KZ
Өскемен
+13°
облачно с прояснениями жел 2,2 м/с, СБ
446.49 475.38 4.79

Қабанбай батыр ескерткіші Тарбағатай ауданында орнатылды

22.09.2012, 18:00 405


Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ Кіндікті ауылдық округіне қарайтын Ырғызбай ата кешеніне ат басын байлады. Ол жерде қасиетті бабаның басына тәу етіп, салынған әдемі мешітті, қонақ үйді, кітапхана мен мұражайды аралап көрді. Бір қызығы, кешенде қой асығы толтырылған шыны ыдыс бар екен, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Асықтың саны дәл осы уақытқа дейін 5247 болыпты, сол күні арнайы сойылған қойдың екі асығы да әлгі ыдысқа барып түседі екен. Кесене қызметкерлерінің айтуынша, Ырғызбай атаның басына зиярат етіп келушілердің бағыштап сойған қойларының асықтары осы жерге жинала беретін көрінеді. Мұнда жас та, кәрі де, мұсылман да, әртүрлі діндер мен әртүрлі ұлттардың өкілдері келіп, зиярат етіп, дертіне шипа тілейді.

Киелі кесенеде біраз аялдағаннан кейін аймақ басшысы бастаған үлкен топ Жәнтікей ауылына бұрылды. Ондағы мақсат – жұртшылықпен жүздесу, олардың арыз-армандарына құлақ асу, сұрақтары болса тыңдау еді. Бірақ көңілдері жайлы, тұрмыстары да жаман емес жәнтікейлік ағайындар кездесуге келген лауазым иелеріне ешқандай сұрақ қойған жоқ, тек «бәрі жақсы» дегеннен басқа. Иә, шынымен де Жәнтікейдің төрт құбыласы сай, жаңа ауылдың жағдайы жаман болуы мүмкін емес қой...

«Абылайдың асында шаппағанда...» деп күркірейтін бұл қазақ Қабанбай батырдың асынан да қалтарыс қалмады. Тарбағатайдың ауылдарынан, облыстың аудандары мен қа-лаларынан, тіпті, еліміздің өзге өңірлерінен асқа келушілер аз болмады. Әрине, жоңғардың жонын тіліп, қалмақтың қабырғасын сөккен батыр бабамыздың ескерткіші ашылып, ұлан-асыр той жасалып жатқанда жүрегі қазақ деп соққан адам үйінде тыныш жата алсын ба?! Ағыл-тегіл тілектер ақтарылып, аста-төк сыйлықтар таратылған асты салтанатты түрде облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ ашты.

– Бүгінгі мынау ұйымдастырылған үлкен іс-шара бабаларымыздың алдындағы борышымыздың бір кішкентай бөлшегін өтегеніміз деп білемін. Қабанбай батырға ашылып отырған ескерткіш бұл еліміздің береке-бірлігін көрсетеді, ынтымағын айғақтайды. Осындай бірлікте болсақ келешегіміз де кемелдене түспек. Сондықтан осындай игі іске ұйтқы болып ұйымдастырған, оған үлестерін қосқан, ниеттес азаматтардың бәріне, бүкіл Тарбағатай халқына алғыс айтқым келеді, – деп құттықтау сөзін арнаған облыс Әкімі келер жылы Қабанбай батыр ескерткішін Өскеменнің төрінде орнатуға уәде берді.

– Мен бұрыннан бері ойлап жүрген бір ісім бар еді. Ол – хәкім Абайдың ескерткішінен кейін облыс орталығында Қаракерей Қабанбайдың тас мүсінін орнату. Сол ойымды бұйыртса, келесі жылы жүзеге асырамын, – деді аймақ басшысы.

Сонымен бірге мерекелік сахнаға шығып, жерлестерін құттықтаған еліміздің ұлттық ат спорты федерациясының президенті Сәдібек Түгел, белгілі ақын Алмас Ахметбекұлы, «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Түсіпхан Түсіпбеков, зейнеткер Мұхан Сахариев жүрекжарды тілектерін айтып, ала келген сый-сияпаттарын ұсынды. Ақын Алмас Ахметбекұлы асқа арнап Қытайдың мұрағаттарындағы тың деректер негізінде жазылған Қабанбай батыр жайындағы жаңа кітапты ала келсе, ат спортының тізгінін ұстаған Сәдібек Түгел мырза «Қазанат» дейтін үлкен кітабын әкеліпті.

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив