралап жүріп, таңдаған кітабын ала алады. Ал ол кітапты үйіне алу үшін де кезек күтіп, уақытын шығындамайды, кітап соңындағы электрондық чипті арнаулы құрылғыдан өткізсе болғаны немесе керекті беттерін бұрынғыдай көшірмеден өткізіп, әуре болмайды. Оның электронды нұсқаларын бір демде оқырман қолына ұстата алады.

Өркениет көшіне ілесіп келе жатқан осындай өңіріміздің кітапхана ұжымына жоғары баға берген республикалық Ұлттық академиялық кітапханасы бас директорының орынбасары Ғалия Бөкеева Мәдениет және ақпарат министрі Дарқан Мыңбайдың өзіне арнайы тапсырған, осы шараға қатысты құттықтау сөзін оқып берді.

– Біз еліміздегі барлық кітапханалар-ға талдау жасап отырамыз. Сіздердің облыстарыңыздағы бұл кітапхананың жаңа ақпараттық технология заманында алып отырған орны ерекше зор екенін айта кеткен жөн. Кітапханашылар да жаңа технологияның тетігін меңгерген, – деп сөзін сабақтаған Ғалия Бөкеева облыс көлеміндегі өтіп жатқан Шәмші әндерінің фестивалі, «Шығыс шынары» атты республикалық мүшәйра, бал фестивалі сынды ірі-ірі мәдени шараларды жоғары деңгейде өткізгені туралы облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВҚА жолдаған министр сәлемін жеткізді.

Кітапхана қызметкерлерінің сөзіне қарағанда, елімізде мемлекеттік тілде, тіпті, орыс тілінде жұмыс істейтін блоктар жоқтың қасы. Осы олқылықтардың орнын толтыру үшін көрші елден аталмыш мамандарды арнайы шақырыпты. Облыстық кітапхана қызметкерлері бұл адамдармен бірінші кездесіп отырған жоқ, он жылдан бері тығыз қарым-қатынас жасайтын көрінеді.

Олар бұл жолы да форумға келген қауымға бар білгендерін үйретуге тырысып, техниканың тетігін меңгеремін деп жер-жерден келген кітапханашыларға шеберлік сағаттарын да өткізді.

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив